23 Шілде, 2010

Қорытынды шығарылып, жаңа міндеттер белгіленді

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шілденің 19-ында Алматы қаласында Ішкі істер министрі С.Бай­ма­ғанбетовтің қатысуымен ІІМ алқасының отырысы болып өтті. Онда 2010 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жұмыс қорытындылары тал­қыланып, ішкі істер органдарының келесі жылға арналған негізгі мін­деттері белгіленді, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі. С.Баймағанбетов кеңесте ағым­дағы жылы министрлік Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсыр­ма­ларын іске асыру бойынша ұйым­дастырушылық-практикалық шаралар, азаматтардың қауіпсіздігін нығайту, олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау міндеттерін жүзеге асыра­тынын атап өтті. Бірінші жартыжылдық ішінде ішкі істер органдары 60,9  мың қыл­мыс тіркеген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар, оның ішінде ден­саулыққа зиян келтіру, қарақшы­лық, сондай-ақ жасөспірімдер қыл­мы­сы төмендеген. Қылмыстардың ашылуы ұлғайған. Сонымен бірге, ұрлықтар мен тонаулардың, қоғам­дық орындар мен көшелердегі қыл­мыс санының өсуі байқалады. Жеке қылмыс түрлерінің статис­ти­ка­лық өсуі есепке алу-тіркеу тәрті­бін қатаңдатумен бекемделе түскен. Ұйымдасқан қылмыстың 33 “қылмыстық беделдісі”, 29 жетек­шісі мен 151 қатысушысы қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылған. 4817 есірткі қылмысы, оның ішінде есірткі сатудың 1433 фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан 8,4 тонна есірткі тәркіленіпті. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 85 мың шетелдік жауапкер­ші­лікке тартылса, 10,7 мыңнан астам адам елімізден  шығарылған. Қа­был­данып жатқан шаралар барлық өңірлердегі апаттылық жағдайлары­ның төмендеуіне қол жеткізуге мүм­кіндік берген. Жолдағы 992 мың заң бұзушылықтың алды алы­нып, ЖҚО – 6,3%, зардап шек­кендер – 6%, оның ішінде қаза бол­ғандар – 1,7%, ЖКО – 9%, қаза болғандар – 14%, жарақат­тан­ғандар 10% төмендеген. Алқа жиналысында қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бой­ын­ша жұмыс нәтижелері, қылмыс­тарды ашу, учаскелік инспекторлар, сондай-ақ патрульдік полиция бөліністері жұмысының тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шара­лар қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ішкі істер органдарын­дағы заңдылық пен тәртіпті нығайту бойынша шаралар айқындалды. Министр полицияның қызметін көшелер мен қоғамдық орындар­дағы құқықтық тәртіптің жай-күйі бойынша бағаланатынын атап көр­сетті. Жақында қабылданған “Құ­қық бұзушылықтардың профилак­ти­касы туралы” Заңды іске асы­румен байланысты едәуір жұмыс жүргізіледі деп күтілуде. Ең алды­мен патрульдік-бекеттік қызметті, кәмелетке толмағандардың ісі жө­нін­дегі инспекторлардың, “мек­теп­тегі” инспекторлардың және учас­келік полиция инспекторларының жұмысын жандандыру және жетіл­діру туралы әңгіме қозғалды. Ве­домство басшысы құқық бұзушы­лық­тардың алдын алуды күшейтуге, ұрлыққа, тонауға және қарақшы­лық шабуылдарға қарсы күрестің тиімділігін арттыруға, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға, ұйым­дасқан қылмыс түрлеріне және есірткі бизнесіне қарсы кү­ресті қатаңдатуға, көші-қон бақы­лауын, жеке құрам арасындағы тәр­тіп­ті нығайтуға баса назар аударды. С.Баймағанбетов Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының алдына қойған басым міндеттердің уақтылы шешілуін қамтамасыз етуге назар аударды. Ішкі істер органдары мен ішкі әскерлердің жеке құрамын дайын­дау мақсатында ағымдағы жылғы 19 шілдеде Алматы облысында мүдделі органдарды тарта отырып, кең ауқымды арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.Қаруланған қылмыстық топтар мен бандалық құрылымдарды жою бойынша бірлескен іс-шараларды пысықтау оқудың негізгі міндеті болып та­былды. Оқуға жұмылдырылған по­лиция мен ішкі әскерлердің күш­тері өздеріне қойылған міндеттерді шешуде жинақылық пен үйле­сімділік көрсетті. Жалпы, оқу жеке құрамның бойында кәсіби дағды мен поли­цейлер мен әскери қызметшілердің қысылтаяң жағдайларға психоло­гиялық дайындығын қалыптас­ты­руға ықпал етті. Оқуға Ішкі істер министрі, ІІМ-нің орталық аппа­раты мен Ішкі әскерлер комите­ті­нің басшылық құрамы, аумақтық және көліктегі ІІД-нің бастық­тары, сондай-ақ Алматы гарни­зоны ішкі істер органдары мен ішкі әскер­лерінің жеке құрамы қатысты.