23 Шілде, 2010

Бала неге өзгеге еліктейді?!

585 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
“Балалар әлемі” әмбебап дү­ке­нінің іші. Мұнда не керек дү­ниенің бәрі бар. Жаңа туған нәрес­телерге арналған сылдыр­мақ­тан бастап, киім-кешек, ойын­шықтар, кітап, қағаз-қалам дейсіз бе, айналадағы қызылды-жасылды жарқылдаған дүние көз­дің жауын алады. Кенет шеше­сінің етегіне жармасқан, жас ша­масы 5-6-дағы бір баланы байқап қалдық. – Апа, маған ана қылышты алып берші. Док Ман сияқты қылыштасып ойнағым келеді, – деп бала қылқылдап қояр емес. – Балаңыз қазақша сөйлейді екен, – дедік біз бейтаныс келіншекті әңгімеге тартып. – Иә, несін айтасыз, қазақ­ша­мызға оралып, бір жетісіп қа­лып едік. Күйеуім екеуміз бала­ларымызға ұлттық тәрбие берсек деп әуреміз. Бірақ осы шіркіндер қызығып оқитын кітаптар да, тамсанып тамашалайтын кинолар да қазақ тілінде тым тапшы болып тұр. Док Ман деп тұрғаны да сериалдың кейіпкері. Сондай фильмдер неге өзімізде түсіріл­мейді екен, – деді келіншек ба­ласына қылышты әперіп жатып. – Өзіміздің Алпамыс, Қобы­лан­ды батырлар бар емес пе?! Солар жайлы неге білмейді. Док Ман дегеніңіз, өзара қырқысқан корейліктер туралы сериалдың бас кейіпкері ғой. Ал біз­дің батырлардың сыртқы жаудан елді қорғағанын балаға айту керек. Бейтаныс келіншек ренішті түрде бұрылып, есікке қарай бет­теді. Шынында да біз қайда бара жатырмыз осы?! Баяғы кеңес за­манында біздің қатарластары­мыз­дың көретіні орысша мульт­фильм­дер болатын. Мәселен, “Ну, погоди!”, “Крокодил Гена”, “Чебурашка”, “Маугли” және тағы басқалары. Сөйтіп, не керек, соларды тамашалағандар өзге тілге беріліп, қазақшасын ұмыта бастады. Сол кездері ауыл бала­ларының жанына азық болған қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдардың “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?”, “Ақсақ құлан” мультфильмдері болатын. Қа­һарлы ханға баласының өл­генін домбырамен жеткізгенде көмейіне ыстық қорғасын құйыл­ған домбыраның майырылып сын­ғанын көріп, көзімізге жас алға­нымыз да есте. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра деген­дей, жас ұрпақты ұлттық ерек­шелікке, бауырмалдыққа кеңестік кезеңнің қитұрқы сая­сатынан қорықпай-ақ, тәрбиелей білген Әмен Қайдарға бүгінде бірнеше буын ұрпақ өкілдерінің алғысы шексіз. Ал енді бүгінгі бүлдіршін не көріп жүр?! Енді соған ке­лейік. Мәселен, бала­ларға ар­нал­ған Nіckelodeon ар­на­сы “Батыл пингвиндер” жайлы мультфильм­ді жиі көрсетеді. Ол бірнеше сериядан тұрады. Кей­біреулер бұл мультфильмдер жи­на­ғын көшіріп алып, бей­не­тас­пасын көшеде өйтіп-бүйтіп сатып та жүр. Бұл мультфильмдегі кейіпкерлер – пин­гвиндер мен мысық және оның достары. Мультфильмде мы­сық ұдайы келеңсіз жағдай­лар­ға ұшырап жүреді. Оған кө­мекке келетін оқымысты пин­гвиндер. Басына іс түссе мысық өз құдайынан көмек сұрай бас­тай­ды. Сонда пингвиндер оның басына түскен істі сауатты түрде, түрлі техниканың көмегімен шешіп береді. Баланы білім-ғылымды игеруге ұмтылдыратын осындай мультфильмді өзімізде жасау соншалықты қиын ба?! Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Бірен-саран болса да жақсы дүниелер жоқ емес, бар. Соның бірі, Қайырғали Қасымовтың “Құйыршық” (2001 жыл) атты мультфильмі. Балалар­дың пікірінше көңілділігімен, жеңілдігімен баурайды. Және Шымкенттегі “Жебе” киносту­дия­сының ”Алдар Көсе”, “Аңқау қасқыр”, “Қанатты Барыс” сияқ­ты әжептәуір мағыналы мульт­фильмдері бар, бірақ қазақ мульт­фильмдері саусақпен санарлық­тай ғана болғандықтан, нөпірле­ген шетелдік мультфильмдердің арасында мүлде көрінбей тұр. Алысқа бармай-ақ, көрші Ресейді алып қарайықшы. Мультфильм былай тұрсын, балаларға арнал­ған әлденеше арнасы бар. Олар бала тәрбиесіне ерекше мән бе­реді. Ал біздің балалар өз тілінде мультфильм көре алмай, өзге елдің арналарын тамашалауға мәжбүр. Сондықтан айтпағымыз, Қазақстанда балаларға арналған телеарна ашу да кезек күттір­мей­тін мәселе. Біз қазір өркениетке қарай өрлеп келе жатқан мем­лекетпіз. Қарап отырсақ, біздің отандық телеарналардан шыға­тын бір-екі балалар хабары қа­зақша басталса, ақыр соңында орыс тілді балалар да ұғу керек қой деген желеумен қазақша бағдарламалар орысшаланып кетеді. Біздің ойымызша, бұл нағыз жалпақшешейлік немесе қанымызға сіңген ескі ауру. Олай дейтінім, хабарды шұбарламай, таза қазақ тілінде жасасақ, өзге тілді балалардың мемлекеттік тілді меңгеруіне мүмкіндік туар еді ғой. Сондай-ақ Қазақстан мем­лекетінің та­ри­хын, елдігін, же­тіс­­тігін балаларға бала тілімен түсіндіріп беру жағы да кемшін екендігін жа­сырғым келмейді. Жас ұрпақ­тың бойына жас­тайы­нан сіңіретін ұлт­тық мәдение­тіміз, әдет-ғұрпымыз, тіліміз, дініміз жайлы жүйелі хабарлар­дың жоқтығы да жанға батады. Адам баласы көзімен көр­генге тәуелді деп бейтаныс ке­ліншек айтқан­дай, балалар таң­ер­тең­нен бастап көзі ұйқыға кет­кенше өзгенің ұсынған қызығын тамашалайды. Өздері күнде көретін Дашаға еліктеп, Даша деп тұрып, Даша деп жатады. Ағыл­шын­ша үйрену­ге ден қояды. Бөл­мелерінің іші, дәптерлерінің сыр­ты толған Дашаның суреті. Біз бұл арада өзге тілді үйренбесін деп тұрға­мыз жоқ, ең алдымен балаға өзі­нің қай халықтың өкілі екен­дігін ұғынды­ратын, қазақ еке­ні үшін мақта­натын дүние ұсына алмай жүргенімізді айтып отыр­мын. Қазіргі мульт­­фильмдер жай­лы бір-екі баладан сыр тартып, пі­­кірлерін естіп көрген едік. Жасы он екідегі Дәулет былай деді: – Мультфильмдерді көргенді жақсы көремін. Қазақ мульт­фильм­дері дейсіз бе? Бір-екеуін көргенмін. Бірақ олар шытырман оқиғалы емес. “Шрэк”, “Ниндзя тасбақалары”, “Өр­мекші адам” сияқты болса ғой. – Бұл мультфильмдердің барлығының да кітапшалары бар. Ол арқылы кішкентай балалар әріп үйренсе, біздің жасымыз­дағылар шет тілін біліп шығады. Сурет салуға үйретеді. Және әр­түрлі жағдайлардан, қиындық­тардан Өрмекші адам немесе Шрэк сияқ­ты жол тауып шығуға бола­тыны жайлы кеңестер береді – деді әңгі­меге араласқан Айдын деген бала. Бала көргенін, түйсінгенін айтады. Олардың әңгімесінен түй­геніміз, бала жанын баурай­тын хабарлардың, олар еліктейтін кейіпкерлердің өзімізде жоқтығы. Осы жанға батады. Иә, біз қазір балалар хабары немесе киносы тұрмақ, мультфильм жасауда әлем елдерінен 80-90 жыл артта қалып отырмыз?! Ал балалар болса басқа елдің таным-түсінігімен өсіп келеді. Содан барып, балаларымыздың тілі үйде отырып-ақ өзге тілде шығатын болды. Ең өкініштісі, сол. Раушан  НҰҒЫМАНБЕКОВА.