11 Наурыз, 2015

«Барыс» маусымды аяқтады

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Омбыда өткен шешуші ойында «Авангард» 3:1 есебімен жеңіске жетті Ава-Бар — копияАСТАНА. 11 наурыз. «Барыс» хоккей командасы биылғы маусымды аяқтады. Гагарин кубогы үшін жарыстың алғашқы айналымында Омбының «Авангардымен» айқасып, шешуші сәтте қарсыласына есе жіберді. Жеті сериядан тұрған тартыстың жалпы есебінде «Авангард» 4:3 есебімен басым түсті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Соңғы ойын Омбыда өтті. Астаналықтар тартыстың небәрі 5-минутында есеп ашты. Дастин Бойдтан пас алған Найджел Доус шайбаны бірден қақпаға бағыттады. Дегенмен, «Барыс» хоккейшілері бұл басымдықты бес минут қана ұстап тұра алды. Ойынның 10-минутында айдын иелері сапынан Чад Коларик мергендігімен көзге түсіп, есепті теңестірді. Осы тұста айта кетер жайт, Коларик гол салмастан бұрын «Барыстың» қорғаушысы Алексей Литвиненкоға өте жойқын күштік әдіс қолданған еді. Соның салдарынан астаналық хоккейші айдыннан көтеріле алмай қалды. Яғни, «Авангард» есепті теңестірген кезде біздің бір ойыншымыз айдында сұлап жатты. Алайда, бұл жайтқа төрешілер назар аударған жоқ. Екінші кезең аса тартысты өтті. «Барыс» сапынан үш бірдей хоккейші кіші айыппен жазаланса, «Авангардтың» қос ойыншысы екі минуттық «демалыспен» марапатталды. Әйтсе де, қарсыластар бұл мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Екінші үзіліске төрт минут қалған кезде Александр Пережогин Ян Лацоның осал тұсын тауып, командасын алға шығарды. Соңғы шешуші кезеңде «Авангард» көбіне қорғанысқа көңіл бөлді. «Барыстың» бас жаттықтырушысы Андрей Назаров ойын өрнегіне өзгеріс енгізіп, командасын шабуылға шақырғанымен нәтиже болмады. Тіпті ойынның бітуіне 2 жарым минут қалған кезде Лацоның орнына алтыншы ойыншыны шығарды. Алайда, бұл әрекет керісінше айдын иелеріне қол болды. Өз аймақтарынан ойынға қосылған шайбаға бірден иелік еткен омбылықтар айдынның дәл ортасынан үшінші голдарын соғып, «Барыс» жанкүйерлерінің үмітін біржола өшірді. Бос қақпаны дәл көздеген тағы да Чад Коларик еді. Осымен «Барыс» 2014-2015 жылғы маусымды аяқтады. Енді отандық хоккейшілер сәуір айында өтетін бірінші дивизионның әлем чемпионатына дайындалады. Айта кетейік, аталған дода 13-24 сәуір аралығында Польша мен Нидерландыда өтеді. «А» тобында ойнайтын Қазақстан Италия, Жапония, Украина, Венгрия және Польша құрамаларымен күш сынасады. Гагарин кубогы үшін жарысты жалғастыратын «Авангард» «Шығыс» конференциясының жартылай финалында Қазанның «Ақ Барсымен» ойнайды. Ал осы конференциядағы келесі жартылай финалдық жұпты Магнитагорскінің «Металлургы» мен Новосибирскінің «Сибирь» командалары құрады. «Батыс» конференциясында Мәскеудің «Динамосы» Санкт-Петербургтің СКА-сымен айқасқа түседі. Ал ЦСКА (Мәскеу) Финляндияның «Йокерит» командасымен конференцияның финалына берілер жолдаманы сарапқа салады. Алғашқы ойындар 12-13 наурыз күндері өтеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hawk.ru. Ава-Бар 02 — копия