10 Наурыз, 2015

Жас футболшы Янузай ұят жасап жүр

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
янузайАСТАНА. 10 наурыз. Англияның «Манчестер Юнайтедінде» ойнайтын жас футболшы Аднан Янузай биылғы маусымда сүреңсіз өнер көрсетуде. Өткен маусымда жарқ етіп көзге түскен ол бүгінде сол кездегі ойын өрнегін таба алмай келеді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Тіпті маусым басталғалы барлығы 19 ойын өткізіп, бірде бір рет нәтижелі соққы жасамаған. Есесіне, алған ескертулерінің саны көбеюде. Соның нәтижесінде, қазір футболшының «МЮ» үшін соққан голынан сары қағазы көп. Соңғы ескертуін өткен түнде Англия кубогының ширек финалында алды. Сол ойында манчестерліктер Лондонның «Арсеналымен» күш сынасып, 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Янузай матчтың 73-минутында ойынға қосылды. Алаңға шыққанына 14 минут өткен кезде төреші жас футболшыны симуляция үшін сары қағазбен «марапаттады». Бұл оның «Манчестер Юнайтед» сапындағы бесінші ескертуі. Ал Янузайдың осы командада жүріп соққан голдарының саны төртеу. Барлығын да өткен маусымда соққанын айта кетейік. Аднан Янузай 1995 жылы Бельгияда туған футболшы. Тегі албаниялық ол туған елінің ұлттық құрамасын таңдады. Бүгінге дейін Бельгия құрамасы үшін бес ойын өткізіп үлгерген. Янузайдың аты футбол әлеміне 2013-2014 жылғы маусымда кеңінен танымал болды. Сол кезде жас футболшы «МЮ» сапында жасындай жарқылдап, көпшіліктің назарына іліккен еді. Тіпті белгілі командалар қызығушылық танытқанда «Манчестер Юнайтед» «өзімізге керек» деп сатпай қойған. Алайда, бүгінде алғашқы қарқынын жоғалтып алған ол жанкүйерлер сенімін ақтай алмай келеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: eurosport.ru. B_r8KI9W8AABq_6