11 Наурыз, 2015

Коммунист сынақтан өтті

195 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыруы әрі қарай жалғасты. Алғашқы болып сынақ тапсырушы Ержан Серғазиннің нәтижесін Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков хабардар етті. «Ержан Мерекеұлы Серғазин мырзаның бүгін қазақ тілінен тапсырған сынағының нәтижесі мынадай болды. Жазба жұмысының тақырыбы «Конституция – тұрақты даму кепілі». Ол екі бет жұмыс жазыпты. Жұмыстың бас жағында әжептәуір жақсы тарихи деректер бар. Бірақ, қазіргі біздің Конс­титуциямыздың тұрақты даму кепілдігі жайы ашылмай қалған. Оның үстіне жұ­мысында 24 қате кеткен. Емлесі – 6, тыныс белгісі – 13, стильдік қате – 5. Жалпы, Комиссияның талабын президенттіктен үміткерлер сауатты жазуы керек, сауатты сөйлеуі тиіс», – деді ол. Кандидат екінші кезеңде Абайдың поэзиясы мен қара сөздерінен 3 беттік мәтін оқыған. «Шынын айту керек, Ержан ежіктеп оқыды. Кейбір мәтіннің мағынасын толық түсінбеді. Сол мәтін ішінде кездесетін қазақтың байырғы сөздерін, мәселен, қарекет, көкірек тазалау сынды сөздерді түсіндіріп айта алмады», – деді М.Жолдасбеков. Комиссия төрағасының айтуынша, үшінші кезеңде «Қазақ өнерінің бел-белестері» деген тақырыпта 15 минут сөйлеген Е.Серғазиннің ойы шашыраңқы шыққан. «Жалпы, сөйлем құрауы өзге бір шетелдік азаматтың  қазақ тілін жаңа үйреніп жүргеніндей естілді. Логика, жүйе жоқ. Осының бәрін ескере келіп, Комиссия Ержан Мерекеұлы қазақ тілін еркін меңгермеген деген қорытынды шығарып отыр», – деді ол. Ал Қазақстанның Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов мемлекеттік тілді жетік меңгергенін дәлелдеді. «Бірінші сынақта «Біздің күшіміз бірлікте» деген тақырыптағы жазбаша жұмыс болды. Тақырып ашылған, 6 қате жіберіпті. Оның ішінде 3-еуі емле, 2-еуі тыныс белгісі, 1-еуі стильдік қате.  Айтайын дегенім, Л.Қойшиевадан кейін сауатты, тақырыбы ашылған жұмыс осы Сыздықов мырзаның жұмысы болды», – деді М.Жолдасбеков. Комиссия төрағасының атап өткеніндей, екінші кезеңде кандидат Бауыржан Момышұлының прозасынан үш беттік мәтін оқыған. «Жақсы оқыды. Біз оқыған мәтінді түсінді ме, түсінбеді ме деген оймен  барлық кандидаттарға сұрақ қойып жүрміз. Ал Сыздықов мырза өзі оқыған мәтінді өте жақсы айтып берді», – деді Комиссия төрағасы. Кандидат үшінші кезеңде «Астана – тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында 15 минут сөз сөйлеген. «Сәтті тақырып келген сияқты. Жақсы жауап берді. Комиссия Тұрғын Ысқақұлы Сыздықовты мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытындыға келді», – деді М.Жолдасбеков. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау сынағына келмеген үміткер Қайрат Маишевқа тағы бір мүмкіндік берілетінін мәлім етті. «Кандидаттарымыздың бірі мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау сынына келмей қалды. Біз қазіргі уақытта бұл азаматтың не үшін келмей қалғандығын анықтау үстіндеміз. Егер сынаққа келмеуі шынайы себептердің салдарынан болса, онда аталған азаматты мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде меңгергендігін анықтау үшін Лингвистикалық комиссия сынағына жіберу туралы шешім қабылдайтын боламыз. Содан кейін оның президенттіктен үміткер ретінде тіркелуіне немесе тіркеуден бас тартылуына қатысты нақты шешім қабылданады», – деді осы жөнінде М.Сәрсембаев. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар