21 Мамыр, 2015

Алаш тарихының ақиқаты(Бәйге)

475 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразиялық Топ (ERG) бірлесіп әдеби шығармаларға бәйге жариялайды Тамырын тереңнен тартар өшпес өткені, көшпес рухы бар халық екеніміз тарихтан белгілі. Ондаған ғасырлық заманалар көші осы айтқанымыздың айқын дәлелі. Әсіресе, елдік дамуымыздың кең қанат жайып, төрткүл әлемге атағы кең танылған тұсы – Тәуелсіздік дәуірі. Бұл кезең – Қазақстанның мемлекет ретінде шекарасын айқындап, қазығын нықтап, төрт тараппен байланысын мықтап, экономикалық ендіктер мен сая­си бағытымыздың тың моделін айқындап, дамудың жаңа сатысына қадам басқан тарихи кезең. Осы жылдар ішінде өткен тарихымыз бен мәдени мұраларымыз қалпына келтіріліп, ұлы тұлғаларымызға қатысты тарих қайта жаңғырды. Елбасымыз Ұлытау төрінде бер­ген әйгілі сұхбатында: «Қа­зақ хандығы біздің еліміздің түп-та­мыры. Бұл – тұңғыш мемлеке­тіміздің болашағын белгілеген үлкен тарихи оқиға. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел» деп тамыршыдай тап басып, көпші­ліктің көкейінде жүрген арман-тілекті қасиетті топырақта түлетті. Ендеше, «Көкте Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған, адам баласының үстінде менің ата-тегім Бумын, Естеми қаған отырған. Дүниенің төр бұрышы соларға қараған. Азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған» ұлы Даланың бүгінгі мұрагері – Қазақстан, Қазақ мемлекеті. Сондықтан биылғы жылы ресми түрде мемлекеттік деңгейде атап өткелі отырған іргесін Жәнібек пен Керей бабаларымыз қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығы – ондаған ғасырлардан тамыр тартып, тарихы тасқа жазылып қалған ұлы рухтың салтанат құрар сәті. Сондай-ақ, өткеніміз бен бүгі­німізге тағзым жасап, болаша­ғымызға бағдар беретін бұл ұлы той өз тағдырларын мемлекет құрушы ұлттан бөліп қарамайтын, қазақ топырағына тамыр байлаған өзге халықтарға да ортақ жауапкершілік жүктейді. Елдігіміздің көкжиегін кеңейтер, жас ұрпақтың туған топыраққа деген сүйіспеншілігін арттырар бұл шара қаламгер қауым мен тарихшыларымызға да үлкен сын. Осы орайда, Қазақстан Жазушы­лар одағы мен Еуразиялық Топ (ERG) бірлесіп, жаңа заман әде­биетінің бүгінгі күн талабына сай тың дүниелермен толы­ғуына және санғасырлық тарихы­мыз­дың көркем шежіресінің жазы­луына, сондай-ақ, рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құнды­лықтарымызды ұлықтауға, оқыр­манды имандылыққа, бірлікке шақыратын, туған елін, Отанын сүюге үндейтін шығармалардың дүниеге келуіне ұйытқы болу үшін арнайы шығармашылық жабық бәйге жариялайды. Бәйгенің шарттары: Бәйгеге қазақ халқының мың­жылдықтар қойнауындағы тарихи сәттерін, басынан кешкен қиындықтары мен жеңісті, жемісті кезеңдерін, сонымен қатар, қазіргі күннің көкейкесті мәселелерін арқау ететін, әдебиеттің проза (әңгіме, повесть, деректі хикаят), поэзия (өлеңдер топтамасы, баллада, поэ­ма), драматургия жанр­ларындағы бұрын еш жерде жария­ланбаған шығармалар қа­былданады. Бәйгеге тек бір ғана шы­ғарма жолдануы шарт. (Бұл өлеңдер топтамасына қатысты емес). Көркем шығармалар компью­терлік стандартқа сай 14 кегельмен (аралық-1) теріліп, үш дана етіп жолдануы талап етіледі. Бәйгеге еліміздегі және шетелдегі барлық қаламгерлер қатыса алады. Жолданған шығармалар бүгінгі қазақ әліпбиімен, кириллицамен жазылуы міндетті. Бәйгеге қатысатын шығармалар бүркеншік атпен қабылданады, ал үміткер туралы толық мәлімет арнайы бөлек конвертке салынып, шығармамен бірге жіберілуі керек. Шығармалар электронды нұсқасымен қабылданады. Шығармалар 2015 жылдың 10 тамызына дейін қабылданады. Бәйге қоры: Поэзия Бас жүлде – 1 500 000 теңге (біреу). Бірінші орын – 1 200 000 теңге (біреу). Екінші орын – 900 000 теңге (екеу). Үшінші орын – 600 000 теңге (үшеу). Проза Бас жүлде – 1 500 000 теңге (біреу). Бірінші орын – 1 200 000 теңге (біреу). Екінші орын – 900 000 теңге (екеу). Үшінші орын – 600 000 теңге (үшеу). Драматургия Бас жүлде – 1 500 000 теңге (біреу). Бірінші орын – 1 200 000 теңге (біреу). Екінші орын – 900 000 теңге (екеу). Үшінші орын – 600 000 теңге (үшеу). Бәйгеге ұсынылған шығар­малар мына мекенжайға жолданады: Алматы қаласы, Абы­лай хан даңғылы, 105-үй. «Қа­зақ хандығына – 550 жыл» бәйгесіне!». Байланыс тел: 8 (727) 2 61 62 95, 2 61 67 22. Эл. пошта: tolkyn170881@mail.ru, kgulnaz_24@mail.ru Ұйымдастыру алқасы.