12 Наурыз, 2015

Цифрлар сөйлейді: «Челси» vs «ПСЖ»

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
chelsea vs PSG 02АСТАНА. 11 наурыз. Бүгін түнде Чемпиондар лигасының 1/8 финалында тағы төрт команда жасыл алаңға шығады. Яғни, екі ойын өтеді. Солардың бірі Лондонның «Челсиі» мен Париждің ПСЖ-сы арасындағы тартыс. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Лондонда өтетін ойында негізгі фаворит белгісіз. Себебі, Париждегі кездесуде қарсыластар 1:1 есебімен тең тарқасқан еді. Енді футболшылар мәселенің барлығын ағылшын жерінде шешпек. Осы ретте қос команданың Чемпиондар лигасындағы кейбір қызықты деректеріне назар аударайық.
  • «Челси» турнир аясында өз алаңында Франция командаларымен өткізген соңғы алты ойынның бесеуінде гол жібермеген. Ал гол енгізіп алған сол жалғыз кездесу 2003-2004 жылғы маусымда тіркелген екен. Сол кезде «Челси» Лондонда «Монакомен» 2:2 есебімен тең ойнады. Екі ойынның қорытындысы бойынша «Монако» 5:3 есебімен жеңіске жеткен болатын. Тіпті сол маусымда франциялық команданың финалға дейін жеткенін білеміз.
  • Егер бүгінгі ойын нәтижесі бойынша жарысты «Челси» жалғастыратын болса, лондондықтардың соңғы бес маусымдағы төртінші ширек финалы болмақ. Ал соңғы 9 жылды алатын болсақ, «Челсидің» аталған айналымдағы жетінші жорығы ретінде хатқа түседі.
  • Биылғы маусымда ағылшындар өз тобынан бірінші орынмен шыққаны белгілі. «Челсидің» дәл осындай көрсеткіші соңғы 12 маусымда 9 рет тіркелді. Ал осы уақыт аралығында бір мәрте топтан шыға алмай қалған. Ол 2012-2013 жылғы маусым. Сол жылғы сайысқа «Челси» жеңімпаз ретінде қатысқан болатын. Яғни, 2011-2012 жылғы маусымда лондондық команда тарихында алғаш және әзірге соңғы рет Чемпиондар лигасының кубогын иемденді.
  • ПСЖ Чемпиондар лигасындағы сырт алаңда өткізген соңғы 15 ойынның жетеуінде жеңіске жетсе, төрт рет жеңілуге мәжбүр болған.
  • Егер келесі кезеңге париждіктер өтетін болса, бұл ПСЖ үшін қатарынан үшінші ширек финал болады. Өткен маусымда олар дәл осы айналымда Леверкузеннің «Байерін» екі ойын нәтижесі бойынша 6:1 есебімен тізе бүктірді. Тіпті сол тартыста 4 голды сырт алаңда соққанын айта кетейік.
Міне, екі команда арасындағы соңғы жылдардың кейбір деректері осындай. Осы сандарға қарап көпшілік басымдықты алаң иелеріне беруде. Сіздің пікіріңіз қандай? Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: eurosport.ru.

Командалар мына құрамда алаңға шығуы мүмкін.

komanda kuramy