АСТАНА. 7 наурыз. Эстонияда өткен мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында спортшымыз Элизабет Тұрсынбаева төртінші орын алды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Қысқа бағдарлама бойынша сайыста ол 55,95 ұпай жинап, жарыстың алғашқы бөлігін жетінші орынмен аяқтаған еді. Келесі еркін бағдарлама бойынша бәсекеде Элизабет барлық жаттығуын мінсіз орындап шықты. Соның нәтижесінде, төрешілер Тұрсынбаеваның өнерін 117,49 ұпаймен бағалады. Бұрын-соңды біздің қыз еркін бағдарламада мұндай нәтиже көрсетпеген еді. Осы ұпаймен ол бұл сында төртінші орынға табан тіреді. Еркін бағдарламада 124,49 ұпаймен ресейлік Евгения Медведева бірінші орын алса, жапониялық Вакаба Хигучи екінші сатыға жайғасты (124,30 ұпай). Ал тағы бір Ресей спортшысы Серафима Саханович 123,06 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Қос сайыс қорытындысы бойынша Е.Медведева әлем чемпионы атанды (192,97 ұпай). Күміс жүлде Женяның отандасы С.Сахановичке бұйырды (186,15 ұпай). Ал күншығыс елінің өкілі В.Хичучи қола медальға қол жеткізді (185,57 ұпай).
Жалпыесепте 173,44 ұпай жинаған Элизабет биылғы әлем чемпионатын 4-орынмен аяқтады. Екі бағдарлама бойынша жиған ұпай да біздің қыз үшін жеке рекордтық көрсеткіш екенін айта кетейік.
Тұрсынбаеваның төртінші орыны келесі жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына екі жолдама алып берді. Яғни, келесі жылы Венгрияның Дебрецен қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы әлемдік додаға екі қызымызды қатыстыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, біздің қыз 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы ІІ қысқы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Сондықтан Элизабеттің Эстониядағы нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш деуге толық негіз бар.
Айта кетер жайт, ақпан айында 15 жасқа толған мәнерлеп сырғанаушы қызымыз алдағы күзден бастап ересектер арасындағы сайыстарға қатысуға мүмкіндік алды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: youtube.com.