12 Наурыз, 2015

Цифрлар сөйлейді: «Бавария» vs «Шахтер»

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Bavaria ShakhterАСТАНА. 12 наурыз. Енді бірер сағаттан кейін басталатын Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы екі ойынның бірі Мюнхеннің «Бавариясы» мен Донецкінің «Шахтері» арасында өтеді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Украинада өткен алғашқы ойында есеп ашылған жоқ. Атағынан ат үркeтін «Бавариямен» тең ойнаудың өзі кез келген команда үшін үлкен жетістік. Ал Европада ортаңқол ұжым саналатын «Шахтер» үшін бұл жеңіспен тең десек, артық емес. Енді екі команданың кейбір статистикалық көрсеткіштеріне назар аударайық.
  • «Шахтер» үшін неміс командалары ең қолайсыз қарсылас болып саналады. Әсіресе, Чемпиондар лигасында германиялықтарға есесі кетіп жүр. Себебі, осыған дейінгі ойындарда «кеншілер» жеңіске жетіп көрмеген. Әзірге турнир аясында украиндер 7 мәрте германиялық командалармен күш сынасты. Соның төртеуінде жеңілсе, үшеуінде тең тарқасқан. Тең ойынның соңғысы қашан тіркелгенін жоғарыда айттық.
  • «Бавария» соңғы 18 жылда 17 рет Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шығып отыр. Тек 2002-2003 жылғы маусымда мюнхендіктер өз тобында соңғы орын алып, жарысты ерте аяқтаған еді.
  • Неміс командасының шабуылшысы Томас Мюллер осы турнирде 24 гол соғып үлгерген. 25 жастағы футболшы үшін бұл жаман нәтиже емес. Мюллердің аталған сайысқа 2009 жылдан бері қатысып келе жатқанын айта кетейік. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш бойынша Томас «Баварияның» тарихында Чемпиондар лигасында ең көп гол соққан ойыншы ретінде жазулы тұр.
  • «Бавария» осы турнир аясында Украина командаларымен 11 рет сынға түскен. Оның біреуі «Шахтермен» екені белгілі. Ал қалған 10 ойынды Киевтің «Динамосына» қарсы өткізген.
  • «Шахтер» сапында негізінен бразилиялық футболшылар ойнайтыны белгілі. Команданың жоғары жетістіктерге жетуіне де сол ойыншылардың көп септігі тиюде. Бүгінге дейін Чемпиондар лигасында «Шахтердің» бразилиялық ойыншылары 64 гол соққан екен. Бұл көрсеткіш бойынша Украина командасы тек «Барселонаға» жол береді. Себебі, испаниялық команданың намысын қорғаған бразилиялықтар бұл сайыста 67 мәрте мергендігімен көзге түскен.
Елең еткізерлік деректер осындай. Жанкүйердің басым бөлігі «жарысты «Бавария» жалғастырады» деп нық сеніммен айтуда. Десек те, доп домалақ. Әліптің артын бағайық. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: eurosport.ru.

Командалар мына құрамда алаңға шығуы мүмкін.

munhen vs donesk