Мемлекеттік мәселе
Елбасы Н.Назарбаев мемлекетіміздің іргетасын берік етіп қалауда, мемлекеттік органдардың қызметін қайта қарау, реформалау кезек күттірмейтін мәселе екеніне айрықша маңыз артты. Елдікті қалыптастыратын бірден-бір институт ретінде сот жүйесі биліктің толыққанды бір тармағы болып қалыптасып, реформалау жұмыстарын алғашқылардың бірі болып бастап кеткен еді. Осы он бес жылдағы қажырлы жұмыс өз жемісін беріп, белесіміз биіктей түсті.
Шын мәнінде құқықтық мемлекет құрудағы соттың рөлі ерекше екені белгілі. Сот адам құқығы мен бостандығын қорғайтын басты институтқа айналуы шарт. Тек сот қана даулар мен жанжалдардың тобықтай түйінін айтып, заңдылықтың сақталу қағидаттарын нығайта түседі. Тәуелсіз әрі әділ сот азаматтардың құқықтық қорғалуының кепілі ғана емес, мықты, бәсекелі экономиканың дамуына, еліміздің әлемдік құқықтық кеңістікке шығуына жол ашады. Уақыт талабындағы реформалар сот билігінің саяси-құқықтық жүйесін орнықтырды. Бұл жылдары судьялар корпусының заңды мәртебесі бекітіліп, сот жүйесін қалыптастыруда шешуші қадамдар жасалды. Іс жүргізу (процессуалдық) заңнамалары жаңартылды, бұл сот құзыреті шеңберінің кеңеюіне жаңа серпін берді. Сонымен қатар елімізде қылмыстық жазаларды ізгілендіру саясаты жүргізілуде. Президенттің үстіміздегі жылдың 17 тамызындағы құқық қорғау органдары басшыларымен кездесуі, соған байланысты шыққан Жарлығы аталмыш саясатты жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға ерекше қарқын бермек.
“Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Конституциялық заңы мемлекеттік биліктің тең құқықтық салаларының бірі — тәуелсіз сот билігінің негізгі мәртебесін бекітті. Бүгінгі күні азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде сот жүйесі басты құқықтық құрал болып табылады. Сот жұмысының заңнамалық базасы құрылып, бүгінгі күні қоғамдық қатынастардың аясындағы барлық даулар мен тартыстар сот тәртібінде шешіледі. Сот төрелігінің қолжетімдігімен ашықтығы қамтамасыз етілген.
Сот жүйесін реформалауды тереңдетуде соттарды мамандандырудың маңызы зор. Мамандандырылған соттардың құрылып, жұмыс жасауы соттың даулы мәселелерді дұрыс шешіп, әділ билікті жүзеге асыруына игі ықпалын тигізетіндігін уақыт тәжірибесі анық дәлелдеп отыр. Осы орайда, Ақмола облысында да ауданаралық мамандандырылған экономикалық сот пен мамандандырылған әкімшілік соттары жұмыс істеп келген еді. Оған биылғы жылдың басында қылмыстық істерді қарайтын сот қосылды. Сонымен қатар келешекте жасөспірімдер істері жөніндегі мамандандырылған соттарды құруға байланысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Соңғы жылдарда жүзеге асырылған шаралар еліміздегі сот жүйесінің құрылымын одан әрі жетілдірудің, сот өндірісін ықшамдаудың нақты жолдарын белгілеп берді.
Сот жүйесінің беделін нығайту және судьялардың жоғары кәсіби біліктілігін қалыптастыру мақсатында Ақмола облыстық соты бірқатар шараларды қолға алды. Соның бірі ретінде сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы бойынша мониторингті атап өтуге болады. Жалпы, жүргізілген мониторингтің нәтижесі соттар қызметін ұйымдастыру жұмыстарына оң бағыт беріп, сапасының артуына септігін тигізді. Басты бағыттардың бірі — соттардың және сот төрелігін жүзеге асырудағы судьялардың қызметтері туралы қоғамның пікірін зерделеу. Осыған байланысты 2010 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында сот процесіне қатысушылар мен басқа да тұлғалар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Оған 3627 адам қатысты. Оның қорытындылары облыстың барлық аймақтарындағы жергілікті басылымдарда жарияланып, облыстық соттың интернет жүйесіндегі сайтына орналастырылды. Жұмысымыздың оң бағаланғанын атап көрсеткім келеді. Сауалнама жасырын түрде жүргізілгендігін ескерсек, оған жауап бергендердің көзқарастарын бүкпесіз ашық айтқандары анық. Мұның өзі соттың бүгінгі күні қарапайым халық алдындағы абыройы мен беделінің қаншалықты деңгейде екендігін ашық көрсетіп берді. Сондай-ақ, сауалнама деректері азаматтардың пікірлерін зерделеуге, осы арқылы қызмет өрісін кеңіту тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік берді.
Қолға алынған реформалар судьялардың сот төрелігін атқаруына және қызмет жүйесін талап тұрғысында үйлестіруге мүмкіндік береді. Облыстық сот ғимараты алқабилердің қатысуымен сот істерін қарауға лайықты залдармен қамтамасыз етілген. Аудандық және аймақтық буындар да материалдық-техникалық жағынан нығайтылуда. Бурабайдағы “Әділет үйі” жоғары деңгейдегі республикалық базалық орталық саналады. Ағымдағы жылы Целиноград аудандық соты халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа ғимаратқа көшті.
Біз 2002 жылдан бастап заманауи озық үлгідегі электронды басқару жүйесін қолданып, интернеттің мүмкіндігін кеңінен пайдаланудамыз. Бұл бастаманы ТМД аумағында Қазақстан алғашқы болып көтерген еді. Жоғарғы Соттың және облыстық соттың арнайы веб-сайтында электронды мұрағат жасақталған. Онда барлық сатылардағы сот шешімдері орналасқан. Бұл құжаттарды қажет еткен адам онымен еркін таныса алады. Сонымен қатар, барлық азаматтар қазіргі компьютерлік іздеу, жіктеу жүйесі арқылы керекті құжаттарды тауып, қажетіне жарата алады. Бұл сот процесін бастан-аяқ қадағалауға, сотқа қатысушыларға барлық дыбыс жазбасымен, сот мәжілісінің электронды хаттамасымен танысуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, соңғы кезде сот процестерін бейнебайланыс арқылы өткізу үрдісі жұртшылық тарапынан қолдау табуда. Мұндай жағдайда сотталушы апелляциялық сатыдағы сот мәжілісіне, ал басқа қаладағы тергеу орнында отырған сотталушы сот мәжілісі өтетін жерге келмей-ақ, оған қатысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мұнда жәбірленуші жақ пен айыпталушы жақтың қосымша куәгерлері болсын, сот процесіне қатысқысы келетін басқа да азаматтардың болсын жол жүріп, уақыт кетіру, қаржылық шығын шығармау мәселесі қарастырылған.
Жоғарғы Сот бастамасымен ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап облыстық соттың ресми веб-сайтында “Сот істерінің анықтамалығы”, “Справочник по судебным делам” деген айдарлармен баннер орнатылып, жаңа бағдарлама іске қосылды. Аталған бағдарлама облыстық соттың терминалына да орналастырылды.
Ақмола облыстық сотында, облыстың 24 аудандық және оған теңестірілген соттардың 18-де ақпараттық-анықтамалық киоскілер ашылып, қазіргі уақытта жұмыс жасауда. Бұл киоскінің қызметіне жүгінген азамат кез келген жұмыс уақытында еш кедергісіз сот ғимаратына кіріп, сот құжаттарының үлгілерімен танысуға, мемлекеттік баж салығының мөлшерін, төлеу тәртібін білуге және реквизиттерін алуға, тағайындалған істердің тізімімен танысуға, өзінің талап арызына сәйкес істің қозғалысы жөнінде жан-жақты ақпарат алуға құқылы.
Құқықтық сот реформасы судья кадрларын іріктеу және тағайындау мәселесіне барынша қатаң талаптар қоюда. Осыған байланысты, облыстық сотта, аудандық және оған теңестірілген соттарда судьялық қызметке үміткердің тағылымдамадан өтуіне айрықша көңіл бөлінеді. Үміткерлердің тізімі жергілікті басылымдар мен облыстық соттың ресми сайтында жарияланып, пікір жәшігі орналастырылды. Бұл сапа мен жариялылықты қамтамасыз етеді.
Жалпы, сот жүйесін реформалау жолында жүргізілген шаралар азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын көздеп, соттың беделін өсіруді, қолжетімділікті орнықтыруды, сот органдарына сенімді күшейтуді, соттардың рөлі және әлеуметтік маңыздылығы туралы халық пікірінің жақсартылуын, азаматтардың құқықтық ақпараттандыру деңгейінің көтерілуін, олардың заңды мүдделерін сот тәртібімен қорғауын қамтамасыз ету бойынша белсенділігін арттырады.
Ақжан ЕШТАЙ, Ақмола облыстық сотының төрағасы. Ақмола облысы.