ХVІІІ ғасыр қазақ халқы үшін өте бір маңызды шешуші кезең болды. Жан-жағынан анталаған жаумен жағаласып жүріп, бабаларымыз ұлы мекендерін ұрпақтарының мәңгілік иеліктеріне қалдыра білді.
Сұрапыл соғыстардан, аяусыз шайқастардан беті қайтпаған батыр-жыраулардың бірі – Үмбетей еді. Ол ХVІІІ ғасырдағы қалмақ, қытай, орыс пен башқұрт, қырғыздың қазақ даласына жасаған сойқанды істерін – өлеңмен өріп, соғыс шежіресі ретінде ұрпақ жадына жаттатып кеткен кісі.
Абылай заманының дүлдүлі балаң жігіт күнінен-ақ садақ тартып, азаттық жолындағы арпалыста жанкешті өмір сүрді. Ақындығы мінезіне сай турашыл болғасын, ол мірдің оғындай сөздерімен өзіне, күшіне сенімді талай батыр мен байды аямай аттан түсіріп жүрді.
Аруақты Қабанбай батырдың өзі Үмбетейді қатты сыйлағаны сонша, тұңғышы дүниеге келгенде осы кісінің есімін беріпті дейді. Жасы үлкен Ақтамберді мен Бұқар жыраулар да қандыкөйлек інілері Үмбетейге ерекше сыйлы көңілмен қараған екен.
Төле би мен Қазыбек бидің де оған көрсеткен қолдаулары аз емес. Себебі, қазақ арасындағы кейбір түйіні күрделі дау-дамайды екі ауыз сөзбен шешетін орақ тілді жас жыраудың мінезі қилы заманда талай ұлы істерге бастау болған көрінеді.
Үмбетей өлеңдерінде өктемдік, зілді сөздер, нақты айыптар жиі белең алады. Ол айтысқа түскенде – ашық майданға бес қаруын сайлап кірген батырлардан кем түспейді. Оның кесірлі істерге бет бұрған кейбір тарихи дара тұлғаларға айтқан ашық сөздері белгілі қоғам қайраткері, қазақтың сара жазушыларының бірі Мұхтар Мағауиннің “Алдаспан” жинағына енгенін көпшілік біледі. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек би өлгеннен кейін оның орнын ұлы Бекболат басқаны тарихтан аян. Абылайға өктемдік көрсеткен арғынның бес Мейрамына жататын қуатты елді көтергені үшін Үмбетей осы Бекболатты, әкесі Қазыбектің сыйлас інісі болса да, жермен-жексен еткенін “Бекболат биге” деген арнауынан жақсы білеміз.
Сондай кикілжіңдердің бірін сылтау қылған аға жырау Ақтамберді мен Қаракерей Қабанбайға арнап айтқан сөздері бұл кісінің шешендігін, өрлігі мен өткірлігін дәлелдеп-ақ тұр. Абылай ханға, Бұқар жырау мен Қанжығалы Бөгенбай батырға арнаған өлеңдерінің мазмұны, шежірелік қасиет-сипаты жоғары. Ал, “Жантай батыр” жыр-дастанын Шоқан Уәлиханов өте жоғары бағалаған. Шәкәрім Құдайбердіұлының Үмбетейді “ескі ақын бізден әлі артық” деп мадақтауы бекерден-бекер емес.
Үмбетейдің домбыра шертісі қандай өзгеше болса, тартқан қобызының дауысы да сондай ерекше әсерлі болды деседі шежірешіл елі. Аруағы қозған қарт жыраудың қобызының үнінен бүкіл қазақ даласының басында болған ауыртпалықты сезінгендей, тыңдаушы жандар аяғына дейін шыдап отыра алмаған екен. Түксиген қарт жыраудың қабағы ма, әлде қобыздың үні ме, олар көкіректері қарс айырылғандай күй кешіпті.
Айта кететін бір жәйт, тарихшы Қазыбек Тауасарұлының “Өзімнен түп-тұқиянға дейін” кітабында да осы жаужүрек Үмбетей жыраудың бірбеткей өр мінезі байыпты түрде біраз таратылып айтылған.
Қазақ баласына азаттық әперген сол ардақты батыр-жырау Үмбетейге өткен аптаның соңында Ерейментау қаласында ескерткіш бюст қойылды. Оның авторлары жас сәулетшілер Баян Қайнышева мен Ақертіс Сұлтанов десек, салтанатты жиынға Алматыдан, Астана мен Көкшетаудан, Павлодар, Қызылорда мен Шымкенттен көп қонақтар атсалысты.
Үмбетей жырау атындағы Ерейментау аудандық Мәдениет үйі алдындағы ескерткіш шымылдығы түсіріліп, әдеттегі тұсаукесер рәсімі жасалғаннан кейін, зал көрерменге лық толып, ақындар мүшәйрасы жұртты керемет қуанышқа бөледі. Қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Серік Негимовтің хабарлауымен сахнаға замандас ақындар көтеріліп, жырдан шашу шашты. Қазақ поэзиясы айдынында көрініп жүрген дүлдүлдер Алмас Темірбай, Бақытжан Тобаяқов, Ұларбек Дәлейұлы, Расул Ахат, Сайлау Байбосын, көкшетаулық Ерболат Баятұлы жұрт қошеметіне бөлене білді. Арнайы келген ақындарға осы ұлы додада үлкен сый-сыяпаттар жасалды. Айтулы шараның ұйымдастырушысы, кезінде Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ескерткішін ашқанда үлкен еңбек сіңірген азамат Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Ережепов екендігін де айта кетсек дейміз.
Жыр додасынан соң жұртшылық аламан бәйгенің қызығына батты. Бәсекелі жарыста бірінші орынды Астананың, ал екіншіні – Екібастұздың, үшіншіні – Ерейментаудың сәйгүліктері жеңіп алды.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ, Журналистер одағының мүшесі.
Астана.
----------------------------------
Суретте: батыр-жырау Үмбетей ескерткіші.