20 Тамыз, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

407 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Алты айдың айтулы асулары Өткен айдың соңында Үкімет елімізде жарты жылдың көлемінде атқарылған жұмыстарды таразы басына салып, оның салмағы мен сапасына лайықты баға берді. Сонда бірден ауызға алынғаны Қазақстанның әлем әлепетін әлдеқашан он орап өтіп, тіршіліктің тынысын тұншықтыруға тұмылдырық басқан қытымыр қыспақтан аман-есен өткені болды. Расы керек, жер-дүниені үш жыл бойына алақанының аумағына сыйғызып, уысында уыздай қатырып ұстаған қаржы дағдарысы біздің егемен елімізді де барынша қинап бақты. Мұндағы жұрт жүрімінің бағы мен базары безбен басына түскен осы кедергісі көп кезеңде көп мәселенің көңілдегідей шешілуіне Елбасының өзі бас болып, Үкімет қызметін танытып, ұйымдаса отырып, қолға алған шаралардың шапағаты мен шарапаты аз болмағанын бүгінгі күні қандай бір биік мінбеден болмасын батыл айта аламыз. Соның арқасында экономикамыз көп қиындықтарға ұрынбай, ауыр сәттерді артта қалдырды. Әңгіменің бұл жағын әлгіндегі жиынға қатысушылар да айтты. Дегенмен, мұның бәрі енді арқаны кеңге салуға болады дегенді білдірмейді. Себебі, жан-жақтан шырмауықтай шырмаған дауасы кем дағдарыстың қаупі мен бұлты әлі толық сейіліп біткен жоқ. Және оның біржола қашан ада болатынын да ешкім дөп басып, дәл та­нып айтып бере алмаса керек. Сондықтан болар, Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов алдағы екі жылдың белесінде алға қойылған нақтылы мақсаттар тіз­бесінде тұрған міндеттерді саралай келген­де, олардың орындалмасқа әддісі жоқ екенін баса айтып өтті. Еліміздің болашақтағы бедері болатын макроэкономикалық саясатын құ­райтын бұл міндеттер қатарында банк жүйесін тұрақтандыру, индустриялық-инновациялық бағдарламаларды іске қосу, жұмыссыздықтың деңгейін төмендету сынды іргелі істер бар. Үкімет басшысы сонымен қатар қандай бір кенеттен пайда болатын тосын жағдайларға еліміздің сақадай сай тұруы қажеттігін ескерт­ті. Ал дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігі республиканы әлемдік тоқыраудан аман алып қана қоймай, ел экономикасының тез арада сауығуына негіз де жасап берді. Осының нә­ти­жесінде үстіміздегі жылдың алғашқы жар­ты­сында бірқатар оң көрсеткіштерге қол жетті. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жиында келтірген мәлі­мет­терге жүгінсек, жартыжылдықтағы ішкі жалпы өнім өсімі 8 пайызға жеткенін байқаймыз.  Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісі 11 пайызға өсіп, мәшине жасау саласындағы өсім 67,8 пайызды құраған. Химия өнеркәсібіндегі қосымша өндіріс өсімі 67,5 пайыздан қайырылса, тамақ өнер­кәсібінің даму көрсеткіші 14,6 пайызға арт­қан. Ал Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау ұсынған деректерге қарағанда, тау-кен өндіру өнеркәсіп орындары осы уақытқа дейін 3,4 триллион теңгенің өнімдерін өндірген болып шықты. Мұның арғы жағында көмір мен лигниттің өнімі 59,9 миллиард, металл кені 304,1 миллиард теңгеге жеткізілген екен. Үкімет мүшелерінің айтуларынша, еліміз уран өндіруде айтулы табыстарға иек артып, сала кәсіпорындары осы бағыттағы әлем елдері арасында көш басында келеді. Жылдың алғашқы жартысында аталмыш ресурстарды өндіру көлемі  8 мың 452 тоннаны құраған. Енді алдын-ала белгіленген жоспарға сәйкес жыл соңына дейін бұл көрсеткіштер  9 мың 770 тоннаға дейін көтерілуі тиіс. Жалпы, “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясы болашақта жылына 25-26 мың тонна уран өндіруді межелеп отыр. Аталмыш жиынның соңын ала өткізілген “Бизнестің жол картасы-2020” бағдар­ла­масын талқыға салу барысы да көп жайдан хабар берді. Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен бұл басқосуда келтірілген деректерге сүйенсек, олар бағдарламаның болашағы жарқын екеніне көз жеткіздіреді. Жиында арнайы сөз болғандай, бұған дейін оның келешегіне күдіктене қараған бәзбір кәсіпкерлер енді өміршеңдігіне де сене бастаған сияқты. Бұған бірден-бір дәлел, аталмыш бағдарлама аясында қызмет етуге ниет білдірген кәсіп иелерінің саны бара-бара жоспарлы деңгейден де асып түскен. Отырыста осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы шеңберінде 2010 жылдың шілде айының 21-не дейін субсидия алу үшін банктерге құны 225,7 миллиард теңгені құрайтын 517 өтініш түскенін атап өтті. Оның ішінде бағдарламаның бірінші  бағыты бойынша, яғни несиелік ставкаларды қолдау мен осы жобаларды кеңейту бағытын­да құны 16,7 миллиард теңге болатын 91 өті­ніш келген. Ал екінші бағыт бойынша, яғни бизнес секторын сауықтыруға 74,7 миллиард теңгені құрайтын 408 өтініш болған. Сондай-ақ үшінші, яғни экспортқа негізделген кәсіп­орындарды қолдау жұмыстары бойынша құны 34,2 миллиард теңгені құрайтын 18 өтініш түскен. Отырыс барысында Жанар Айтжанова бизнестің өрге сүйрейтін бағдарламаны жүзеге асыруға тежеу болып отырған бірқатар мәсе­ле­лер жөнінде де  айта кетті. Осы тұрғыдан алған­да көңіл көншітер мәліметтер осымен мәселе тәмәм болды дегенді білдірмесе керек. Әйт­кенмен, жоғарыда атап өтілген тірлік­тердің бәрі бұл орайдағы сеңнің қозғалып, істің оңға баса бастағанын байқатады. Еліміздің жарты жыл ауқымындағы асулары туралы сөз еткенде, әлбетте, ауыл шаруашылығы саласына тоқталмай өте алмас едік. Осы кезеңнің қорытындысын шығарған жиын бұл салада да болып өтті. Ал еліміздің ауыл шаруашылығы саласы мамандары бас қосқан бұл жиында мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Басқосуда еліміздегі мал шаруашылығына қатысты жағдайды баяндаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аманның деректеріне қарағанда, 1990 жылмен салыстырғанда, 2000 жылға қарай еліміздегі мал басының саны 2 есеге қысқарып кеткен екен. Бұған себеп, экономикамыз шатқаяқтап тұрған 90-жылдары мал басы жеке ұсақ шаруашылықтардың ауқымдарына шоғырланып, бұл сала мен  құс фабрикалары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Соның салдарынан мал шаруашылы­ғы саласы экспорттық әлеуетінен ажырап, тек ішкі қажеттілікті өтеумен ғана шектеліп қалған. Дегенмен, жылдар өте келе саланы қайта көтерудің нақты алғышарттары жасала бастады. Бұл ең алдымен шаруашылықтарын сақтап қалған ұжымдардың есебінен тұрақты даму жолына түсті. Осы шаруа қожалықтары қазір халықты жұмыспен қамтуға да үлес қосып отыр. Олардағы еңбек өнімділігі де біртіндеп көтеріліп келеді. Бұларда сонымен бірге әлеуметтік проблемалардың бірте-бірте шешімін тауып келе жатқаны байқалады. Былайынша айтқанда, орнынан тұра алмастай болып тұралап қалған сала қайтадан әл алып, оның өне бойына қан жүгіре бастады. Мамандардың пікірлерінше, қазіргі кезде еліміздегі мал шаруашылығын дамытуға тежеу болып отырған мәселелердің ең үлкенін малдың 85 пайызы жеке иеліктер мен шаруа қожалықтары еншісінде болып отырғандығы­нан іздеуге болады. Бұл өз кезегінде малды қазіргі заманғы технологиялар негізінде өсіруге мүмкіндік бермей отыр. Осыған байланысты өнімнің сапасы төмен деңгейден көрінуде. Сондай-ақ қазір малдардың генетикалық әлеуеті де төмендеп кеткен. Туралап айтқанда, ірі қара тобындағы асыл тұқымды малдың үлесі тек қана 5,6 пайыз болады. Бұл дамыған елдердегі көрсеткіштен 10 есе кем деген сөз. Жиында “Қазақстанның ет одағы” қауымдастығының басқарма төрағасы Иван Сауэр ет өнімдерін экспорттауға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, еліміз жылына 8,5 пайыз ет импорттайды. Дегенмен, Қазақстан секілді аграрлық ел үшін бұл тіпті де көңіл көншітпейтін көрсеткіш. “Біз етті импорттамақ түгілі, оны экспорттауға да мүмкіндігіміз жететін елміз. Сондықтан осы мәселеге көңіл бөлу қажет”, деді ол өз сөзінде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аманның айтуынша, осы кезде министрлік агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясының аясында мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы бағыттағы жоспарланған міндеттер талапқа сай жүзеге асса, болашақта мал шаруашылығы да экономикамыздың мықты тірегіне айналады. Сонымен, жылдың жартысы осылай қорытындыланды. Оның көлеңкесінен күнгейі көп. Сол шуақты шапағат жылдың келесі жартысына да шырайын шаша бергей. Серік ПІРНАЗАР.