Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының тағдыршешті мәселелерін айқындаған биылғы Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруге қатысты нақты міндеттер қойды. Онда “...жаңа онжылдықта бізге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесі қажет... құқық қорғау органдарына құқықтық кеңістікті жетілдіру бойынша жүйелік жұмысқа шұғыл кірісуді тапсырамын”, – деп атап көрсетілді. Бұл орайда, Қазақстанның көршілес мемлекеттермен өзара ынтымақты байланысы қылмыс әлемінің халықаралық сипат алуына тосқауыл қоятыны анық.
Таяуда Ақмола облыстық ІІД жедел қызмет және РФ Омбы облыстық ІІБ криминалдық полиция басшыларының Көкшетаудағы кездесуі осынау өзекті мәселені шешуге бағытталған маңызды қадам болды деп бағаланды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов, облыстық ІІД басшы құрамы және Ресей Федерациясы Омбы облыстық ІІБ криминалдық милициясы бастығының орынбасары полковник Виктор Коваленко бастаған үлкен құрамдағы делегация қатысты.
Бекет Аймағамбетов пен Виктор Коваленколардың шолу әңгімелерінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жағдайында және жаңа Кеден одағы құрылуына байланысты қылмыспен күрестің түпкі қайтарымына, мемлекетаралық байланыстардың тиімділігін арттыру мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Ежелден көршілес Омбы облысының тоғыз ауданы елімізбен шектеседі. Соңғы бір жыл екі айда шекаралық аудандарда тіркелген қылмыстардың саны 4500-ге жетіп отыр. Яғни, әрқилы сипаттағы қылмыстардың ашылу деңгейі күрт көтерілген. Мұны Көкшетаудағы басқосуға қатысушылар қос ел құқық қорғаушылары үйлестіру кеңесінің 21 отырысы мен жұмыс бабындағы кездесулердің тиімділігімен, ақпараттар алмасудың, бірлескен жедел шаралардың ықпалдылығымен байланыстырды. Бұл негізінен Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарын қамтыса, ендігі жерде Ақмола облысымен де ынтымақты келісімге қол қойылып, ортақ іс-қимыл шаралары бекітілді.
Кездесуде Ақмола облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Қанат Сатыбаев пен Омбы облыстық ІІБ қылмыстық іздестіру басқармасының бастығы Валерий Калганов Ақмола және Омбы облыстары ішкі істер органдары криминалдық полиция құрылымдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселелері туралы баяндамалар жасады.
Көрші облыстар құқық қорғау органдарының басшылары республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің көптеген сұрақтарына жауап қайтарды.
Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.
* * *
МАЛАЙЗИЯДА БІЛІМ АЛАДЫ
Өскемендегі облыстық дарынды балаларға арналған лицейдің 7 сынып оқушысы Мағжан Айтқазин болашағынан үміт күттіретін талапты жас бала. Ол Алматыда өткен “ХХІ ғасыр көшбасшысы” бағдарламасының барлық телесайыстарына қатысып, жеңімпаз атанған еді. Енді ол Малай еліне баратын болды.
– Зайсан ауданының үлкен Қаратал ауылында өмірге келдім. Былтыр Өскемендегі лицейге оқуға түстім. Бұл оқу орнында білім алу мен үшін үлкен бақыт. Біздің ауылдан Марат Қабанбаев, Асқар Егеубаев, Ұлықбек Есдәулет сияқты дарынды қаламгерлер шыққан. Алдыңғы толқын ағаларымның жолын қумасам да, солар секілді ел сыйлаған азамат болып өссем деймін. Екі мектептің ұстаздарына алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді Мағжан.
Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.
* * *
МАУСЫМ, ШІЛДЕ ДЕГЕНДЕ, МАУСЫМ, ШІЛДЕ-АЙ!..
Жамбыл облысындағы мектептердің 133800 оқушысы жазғы демалыспен қамтылды
Жамбыл облыстық білім басқармасы биыл оқушылардың жазғы демалысының қызықты, ғибратты және саламатты жағдайда өтуін ұйымдастыру мақсатында едәуір жұмыстар атқарды.
Мысалға, облыс мектептерінің 1 және 10 сыныптарында оқитын 171536 оқушының 133800-і, яғни 78 пайызы жазғы демалыс пен сауықтыруға және пайдалы еңбекпен қамтылғанын естіп, қуанып қалдық. Өйткені, бұл өткен жылға қарағанда 0,7 пайызға артық. Демек, өсу бар деген сөз.
Егер өткен жылы балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру іс-шараларына жергілікті бюджет есебінен 98 млн 281 мың теңге бөлінсе, биыл аудандық және Тараз қалалық білім бөлімдерінің мәліметтері бойынша, 117 млн 204 мың 700 теңге бөлінген. Бұл цифр да өткен жылға қарағанда, 18 млн 923 мың 700 теңгеге артық.
Тау шатқалдары мен өзен бойларына орналасқан сауықтыру лагерьлерінің материалдық-техникалық жағдайлары да жылдағыдан жақсара түскен. Бұл мақсатта Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары жергілікті бюджет есебінен 7 млн 839 мың 792 теңге бөліпті. Сол сияқты, “Қарлығаш”, “Тау самалы” деп аталатын жекеменшік лагерьлер 5 млн. 271 мың теңге бөліп, балалардың заман талабына сай демалуына барынша қамқорлық жасаған. “Кооператор” деп аталатын мемлекеттік емес сауықтыру орталығы да биылғы демалыс маусымына барлық жағдайы жасалған 62 орындық жаңа ғимаратты пайдалануға беріп отыр екен.
Сондай-ақ, демалыс кезінде мектеп жанындағы лагерьлер де маусым, шілде айларында жұмыс істеген. Оның 263-і ауыл мектептерінде ұйымдастырылғаны көңіл қуантады.
Жазғы демалыс кезінде оқушыларды еңбекке баулу арқылы тәрбиелеудің де маңызы зор. Маусым, шілде айларында 380-ге жуық көгеріштендіру, көгалдандыру топтарының құрамында 11543 оқушы “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша еңбек етті. Олар өз мүмкіндіктеріне қарай ағаш көшеттеріне күтім жасап, арықтарды тазартты. Арам шөптерді отап, ағаштарды ақтады. Атап айтсақ, Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылының маңына отырғызылған жас өскіндерге 136 бала күтім жасаумен айналысты. Сонымен қатар, құрылыс топтарында, ата-аналарымен бірге ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмектесіп жүрген оқушылар саны да жеткілікті. Мектеп қасынан ұйымдастырылған әртүрлі клубтарда, үйірмелерде жүректері қалаған спорт түрлерімен шұғылданып, сондай-ақ қолданбалы өнермен айналысып, саз аспаптарында ойнап, ән, бимен әуестеніп жүрген оқушылар да көп.
Биыл жаз Ақмола облысындағы республикалық “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығында 63, Алматы қаласындағы “Бөбек” ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығында 16 жасөспірім демалып келген. Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 3989 оқушы (оның 2373-і ауылдың балалары) облыс сауықтыру лагерьлерінде демалыпты. Оның ішінде Қ.Сарымолдаев атындағы, “Ұлан” және В.Савва атындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері де бар.
Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша қырғыз балаларын жазғы демалыспен қамтуға көмек көрсету мақсатында Жуалы ауданы Берікқара шатқалында орналасқан “Тау самалы” сауықтыру кешенінде Жалалабад, Ош облыстарының 48 баласы республикалық бюджет есебінен демалып қайтты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.