10 Наурыз, 2015

Цзоу Шимин кәсіпқой бокста тағы ұтылып қалды

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

09-03-15-box_shimin-1

АСТАНА. 10 наурыз. Өткен аптадағы кәсіпқой бокс әлеміндегі маңызды оқиғалардың бірі Олимпиялық ойындардың екі дүркін чемпионы, қытайлық Цзоу Шиминнің ұтылып қалуы болды. Бұл туралы «Спорт-Экспресс» газетіне сілтеме жасаған ras.kz хабарлады. Қазақстандық жанкүйерлер әлі бұл есімді ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймыз. Ол кезінде әуесқойлар рингінде біздің біраз боксшының жолын кесті. Соның ішінде Біржан Жақыповпен талай тең шайқастың өзінде ылғи жеңісті алып кетіп жүрді. Бірақ өзінің мықты болғанынан емес, ұдайы төрешілердің соған қарай бүйрегі бұрып тұратындығынан. «Проумотерлер ұзақ уақыт бойы оны құлағынан сүйреп жүріп, кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы етпекші болды. Ал сенбі күні өткен ұрыстан олардың қолдарында тек оның құлақтары ғана қалды. Енді қайтадан еш нәтиже әкелмейтін осы тірлікке кірісу үшін оларға құлақты қайтадан орнына жалғауға тура келеді», - деп жазады басылым. 7 наурыз. Макао, Қытай. Амнат Руенроенг (Таиланд) Цзоу Шиминді (Қытай) ұпай санымен жеңіп, өзінің IBF версиясы бойынша 50,8 кг дейінгі категориядағы әлем чемпионы атағын сақтап қалды. «Көптеген мамандар екі дүркін Олимпиялық ойындар чемпионы Цзоу Шиминді кәсіпқойлар рингіне ертерек келуі керек еді, сонда табысқа оңай жететін еді, дегенді айтады. Алайда, меніңше, ол тек кәсіпқойлар боксына жарамайтын сияқты. Мұнда соққы жасай білмесең, сенен ештеңе күтуге болмайды, сені ешқандай аяқтың қозғалысы құтқара алмайды», - деп жазады тілші. Оның пікірінше, Шимин жөніндегі шындықты жақсы білетін промоутерлер соққыны ең аз жасайтын боксшымен жекпе-жек шығарып көрді, бірақ олимпиялық чемпион мұнда да жер қауып қалды. Руенроенг ұрыстың басынан қарсыласын соққының астына алуға кірісті. Оның соққылары аса бір күшті болмағанымен, беттен сипап жүргендей де бола қойған жоқ. Тай боксшысы, әсіресе, оң қолымен туралып қатты ұрып бақты. Шайқастың соңында төрешілер бір ауыздан жеңісті Руенгроенге берді. Есеп: 116-111. Дамир Қожамқұл.