08 Наурыз, 2015

Немцовтың өліміне күдіктілер Ингушетияда ұсталды

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

08-03-15-nemcov-2

АСТАНА. 8 наурыз. Ресейдің оппозициядағы белгілі саясаткері Борис Немцовты өлтіруге күдіктілер кеше, 7 наурыз күні Ингушетияда қолға түсті. Бұл туралы Ингушетия қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Альберт Барахаевтың сөзіне сілтеме жасаған ТАСС хабарлады. Оның айтуынша, Анзор Губашев Мальгобектен республиканың Мальгобек ауданындағы Вознесенская станицасында тұратын анасына машинамен келе жатқанында ұсталған. Ал екінші күдікті – Заур Дадаев Магас қаласында қолға түскен. Қауіпсіздік кеңесі хатшысының сөзіне қарағанда, Губашевтің тағы бір бауыры да осылармен бірге ұсталған. Қауіпсіздік кеңесіндегілер Губашевтар мен Дудаевтардың Вознесенская станицасына 60-жылдары қоныс аударған Шешенстанның Итум-Калы ауданының тумалары болып табылатындарын айтты. Барахаевтың мәліметі бойынша, Анзор Губашев пен Заур Дадаевтың Грозныйда үйлері болған, қазір сонда тұрып жатқан. Күдіктілердің соңғысы – Дадаев Шешенстан ішкі істер министрлігінің «Север» батальонында он жылға жуық уақыт қызмет еткен. Бұдан бұрын саясаткер Немцовты ықимал өлтірушілер 8 наурызға дейін қамауға алынып қалатыны айтылған болатын. «РПР-Парнас» партиясының тең төрағасы және Ярославль облыстық думасының депутаты Борис Немцов 27 ақпан күннің түнінде, сағат 23:30 шамасында Мәскеудің қақ ортасында атып өлтірілген еді. Жанында 23 жасар украин фотомоделі Анна Дурицкая бар саясаткерді бір ақ түсті көліктен түскен белгісіз адам бірнеше оқ атып, жантәсілім етеді. Атылған 7-8 оқтың төртеуі оның арқасына тиеді. Саясаткер 3 наурыз күні Мәскеудің Троекур зиратына жерленді. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: ТАСС.