11 Наурыз, 2015

Төрешіні түйгіштеп нең бар еді, ди Мария? (видео)

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ди марияАСТАНА. 11 наурыз. Ағылшынның «Манчестер Юнайтед» командасының ойыншысы Анхель ди Марияның басы бәлеге қалды. Осыдан екі күн бұрын Англия кубогының ширек финалында төрешінің артынан түйгіштегені үшін екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылған. Сөйтсек, мәселе мүлдем басқада екен. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Сол ойында манчестерліктер Лондонның «Арсеналымен» ойнап, 1:2 есебімен есе жіберген еді. Бұл жеңіліске тартыстың 76-минутында ди Марияның алаңнан қуылуы да өз септігін тигізгені сөзсіз. Ойын барысында өзінен өзі жасыл алаңға жалп етіп құлап, төрешіден айып добын сұрап жатып алды. Бәрін бақылап тұрған бас қазы Майкл Оливер футболшының бұл әрекетін симуляция деп бағалап, ескерту жасады. Сол-ақ екен аргентиналық бұл шешімге қарсылық білдіріп, төрешіге тұра ұмтылды. Тіпті ойынның басты қожайыны саналатын адамды жейдесінен тартып тоқтатпақ болды. Ол аздай, ашуға ерік берген футболшы сол сәтте Оливер мырзаның жер-жебіріне жетіп, аузына келгенін айтып та үлгерген екен. Арнайы мамандар оның қай тілде, қандай сөздер айтқанын анықтап берді. Сөйтсе, ди Мария испан тілінде төрешінің анасына тіл тигізген екен. Осылайша аргентиналық футболшы бір минуттың ішінде екі сары қағаз алып, ойынды өзгелерден ерте аяқтады. Бір қызығы, әп-сәтте екі рет ескерту алып, алаңнан қуылу ди Мария үшін таңсық емес. Бұған дейін Испания чемпионатында ойнап жүрген кезінде осындай жағдай тіркелген. 2013 жылы «Депортиво» мен Мадридтің «Реалы» арасындағы ойында ди Мария екі рет төрешінің айтқан сөзіне құлақ аспай, тілін алмаған. Ол кездегі жағдай былай болған еді. Футболшы «Депортивоның» айып соққысын орындауға кедергі келтіріп, допқа тым жақын тұрады. Төреші бір келіп ескертіп кетеді. Онысын шыбын шаққан құрлы көрмеген ойыншы одан әрі жақындап, қазының ызасын тудырады. Мұндай еркелікті көтеретін төреші бар ма? Сөзге келместен екінші сары қағазды қалтасынан суырды. Бас-аяғы 10 секундтың ішінде қызыл қағаздың иесі атанған ди Мария амалсыз алаңның жиегіне беттей берді. «Тегіс жерде сүрінді» деп осындайда айтса керек. Төрешіні артынан түйгіштеп, балағаттап жүрген ендігі қылығы мынау. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: eurosport.ru.