Кезектен тыс президенттік сайлау еліміз үшін осындай құтты қадамға айналады
Сайлауға түсуін қалаймыз
Нарықтық қатынастарда жерді тиімді пайдалану маңызды мәселеге айналып отырған қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жобаларды қабылдап, оны жүзеге асырудағы пәрменді әрекеттері қоғам тарапынан үнемі қолдау тауып келеді. Көздеген мақсатымен таңдаған стратегиялық бағыттарына қарап, Елбасымыздың ойлағаны, тіпті, тереңде деп айтуға әбден болады. Оның мәні – кешегі ата-бабалар арманын жүзеге асыру, жерімізді Жерұйыққа айналдырып, оның үстіне ел ұйыған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнату, Қазақстанды «Мәңгілік Елге» айналдыру. Бұл мақсаттарды жүзеге асырудың стратегиялық амалдары да, тактикалық тетіктері де біздің қолымызда бар. Олар – «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасы және бүкіл әлем бойынша аумалы-төкпелі саналатын қазіргі кезеңге арналған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» мегажобасы. Ал Қазақстанның жер ресурстары мен тәуелсіздік жылдары қалыптастырылған Ұлттық қорымыз, Елбасымыздың халықаралық аренадағы үлкен беделі, еліміз жастарының қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп, әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуы, мемлекеттің әлеуметтік бағыт ұстауы, қуатты Қазақстанның қалыптасуы – осы жобаларды жүзеге асырудың сенімді кепілі. Елбасының елде жүзеге асырып отырған саясатының арқасында аз уақыттың өзінде қол жеткізген табыстарымыздың өзі шаш-етектен екені айқын. Олар өмірдің әр саласында нақты көрініс беруде. Тіпті, алысқа бармай-ақ жуықта Ресейде рубль құлаған кезде қазақстандықтардың осы елдегі заттардың барлығын жедел сатып алуының өзі көп жайдан сыр ұқтырады. Мұның өзі қазақстандық отбасыларының қаржы жағдайының жақсарып, қорланып алғандығының, нарық жағдайында әрекет етуге әбден бейімделгендігінің бір көрінісі болды. Енді тек іскерлікті одан әрі шыңдай түсуіміз қажет. Міне, осындай зор табыстарға жеткенімізді алыс, жақын елдердің бәрі мойындап отыр. Демек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастамасы орынды кезде көтерілгені анық. Қазіргі жаһандық дағдарыс кезінде әлемде болып жатқан саяси-экономикалық қиындықтар біздің елімізді де айналып өтпейді. Осындай сын сағатта еліміздегі барлық жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалғасын тауып, елдегі экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықтың сақталғаны өте орынды. Сондықтан осы күрделі кезеңде Елбасымыздың тағы да бел буып, сайлауға түскенін қалаймыз. Зайролла ДҮЙСЕНБЕКОВ, ҰҒА академигі. АСТАНА.Басталған жұмыстар аяқталуы тиіс
Кезектен тыс президенттік сайлау елдің болашағын, тыныштығын, дамуын қамтамасыз етудің кепілі болмақ. Сондықтан бұл саяси науқанның маңызы да, атқарар жүгі де жеңіл емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен елді экономикалық бағытта дамыту үшін табысты бағдарламалар жүзеге асты. Бес жылда Қазақстанда бұрын болмаған кәсіпорындар өмірге келді. Олардың барлығы да озық технологияға негізделген. Қазір айналамыздағы көптеген елдер үшін дағдарысты еңсеру аса қиынға соғып отыр. Ал біздің еліміз дамудың жолында келеді. Білікті мамандарсыз экономикалық дамуды қамтамасыз ете алмайтынымызды Нұрсұлтан Әбішұлы ылғи да айтып отырады. Өзінің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында елдегі он жоғары оқу орны үшін 10 миллиард теңге қаржы бөлу туралы айтқан болатын. Біздің Қостанай мемлекеттік университеті сол он білім ордасының бірінен саналады. Қостанайдағы машина жасау және ауыл шаруашылығы тауарларын ұқсату кәсіпорындары үшін мамандар дайындамақпыз. Бұл мамандар шаруашылықтың осы айтылған салаларында заманауи технологияларды енгізетін, олармен жұмыс істейтін болады. Біздің университеттің оқытушылар құрамы мен студенттері елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кезектен тыс президенттік сайлауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуын сұраймыз. Ол кісі бастаған қаншама іс жалғасын табуы үшін, дағдарысты елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жүдетпей еңсеруіміз үшін, ең бастысы – елдің тыныштығы мен берекесі үшін, жастардың болашаққа сенімі үшін Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысуы тиіс. Өйткені, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен басқа да ұзақ мерзімді бағдарламалар соларға бастамашылық танытқан Елбасының басшылығымен белгілі бір деңгейге жеткізілуі тиіс деп білеміз. Асқар НӘМЕТОВ, А.Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университеттің ректоры. Қостанай.Алыстағы ағайындар тілегі де ескерілсе екен
Бүгінгі таңда алыс-жақын шетелдерде 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы тұрады. Олар – әртүрлі тарихи жағдайлар салдарынан әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен біздің бауырларымыз. Міне, осы қандас ағайындардың бәрі алдағы болатын президенттік сайлауға алаң білдіріп, айрықша көңіл бөлуде. Олар бұл жайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына жиі-жиі хабарласып, өздерінің ой-пікірлерін білдіруде. Бұл ретте Қауымдастық төралқасының Төрағасы – Елбасы екендігін айта кеткен жөн. Президентіміз әлем қазақтарының өткен төрт құрылтайына да қатысып, терең мазмұнды баяндамалар жасады. Қазақ елінің бүгіні мен болашағы туралы сырттағы ағайындармен жан-жақты ой бөлісіп отырды. Оған қоса, Елбасы шетелдегі ағайындардың елімізге тұрақты қоныс аударуына ерекше назар аударып, олардың елге көптеп оралуына жағдай жасауда. Соның нәтижесінде, 1 миллионға жуық қандасымыз атамекенге қоныс аударды және ол көштің жалғасып жатқаны тағы белгілі. Шетелдердегі ағайынның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның, қазақ халқының ғана емес, әлем қазақтарының Көшбасшысы санайды. Сол дәрежеде құрмет тұтады, бас иеді. Осыған байланысты олардың бәрі алдағы болатын президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынуын сұрауда. Және ол кісінің мемлекет басшысы болып сайланғанын Алладан тілеп, бірауыздан қолдайтындарын айтуда. Сондықтан, Елбасы сайлау қарсаңында алыстағы ағайындардың өтініш-тілектерін де ескереді деген үміттеміз. Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, драматург, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары. АЛМАТЫ.Жасампаз істер жалғассын десек
Бүгінгі күнде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың табысты көрсеткішін, сондай-ақ, еліміздің бірлігі мен гүлденуінің бейбітшілік қорғаны екенін көрсетіп отыр. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынған еді. Бастама ел мүддесінен және халықаралық экономикалық жағдайдың тұрақсыздығынан туындап отырғандығын ескере отырып, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу қоғамды ауқымды мақсаттарға жету жолында ынтымаққа шақыра алатынына сенім білдірген болатын. Бұл сайлауды өткізу идеясын былай қойғанда, Елбасының оған қатысуы қазіргі кезеңде аса маңызды болып отыр. Ол еліміздің қарқынды дамуымен қоса, қабылданған ұлттық жоспарларды, оның ішінде «Нұрлы Жол» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Әлемдік геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында біздің бірігуіміздің, барлық мүмкіндіктерімізді жаһандық дағдарыстың ел экономикасына теріс әсерін еңсеруге бағыттаудың маңыздылығы зор. Қысқасы, жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі тиіс. Дәл қазір сайлау өткізу қоғамда тұрақтылық пен бірлікті сақтауға жағдай жасайды. Бұл – алға қойған міндеттерді тиімді іске асыру, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды қадам. Сайлау өткізу екі жағдайға негізделеді. Біріншіден, келесі жылы президенттік және парламенттік сайлауларды бір жылда өткізу Конституцияға қайшы екендігін айтудың өзі жеткілікті. Екіншіден, қазіргі әлемде қалыптасып отырған жағдай біз өзіміздің мемлекетіміз үшін тағдыршешті мәселені осы кезде өзіміз шешіп, жасампаздық жолымызды жалғастыруымызға мүмкіндік алу керек екенімізді көрсетеді. Еліміздің мықты экономикалық іргетасы қалыптасқан. 2014 жылғы әлемдік дағдарысқа қарамастан, экономикалық өсім 4 пайызды құрады. Иә, бүгінгі Қазақстан – қоғам өмірінің барлық саласында оң өзгерістерге жетіп, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік нығайып келе жатқан еңселі ел. Әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткізгенімізді Қазақстан халқы мақтан тұтады. Әлемде тұрақсыздық орын алған жаңа әрі күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүниежүзінің озық 30 елінің қатарына ену үшін жасампаздық жұмыстарды жалғастыруы тиіс. Осы себепті Президенттен алдағы сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынғанын қалар едік. Әбдіжапар САПАРБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА-ның Құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Алматы.Ұзақ мерзімді бағдарламалар орындалуымен құнды
Еліміз Тәуелсіздік алған тұстан бері мемлекетімізде білім, ғылым саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен еліміздегі оқу орындарында дуалды оқыту жүйесі енгізіліп жатыр. Яғни, теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыра отырып білім беру бүгінгі күннің басты талабына айналған. Осы мақсатта біз елордадағы емханалармен тығыз байланыс орнатып, шәкірттеріміздің практикалық дағдысын қалыптастыруға күш салудамыз. Осындай жетістіктердің барлығы елдегі саяси тұрақтылықтың, ынтымақ пен бірліктің, экономикалық дамудың арқасында жүзеге асып жатқанын біз жақсы түсінеміз. Сондықтан да, Елбасының елімізде биылғы жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімі өте дер кезіндегі шешім деп есептеймін. Ендігі жерде мен және мен басқарып отырған колледж ұжымы осы сайлауға президенттіктен үміткер болып Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуын қалаймыз. Өйткені, еліміздегі білім, ғылым саласының өркендеуі мен бүгінгі күнгі дамуы Елбасының есімімен тығыз байланысты. Біз қай кезде де Президентіміздің қамқорлығын сезініп келеміз. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыстар мен қиын кезеңдердің өзінде Елбасымыз елдегі білім мен ғылым саласына қамқорлығын көрсетіп бәсеңсіткен емес. Жыл сайын ғылыми ізденістер мен жаңашылдыққа бағытталған мемлекеттік гранттар бөлінуде. Жас мамандарымыздың білімін жетілдіріп, тәжірибе арттыруына да барлық жағдай жасалған. «Қазақстан-2050» Стратегиясында да еліміздің ұзақ мерзімді дамуы мен өркендеуі нақты көрсетілген. Былтырғы жылы қабылданған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасында да еліміздің саяси-экономикалық дамуы, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы айқын көрініс тапқан. Сондықтан да біз осы бағдарламалардың жүзеге асуы Елбасының басқаруынсыз мүмкін емес деп санаймыз. Ал біздің медициналық-техникалық колледж 2001 жылы «Профессор Рузуддиновтің Астана медициналық-техникалық колледжі» деген атпен ашылған болатын. Яғни, біздің колледжіміздің негізін медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан тіс дәрігерлері ассоциациясының президенті, профессор Рузиддинов қалады. Алғашқы жылдары тек бір мамандықпен ғана шәкірттерді оқытсақ, қазіргі таңда колледжде 4 мамандық бойынша білім береміз. Тіс технигі, дантист, фармацевт және медициналық оптика. Колледжіміздің халықаралық стандарттарға сай заманауи медициналық құралдармен жабдықталған оқу-лабораториялық корпусы бар. Жыл бойы Астана қаласындағы іргелі оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Қазіргі таңда Астана қаласындағы тіс емханаларындағы дәрігерлердің түгелге жуығы біздің түлектер екенін мақтанышпен айтқым келеді. Ал дантист мамандығы бойынша биыл алғашқы түлектер оқу бітіреді. Айгүл ЖАУБАСОВА, «Медициналық-техникалық колледж» ЖШС директоры, медицина ғылымдарының кандидаты. АСТАНА.Елдік пен бірліктің белгісі
Бүгiнде әлемдегi саяси ахуал күрделенiп, қаржылық дағдарыстың жаңа толқыны белең алуда. Мұндай ауыр жағдайларға төтеп беру үшiн елде арнайы жоспарлар жасалған. Ол Елбасының бастамасымен өмiрге келген «Қазақстан-2050» Стратегиясы, ҮИИД бағдарламасы, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы сынды ұзақ мерзiмдi бағдарламалар. Оларды жүзеге асыру үшiн Елбасын бүгіннен білекті түріп сайлап алуымыз қажет-ақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаев елiмiздiң дағдарысты қалай еңсеретiнiн «Қазақстан-2050» Стратегиясында терең толғаған болатын. Сол құжатта Нұрсұлтан Әбiшұлы елiмiздiң әлеуметтiк, экономикалық, рухани, саяси даму әрекеттерiнiң барлығын саралап көрсетiп бердi. Алайда, бұл бағдарлардың барлығы қандай жағдайда жүзеге асады? Ынтымақ пен бiрлiктiң, ұлтаралық және ұлтiшiлiк татулықтың, тұрақтылықтың тұғыры биiк болғанда ғана жүзеге асады. Ынтымақ – Қазақ елiнiң мәңгiлiк стратегиясы екені даусыз нәрсе. Қазақстан жас әрі дамушы мемлекет. Сондықтан, жуырда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасына ауданның белсенді жастарының басын біріктіріп, жиын өткізген болатынбыз. Жасотандықтар мен «Жас көшбасшылар мектебінің» белсенділері, Еріктілер тобының мүшелері, ҚХА Кеңесiнiң бастамасын қызу қолдайтындықтарын білдірген еді. Сондай-ақ, әлемдегi түрлi саяси ахуалға қарамастан, елiмiздiң еңсесiн биiк ұстауы Елбасының сындарлы саясатының нәтижесi екенiн ерекше атап өткен болатын. Ал Елбасының ағымдағы жылдың 26 сәуіріне сайлау өткізу туралы шешімін естігенімізде көңіліміз бір серпіліп қалды. Өйткені, бұл сайлауды аудан жастары тарапынан толық қолдайтындығымызды білдіргім келеді. Ал осыған байланысты негізгі ұсынысымыз – Елбасының сайлауға түсуі. Иә, енді осындай тарихи сәтте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, президенттік сайлауға бірауыздан қатысайық. Үніңді қос бұл сайлауға, жастарым, Жадырасын, алауласын жас жалын. Бірлік туын желбіреткен елімнің... Бұлт шалмасын ешуақыт аспанын. Аллаберген ҚОНАРБАЕВ, «Маңғыстау аудандық жастар саясаты орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры. Маңғыстау облысы.