08 Наурыз, 2015

Қазақстан Дэвис кубогының ширек финалына шықты

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Недовесов 02АСТАНА. 8 наурыз. Дэвис кубогының 1/8 финалында Қазақстан Италияны 3:2 есебімен жеңіп, жарыстың ширек финалына шықты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Қос команда арасындағы соңғы шешуші ойын отандасымыз Александр Недовесов пен италиялық Фабио Фоньини арасында өтті. Алғашқы сетте қарсыластар өз мүмкіндіктерінің барлығын пайдаланып, есепті 6:6-ға жеткізді. Соған байланысты жеңімпаз тай-брейк арқылы анықталып, Саша бұл сында 7:5 есебімен жеңіске жетті. Екінші және үшінші сет италиялықтың басымдығымен өтті. Алдымен Фоньини 2-кезеңді 6:3 есебімен өз пайдасына аяқтап, таразы басын теңестірді. Сондай-ақ, келесі кезеңде 6:4 есебімен жеңген ол жалпыесепте алға шықты. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауынан қуат алған Александр 4-сетті өте ширақ бастады. Нәтижесінде, 6:3 есебімен басым түсіп, ойынның жалпыесебін 2:2-ге жеткізді. Шешуші сетте қарсыластар әр доп үшін айқасып, нағыз тартыстың үлгісін көрсетті. Дәл осы кезеңде бес мәрте брейк жасалғанын айта кетейік. Оның үшеуі біздің теннисшінің еншісіне жазылса, екі рет Фоньини Сашаның добын өз пайдасына аяқтады. Сет қорытындысы бойынша Недовесов 7:5 есебімен қарсыласынан айласын асырды. Соның нәтижесінде, ойында 3:2 (7:6 (7:5), 3:6, 4:6, 6:3, 7:5) есебімен жеңіске жетіп, командамызды Дэвис кубогының келесі айналымына алып шықты. Айта кетейік, бүгінде Александр АТР рейтингінде 130-орында келеді. Ал Фоньини әлемнің 22-ракеткасы. Жарыстың ширек финалында Диас Досқараев жаттықтыратын ұлттық құрамамыз Австралиямен ойнайды. Өз кезегінде, жасыл құрлық өкілдері Чехия теннисшілерінен 3:1 есебімен басым түскен болатын. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: daviscup.com.   Недовесов 01