13 Наурыз, 2015

Холдинг қолтығынан демеген

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Oxy Textile» жіп иіру фабрикасы жұмысын бастады

Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Oxy Textile» жіп иіру фабрикасы қайтадан іске қосылды. Қайтадан деуімізге себеп бар. Бұл зауыт осыдан аттай бес жыл бұрын дүрілдеп ашылған. Мақта шикізаты қайда дейтіндей емес, ақ мақтаның отаны Мақтаарал аман болсын. Фабрика құрылтайшысы да қаржыдан қиналмайтындығын кесіп айтқан. Тоқымашылар да көңілді-ақ еді. Әйтсе де «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзадының» кері келді. 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы мен мақта бағамына деген тұрақсыздық күні ертең Қазақстандағы ең мықты фабриканың бірі болады деп отырған кәсіпорынның жабылып қалуына әкеліп соқты. 1920_oko_1 окси Облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Әбілқасым Досболов Оңтүстік Кореядағы мал азығын дайындайтын ірі кәсіпорындардың шөпті Америкадан бастап біраз елдерден сатып алатындығын айтып еді. Құрама жемге айналдырып ең ірі мал бордақылау орындарын азықтан тарықтырмай табысқа шығып отыр екен. Ал, Оңтүстікте Америкадан арбалайтындай емес, құдайға шүкір, ақ мақта жетеді. Ливерпуль мақта биржасындағы баға тұрақсыздығы болмаса бір емес ондаған зауыт, фабриканың қалай, қайда пайдаланамын десе де кетпендері күн нұрына жарқыраған диқандар ақ алтыннан тарықтырмайды. Бұл жолы «Oxy Textile»-ге «Baiterek Venture Fund» көмекке келді. 907,5 млн.теңге көлемінде бөлінген қаражат зауыттың еш кедергісіз жұмыс жасауын қамтамасыз етуі тиіс. Мұндай кәсіпорынды сауықтыру жаңа жұмыс орындарын ашады. Оның сыртында білікті мамандардың елден кетпеуіне, өңдірісті өркендетуге мүмкіндік береді, деді «Baiterek Venture Fund» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әбішев. Бізде осындай және басқа да тоқыма өндірісі кәсіпорындарының қызмет етуі үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында толығымен инженерлік инфрақұрылым жасалған. Бүгінгі таңда «Оңтүстік» ЕЭА-да 21,665 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асып, 1445 жұмыс орны ашылған. Одан бөлек, құны 114,7 млрд. теңгені құрайтын 11 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда жалпы 7141 жұмыс орны ашылмақ. Соның ішінде 2015 жылы құны 4,664 млрд. теңгені және 1200 жұмыс орны ашылатын 4 жоба іске қосылады.  «Oxy Textile» ЖШС фабрикасын сауықтырудың әр кезеңінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау жасалды. Тоқыма кластері біздің аймақтың бірден-бір басым бағыттары болып табылады. Сонымен қатар, жұмыс жасайтын кәсіпорын – бұл бюджетке түсетін қосымша салық төлемдері, жаңа жұмыс орындары және облысымыздың әлеуметтік тұрақтылығы, деп атап өтті Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ 2013 жылы Елбасының Жарлығымен дүниеге келген. Негізгі мақсаты экономиканы дамыту мен әртараптандыруға, инвестиция тартуға, кластерлерді дамытуға, еншілес ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіруге қолдау көрсететін холдинг Оңтүстіктегі фабрикаға бірінші рет қолдау көрсетіп отырған жоқ. «Oxy Textile»-дің басына төнген күн «Меланждың» құрамына кіретін екі фабриканы да сансыратып кеткен. Сол мақта-мата өндірісінде дайын өнімдерді шығаратын екі фабриканы да «Бәйтерек» Елбасының тапсырмасымен іске қосып кеткен еді. «Oxy Textile» аяғына нық тұрғаннан кейін жылына 6183 тонна дайын өнім алмақ ниетте. Бүгінде фабрикада тоқсаннан астам адам жұмыс жасап жатыр. Қуатына толық енгеннен кейін 270 адамға жұмыс орнын ашпақ. Сонымен, «Бәйтеректің» сая болуының арқасында тағы бір кәсіпорын қайта сапқа қосылды. Мұндағы қондырғылар халықаралық стандарттарға негізделген, өнімі де нарықтағы тайталасқа лайық. Қазірдің өзінде экспорт мәселесінде көрші Қытаймен келіссөз жүргізілуде. Қытай – алып мемлекет. Мақта өніміне сұраныс үлкен. Қажеттерін ашар болса «Oxy Textile»-дің айы оңынан туады дей беріңіз. Ал, кәсіпорын тоқтағанда үйінде амалсыз отырып қалған тоқымашылар тоқыма станоктарына қайта оралтқан Елбасына рақмет айтады. Өндіріс өркендесе Қазақстанның еңсесі биік, жүзі жарқын, азаматтарының келешекке деген сенімі зор. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.