Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстаннан» (6 ақпан 2015 жыл) «Ауыл – алтын тамыр» деген көлемді мақаланы оқып, өте риза болдым. Мақала авторы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов деген ұлтжанды, ауылда өсіп-өнген, білімді де білікті азамат екен, ауыл мәселесін өте орынды, дер кезінде көтеріп отырғанына ерекше сүйсіндім.
Менің жасым қазір 97-де. Менің де түп тамырым – ауылда. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы, Тоғызыншы ауылында туып-өстім. Жасым ұлғайғанмен, жылына бір-екі рет немере-шөберемді ертіп, туған ауылыма барып тұрамын. Ондағы мақсатым – атамекенімнің таза ауасымен тыныстап, құмына аунап, әке-шешемнің, туған-туысымның аруағына бағыштап құран оқып, мінажат ету, сонымен бірге, қазіргі ұрпағымның – немерелерім мен шөберелерімнің ауылдың қасиетін ұғынып, ата-баба дәстүрінде тәрбиеленуіне аталық парызыммен ықпал ету.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің стратегиялық бағдарламаларында әрдайым ауылды өркендетуге, ауылшаруашылығын индустриялық-инновациялық жолмен дамытуға ерекше маңыз беретіндігін жақсы білемін. «Ауыл амандығы – елдің амандығы» деген сөздің жаны бар. Мемлекетімізде ауыл шаруашылығын, ауыл мәдениетін көтеруге қыруар қаражат бөліп, ауылдық жерлерде мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары, басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызылып, ауыл халқын қолдау мақсатындағы ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, бұл әлі жеткіліксіз. Шынын айту керек, ауыл бүгінгі заманауи бағытта дами алмай отыр. Ауылда жұмыссыздық белең алған. Әсіресе, жастарға қамқорлық өз дәрежесінде емес. Сол себепті ауыл жастары қалаға ағылуда. Осы жағдай мені қатты алаңдатады.
Мақала авторы «бүгінгі жаһандануға бет бұрған әлемде біз төл руханиятымызды дамытып, ауылды сақтау – ел мен жерді сақтаудың ата-бабаларымыз көрсеткен дана жолы деп қабылдауымыз керек», дейді. Өте орынды айтады.
Нұрсұлтан Әбішұлы 1999 жылды «Ұрпақтар сабақтастығына» арнағаны ел есінде. Ақсақалдан балаға дейінгі ұрпақ- аралық байланысты қамтамасыз еткен тарихи тамырлар тереңдей беруі керек. Онсыз жақсы дәстүрімізді сақтай алмаймыз. Тілектестің ұлтжандылығын мына сөзінен анық байқадым. Ол біріншіден, «Ауылды көтеру ісі – әр қазақты қадірлеу деген ұлттық ұстанымды көрсетеді. Әрбір қазақ өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына игі қадамдар жасауды атамекенге деген перзенттік парызы іспетті іс санаған... Әсіресе, ауылдан шыққан ауқаттыларды ауыл балаларының арнаулы және жоғары оқу орындарынан ауылына қажетті мамандықтар бойынша білім алуына жағдай жасауға жұмылдыру қажет деп санаймын. Қазақтың мәрт меценаттары әр заманда болған және бола да береді деген сенімім зор», – дейді. Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім мен ғылым. Бұл ретте Тілектес Есполов басқаратын Қазақ ұлттық аграрлық университеті мемлекеттік саясат ұстанымдарына сүйене отырып, Президентіміз анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. Бұл жоғары оқу орны негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрлар дайындайды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялыларының қатарын қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.
«Біздің мақсатымыз, – дейді автор, – ауыл-ауылдан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру». Дұрыс айтады. Ұлттың болашағы мен тірегі болатын білімді жастарды жұмыспен қамту мәселесі Елбасының назарында екенін білеміз. «Дипломмен – ауылға!» бастамасы Қазақ елінің алтын қазығы болған ауыл үшін де, жастар үшін де тарихи ұсыныс болғаны анық. Осы жобаның бір күндік болмай, өміршең болғанын қалаймын. Өңір басшылары жас кадрларға толық жағдай жасап, сол ауылда тұрақтап қалуына әкелік қамқорлық жасауы керек деп есептеймін. Кеңес заманында Талдықорған облысында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Головацкий басқарған колхоз болды. Жүгері өсіретін осы шаруашылықта колхоз басқармасы өз кадрларына барлық жағдай жасап, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жасап берген еді. Әскерге кеткен ауыл балаларына дейін қамқорлыққа алды. Олардың еңбекақылары сақталып, басқа да жеңілдіктер жасалды. Қазіргі таңда кадрларға деген осындай дұрыс көзқарас қалыптасса нұр үстіне нұр болар еді ғой.
«Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша қаланың ұл-қызын да ауылға жұмысқа тарту мәселесі – бүгінгі күннің талабы. Кеше қалада өсіп, білім алған жастардың бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігімен, ондағы халықтың мінез-құлқымен де таныс болғаны абзал. Өйткені, бұл сол жастардың болашақтағы атқаратын қызметтері барысында ескерулері тиіс маңызды мәселелердің бірі болмақ. Тілектестің бұл пікіріне де қосыламын. Ауыл жұртымен біте қайнасқан азаматтардың бойында біршама қазақы мінез-құлық қалыптасып, қазаққа тән қасиеттер пайда бола бастайды. Ал ана тілін үйрену үшін ауыл таптырмас мектеп екені даусыз. Шынында да, төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүгін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың көзі іспетті.
Сондай-ақ, автор «Қазақ халқының алтын тамыры – атамекен ауыл» екенін әрбір қазақстандық жас жете түсінетін уақыт келді. Ауылдағы жастарға, қаладан келетін жастарға және ауылға қайта көшіп баратындарға ұзақ мерзімді жаңаша экономикалық жағдай жасау бағдарламасын қоғам болып ұсынуымыз керек. Ол үшін жастардың білімін күшейтіп, мәдениетін қалыптастыруда және оларға азаматтық рух беруде білім беру ұйымдарының орны аса маңызды. Қазіргі ауылдың әл-ауқатын көтеру, оны нағыз іспен қолдайтын, нақты көмек қолын созатын мемлекеттік іс – ол тың көзқарастағы жаңаша түзіліп, қабылданатын «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы болады деген сенімдемін», дейді. Автордың бұл ұсыныс-пікірін шын жүректен қолдаймын. Ауылға білікті кадрлар дайындау жолында тынбай еңбек етіп, халқының мүддесін ойлаған ұлтжанды азаматтар бізге, қоғамға қазір керек. Ал ел қамын жеген осындай ер-азаматтың ұсынысын қолдау арқылы ауылға білікті кадрлар тарту мәселесі шешіліп жатса, тәуелсіз еліміздің болашағы анық болары сөзсіз.
Сейітхан ИСАЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері,
Алматы облысының, Қарасай ауданының
Құрметті азаматы.