21 Қазан, 2015

Жұмысшылар мүддесі қорғалуда

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақтауда Еңбек басқармасының басшысы Әлігер Іңкәров брифинг өткізіп, журналистерге еңбек қарым-қатынасының өзекті мәселелерін әңгімеледі. Мемлекет басшысы белгілеген бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 қадамға» тоқталды. Еңбек басқармасының негізгі міндеті – еңбек заңнамасының сақталуын бақылау. Бұл аза­маттардың еңбек заңнамасы мә­селелері бойынша және жұмыс беруші мен жұмысшылар ара­сындағы құқықтық қатынастар жөнінде арыз-шағымдарын қарас­тыру жолымен жүзеге асырылады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістегі жазатайым оқиғаларды арнайы тексеру жөніндегі комиссияларды басқарады. Жыл басынан бері облыста 34 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді, онда 38 адам жапа шеккен, оның 33-інің денсаулығына ауыр зиян кел­ген және 4 жағдайда адам қа­засы орын алған. Өндірістік жа­рақаттанушылықты талдау өн­дірістегі көпшілік жазатайым оқиғалар мұнай газ өндіруші кә­сіп­орындарда болатынын көр­сетті. Себептеріне келетін болсақ, ең бірінші кезекте, бұл жұ­мыс үдерісінің және еңбек шарт­тарының қанағаттанарлықсыз ұйым­дастырылуы, жұмысшы­лар­дың өз абайсыздығы мен қауіп­сіздік ережелерін сақтамауы, деп атап өтті Әлігер Іңкәров. Әрбір жазатайым оқиғадан кейін мұқият тексеріс жүргізіледі және жұмысшының жарақаттануына әкелген себептерді жою үшін іс-шаралар әзірленеді. Кәсіпорындар өндірістік жарақаттанушылықты төмендету бойынша шаралар қабылдауға, еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәселелері бойынша оқыту шеңберінде жалпы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге міндетті. Басқарма қызметінің басым бағыттары еңбек дауларына жол бермеу бойынша шараларды қа­былдау және мониторингтеу, еңбекақы бойынша жалпы берешекті төмендету болып табылады. Ша­ғымдардың ең көбі – ең­бекақы бойынша берешек және еңбек шартын заңсыз тоқтату туралы. Басқарма басшысының айтуынша, Маңғыстау облысында екі проб­лемалы кәсіпорын бар, олардың еңбекақы бойынша жал­пы берешегі 60 млн. теңгені құрайды. – Қазіргі кезде облыста ең­бекақы бойынша проблемалық борышкер болып «Фреш» ЖШС табылады. Жыл басында берешек 37,7 млн. теңгені құрады. Қазіргі уақытта борыш 30 млн. теңгеге дейін азайды. Басқарма фирмамен үлкен жұмыс жасады. Кәсіпорынның қаржылық ауқат­тылығын қазір сот органдары қарап жатыр, – деп хабарлады Ә.Іңкәров. Еңбекақы бойынша борышы бар тағы бір кәсіпорын – бұл «Датоба Констракшн». Оның бе­решегі 58 миллион теңгені құраған. Қазіргі күнге 28 миллион теңге төленді. «Датоба Констракшн» жөніндегі сұрақ Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен антикризистік штабта үш рет қаралды. Бұдан әрі бұл берешек өтелетін болады. – Бізге еңбек шартынсыз жұмыс істейтін көп азаматтар жүгінеді. Бірақ олардың кәсіпорындағы еңбек қызметі фактісін растайтын ешқандай құжаттары жоқ. Мұндай жағдайда біз оларға сот­қа жүгінуді ұсынамыз, онда куә­­герлердің айғақтары есепке алынады. Куәгерлер ол жұмыс­шы­ның жұмысқа келгенін және жұмыс істегенін дәлелдей алады.Соттың шешімі бойынша оған бәрі төленеді, – деп түсіндірді басқарма басшысы. Ағымдағы жылдың басынан мемлекеттік еңбек инспекторлары 294 тексеріс жүргізіп, 847 бұзушылықты анықтады. Бұзу­шылықтарды жою үшін жұмыс берушілердің атына 263 ұсыным енгізілді. Кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 14 993 830 теңгенің 169 әкімшілік айыппұлы салынды. Осы жылы жұмысшыларды қыс­қарту қаупін төмендету үшін өндірістік үдерістерді тұрақ­тандыру, еңбек құқықтарын қам­тамасыз ету және жұмысшыларды еңбекке орналастыру мәселелері бойынша серіктестік туралы 620 меморандум жасалыпты. Осы­лайша, экономиканың түрлі секторындағы 100 мың жұ­мыс­шының мүдделері мен құ­қық­тарының қорғалуы қамтамасыз етілген. Абай КҮШЕНОВ.