07 Наурыз, 2015

Оңтайлы бюджет игергенге оңай Сенаторлар 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерді қабылдады

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін сенаторлар 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерді қабылдады.  Экономика салаларының 2014 жылғы дамуының алдын ала деректерін және не­гіз­гі экспорттық тауарларға әлем­дік тауар нарықтарындағы ағым­дағы ахуалды ескере отырып, Қазақстан Республикасының әлеу­меттік-экономикалық да­муының 2015-2019 жыл­дар­ға арналған болжамын түзету 2015 жылға арналған республикалық бюджетті нақ­тылау үшін негіз болып табылады. Биылғы 11 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев алға қойған тапсырмаларына сәйкес «Нұр­лы Жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасындағы дағдарысқа қарсы жаңа шараларды іске асыру үшін Ұлттық қордың нысаналы трансферттері ұлғаятын болды. Сенаторлар А.Күзеков, В.Бобров, Б.Еламанов, С.Бек­тұрғановтың бюджетті жос­парлауды жетілдіру, сыртқы қарызды жабу, сондай-ақ, көлік инфрақұрылымын, тұр­ғын үй қатынастары саласы жө­ніндегі сауалдарына Пре­мьер-Министрдің бірінші орын­басары Б.Сағынтаев, Қар­жы, Ин­вестиция және даму ми­нистр­лері жауап берді. Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларын қолдау тұрғысында сенаторлар Е.Сағындықов, М.Көбенов, В.Ред­кокашин, О.Перепечина, Ә.Бектаев сөз сөйледі. Парламент Сенаты Төрағасының ұсынысы бойынша Б.Мелдешов пен Л.Сү­леймен Қазақстан Республикасы Ор­та­лық сайлау комиссиясының мү­шесі лауазымына бес жыл мерзімге тағай­ындалды. Палата бірқатар халықаралық құ­жат­тарды, атап айтқанда: 2010 жыл­ғы 9 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хат­таманы; Халықаралық әуе тасымал­дарының кейбір қағидаларын біріз­дендіруге арналған конвенцияны және Халықаралық валюта қоры Келісімінің баптарына түзетулерді ратификациялады. Депутаттар Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл мәселе бойынша Л.Тұрлашов, Б.Бек­назаров және Б.Әйтімова өз ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Сенаторлар Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады. Құжат денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеуді және басқаруды жетілдіруге, халықтың денсаулығын нығайту мен өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға, денсаулық сақтау саласы кадрлық ресурстарының әлеуетін арттыруға, дәрілік саясатты жетілдіруге бағытталған. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев сенаторлар Б.Әйтімованы, Л.Полторабатьконы және О.Перепечинаны келе жатқан мерекемен құттықтады. Сенат Төрағасы сенаторлардың парламентаризмді және мемлекет құрылысын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».