23 Шілде, 2010

Түтінді сейілтер тетік

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алматыда  көліктерге газ құятын станса ашылды Бүгінде Алматының экологиялық ахуалы түрлі жобаларды қарастыруға мәжбүрлеп отырған жәйі бар. Тау бөктеріндегі мегаполисте күн сайын көбейіп жатқан көліктер легі де осы мәселені уақыт өткен сайын  ушықтыруда. Онсыз да ауасы айналмайтын қаланы түтіннен арылтудың тағы бір жолы – қаладағы автомобильдерді табиғи газға көшіру деген мәміле жасалған-ды. Осылайша оңтүстік астанада Алматы қа­лалық әкімдігі, “ҚазТрансГаз” АҚ пен “Би Джи Қазақстан” компаниялары арасында “Алматы қаласының автокөлігін сұйытылған табиғи газға көшіру туралы” меморандумға қол қойылған болатын. Бұл келісім бой­ын­ша қалалық әкімдік табиғи газбен жүретін 200 автобус сатып алуға, жоғарыдағы компаниялар газ құятын компрессорлық стансалар салуы тиіс еді. Таяу күндері аталмыш келісім-шарт келісімін тауып, қалалық автопаркте алғаш­қы стансаның ашылу рәсімі өтті. Егер бұл бастама жалғасын тауып, қоғамдық және жеке көліктер табиғи газға ауысатын болса – Алматының экологиялық ахуалы айтар­лық­тай сауығары сөзсіз. Алдын-ала келісіл­гендей, аталмыш жоба бойынша “Би-Джи Қазақстан” компаниясы дәл осы стансаға керекті құрал-жаб­дық­тарды сатып алып, қондырып, тех­ни­ка­лық қауіп­сіз­дік ша­ра­лары бой­ын­ша ке­ңестер ұсын­са, “Қаз­Транс­Газ” ком­па­ниясы стан­са құры­лы­сын толық қаржы­лан­дырып, бекетті жоға­ры кәсіби қыз­мет­керлермен қам­та­масыз етіп отыр.  Біріккен жобаның құрылысына қазірге екі компания  600 миллионнан астам қаражат салған. Қалай десек те, түптің-түбінде еліміздегі көліктердің бәрін сұйытылған газға кө­шіруді көздейтін жоба коммерциялық қана емес, әлеуметтік жоба да болып табылады. Ендігі жерде адам баласы қалаған жеріңе көзді ашып-жұмғанша жеткізе қоятын кө­лік­терден табиғат тазалығы үшін ғана бас тарта қоймас, алайда, одан қоршаған ортаға ке­летін зиянды қалдықтарды азайту дүние жүзінің басты мәселесіне айналғаны қашан?! Мәселен, бүгінде Алматының ауасына та­райтын зиянды қалдықтардың  90 пайызы көліктерге тиесілі екені дәлелденіп, ай­ты­лу­дай айтылып, жазылып та жүр. Осы көкей­кесті мәселенің шешімі нақты шеші­ліп, ша­ралар іске аса бастағаны дәтке қуат. Ал кө­ліктерді табиғи газға көшіру бастамасы Алма­тыны түтіннен түбегейлі сауықтырмаса да,  қатты зиянды қалдықтардың ауаға та­рауын айтарлықтай азайта алады. Мамандардың айтуынша,  табиғи газ  ауаға ұшып кету қасиетіне ие болғандықтан, ол анағұрлым қауіпсіз.  Ал қауіпсіз жерлерге қойылған газ баллондары 250-ден астам атмосфералық қысымды көтере алады. “ҚазТрансГаз” компаниясының сұйы­тыл­ған табиғи газды 2010-2015 жылдарға қарай мотор отыны ретінде пайдалануды дамыту тұжырымдамасын” жасап қана қой­май, жүзеге асыра бастағаны айтарлықтай оқиға. Осы тұжырымдамаға сәйкес,  бес жылдан соң еліміздегі 50 мыңдай көлік та­биғи газбен жүруі тиіс.  Өз аймағымызда осыншама көлікті табиғи газға көшіру үшін Қа­зақстанда 100-ге тарта автогазтолтыру ком­прессорлық стансалары салынады деп жоспарланған.  Аталмыш бесжылдық жобаға  жалпы 20 миллиард теңгедей инвестиция салынатын болады. Алайда, дәл осы тұжырымдама толайым іске асуы үшін Үкіметтің араласуы, қолдауы қажеттігі де көрінеді.  Жеке автокөлік иелерінің табиғи газды пайдалануға құлшынысын арттыру үшін қандай да бір алғышарттар мен себептер керектігі байқалады. Сондықтан да екі компания да мемлекеттік ресми бағдарлама арқылы табиғи газды қолданатын жеке меншік жүргізушілерге, автопарктерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырып, осы үрдіске ілескен автокөлік, таксопарк иелерінің пайдасына көлікке салық салу жүйесінде өзгерістер ендіру қажеттігін алға тартып отыр. Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ.