2010 жылғы 10 тамызда белгілі маман, ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Экология ұлттық академиясының академигі, Қазақстан Республикасының “Ұлттық ядролық орталығы” РМК бас маманы Жанболат Ғылманұлы Ғылмановтың туғанына 75 жыл және еңбек және ғылыми қызметіне 55 жыл толмақ.
Жанболат Ғылманов 1935 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Ақтөбе облысындағы Новороссийск ауданының Қызыл қайың ауылында дүниеге келген. 1953 жылы Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепті үздік тәмамдап, Н.К.Крупская атындағы Семей педагогика институтының физика-математика факультетіне (физика бөлімі) түсті. 1954-1955 жылдары М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетінде оқып, әрі еңбек етті. 1956-1959 жылдары – КСРО Қарулы Күштері қатарында әскери қызметін өтеді, ҰОС қатысушыларына теңестірілген интернационалист-жауынгер мәртебесіне ие, запастағы офицер. 1959-1962 жылдар аралығында ММУ-дегі оқуын әрі қарай жалғастырып, сондағы құрылыс басқармасында қызмет атқарды.
1962 жылы М.И. Калинин атындағы Мәскеу алтын және түрлі-түсті металдар институтына (сирек және радиоактивті элементтер факультеті) түсті. 1963 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен МТМИ Красноярск қаласына ауысады, ал СРЭ факультеті С. Орджоникидзе атындағы Мәскеу геологиялық барлау институтына қосылады. 1968 жылы институтты пайдалы қазбаларды әзірлеу жөніндегі инженер мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу және жобалау институтына (ПромНИИпроект, Мәскеу қ) жұмысқа жолдама алды. Бұл институтта 1968 - 1971 жылдар аралығында инженер, кіші ғылыми қызметкер қызметін атқарды.
1971 жылы Өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу және жобалау институтының №3 Сібір филиалына (Чита облысы, Краснокаменск қ.) жолдама алып, онда зерттеу тобының бастығы қызметін атқарады. 1978-1981 жылдар аралығында Өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу және жобалау институты жанындағы аспирантураны тәмамдап, 1983 жылы кандидаттық диссертация қорғады.
1981 жылы Сібір филиалынан өнеркәсіптік технология БҒЗЖИ бас институтына (Мәскеу қ., бұған дейін ӨҒЗЖИ) зерттеу тобының бастығы, аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстырылды. 1985-1987 жылдары КОКП Мәскеу қалалық комиссиясының жанындағы Марксизм-Ленинизм университетінде оқып, оны үздік тәмамдап шықты. 1986-1988 жылдары МХР (Дорнот қ.), ГДР (“Висмут” кеңестік-германиялық АҚ, Карл Марксштадт қ.) уран кен орындарын әзірлеуге ғылыми кеңесші ретінде қатысты. Мәскеу қаласындағы ғылыми қызметінің барысында Ж.Ғылманов 3 техника ғылымдары кандидатын даярлап шығарды.
1989-1992 жылдары Ж.Ғылманов “Невада- Семей” халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының Мәскеудегі бөлімін құруға белсене қатысты және Олжас Сүлейменовтің өкімімен тең төраға етіп сайланды. 1990 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ КСР Тұрақты өкілдігі жанындағы “Әлем қалаулылары ядролық қаруға қарсы” халықаралық конгресінің және “Қазақ тілі” қоғамының жұмысына қатысты. 1992 жылы мәскеулік және ленинградтық қазақ диаспорасының жетекшісі ретінде бірінші құрылтай конгресінің (Алматы, 1992 ж.) жұмысына қатысты.
1988-1992 жылдары ғылыми жетекші ретінде Қазақстаннның тау-кен кәсіпорындарында (Шалқия кен басқармасында, Ащысай, Жезкент, Текелі полиметалл комбинаттарында) “Тау қысымы” және “Жер астындағы бос кеңістіктерді жабу” мәселелері жөніндегі зерттеулерге қатысты.
1993 жылы Ж.Ғылманов өнеркәсіптік технология БҒЗЖИ-нан (Мәскеу қ.) ҚР Ұлттық ядролық орталығына (Қазақстан, Курчатов қ.) ауыстырылып, бас директордың экономика және маркетинг жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды және осы орталықты ұйымдастырушылардың бірі болып табылады. 1993-1994 жылдары Ж.Ғылманов ҚР Үкіметінің қаулысымен Семей сынақ полигонының нысандарын және Курчатов, Қаскелең, Ақтөбе, Бурабай, Мақаншыдағы геофизикалық обсерваторияларды қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары болып тағайындалды. 1995 жылы ол басқарған ведомствоаралық комиссия Атырау облысындағы “Галит” (Азғыр) нысанын қабылдады.
1997-2000 жылдары бірнеше рет Қазақстан аумағындағы ядролық жарылыстар өткізілген нысандардағы және “Байқоңыр” кешеніндегі экологиялық ахуалды бағалау жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшесі ретінде оның жұмыстарына қатысты. 1999 жылы Ж.Ғылманов Қазақстанның “Азамат” демократиялық партиясы атынан Қазақстан Республикасының Мәжілісі Парламентінің 2-шақырылымының депутаты кандидаттығына ұсынылды. 1995-2007 жылдар аралығында оның ғылыми-әдістемелік басшылық етуімен және тікелей қатысуымен Қазақстан аумағындағы бейбіт мақсатта жарылыс жүргізілген аумақтарды зерттеу және аса қауіпті және уытты қалдықтарды кәдеге жарату мен көмудің мақсатқа лайықты мәселесі бойынша Еуропа Одағымен қаржыландырылған 3 халықаралық жоба әзірленді. Ж.Ғылманов ҚР “ҰЯО” РМК ҒТК мүшесі болып табылады.
Ж.Ғылмановтың 100-ге жуық ғылыми еңбегі бар, соның ішінде 60-ы кеңестік, қазақстандық және шетелдік жинақтар мен журналдарда басылған. Өзінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен ол Мәскеу, Свердловск, Новочеркасск, Чита, Норильск, Орынбор, Краснокаменск (Ресей), Днепропетровск, Желтые Воды (Украина), Брюссель (Бельгия), Вена (Австрия), Берлин, Гамбург, Пейне, Хемнитц (Германия), Афины, Родос (Грекия) сияқты қалаларда өткен халықаралық шетелдік семинарларда, конференцияларда баяндама жасады.
Ол “Өмір жолында достармен бірге” деген атпен кітап жазды. 2 монографияның, “Алыс жұлдыз жарығы” деп аталатын ғылыми-техникалық фильмнің қосымша авторы және ғылыми кеңесшісі болды. 2 өнертабыстың иегері атанды.
Ұзақ жылғы ғылыми және қоғамдық қызметі үшін Ж.Ғылманов алғыс хаттар мен ынталандыруларға ие. 1990 жылы “Еңбек ардагері” медалімен, 1999 жылы “Ресей Федерациясы атом энергетикасының ардагері” белгісімен, 2001 жылы “Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл” мерейтойлық медалімен, 2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті мен ҚР ЭМРМ-нің Құрмет грамоталарымен, 2007 жылы “Қазақстан Республикасы атом саласының еңбек сіңірген қызметкері” алтын төсбелгісімен, “Астанаға 10 жыл” медалімен (2008ж.); “Невада-Семей 20 жылдығы” медалімен (2009ж.) марапатталды.
Ж.Ғылмановтың зайыбы Күләш Қарасайқызы мамандығы бойынша экономист, ҚР ҰЯО Атом энергиясы институтының бас бухгалтері болып жұмыс істеді, қызы Ариадна мамандығы бойынша инженер-химик және экономист, ұлы Нұрлан Чех Республикасындағы ҚР елшілігінде 3-ші хатшы, Арман, Абылай, Жанна атты үш немересі бар.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.
______________________
Суретте: Ж.ҒЫЛМАНОВ.