Жазиралы Жаркент өңірі туралы әңгіме қозғалса, алдымен кең-байтақ қазақ жерінің алып та көне Қытай мемлекетімен шектескен шекаралы аймағы көзге елестейді. Бүгінде ауданымыз шекара сызығында жатқандықтан атақты Қорғас өзені арқылы көне көршімізбен иық тіресіп, еліміздің бас қақпасы “Қорғас” кеденімен тұғырланған.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында индустриялдық дамудың жаңа мүмкіндіктері мен агроөнеркәсіптік кешенді өркендетудің басым бағыттары атап көрсетілген болатын. Міне, осы тапсырмаларды орындауда Панфилов ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігіне келсек, аудан халқы негізінен ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен жүйелі шұғылданып, тұшымды тірлік кешуде. Бұл аймақ еліміздегі жүгері мен қант қызылшасының элиталық тұқымдарын өндіру бойынша жетекші орыннан көрініп, жыл өткен сайын агротехникалық шараларды өндіріске батыл енгізуімен де ерекшеленуде.
Табиғаты мен жер жағдайы жүзімдік пен жеміс-жидектерді өсіруге қолайлы аудандағы егістік жердің 52,8 пайызын дәнді дақыл, 6,5 пайызын картоп, көкөністер мен бақшалық алқап құрайды. Нәтижесінде диқандар жыл сайын гектар берекелілігіне қол жеткізіп, тәжірибелерін толықтыруда. Биылғы жылға деген межелері де үлкен.
Үстіміздегі жылдың өткен 6 айында ауданда өндірілген өнім құны 2,0 млрд. теңгені құрап, біршама табысқа қол жеткізілді. Көктемде егін шаруашылығы бойынша 43 мың гектар жерге әртүрлі дақылдар егілсе, оның ішінде 20900 гектарға жүгері, 2047 гектарға бидай, 323 гектарға арпа, 1920 гектарға майлы дақылдар сіңірілген. Сондай-ақ басқа да ауылшаруашылық дақылдары қазіргі кезде ерекше күтімге алынған. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы нысандар саны 7357-ге жетіп, олар 1743,3 млн. теңгенің өнімін өндіріпті. Осылайша тұтынушы талғамына сай азық-түлік түрлері дүкен сөрелеріне жол тартты. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де оң шешіліп, биылдың өзінде 7,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша елді мекендерде ауқымды істер жүзеге асырылып, жол жөнделіп, басқа да нысандардың құрылысы басталып кетті.
Жазиралы Жаркент өңірі туралы әңгіме қозғалса, алдымен кең-байтақ қазақ жерінің алып та көне Қытай мемлекетімен шектескен шекаралы аймағы көзге елестейді. Бүгінде ауданымыз шекара сызығында жатқандықтан атақты Қорғас өзені арқылы көне көршімізбен иық тіресіп, еліміздің бас қақпасы “Қорғас” кеденімен тұғырланған. Бұл ретте шекаралық өңірдің ел экономикасының дамуындағы орны да ерекше деуге болады.
Ел тәуелсіздігін сақтаудағы Алаш ұрпағының бірлігін айқындайтын Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын Панфилов ауданының халқы 1993 жылы республика деңгейінде лайықта атап өткені ел есінде. Шекаралы аймақ шежіресі ұрпаққа ұлағат болар бабалар ерлігімен өрілген. Көксу ойпатындағы қазақ, қалмақ қолдары тоқайласқан қырғын ұрыста қалмақтың Мұқыры атты қолбасшасын жекпе-жекте жеңіп, қазақ қолының мерейін үстем еткен Бағай батыр да жаркенттіктердің мақтанышы. От ауыз, орақ тілді Суан, Сатай, Аралбай, Бөлек, Ұзақ батырлар, Қожбанбет, Қараменде, Шәнті, Дөнен, Баян сынды елдің бірлігі мен тағдырын ойлаған біртуар азаматтар бұл жерден көптеп шыққан. Кіші Жетісу аталған Панфилов ауданының тарихы осындай тереңнен сыр шертеді және бүгінгі ұрпаққа ұлағат жайттарға толы.
Кеңес өкіметі орнағаннан ауыл шаруашылығын, жалпы өндіріс нысандарын ұжымдастыру науқаны басталған кезеңде Жаркент уезі жойылып, Қазақ АКСР Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің 1928 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен Қорғас, Ақтам, Жаркент болыстықтарынан Жаркент ауданы құрылып, Алматы округіне бағындырылыпты. Сөйтіп, Шолақ ауылынан бастап Қорғас ауылына дейінгі аймақ Жаркент ауданы, Басқұншы ауылынан бастап тау бөктерлей орналасқан Шежін, Бұрхан, Қызылеспе, Ақжазық, Қоңырөлең, Басши ауылдары Октябрь ауданына топтасып, орталығы Көктал ауылы болып белгіленді. Жаркент ауданына Ұлы Отан соғысы кезеңінде, дәлірек айтсақ, 1942 жылғы 7 мамырда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен генерал-майор И.Панфилов есімі беріліп, орталығы Жаркент қаласы да тарихи атауынан айырылып, генерал есіміне көшіп, 1944 жылы 15 наурызда Талдықорған облысы құрылғанда, Панфилов ауданы осы жаңа әкімшілік орталыққа қаратылған. Панфилов ауданының құрамына 1949 жылы Басқұншы, Бірлік, Интифак, Нағарашы, Орта, Труд-Пахталық, Сарыбел, Садыр, Талды, Түп, Қорғас, Қонақай, Шолақай ауылдық кеңестері енді. Ал, 1956 жылғы 27 ақпандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Октябрь ауданы таратылғанда, оған қарасты Басши, Бурақожыр, Қоңырөлең, Көктал, Орталық, Шежін ауылдық кеңестері де осы ауданға қосылғанын да өткен дерек пен дәйек нақтылайды.
Отан үшін от кешкен отты жылдар парағына да аудан халқы өз ерлігін жазыпты. Ұлы Отан соғысына қатысқан жаркенттік жауынгерлер арасында Х.Көбіков, Н. Иванов, Қ. Тышқанбаев, И.Қаратаев, Т.Хмылев, С.Лутфулин, А.Пашенко, П.Парасенков сынды 8 ержүрек азамат Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, соғыс жылдарында жылқышы Беркімбай Сайназаров, шопан Айтбала Абдановалар еселі еңбектерінің нәтижесінде Еңбек Ері атағын алып, тылдағы жанқиярлықтың үлгісін танытыпты.
Табиғаты әсем, топырағы құнарлы, халқы бауырмал Жаркент өңірінде ел мақтанышына айналған азаматтар аз емес. Тума талантымен қазақ кәсіпқой көркемсурет өнерінің атасы атанған, Халық суретшісі Әбілхан Қастеев, Жетісудың бұлбұлы, сазгер Дәнеш Рақышев, елге танымал қаламгер Бексұлтан Нұржекеев, тағы басқа да өнер қайраткерлері ел мақтанышы. Осы жердің түлектері арасында мемлекет қайраткерлері қаншама. Олардың алдында қоғам қайраткері, сенатор Қуаныш Сұлтанов тұр. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Рамазан Сарпеков, кәсіподақ қайраткері Мырзағали Молдахметов, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков, халыққа адал қызмет етіп жүрген атпал азаматтар деуге болады.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі Жаркент халқының тыныс-тіршілігі егіншілікпен, мал шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Ежелден жер төсін еміп, маңдай терімен абырой, байлығы артқан Қарақойын жұрты соңғы жарты ғасыр барысында жүгері дақылын өсіріп, одан мол өнім жинауға әбден маманданған. Жаркенттің жері мен халқын Отаным, елім деп бауыр басып, бойындағы бар ақыл, парасатын, күш-жігерін осы өңірдің гүлденуіне жұмсаған ұжымшар бастығы, ұлты поляк Николай Никитич Головацкий екі мәрте Еңбек Ері атанды. Қарапайым жүгерішілер Күләш Айтжанова, Адалат Зайнавдинова, Әлімжан Бақтаев, Әбілмәжін Қасымбеков, Мариям Ниязова адал еңбектерімен кеуделеріне Алтын жұлдыз тақты. Жүздеген жүгерішілер мен малшылар сол кездегі Одақтың ордендері мен медальдарына ие болып, ауылдастарының құрметіне бөленгені бүгінгі ұрпаққа өнеге. Сондықтан болар бүгінгі ел өміріндегі өрелі істерге үлес қосқан жұртшылық Жолдау жолдарындағы айтылғандарды іс жүзіне асыруға ұмтылуда.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, Панфилов ауданының әкімі. Алматы облысы.