12 Наурыз, 2015

Моноподыңыз болса, музейдің маңына жолай алмайсыз

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
selfi 02АСТАНА. 12 наурыз. Франциядағы атақты Версаль сарайы мен Британия ұлттық галереясы «селфи таяқшасы» аталып кеткен суретке түсіру құрылғысына (монопод) тыйым салды. Бұл туралы gazeta.ru хабарлады. Бұл таяқшаға осыған дейін әлемдегі бірнеше музейлер мен тарихи орындар тыйым салған болатын. Атап айтсақ, Нью-Йорктегі Купер-Хьюитт дизайн музейі, Қазіргі заманғы өнер музейі және тағы басқа бірнеше мәдени орындар моноподпен кіруге рұқсат бермейтін шешім шығарды. Тіпті бұлардың қатарына жуырда АҚШ-тағы Метрополитен музейі де қосылуы әбден мүмкін. Себебі, аталған мәдени ошақ осы мәселеге ерекше мән беруде. Сондай-ақ, Лондондағы бірнеше орындар да қолыңызда моноподыңыз болса, маңына жолатпайды. Енді міне, осы қатарға Версаль сарайы мен Британия ұлттық галереясы қосылды. Музей қызметкерлерінің айтуынша, моноподқа тыйым салу көне жәдігерлердің қауіпсіздігі үшін қолға алынған дүние. Себебі, таяқшамен музейдегі жәдігерлерді абайсызда құлатып немесе басқалай зиян келтіруі әбден мүмкін. Тіпті Нью-Йорктегі музейлерде мұндай жайттар тіркеліп, бірнеше құнды дүниеге зақым келген. Сондықтан музей әкімшіліктері осындай сақтық шарасына баруға мәжбүр. Бүгінде музей тұрмақ, моноподқа Англиядағы футбол стадиондары да қарсы шығуда. Тіпті ағылшын премьер-лигасында ойындарына «селфи таяқшасымен» кіре алмайсыз. Стадионға әлгіндей таяқшамен келуге тыйым салуда жанкүйерлер арасындағы қақтығыста қару ретінде қолданбау мақсаты көзделген. Ал ол жақта мұндай қақтығыстың таңсық емесі белгілі. Сонымен қатар, теннистен Австралия ашық біріншілігін ұйымдастырушылар да ойынға моноподсыз кіргізеді. «Селфи таяқшасының» тарихы 1983 жылдан бастау алғанымен, соңғы екі жылдың ішінде аясы кеңейіп, қолданушылар саны миллиондап өсті. Тіпті, 2014 жылы ең өтімді тауарлардың қатарында осы таяқшаның болғанын айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек: gazeta.ru. Сурет: positime.ru.