АСТАНА. 12 наурыз. Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан тағы бір команда белгілі болды. Ол - Мюнхеннің «Бавариясы». Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Мюнхендегі ойын алаң иелерінің айқын басымдығымен өтті. Допты ойынға қонақтар қосқанымен, алғашқы өткір шабуылды «Бавария» ұйымдастырды. Тіпті ойынның 3-минутында-ақ есеп ашып үлгерді. Марио Гетце қарсыластарының айып алаңының ішінен пас алып, енді соққы жасамақ болғанда, «Шахтердің» қорғаушысы Александр Кучер оны шалып жықты. Төреші ойланбастан, он бір метрлік нүктені көрсетіп, пенальти белгіледі. Ол аздай, Кучерге қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуып та жіберді. Пенальтиден мүлт кетпеген Томас Мюллер Чемпиондар лигасындағы өзінің 26-голын соғып, командасын алға шығарды.
«Жығылғанға - жұдырық» демекші, онсыз да қарсыласынан әлдеқайда әлсіз «Шахтер» он ойыншымен қалып жағдайын тіпті нашарлатып алды. Ойын соңына дейін Хосеп Гвардиоланың шәкірттері тағы да жауапсыз алты гол соғып, қарсыластарын тас-талқан етіп жеңді.
Ойын барысында алаң иелері қарсыластарының қақпасына 25 мәрте соққы жасаса, қонақтар 90 минуттың ішінде небәрі 4-ақ рет Нойердің иелігіне доп бағыттап көрді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: twitter.com.
«Бавария» (Мюнхен, Германия) – «Шахтер» (Донецк, Украина) 7:0
11 наурыз. Мюнхен. «Альянц Арена» стадионы. 71 000 көрермен.
Төреші: Уильям Коллам (Шотландия).
«Бавария»: Мануэль Нойер, Рафинья, Жером Боатенг, Давид Алаба, Хольгер Бадштубер (Данте 67), Франк Рибери (Хуан Бернат 59), Марио Гетце, Бастиан Швайнштайгер, Роберт Левандовски, Арьен Роббен (Себастьян Роде 19), Томас Мюллер.
«Шахтер»: Андрей Пятов, Александр Кучер, Вячеслав Шевчук, Дарио Срна, Ярослав Ракицкий, Тарас Степаненко, Фред, Дуглас Коста (Нем Веллингтон 79), Алекс Тейшейра (Илсиньо 70), Луис Адриано, Тайсон (Сергей Кривцов 9).
Голдар: Томас Мюллер 4 (пенальти), 52, Жером Боатенг 34, Франк Рибери 49, Хольгер Бадштубер 63, Роберт Левандовски 75, Марио Гетце 87.
Ескертулер: Хольгер Бадштубер 26, Жером Боатенг 38 – Дуглас Коста 38.
Алаңнан қуылды: Александр Кучер 3.