25 Тамыз, 2010

Тілді ұмытпау – елді ұлықтау

1303 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елордадағы Тіл фестивалі Абай рухына тағзым етіп, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында “Таза, мінсіз асыл тас су түбінде жатады, таза, мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады” деп аталатын транслингвистикалық шара­мен, сондай-ақ ақын ескерткіші маңында жыр кешін өткізумен, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, Сейфуллин мұражайы бірігіп ұйымдастырған көрмемен биіктеді. Қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсы­новтың: “ Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұру­ды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тілі­міздің де сақталу қамын қатар ойлау керек”, деген қанатты сөзін қапысыз қайталағанда, тәуелсіздігін Тәңіріндей тұтқан Қазақ елінің тілін, ділін құрметтеудегі кейінгі дәстүрі мен қаймана қазақтың бір кездегі қараңғылық салдарынан қалғыған санасын сілкіген семсер ойдың ара­сын­дағы байланыс нығырлана түсер еді. Қазақтың бойынан Алаштың арлы ұлдары аялаған рухшыл сезім, ұлт ұстазының: “Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі...” деп туған жұртының рухани топырағына еккен дәні бүгінде қайта көктеп, бабалар аңсаған азаттық байрағы байланған тұғырда бөлек өрнекпен шұғыла шашуда. Ұлы дала тілінің мейрамы Абай үнімен әздектеліп, қазанның үш бұтындай құндылықтың үш діңгегін – тілін, ділін, дінін қатар ұлықтауы байырғы сарынға ұқсамайтын, қағаз жүзіндегі кейбір көзбояушылықтан ада, кейінгі өсіп келе жатқан тал шыбықтарға беретін тағылымы толайым, қазақ тілінде сөйлеуге арланатын, өз төлінен өзі жерігендей тағы тағдырды бір жағынан тәубесіне келтіріп қою үшін, екінші жағынан, беттерін бері бұру мақсатындағы шараны қалыптастыруда. Тамыздың 23-інде Астана аспаны алабұртты. Елордадағы “Абай – дана, Абай – дара қазақта...” атты поэзия кешіне жиылған жұрт мәре-сәре. Ерекше сәттерде дала өзгеріп кетеді. Табиғат тылсымынан ақын бейнесі елестейді. Көктегі қою бұлтты жыр самалы таратып жіберді. Туған тілдің басына төнген қауіп бұлты келешекте, міне, дәл осылай жойылып, Қазақ елі көптен аңсаған айшуақ мұратына қол жеткізеді деген ой қылаң берді. Абай ескерткіші жанына туған тілінің тағдыры бей-жай қалдырмайтын, ақын шығар­малары өмірлерімен, өнерлерімен біте қайнасқан жандар тоғысып, жыр-құбылыс қазақтың тілінің құдіретін өгей ойдың өңменінен өткізе осылай өрнектемесе, соңғы кезде тілдің кәріне ұшырар­лық іс әр тұстан көрініп қалатыны тағы рас. Асы­лы, имандылық адамның өзінің ана тілін құрмет­теуінен құралатын болса керек. Дала өркениетінде бұл екеуінің орны теңдей саналады. Мұсыл­манның қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген ақынның дәстүрлі мерекесінде имандылық пен тілдің сабақтаса өтуі фестиваль мазмұнын байытты. Тіл фестивалі туған тілге құрмет қана емес, жұртты имандылық иірімдеріне ұйытатын шара ретінде есте қалды. Абайды оқыған адамның жүрегіне иман ұялайды, ал мұндай қасиетке ие жан өзінің ана сүтінен дарыған туған тілін қашанда сүйіп, қастерлеп өтеді. Абай тағылымы – таусылмас қазына десек, сол қайнарды қазақтың өзіне қайтару осындай игі шарамен жүзеге асып жатқаны қуантады. Осы орайдағы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының жұмысы ізгілікті істермен жал­ғасуда. Бұдан біраз бұрын Тіл фес­тиваліне мек­тептер мен мәдениет ошақтары ғана атсалысса, бұл жолы қала ішіндегі әр түрлі меке­мелерден адамдар қатысып, түрлі бағыттағы нысандар қы­зығу­шы­лығы артқан. Тілдерді дамыту басқарма­сының бас­тығы Оразкүл Асанғазының айтуынша, қалалық әкімдікке қарасты 26 мекеменің жар­тысының бүгінде іс қағаздарын қазақ тілінде жүр­гізуі мемлекет тарапынан тіл мәселесіне айтар­лықтай көңіл бөліне бастауының жемісі. Биыл тек қазақ балабақшалары ашылған. Ұлттық-мәдени орта­лықтың кейбір мүшелері балаларын қазақ тобына беруде. Қазақ сыныптарының саны едәуір артқан. Тіл фестивалінің ашылу рәсімінде қазақ тілінің нағыз жанашырлары марапатталды. “Аталы сөз” жүлдесі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы мен медицина ғылым­да­рының докторы Мұхамедия Ахмет-Төреге берілсе, “Ұрымтал сөз” жүлдесі “Астана” телеарнасында “Аманат” бағдарламасын жүргізген Дархан Әб­дікке табыс етілді. Суырыпсалма айтыс ақыны Балғынбек Имашевтің толғамы көпті толқытты. Мерекелік шара екі бөлімнен тұрды. Бірінші бө­лімде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының, Президенттік мәдениет орталығының әртістері Абай атамыздың өлеңдері мен қарасөздерін мәнерлеп оқыса, қалалық филармонияның өнерпаздары ақынның әндері мен күйлерін тамылжыта шырқады. Алматыдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Болат Әбділманов осы кешке арнайы шақырылып, Абайдың сахналық бейнесі сомдалды. М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ драма театрында ақын рөлін мүлтіксіз орындап, қайталанбас қоңыр үнімен Абай дауысын бүгінгі ұрпағымен үндестірген актердің қатысуы келешекте ақын бейнесін жан-жақты толықтырып, қазіргі заманғы келбетін ұтымды кестелеудің қаншалықты маңызды екенін ұқтыра түседі. Өйткені, Абаймен әр дәуір ұрпағы бетпе-бет келіп отыруы заңды құбылыс. Өзінің ана тіліне шорқақ жас ұрпаққа Абай бүгін не деп үн қатар еді? Ақынның жауһарларын ана тілінде оқып-түсінбеген ұрпақ қазақтың жанын қалай ұқпақ? Қазақтың жанын ұқпаған соң, оның талайғы мұң-шеріне қалай құлақ аспақ? Ондай сана әркімнің илеуіне тез көнбек. Келешекте қо­ғамды осындай қауіп-қатерден сақтап қалу үшін Тіл мен Абай бүгінгі шараның төріне құстың қос қанатындай қосарлана қондырылып, дәріптелді. Екінші бөлімде Абайдың шығармаларына жетік түрлі мамандық иелерінің өнері тамсан­дырған. Көнерген сөздердің астары ашылып, мән-мағынасы екшелген. “Бесік жыры”, “Тұ­саукесер”, “Жарапазан” сияқты салт-дәстүр иірімдері, аттың ер-тұрман әбзелдері әспеттелген. Балғынбек пен Еркебұлан ақынның айтысы кестелі оймен көркем өріліп, қазақ тілінің жағымды әуезіне әлеумет ұйып қалған. Жұрт көңілін сергітер қызықты шаралармен жалғасқан Тіл фестивалінің қызықты сәттері әлі алда екені сезіледі. Бекітілген жоспарлы тапсырмаға сәйкес өткізілетін іс-шаралардың ішінде халықаралық, республикалық деңгейдегі Дүние жүзі қазақ­тарының ІV құрылтайы айрықша орын алмақ. Оларға Астананың мәдени-тарихи орындарына экскурсия ұйымдастырылады, өзге ұлт жаста­ры­ның арасында “Тілі бірдің – тілегі бір” респуб­ликалық жастар форумы өтеді деп көзделуде. Алыс-жақын шетелдерден арнайы атбасын тірейтін қонақтардың қай-қайсысы болсын елордалық айшықты, ұлттық рух пен жаңғырудың белгілерін көргілері келетіні бесенеден белгілі. Сондықтан қала көшелеріндегі, қоғамдық орындардағы ішкі-сыртқы жарнаманың сапасына, көше, ескерткіш мерекелеріне ерекше назар тігілмек. Жыл сайынғы “Тағзым мен тағылым” атты ескерткіштер жанындағы іс-шаралар бой­ын­ша биыл 15 қыркүйекте – Бауыржан Момыш­ұлы­ның, 16 қыркүйекте – Жәнібек пен Керей­дің, 17 қыркүйекте Кенесары ескерткіштері ма­ңын­да мерекелік кеш өткізілмек. Рухани бірлік пен халықтар достығы идеясын уағыздау мақ­сатында жұмыс істейтін жексенбілік мектептер арасында “Үздік жексенбілік мектеп”, 14 қыр­күйекте күтіліп отырған “Мемлекеттік тіл– мем­лекеттік қызметте” байқаулары да жылдағыға қарағанда өзгеше сипатта салтанат құратыны бай­қалады. Қыркүйектің 16-сы күні “Кел, балалар, оқылық!” деп аталатын балғын бөбектерге ар­налған мерекелік сый әзірленіп жатса, білім ошақтары түгелдей “Тәрбие басы – тіл” апта­лығын ұйымдастырады деп жоспарлануда. “Тілге құрмет – елге құрмет” жастар акциясы туралы өз алдына ой қозғаса, артық етпейді. Үңіле берсек, тілдің мәртебесін биіктетер мұндай шара­лар толып жатыр. Оның үстіне биылғы Тіл фес­тивалінің арқалар жүгі өте салмақты болатыны түсінікті. Мемлекеттік тілді қолдау мен дамыту­дың алдағы он жылға арналған жаңа бағдарламасы қызу талқыланып жатқан тұста қазақ тілінің қазығы шайқалмай, қанаты қайырылмай, дала көгінде еркін самғаған қыран құстай асқақтай бер­сін деген желкенді үмітке еріксіз ере бергің келеді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.