09 Наурыз, 2015

Президенттікке тағы бір үміткер сынақтан өте алмады

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

05-03-15-vybory-2

АСТАНА. 9 наурыз. Бұрнағы күні Орталық сайлау комиссиясында Президенттікке үміткер Қанат Тоқтарұлы Жұманның мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. Алынған емтихан нәтижелері бойынша, лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен Президенттікке кандидат Қанат Жұманның мемлекеттік тілді еркін меңгермегені туралы шешім қабылдады. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков бірінші жазбаша тапсырмада кандидат өзі таңдаған «Менің елім - менің жерім» тақырыбын аша алмағанын, ойын нақты және жүйелі жеткізе білмегенін айтты. «Жалпы, кандидат 31 орфографиялық, стилистикалық және пунктуациялық қате жіберді. Екінші тапсырма бойынша, Абай Құнанбайұлының өлеңін оқу кезінде бірқатар орфоэпиялық норманы бұзғандықтан, оқылған үзінді мағынасының қабылдануын қиындатты және дауыс ырғағына салып, мәнерлеп оқи алмады», - деді Жолдасбеков. Сонымен қатар Қанат Жұман қазақ тілінде бірде-бір поэзиялық туындыны жатқа айтып бере алмаған. Үшінші тапсырма бойынша, комиссия белгілеген көпшіліктің алдында 15 минут орнына 5 минут қана сөйлеген, онда да өз ойын байланысты, жүйелі және қисынды түрде еркін жеткізе алмаған. «Әдеби тіл нормаларынан жұрдай және сөздік қоры аз. Нәтижесінде лингвистикалық комиссия үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп бірауыздан шешім қабылдады», - деп атап өтті комиссия төрағасы. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: «ҚазАқпарат».