Жастар – тәуелсіз еліміздің болашағы ғана емес, бүгіні мен ертеңін жасаушы да. Өйткені, аға ұрпақтың елге үлгі болар қай ісін де бүгінгі білімді, белсенді жастар іліп әкетіп, өз деңгейінде атқарып, өз замандастарының көшін ілгері бастауда. Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының негізгі мақсаты – жастардың, соның ішінде, ауыл жастарының әлеуметтік сұранысын қанағаттандыру, жастарға арналып жасалған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, түсіндіру.
«Нұр Отанның» мұның алдындағы съезінде қабылданған Доктринада ұлттық құндылықтарымыз бен төл мәдениетіміздің, қазақы отбасы мен ғасырлардан үзілмей келе жатқан дәстүріміздің басым бағыт берілуі баршаның көңілінен шықты. Дуалы ауызды ағаларымыз бұл бағытта көңілге қонымды ой айтты. Елімізде әр азаматтың, әсіресе, жастардың өз дәрежесінде білім алуына мүмкіндік жасалып отыр. Елбасы партия съезінде жастарға арнайы көңіл бөліп, олардың ерінбей, жалықпай еңбек етуін, жоғары білім алып, ел игілігіне қызмет етуі тиіс екендігін баса айтты.
Жастар Елбасының бұл сенімін ақтайтыны даусыз. Біз – сан ғасырлардан бері аңсаған тәуелсіздігімізді бекем қылуға талпынып, сол жолда көптеген ауқымды істерді атқарып келе жатқан айбынды елдің ұрпағымыз. Біздің мақсатымыз –Тәуелсіз Қазақстанның егемендігін сақтау, еліміздегі ішкі бірлікті нығайтып, ұлттар татулығына селкеу түсірмеу.
Жаһандану заманында өз елінің тарихын, мәдениеті мен дәстүрін, ана тілін жетік меңгеріп, оның қасиетін түсіне білген халық қана мәңгі жасай алады және өркендеудің даңғыл жолынан адаспайды. Біздің басты құндылығымыз – төл тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз, дәстүрлі дініміз. Бұл құндылықтар партияның Доктринасында айқын көрініс тауып, анық жазылған. Ұлтымыздың ұрпақтар сабақтастығы мен үлкендерге құрмет, кішіге ізет көрсету тәрбиесі отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасылық тәрбие қазіргі уақытта басты назарда тұруы тиіс.
Бірақ, қазіргі қазақ отбасындағы әке мен ананың міндеті, ұлттық тәрибенің маңызы мен насихатталуы өте төмен деңгейде екені жасырын емес. Күнделікті кешкі асты бірге іше отырып, отбасылық жағдайларды талқылау, ата-аналар тарапынан балаларының жағдайын сұрап отыру секілді әдетке айналуы тиіс жайттар көп отбасыларда жоғалып кеткен. Сондықтан да болар, көптеген ата-ана балаларының қайда, не істеп, немен айналысып жүргенін білмейді. Бұл жастар арасындағы жүгенсіз әрекеттердің туындауына себеп болуы ықтимал жайт.
Осы мәселелерді негізге алған Доктринадағы отбасылық құндылықтарды насихаттау негізіндегі басым бағыттар қазақ жастарының тәлім-тәрбиесіне арқау боларына сенемін. Доктринаның басты құндылығына төл мәдениет пен ұлттық рух, халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жақсы жағдай жасау мәселелерінің басты орынға қойылуы да сол себептен.
Қазақ – еркіндікті сүйген, еркіндіктің қадірін білген ұлы халық. Сонау Тоныкөк пен Күлтегіннен басталған ерлік рухтың өшпегені хақ. Біз әріде айбынды Абылай, беріде ер Исатай мен өр Махамбет аңсаған еркіндіктің мәңгілік жасауына қызмет етуді мақсат тұтып, ұлтымыздың ұлы мұраттары мен асқақ армандарын, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу, келешек ұрпаққа толығымен аманаттауды іске асыруымыз керектігін білеміз. Сол себептен, осынау асыл мұратты Қазақстан жастары, әсіресе, қазақтың әр баласы толық сезінеді деп ойлаймын.
Асқар БОПЫЛДЫҚОВ,
«Жас Отан» жастар қанаты
Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты.