Жұмбағы мол кәрі тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарына сарабдалдықпен тереңдеу, мың құбылған замана суреттері мен шытырман қайшылықтарына салиқалылықпен ден қою, бағзыдағы бабалар дүниетанымына, әдет-ғұрпына, шаруа-кәсібіне, озық тәжірибесіне, көзқарасына, сана-зердесіне ой көзімен үңілу көкейкесті мәселе. Бұл орайда айдай әлем тарихында билік Олимпіндегі, ғарыш кеңістігіндегі Құс жолындай даңғайыр да даңқты, жаһандық билікке барысша ұмтылған Шыңғыс хан (1162-1227 жж.) тұлғасына және ол іргетасын қалаған империяның геосаясаты мен геостратегиясына, Алтын Орда тарихына, мемлекеттік басқару жүйесі мен тәртібіне, әскери-құқықтық, елшілдік, мемлекетшілдік істеріне, шығыстық өркениеттің даму жолдарына, дипломатиялық, діни, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани, сауда-саттық қатынастарына жан-жақты барлау жасау абзалдық болар еді.
Шыңғыс хан «түркі қауымын біріктіріп, даңқын шығаруға теңдесі жоқ көп күш жұмсаған ең ұлы адам.
Ол – бүкіл Азия құрлығы мен Шығыс Еуропаны бағындырып, әлемдегі мықты түркі империясын құруға талпынған бірден-бір патша...
Шыңғыс хан алғыр, ақылды, шешімді, саясатшыл ұйымдастырушы еді.» («Шора» журналы, 1909 жыл. №4-5.)
Расында, Шыңғыс хан адамзат тарихындағы Перикл (б.д.д. 490-429 жж.), Александр Македонский (б.д.д. 356-323 жж.), Ашока (б.д.д. 268-231 жж.), Ұлы Карл (768-814жж.), Акбар (1452-1605 жж.) сияқты империяның билік тізгінін ұстаған құдіретті тұлға.
1187 жылы Темучин ұлы жеңіске жетіп, Шыңғыс хан атағын алды, бірегей билеуші атанды. Біртуар дарабоз ол соншалықты қырағы, милы, жеңімпаз және «халыққа қиянаты да, салмағы да жоқ» баһадүр еді. (Марко Поло. Путешествие. Ленинград, «Художественная литература», 1940. С.58)
Шыңғыс ханның:
Алтын денем қалғыса да,
Ардақты елім солмасын.
Бүтін денем қажыса да,
Бүкіл елім тозбасын.
Алтын денем шаршаса, шаршасын –
Абзал елім даңқы артсын.
Бүтін денем қиналса, қиналсын –
Бүкіл елім топтансын – деген Қарақорымның жартасына қашалып жазылған қасиетті өсиетінде оның тарихи қастерлі бейнесі, керемет кесек іс-әрекеттері елес бергендей.
1211-1216 жылдарда Шыңғыс хан Цзинь династиясы мен Солтүстік Қытайды бағындырды. 1217 жылы қаланы ептілікпен қоршайтын қытай шеберлерімен әскери құрамын күшейтіп, Орта Азияға ойысады. 1218 жылы Отырарды, 1220 жылдың наурызында Бұхараны, 1220 жылдың сәуірінде Самарқанды, 1221 жылы Үргенішті, 1221 жылдың көктемінде өркені өскен шаһар Балхты, содан шабуылды өрістете, қанатын кеңге жая отырып, Орта Азия арқылы Солтүстік Персияға, Грузияға, Еуропа қақпасына дүбірлетіп-дабылдатып жеткен-ді.
1224 жылдың көктемінде Шыңғыс хан әскері жойқын екпінмен Солтүстік Персия мен Кавказ арқылы Еуропаға өтті. Калке өзенінде половецтер мен олардың одақтастары орыс князьдеріне соққы беріп, Днепр арқылы Қырымға беттеп, византиялық және итальяндық колонияларға, гот қалаларына қырғидай тиіп, қайтадан Азияға қайтар жолда Бұлғарияны тізе бүктіреді.
«Қалалар мен мемлекеттерді басып алуда, тез жеңіске жетуде, халықты зар жылатуда Шыңғыс ханға сай келетін тірі жан болған емес. Ескендір Македони (Александр Македонский), Наполеон Бонапарт және Нәдір шаһтар әрекеті Шыңғыс ханмен салыстырғанда түк емес. Ескендір Македонидің (Александр Македонскийдің) он жыл шабуылдап құрған мемлекетін Шыңғыс хан екі-үш жылда құрып үлгерді» – делінген «Шыңғыс хан» мақаласында. («Шора», 1909, №4-5.)
1237-1240 жылдарда Шыңғыс ханның немересі Бату хан (Батый, титулы Сайынхан) Русьті, одан соң 1240-1241 жылдар арасында Польша мен Силезия арқылы Моравия жеріне еніп, поляк, силезиялықтар мен чехтар рыцарларының біріккен жасағын талқандап, Венгрияның астанасы Пешті қоршайды.
Бату хан қолы Адриат жағалауындағы Катарроға жеткенде Ұлы хан Үгедей өлді деген хабар алады да Қарақорымға апыл-ғұпыл жетеді. Ол Шыңғыс ханның үшінші баласы болатын-ды. Шыңғыс 1227 жылы 18 тамызда дүниеден өткенде (Бұл дерек ағылшын ғалымы Г.Харттың «Венецианец Марко Поло» деген еңбегінен алынды – С.Н.) әкесінің тағына отырып, 1229-1241 жылдары билік құрды. Ол 1241 жылы 11 қаңтарында көз жұмған. Үгедейдің қолбасшылық өнері де өзгеше. Өз тайпасының, әулетінің басын қосып Түркістанды, Персияны, Ауғанстанды, Венгрияны, кейінірек Құбылай иелігіндегі мемлекетті Оңтүстік Қытайға дейін кеңейтті. Бұл ауқымды күрес 1279 жылы аяқталды. (Жан – Пьер Дреж Марко Поло и Шелковый путь, М., 2006, с.63.)
1241 жылы Үгедей өлімінен кейін Еуропаны билеп-төстеу әлсіреп, Дунайға дейінгі билік қолдан сусып түсті. Үгедей әскерінің жартысы Шығысқа кері қайтты.
Шыңғыс хан әулеті және оның заманы хақында ой өрбітер болсақ, Шыңғыс хан ордасы Қарақорымға Рим Папасының айтуымен Джованни де Плано Карпини 1246 жылы, 1253 жылдың желтоқсанында француз королі Людовик ІХ жұмсауымен Вильгельм Рубруквис (Гийом Рубрик) келген болатын. Айтқандай, Мөңке хан Вильгельм Рубруквиске былай деген: «Құдай адамға әртүрлі саусақ берген сияқты, ол сондай-ақ адамдарға қилы-қилы діни сенім дарытты». Осы бір керемет пікір Мөңке ханның ұстанымын, көзқарасын танытады.
Плано Карпини Қарақорымда Күшік ханның инаугурациясына қатысады. Күшік хан оның дегеніне көнбей шіркеуге бағынудан ат-тонын ала қашады. Плано Карпинидің бір тамаша еңбегі – моңғолдардың антропологиялық ерекшелігін дәл анықтап берді. Сонымен қатар, венециялық көпестер ағайынды Маффео мен Никколо Поло қымбат және әртүрлі тауарлар салынған кемесімен 1260 жылы Константинопольге, одан әрі Қырымға, сонсоң Еділ жағасындағы Сарай шаһарындағы Алтын Орданың ханы Берке сарайына ат басын тірейді. Олар мұнда бір жыл тұрады.
1262 жылы Берке хан мен Персия әрі Иран билеушісі Хулагу арасында соғыс өрті тұтанады. Кейін қайтуға мүмкіндік болмағандықтан, ағайынды Поло Шығысқа бағыт алып, Бұқараға жетеді. Мұнда үш жыл тұрады. Ескі керуен жолы арқылы Самарқанд – Қашғар – Жаркент – Хотан – Хамы, онан соң солтүстікке – Монғолия жеріндегі хан ордасы Қарақорымға, одан асып оңтүстікке – Қытайға, Құбылай ханның сарайына келеді.
Ұлы хан Құбылай бұлардан елінің мән-жайын, жағдайын, христиандар өмірін егжей-тегжейлі тәптіштеп сұрап, Апостолға сәлемдеме жолдап, жүз ойшыл дана жіберуін өтінеді. Өйткені, олардың христиан ілімін түсіндіруін қалап, шынайы ықылас-пейілін мәлімдейді.
1269 жылы венециялықтар Ұлы хан Құбылайдың ақылымен Отанына оралып, 1271 жылдың қарашасында жас Марконы алып Шығысқа қайтады. Апостол жүз кемеңгер жібергенмен олар діттеген жерге түрлі-түрлі қақтығыстарға байланысты жете алмайды. Алайда, Рим Папасының бата-тілегін жеткізеді. Сонымен қатар, Христос табытының жанындағы шырақтың майын әкеліп береді.
Ағайынды Полоны Құбылай хан құрметтеп, шат-шадыман салтанатпен қошеметтеп қарсы алады. Ұлы хан Құбылай императорлар, корольдер, князьдер, барондар жөнінде, ол өздерінің иеліктерін қалай басқаратындықтары жайында, сот ісі, соғысқа бару хақында толық мағлұматтармен қанығады.
Сондай-ақ, мәртебелі Рим апостолы, шіркеулерінің қызметі, латындардың жөн-жосықтары Құбылай хан назарынан тыс қалмады. Ағайынды Маффео мен Никколо Поло ақиқат-шындықты рет-ретімен, пайымды парасатпен жатық баяндайды. «Ұлы патшам, мынау менің ұлым, Сізге қызметші болуға әзір» – дейді Маффео Поло. Сонда хан: «Қош, келдің!» – дейді.
Академик В.В.Бартольдтің пікірінше, Марко арабша, парсыша, ұйғырша және моңғол жазуын (басып) білген. Марко Поло Құбылай ханның ордасында он жеті жыл адал қызмет жасаған. Түркі-моңғол билеушілері өзге жұрттың өкілін Қытай шенеуніктерінің үстінен бақылайтын қызметке қою дәстүрі болған екен. Құбылай хан Марко Полоны елші еткен, губернатор еткен, салық жинатқызған, Үндістанға сапарлатқан.
Құбылай хан өз тағдырын және династиясының тағдырын Қытаймен байланыстырған. Шыңғыс хан тұқымынан өрбіген Құбылай хан жоғары дәрежелі және ұлы хан боп есептелген. Нақтылап айтқанда, Шыңғыс ханнан кейін Үгедей хан (1229-1248), төртінші ұлы хан – Мөңке (1251-1259), бесінші хан – құрметті, қуатты Құбылай. Ол үш ғасыр бойы бірікпеген Қытайды біртұтас елге айналдырды. Құбылай хан Тибет, Солтүстік Корея, Бирма, тіпті Жапония мен Яваны бағынышты ету ойына мықтап орныққан. Қағаз ақша шығарған, қант өндіру техникасын дамытқан.
Кейбір Алтын (яки Қыпшақ) Орданың хандарының билікте болған жылдарын көрсетелік: Мөңке Темір (1260-1280), Туда – Менгу (1280-1287).
Сонан соң Туда-Менгуді өлтіріп, Тула-Буга хан тағына отырды. Мұны Ноғай жер жастандырған.
Құбылай 1269 жыл монғол жазуын (квадратная письменность) қолдануды міндеттеген. Апостолға жазған сенім грамотасын түркі тілінде жаздырған. Жеті өнерді (риторика, логика, геометрия, арифметика, грамматика, астрономия, музыка) меңгерген жүз ақылды адамдарды алып келуін сұраған. Христиан сеніміндегі алғыр-тапқыр және ол Конфуций ілімін жақтаушылардың ықпалын азайту мақсатында 1237-1317 жылдарда шенмен дәреже алу құқығын шектеген.
Моңғол қолбасшысы Елучацай: «Біздер қытай империясын аттың жалында жүріп бағындырып едік, енді ер үстінде жүріп басқару мүмкін емес» – деген.
1271-1294 жылдарда Шығыс еліне саяхат жасаған және ұлы хан Құбылайдың құзыретінде болған рухани кемелдікке ие Марко Поло арғы затын, әулетін нұр шалған Құбылай ханның реформаторлығына, даналығына, құдіретіне, салтанатына, саятшылығына, ағартушылық еңбегіне тәнті. Қытай жеріндегі тамаша жолдарға тамсанады. Қағаз ақша жасау (жалған ақша жасағандарға өлім жазасы кесілген), алхимия, гигиена – Құбылай ханның ерен еңбегінің жемісі.
Марко Поло: «Құбылай ханның тұлғасы да келісті, бейне бір құрыштан құйылғандай. Орта бойлы, ірі де емес, бәкене де емес, аққұба, албыраған бидай өңді, мейірлі жарқын қара көзді, мұрыны сүйкімді» – деп көрсетеді.
Жиһанкез Марко Полоның «Саяхатында» түркі-монғол жұрттарының дүниетанымы, әдет-ғұрпы, шаруа-кәсібі, дәстүрі біршама әңгімеленген. Мысалы, жылқы етін, бие сүтін пайдалануы, ер азығы мен бөрі азығы жолда екендігі, жайлауға көшу, арба үстіне жабылған киіз, бәйбішені құрметтеу, әмеңгерлік салтты сақтау... Мәселен, Ильхан – билеуші Хулагудің немересі, Абағының ұлы Аргон (Аргун) 1284-1291 жылдарда Персияны басқарған. Аргонның әйелі Болғара (кейде Болғана деп жазылған) 1286 жылдың 7 сәуірінде Грузияда қайтыс болғанда әйелінің руынан сонау Қытайдан венециялықтар Аргунға қалыңдық (Кокачина, Кокату, Когатра, Кукачи-хатун, 1296 жылы қайтыс болған) әкелсе, ол 1291 жылдың 7 наурызында уланып қайтыс болыпты. Содан не керек, Аргунның ұлы Қазанға (Ғазан-Махмуд) бұйырады.
Сонымен бірге Шыңғыс хан нәсілінен, әулетінен тарағандарды жерлейтін белгілі бір мекен болыпты. Ол – Алтай тауы. Қай жерде, қай жақта өлсе де, екі арасы жүз күндік жол болса да, осынау Алтай тауына жеткізген. Мәйітті әкеле жатқанда жол-жөнекей жолыққандардың семсермен бастарын алып отырған. Жақсы аттары да ажал құшқан. Себебі, бұлар о дүниеде ұлы билеушіге қызмет етеді деген нанымнан туған.
Алтын Орданың (тарихи әдебиетте Қыпшақ ордасы деп қосарлана жазылады) бірінші астанасы – Сарай Бату. Батый хан негізін қалаған. Астрахань қаласының солтүстік бетінде 140 шақырым жерде. Осы күнгі Селитренное қаласының орны. 1395 жылы Ақсақ Темір қиратқан. Екінші бас қала – Сарай Берке. Бұл Волгоград қаласының күнгейінде 70 шақырым жерде яғни Царев елді мекені.
Үшінші астанасы – Сарайшық. Жеті ханға Сарайшықтың топырағы бұйырған. Олар: Мөңке Темір (1266-1280), Тоқай, Тоқтай,Тоқтағу (1290-1312), Жәнібек (1343-1353), Әмір Оқас (1440-1447), Қасым хан (1511-1518), Ших Мамай (1542-1549), Жүсіп (1519-1554). Әрқайсысына билік құрған жылдарын көрсеттік.
Мәдениет пен өркениеттің бесігі болған көркем де сәулетті шаһар Сарайшықты Иван Грозный 1580 жылы 27 тамызда талқандаған.
Сонымен бірге Алтын Орда мемлекетінің Үкек деген қаласын (Саратов шаһарына жақын жерде) тағы да Ақсақ Темір жермен жексен еткен. Негізінде, Әмір Темір өзінің еңбектерінде: «Жиырма жеті патшаның тағын тартып алған екенмін: Иран, Тұран, Үрім, Мағрып, Шам, Мысыр, Араб Ирагі, Ажам Ирагі, Мазандаран Гиланат, Ширванат, Әзербайжан, Қорасан, Парсы, Дәшті Жете, Дешті Қыпшақ, Хорезм, Хутан, Кабулстан, Бахтарзамин, Үндістанда патша болып, билік жүргіздім» – деп жазады.
ХІІІ ғасырдың 2-ші жартысында Берке хан кезінде Еуразия кеңістігінде Шығыс қаған тұқымдары Алтын Орда мемлекетін құрды.
Алтын Орда мемлекетінің дипломатиялық, мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі еді. (Федоров-Давыдов Г.А. Культура и общественный быт золотоордынских городов. – М.: Наука, 1964.с.10). Алтын Орда мемлекетінде қала құрылысы, металл өңдеу мен өндіру, қолөнер, сауда, мыс пен керамика жасау, тері бұйымдарын шығару мен тоқыма өндірісі, жерін пайдалану мен мал шаруашылығы дүрілдеп дамыған.
Берке хан ресми түрде Исламды қабылдаған. Берке хан уағында Сарайда тұрған ойшыл ғұламалар мен ақындарды айтсақ: Сәйф Сарай (1321-1396), Кутбутдин ар-Рази, Сагутдин Тафтазани, Хафиз ибн Баззази, Камалетдин Худжанди, Махмуд Булгари, Ахмед Хожа Сарай, Шигабуддин Сарай және т.с.с.
Алтын Орда мемлекеті жеріндегі топонимикалық атаулар «Книга Большому Чертежу, или Карта Российского государство, поновленная в Разряде и списанная в книгу в 1627 г.» дейтін көлемді жинақта (СП.б., 1792) көрсетілген. Немесе орыс ойшылы Н.Г.Чернышевскийдің (1828-1889) 1845 жылы 17 жасында жазған «Объеснение татарских имен сел и деревень Саратовской Губернии» атты қолжазбасын «В Саратовской Губернии было главное становище Золотой Орды» деп бастаған.
Татарша, арабша, парсыша білетін семинарист Н.Г.Чернышевский Губернияда 365 атау барын айтып, ойконимдер этимологиясына назар аударған. Айталық, «Ураз-Маметовка» (Оразмұхаммед), «Елень» (жылан), «Бекбулатовка», «Бектемировка», «Кондала» (Қандала), «Караман» (Қараман), «Калмантай», «Карталы», «Найман», «Байка» (бай), «Казеевка» (Қозы, судья) т.с.с.
Мінеки, Алтын Орда мемлекетінің іздері, халықтық ой сілемдері тарихи-географиялық атауларда көрініс тапқан.
Шоқан Уәлихановтың көрсетуінше, тарихи тұлғалардың батырлық-қаһармандық ерлігін екпіндете-түйдектете жырлаған қазақтың эпикалық жырлары ХIV-XV ғасырларда яғни Алтын Орда дәуірінде туған деген түйін жасайды.
«Қырымның қырық батыры» туралы эпос кейін жазылып алынса да, ондағы қатысушылардың көпшілігі Алтын Орда дәуірінде болған адамдар...» (Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин. Қазақтың батырлар жыры туралы. 1963 жыл.)
Жинақтай айтқанда, венециялық жиһангез Марко Поло (1254-1324 жж.) мұрасында Шыңғыс хан заманы мен Қазақ мемлекеттігінің арғы ғасырлардағы бастаулары нақты тарихи-мәдени деректер негізінде көрсетілген.
Осының бәрі – Шыңғыс ханның шапағаты!
Басқасын былай қойғанда, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейін ел билеушілеріміздің бәрі Шыңғыс хан ұрпақтары екенін айтудың өзі бұл есімнің бізге қандай қымбат екенін келісті көрсетеді.
Серік НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы.