11 Наурыз, 2015

Футболдан ел чемпионатының екінші туры өтті

247 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Aktobe-Kairat 01АСТАНА. 11 наурыз. Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының екінші тур ойындары өтті. Алты ойынның төртеуінде жеңімпаз анықталса, қалған екі бәсекеде есеп ашылған жоқ. Екінші турда барлығы 8 ғана гол соғылды. Екі ойыннан кейін ұпай жоғалтпаған бір ғана команда қалды. Яғни, «Астанадан» басқасының барлығы екінші турдан-ақ сүріне бастады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Турдың басты тартысына екі бірдей ойын лайық болды. Оның бірі Павлодарда өткен жергілікті «Ертіс» пен «Астана» арасындағы ойын болса, екіншісі, Ақтөбедегі «Ақтөбе» мен «Қайраттың» текетіресі. Павлодардағы ойында алаң иелері ел чемпиондарына еш қарсылық көрсете алмады. Екінші маусым қатарынан чемпион атануды көздейтін елордалықтардың әзірге қарқыны жаман емес. Әсіресе, Рохьер Каньяс пен Патрик Твумасидің тасы өрге домалап тұр. Екі ойын қатарынан нәтижелі соққы жасаған бұл футболшылар әзірге мергендер көшінде алдыңғы орында. «Астананың» биыл Чемпиондар лигасының іріктеу сынында ел намысын қорғайтыны белгілі. Сол кезде де қос ойыншының асығы дәл осылай алшысынан түссін деп тілейік. Бұл ойында еліміздің бес дүркін чемпиондарын аямаған «Астана» «Ертістің» қақпасына жауапсыз үш доп соғып, ірі есеппен жеңіске жетті. Ақтөбедегі ойынға келер болсақ, екі команда нағыз алыптардың айқасына тән өнер көрсетті. Негізі мамандар мен жанкүйерлер ойын алдында басымдықты алаң иелеріне беріп, ««Ақтөбенің» мүмкіндігі жоғары» деген пікір айтқан еді. Дегенмен, ойын барысында «Қайраттың» қауқары қарсыласынан еш кем түспеді. Итжығыспен өткен тартыста қарсыластар бір-бірінің осал тұсын таба алмады. «Ақтөбе» осымен екінші рет тең нәтиже көрсетіп отыр. Алғашқы турда «Атырауды» қабылдаған ақтөбеліктер 1:1 есебін місе тұтқан еді. Ал «Қайраттың» 1-турда өз алаңында ірі есеппен (4:0) «Тобылды» тас-талқан еткенін білеміз. Бұл турда жанкүйерлер назарын аударған тағы бір ойын Қарағандыда өтті. Шымкенттің «Ордабасын» қабылдаған «кеншілер» 0:1 есебімен есе жіберді. Бұл ойынға «Ордабасын» Виктор Кумыков бастап келгені белгілі. Маусымаралық үзілісте Шымкентке қоныс аударған Кумыков осыған дейін «Шахтермен» ел футболындағы ең биік белестерді бағындырғаны есімізде. Екінші турдың қорытындысы мынадай: «Ертіс» (Павлодар) – «Астана» – 0:3. Голдар: Р.Каньяс 15 (п), П.Твумаси 49, Н.Максимович 56. «Ақтөбе» – «Қайрат (Алматы) – 0:0. «Атырау» – «Тараз» – 2:1. Голдар: М.Трифунович 27, М.Байжанов 90 – Ж.Голич 6. «Шахтер» (Қарағанды) – «Ордабасы» (Шымкент) – 0:1. Гол: Е.Тұңғышбаев 83. «Оқжетпес» (Көкшетау) – «Қайсар» (Қызылорда) – 1:0. Гол: Л.Роткович 88. «Жетісу» (Талдықорған) – «Тобыл» (Қостанай) – 0:0. 3-тур ойындары 15 наурызда өтеді: «Астана» – «Шахтер». «Қайрат» – «Жетісу». «Тобыл» – «Оқжетпес». «Қайсар» – «Ертіс». «Ордабасы» – «Атырау». «Тараз» – «Ақтөбе». Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vk.com.