23 Шілде, 2010

Дүбірге толы дүние

506 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Оның туған күні – Халықаралық күн Өткен жексенбі күні бүкіл әлемге белгілі саяси қайраткер, Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) бұрынғы президенті Нельсон Манделаның 92 жасқа толғаны атап өтілді. БҰҰ-ның бастамасымен бұл күн Халықаралық Нельсон Манделаның күні деп аталды. Жеке бір ел­дерде өздерінің айтулы қай­рат­кер­леріне үлкен құрмет көрсетіп, олардың ме­рей­тойларына бай­ланысты бір жыл­ды соған ар­нап жатады. Ал бір адамның ту­ған күнін Халықаралық күн деп атау бұған дейін болмаған екен. Мұндай күнді жеке ел емес, ең үлкен халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымы ғана белгілей алады. Бұл ретте сол БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның сөзін келтірген жөн болар. “Мандела – тарихтағы алып тұлға, ол қайырымдылық пен БҰҰ идеялдарын бойына дарытқан адам, – деді ол. – Алғашқы Халықаралық Нельсон Мандела күнін атай отырып, азаттық, әділдік және демократия жолында атқарған жұмысы үшін оған алғыс айтамыз”. Мандела қазір үлкен саясатқа араласпайды. Бірақ жұрт оның кешегі ісін ұмытпайды. Оның өнегелі өмірі болашаққа қызмет етіп жатыр. Қуғын-сүргіннен көз ашпай, оның 27 жылын түрмеде өткізсе, соның бәрі халыққа қызмет етуге арналды. Жұрт сол жылдарды да ыждағаттықпен есепке алыпты. Тіпті БҰҰ-ның өзі халыққа жолдауында, осы халықаралық Мандела күні ОАР-дың әрбір азаматынан өз уақы­тының 67 минөтін ел игілігіне, балаларға, кедей-кепшікке ар­науын өтінген. Манделаның ха­лыққа қызмет еткен 67 жыл­ы­ның әр жылы үшін бір минөтті ғана қайырымдылық іске арнау көп емес шығар, бірақ жақсы ниет. Өз елінде халық Манделаны Мадиба дейді екен. Бұл есімді үлкен де, кіші де құрметтейді. Сол Мадиба өзін құрметтегенде, астатөк той жаса демейді, қайта бұл күнді өз отбасында, бала-шағасының ортасында өткізуді қалаған. Халық бұл күнді өздерінің ұлт­тық мейра­мын­дай, африкалық қызу қан­ды­лы­қ­пен атап өткен. Оң­түстік Аф­ри­ка Респуб­лика­сының қазіргі пре­зи­денті Джейкоб Зума халық кө­семін “нағыз гуманист, қал­тасында көк ти­ы­ны жоқ, тек халықтың ғана қамын ойлаған, оңтүстік­афри­калықтардың басын біріктірген, оларды әлем халықтарының қатарына қосқан ұлы қайраткер” деп сипаттап, оның қызметін жоғары бағалағаны үшін әлемдік қауымдастыққа ризашылығын білдірді. Мандела – әлем таныған және мойындаған қайраткер. Оған Нобель сыйлығы берілді. Халықаралық басқосуларда оған төрден орын тиетін. Не үшін? Осы жерде азырақ тарихқа жүгінуге тура келеді. ОАР сонау 40-шы жылдың аяғынан бастап, нәсілшілдіктің ең сорақы түрі орныққан ел болды. Онда ақ нәсілді азшылық, қара нәсілді көпшілікті билеп-төстеп қана қойған жоқ, оларды адами құқықтың бәрінен айырды. Қара нәсілді адамды ақ нәсілмен бірге жүруге тыйым салуға дейін барды. Бұл сорақылық жарты ғасырдай уақытқа созылды. Бұл елде демократиялық ахуал орнықтыру үшін талай қанды шайқас өтер деген жұрт. Ал Нельсон Манделадай ұлы қайрат­кер оны кәдімгі пар­ламенттік сайлау жолымен ғана жүзеге асырды. Қантөгіс те, төңкеріс те болған жоқ. ОАР – қазір әлемдегі қуатты елдердің бірі. Бір кезде нәсілдік саясаты үшін бұл елдің спорт­шыларын ешқандай жарысқа қатыстырмайтын. Ал енді осы таяуда онда футболдан әлем чемпионаты өтті. Бәрі де Мадиба дейтін абыз қарттың арқасы. Ол қазір сол елде Мвезо дейтін шағын елді мекенде өмір сүріп жатыр. Аптап ыстық та жаудан жаман “Табиғатта жаман ауа райы жоқ”, деген сөз бар. Қалай болғанда да, сол табиғат құбылысын дұрыс қабылдау қажеттігі айтылады. Сөйтсе де биылғы аптап ыстық көп жерде үлкен қиындық тудырды. Әсіресе, ресейліктер бұл елде бұрын болмаған аптаптан қатты зардап шегіп отыр. Қазір бұл елдің ақпарат құралдары сол аптап ыс­тық­тың зардабын айт­пай кете ал­майды. Ең ал­дымен құр­ғақшылық егін шаруашылығына қатты әсер еткен. Елдің орталық аудандарында көптеген алқаптың егіні күйіп кетіп, жиналатын астықтың мөлшеріне айтарлықтай ықпал етпек көрінеді. Алдын ала жасалған болжам бойынша, әдеттегіден 10 миллион тоннадай астық кем жиналмақ. Кей­біреулердің пікірінше, одан әлде қайда көп делінеді. Осы жайдан біраз жұрт саясат та жасағысы келеді. Тіпті астық өнімдерінің бағасы артып, ол халықтың әл-ауқатына әсер етеді дегенді айтса, ресми орындардың өкілдері ондай қауіптің жоқ­тығын, елдің қамбасында өткен жылдан қалған 20 миллион тоннадай астық қоры барлығын алға тосып, жұртшылықты жұбатып отыр. Қалай болғанда да жаз бойғы құрғақшылық, міне бір айдан аса уақыт басылмай тұрған, қайта көтеріле түскен аптап ыстық елдің есін шығарып-ақ тұр. Әрине, ол алдымен егіншілікке қатты тисе, мал шаруашылығы да одан аз зардап шекпейді. Мал азығы аз дайындалып, оның мал басын өсіруге де зардабы болатыны өз алдына, жер-жерде өзен-көл суалып, құдықтың суы тартылып, тіпті жаз ортасында мал шығынына жол беріліп жатқан көрінеді. Құрғақшылықтан келетін зардап көп. Соның бірі – өрт. Ресейде орман көп, сол өртеніп жатыр. Сол тілсіз жауды сөн­діруге жарты миллиондай халық жұмылып, қыруар қаржы жұм­салуда. Дағдарыстың қиындығын көрген елге бұл да қосымша ауыртпалық. Аптап ыстық пен құрғақшылық зардабы тек құрғақ жерде ғана емес, суда да бар екен. Сол судың жылып кетуінен аса құнды бекіре сияқты балықтардың, әсіресе олардың тұқымдарының шығын болып жатқаны жұртты алаңдатуда. Шаруашылыққа келген шығының орны толар, бұл аптап адамдарға да қатты тиіп отырғ­ан көрінеді. Бұ­рын болмаған ыстыққа кезіккен қоңыр салқын өңірдің адамдары ап­тап ыстықта аузын ашып, бі­разы дәрігерден көмек сұрауға мәжбүр. Кейде сол дәрігерлік көмектің өзі көмектеспейтіні бар. Ыстықтаған жұрт су жағалайды. Ал сол су салқындатып қана қоймай, кейде түбіне тартып кетеді. Елде суға кеткендер саны екі есе өсіпті. Осының бәрін ескеріп, ресейліктер аптап ыстықты жаудан да жаман деп отыр. Синоптиктердің бол­жамынша, олар бұл қиындықтан әзірге құтыла қоймайтындай. Бұл қиындық ресейліктерге жеке дара келіп отырған жоқ. Құрғақшылық пен аптап ыстық Еуропаның біраз елдерін қамтыған. Берлиндегі 38 градус ыстық бұдан 110 жыл бұрын болған екен. Қашан да алды-артын ертерек ойлайтын немістердің өзі табиғаттың биылғы құбылысына көндіге алмай жүр. Көліктері тоқтап, кондиционерлері істен шығып, тіпті ағыл-тегіл дейтін сыралары жетпей жатса керек. Чехияда биылғыдай ыстық осыдан үш ғасыр бұрын тіркелген екен. Дәрігерлер 40 градустық ыстық 10 миллион халықтың екі миллиондайына қауіпті санап отыр. Осыдан жеті жыл бұрынғы ыстықтан сабақ алған фран­цуздар биылғы ыстыққа күні бұрын дайындалыпты. Елдің көп жерінде салқындайтын орын, тегін су, дәрігерлік көмек әзірленіпті. Әрине, биылғыдай аптап ыстық бұрын мұндайға кезік­пегендерге қаттырақ тиеді. Африка, Азияның көптеген елдері үшін бұл әдеттегі жағдай. Биылғыдай жағдайды біраз ел болашақ үшін сабақ деп қа­былдаса жөн болар. Тіпті құр­ғақшылықты жау дегенде де, сол жауға дайындығы барлар төтеп береді. Мамадияр ЖАҚЫП.