11 Наурыз, 2015

Тоғышар санаға сілкініс керек

516 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Нур Отан-1

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі өтеді

Ел сенімін еселеген саяси ұйым

«Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы – Елбасының «Қазақстан-2050» Даму стратегиясын ойдағыдай жүзеге асырудың кепілі Адам болғаннан кейін сол адам бала­сының ішсем, жесем, тойынсам, қағанағым қарқ, сағанағым сарқ, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда боларлықтай дүниені шайқап өмір сүрсем дейтін осы бір жабайы ойы мен ниетінің ішінде бүгіп жататыны да бар. Сол адам баласы осы бір жабайы ой мен ниеттің жетегінде кетпесін деңіз. Соған жол бермес үшін халқымыз дүниені жалған деп таныған, байлықты мансұқ еткен. «Малым жанымның, жаным арымның садақасы» дегенді де айта білген қазақтың бар байлығы мен асыл дүниесі де ары болған. Алайда, адамды тұрмыстың да билейтіні бар. «Кедейдің күнін басқа бермесін» деп тілейтіндей, бүгінгі қазақ баласы бір ғана малының еті мен сүтіне емініп отырмағаны тағы анық. Бүгінгі Қазақстанның жағдайында кәсіп те көп, нәсіп те көп. Тек еңбек ете біл. Және де адал еңбек ете біл! Біздің бұл айтқанымыз талай да бір айтылған жай. Алайда, дүниеге деген ашкөздіктің өрши түскендігі және де жең ұшынан байланысып жатқан жемқорлық дерті бүгінгі қоғамды алаңдатып отыр­ғандығы тағы да бар. Осы жемқорлық дерті еліміз тәуелсіздік алған кезеңмен бірге келді деп айтар болсақ, мұнымыз әбден жаңсақтық болар еді. Жемқорлық пен парақорлық қазақ даласына парақор билердің жемсауымен де, ақ патшаның болыс сайлауымен келгендігі де, онан кейінгі кеңестік дәуірдің де кеселі болғандығы анық. Міне, сол жұқпалы дертіңіз ендігі Қазақ елінде де өсіп-өнгісі бар. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел бо­лашағын, тәуелсіздігіміздің баян­ды болуын әріден ойлап, түбінде осы жемқорлық сияқты жұқпалы кесел кесір келтірер деген оймен сыбайлас жемқорлықтың түбіріне балта шабуды ерте қамдады. Мұның дәлеліндей, Қазақстан кешегі кеңестік бір жүйенің қатарында болған мемлекеттер арасында жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңды бірінші болып қабылдады. Тағы да бұған қарап, Қазақстанды жем­қорлық жайлап алды деген пікір де туын­­дамауы керек. Елбасы жемқорлық дер­ті әлемнің барлық мемлекеттерінде, тіпті, өсті, өркендеді дейтіндей алпауыт елдер­­­дің өздерінде кездесіп жатар кесел екен­дігін айта отырып, осы бір дертке қар­сы барлық қазақстандықтардың төзімсіз болу кө­зқарасын, жемқорлыққа қарсы тұра білер мә­дениетін қалыптастыру мәселесіне ай­рық­ша мән беріп келе жатқандығын да айтқан ләзім. Жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін Елбасының өз назарынан бірде-бір қа­ғыс қалдырмауын елдің болашағын, Тәуел­сіздіктің тағдырын тереңінен ойлағандық деп пайымдаймыз. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» XV съезінде сая­си көшбасшылықтың қағидатты мәселесі ретінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясын әзірлеуді де тегіннен тапсырмаған болатын. Өйт­кені, біз – өз алдымызға «Мәңгілік Ел» болу мұратын қойған елміз. Және де Елба­сының бұл елдік әрі мемлекеттік маңызды тапсырмасын жүзеге асыру үшін «Нұр Отанның» 2015-2025 жылдарға арнал­ған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа бағдарламасын әзірлеп, қазақстандықтардың назарына ұсынуы әбден құптарлық жай. Және де партияның осы стратегиялық маңызды құжатты ха­лық­тың талқылауына ұсынып барып қабылдауы «Нұр Отанның» нағыз ха­лықтық партия екендігін тағы бір мойындатқандай. – Құжат қасаң сандармен өрілген құқық­тық құжат емес, ең бастысы, халықтың сана-сезімін өзгертуге шақыратын сая­си, идеологиялық бағыт болып саналады, – деген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің осы бір ойына тереңірек үңілгеніміз абзал. Өйткені, «халықтың сана-сезімін өзгертуге шақыратын саяси, идеологиялық бағыт болып саналады», деп отырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа бағыты ең әуелі сананы өзгертуге ықпал етуі керек. Санамызда елдік және мемлекеттік мүдде бәрінен де жоғары тұруға тиісті. Әрине, сананы өзгерту мен қалып­тастыру аралығындағы ұдайы әрі үзбей жүргізілер жұмыстардың да тоқтап қал­масы анық. Бұл бағытта да «Нұр Отан­ның» 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдар­­ламасында тек қана сыбайлас жем­қорлықтың көрінісімен ғана емес, сол жем­қорлықты туғызатын жайлармен де, соның себептерімен де күресу ең негізгі қа­ғидаттарының бірі ретінде алға тартыл­у­ы­­н әбден орынды деп санаймыз. Былайша айтқанда, жемқорлыққа жол ашар, болмаса сол кеселге қол артуға итермелейтін жайларды болдырмау үшін қазақстандық қоғам жаппай ойлануға тиісті. Әрине, партия алға тартып отырғанындай, әлемдік озық тәжірибенің негізінде отандық заңнама да жетілдірілер. Бұл, меніңше, қиындық туғызатындай күрделі де мәселе болмас. Ал ең бастысы, жаңа бағдарламада белгіленіп отырған сыбайлас жемқорлық пен оның көрінісіне төзбейтін қоғамның мәдениетін қалыптастыру бәрінен де күрделі болары хақ. Бұл арада айта кетерлік бір жай, қоғамның төзбеушілігі ең әуелі әрбір жеке адамның төзбеушілігінен құралса керек-ті. Ал енді тап қазір, «алаған қолым береген», «құрғақ қасық ауыз жыртады», «берген перде бұзады», болмаса «қанына тартпағанның қары сынсын» деген сияқты қазақы да ағайыншыл психологиямен тәрбиеленіп өскен қоғамның бүгінгі пенделерінің жаңаша көзқарасын қалыптастыру үшін тәрбие­нің жаңа бір түрі қажет. Ол – отансүйгіштік тәрбие! Жасыратыны жоқ, жершілдік пен ру­шылдық «тәрбиесі» белең алып бара жат­қан бүгінгі қоғамның «таныс-тамыр» арқылы жең ішінен жалғасып дамуы жемқорлық атты пәленің басы ма деп қала­мын?! Қазақ­стан тұтас бір ел, тұтас бір мемлекет! Олай болса, сол бір тұтас елімізді жершілдік пен рушылдықтың кеселінен таза ұстай білейік. Тағы да отансүйгіштік тәрбиені ай­та отырып, «Нұр Отан» партиясының «Сы­бай­лас жемқорлық Қазақстанның барлық табыстарына қол жеткізуге мүм­кін­дік туғызған мемлекетіміздің негіз­гі құндылығы – Тәуелсіздікке қауіп төнді­реді. Сыбайлас жемқорлық қоғамның мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіреді, елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани өрлеуіне айтарлықтай кедергі келтіре отырып, мемлекеттік биліктің тиімділігін төмендетеді», деген осы бір ұстанымдар бүгінгі және болашақтағы қазақстандықтардың санасына сіңірілуі керек. Және де ертерек сіңірілгені абзал! Ол мектеп қабырғасынан басталуы керек. Сол үшін жоғары сыныптарда «Нұр Отан­ның» осы айтып отырғанын мектеп қабырғасында айтатын, жас санаға сіңіретін арнайы факультативтік сабақтар енгізілгені жөн болар еді. «Жемқорлыққа жол бердің бе, сен өз Отаныңның мүддесін саттың», «Жемқорлық та мемлекетіңе жаса­ған қастандығың, өз елің мен өз хал­қыңа деген опасыздығың» деген сияқты ойды ендігі ұрпақтың санасына ертерек, сол мек­теп қабырғасынан сіңірген дұрыс. Бұл бо­лашақта қоғамның жемқорлыққа деген төзімсіздігін қалыптастырудың негізгі бір буыны болары да анық. Ең бастысы, са­надағы төзімсіздікті қалыптастыра білейік! Біз айтып отырған осы жайдың «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күресті жандандыру жөніндегі бағдарламасында өте дәл әрі анық әрі нақтылы айқындалып отырғандағы қуант­­ты. Бағдарламада, «сонымен бірге, азамат­тардың бойында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы тұрарлық мәдениет, сыбайлас жемқорлықты жуытпайтын тұрақты иммунитет, оны жариялы түрде айыптау болмайынша, қалаған нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әр қазақстандық, әр отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүкіл қоғамның, әр азаматтың ісі екенін түсінуі тиіс. Сондықтан бала күннен бас­тап Отанға деген сүйіспеншілікке, адамдарды және дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, көрегенділік пен адалдыққа тәрбиелеу керек», деп өте орынды айтылып отыр. Ендігі арада бұл қағидат әр қазақстандықтың өмірлік қағидатына, өмір сүру заңы есебіндегі ұстанымына айналуы керек. Бұл үшін күнбе-күнгі тәрбие мен түсінік жұмыстары керек. Өйткені, біз ендігі арада ұлттың өркениетті дамуы­на кедергі келтіретін жағдай ретінде бұл құбылысқа қарсы құлшынысты күшейтіп, жемқорлықты мінез-құлықтан жоюға тиістіміз. Отан тағдыры үшін аса қажетті осы бір саналық критерийге жету үшін бұған әуелі әр отбасы және білім беру салалары зор мүдделілік танытулары қажет. Және де жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын мектеп тәрбиесінен бастағанды абзал санай отырып, сол тәрбие мен білім берудегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені құру үшін педагогика, психология, құқықтану, саясаттану, экономика, мәдениеттану, сондай-ақ әлеуметтану салаларының ең үздік мамандарын тарту қажет деген «Нұр Отан» бұл қағидатты мәселені шешудің жолдарын да тереңінен қарастырып отыр. Және де сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жүргізу мен білім берудің негізгі мазмұны да «заң», «әділдік» және «тең құқықтық» сияқты іргелі түсініктермен тығыз ұштасуға тиісті. Ең әуелі әрбір қазақстандықтың қоғам мен мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықтың қаупін түсіну, сонан соң сыбайлас жемқордың жағымсыз бейнесін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық әрекеті мен моралінен бас тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы өмір салтын қалыптастыру, құқықтық ни­гилизмді жеңу басты міндет болса керек-ті. Осы бір дәйекті де жүйелі әре­кет­тер болғанда ғана қоғамдағы сыбайлас жем­қор­лыққа деген «нөлдік» төзімділік қалып­та­сары бар. Партияның ойы да, ниеті де осы! Жалпы, халықтық партияға айналып отырған «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау­дың аса маңыздылығы мен өзек­тілігін және қоғамның барлық күшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күреске жұмылдыру қажеттілігіне дер уағында баса көңіл бөліп келе жатқандығы қазақ­стандықтардың шынайы ризашыл ықыластарын тудырып отырғандығын да айтқанды жөн көрдік. «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыру жөніндегі жаңа бағдарламасы қоғамда бір серпіліс туғызды. Ол серпіліс «біз жем­қорлықты жеңеміз, жемқорлыққа жол бер­мейміз, бәріміз бірігіп жемқорлыққа қар­сы тұра аламыз!» деген сенім серпілісі еді. Осы бір сенім серпілісінің күшін әлсіретіп алмау тетігі де керек болар. Өйт­кені, «сыбайластарда» да күш бар! Және де олардың қолдарында мемлекеттік басқару аппараттарының кейбір ықпалды әрі әсер ете алар тетіктері де бар екендігі тағы да жасырын емес. Билігі мен байлығы, құ­рығы мен қаржысы бар ықпалды сыбай­ластарға не істей алар екенбіз деген қоғам алаңдаушылығы да бар. Өйткені, бір кездері «егер де бір мекеменің қатардағы біреуі парамен қолға түссе, сол мекемені басқарып отырған басшы өз орнынан өз еркімен кетуі керек» деген де айтылды. Сол бірде орындалды, бірде орындал­май жатты. Ал бұл келіп, қоғамның жемқор­лыққа қарсы күресу сенімін әлсіреткені де бар. Біз «Нұр Отанның» ендігі арада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа иделогиясын ұсынып отырғандығын ұғындық. Ол – адал еңбек идеологиясы! Адал еңбекті құрметтеу аясын барынша кеңейту арқылы өскелең ұрпақтың санасына адал еңбек, маңдай теріңмен ғана тапқаның асыл құндылық болатындығын сіңіруіміз керек. Мұны әр бала өз отбасында көріп, сезініп өсуі жөн. Дарақылыққа салынып, арамнан тапқан дүниесін шайқап ішіп, жеп жүрген ата-аналарын көріп өскен отбасы балаларының мінез-құлқында ерте қалыптасар дүниеге деген қызығушылық күні ертең сол дүниенің құлы болуға ықпал ететіндігін де ойлайық. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ар мен иман арқылы жү­зеге асырылуы қажет деген ойды алға тарта отырып, отбасы мен қоғамда дәстүрлі халықтық қанағатшылдық құнды­лықтарды дәріптеу, қанағат пен ынсап, имандылық, ысырапшылдыққа жол бермеу, материалдыққа қарағанда рухани бай­лыққа басымдық беру мәселесін көтеруі де, сөз жоқ, тоғышар санаға да сіл­кініс әкелер деп ойладық. Және де «Сыбайлас жем­қорлық жоқ ел – өркен­деуші ел» идеоло­гиялық брендін ілгерiлету» мәселесі де біздің алдағы бар жұмысымыздың өзегіне айналуы керек. Қазіргі уақытта қоғамды экономика және мемлекеттік қызмет пен басқару саласындағы сыбайлас жемқорлық көбірек алаңдатып отырған сыңайлы. Қарапайым қағидаға сүйенер болсақ, экономика әркімнің тіршілігі мен күнкөрісі болса, мемлекеттік қызмет пен басқару саласы – сол әркімнің өз болашағына деген сенімінің тірегі. Ал енді мемлекеттік қызмет пен басқару саласы сияқты мемлекет тірегінің әлсіреуінің кез келген көрінісі халықтың билікке деген сенімінің әлсіреуі екендігін, мұның ел тәуелсіздігіне тигізер залалы мен қаупі аса қатерлі боларын ұғынар кез келді. «Нұр Отан» партиясы елдің би­леуші саяси күші ретінде өзінің сая­си Док­­тринасында жазылып, атап көрсе­тілгеніндей, халықтың келешегі мен азаматтарымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етудегі тарихи жауаптылығын тағы да айқын сезіне отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы терең мазмұнды да терең ойлы жаңа бір тарихи іс-қимылды бастады. «Сыбайлас жемқорлықты жою – біздің халқымыз бен мемле­кетіміздің іргелі құндылығы – Тәуелсіздігімізді нығайтудың өзекті шар­ты!» деген тарихи ұранмен жорыққа шық­қан «Нұр Отанның» біз де сапындамыз, біз де қатарындамыз! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты.