10 Наурыз, 2015

Орталық сайлау комиссиясы үш үміткерді тіркеуден бас тартты

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

11-02-15-akorda-1

АСТАНА. 10 наурыз. Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауына қатысуға тілек білдірген тағы үш үміткерді тіркеуден бас тартты. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады. «Қоғам қайраткері Есенбек Үктешбаев, «Кенесары хан» қорының басшысы Уәлихан Қайсаров және май құю стансасының бастығы Қанат Жұман мемлекеттік тіл бойынша емтиханнан өте алмады», - делінген хабарламада. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Президенттігіне үміткерлер санатындағы бұл үшеуді тіркеуден бас тартқан. Наурыздың 9-ы күні лингвистикалық комиссия қоғам қайраткері Есенбек Үктешбаев пен «Кенесары хан» қорының басшысы Уәлихан Қайсаровты мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп тапты. Ал 7 наурыз күні май құю стансасының бастығы Қанат Жұман осы сынақтан өте алмаған болатын. Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков журналистерге Үктешбаевтың тапсырған емтиханы барысы туралы былайша әңгімелеп берді: «Тақырыпты ашу талап етілетін жазба жұмысы тапсырмасын орындауда үміткер сөздер құрылымындағы әдеби тілдің нормаларын бұза отырып, сөйлемді стилистикалық жағынан бұрыс жазғанынан бөлек, өз ойларын қисын жағынан дұрыстап жеткізіп бере алмады. Үміткер шығарманың көлемін екі параққа жеткізу жөніндегі тапсырманың да үдесінен шыққан жоқ. Ол келесі тапсырмада Мұқағали Мақатаевтың «Сезім» деген өлеңін оқып тұрғанда, қателіктер жіберді және комиссияның шығарма мазмұны туралы қойған сұрағына жауап бере алмады. Кандидат «Қоғам және демократия» тақырыбында сөз сөйлеу жөніндегі тапсырма бойынша тиісті 15 минуттың орнына 10 минут қана сөйледі. Онда да әдеби сөздің нормасын бұзып, қойылған сұрақтарға қанағаттанғысыз жауап берді». Мұрат Айтқожа.