03 Қыркүйек, 2010

Қажеттілікке айналдыру — уақыт талабы

494 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы бірнеше ай бойы елімізді қамтыған “Отан­дастар” акциясына белсене қаты­сып, біраз іс тындырғаны байқалады. Жер-жерлерде ұйымдастырылған шаралар кезінде сауалнамаларға жүз мыңнан астам адам тартылып, көптеген бағалы ұсы­ныс­тар жинақталыпты. Бөлімшенің мә­жіліс залында өткен “Тіл – халық жаны, достық пен бірлікке бастайтын жол” атты дөңгелек үстелге тіл жанашырлары, мем­лекеттік, қоғамдық, саяси ұйым, жас­тар өкілдері, депутаттар қатысып, тол­ғақ­ты мәселелер төңірегінде ой-пікірлер алмасты. Жиынды филиал төрағасының орынбасары Виктор Молодовский ашты. Ол Мәдениет министрлігі әзірлеген Тіл­дерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­ма жобасының кең талқыланып жатқа­нын, оны жүзеге асыруға үлес қосу әркім­нің абзал борышы екенін атап өтті. Жиында бірінші болып сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Нұрлан Жамантаев қазақ тілін қолдану аясының кеңіп келе жатқанына нақты мысалдар келтірді. Өткен ғасырдың аяғында қазақ балаларының 30 пайызы ғана ана тілінде білім алса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық өскен. Орыс тілін­дегі білім ұялары жанынан қазақша сыныптар ашу арқылы бастауыш мек­теп­тер санын көбейту мақсаты тұр. Осыдан оншақты жыл бұрын мемлекеттік тілді оқыту орталығында 21 топ жұмыс істесе, енді 67-ге жеткен. 13 ауданда мемлекеттік қыз­метшілердің 83 оқу тобы ұйымдас­ты­рыл­ған. Бұдан тысқары 1000-ға жуық қазақ тілі үйірмелерінің 13000 тыңдау­шы­сы бар. 39 елді мекеннің атауы өзгертіліп, 24-інің транскрипциясы түзетілген. Баяндамашы мемлекеттік тілді үйренсем деген құлшыныстың өзге ұлттар арасында да артып келе жатқанын тілге тиек етті. Ұлт бірлігін нығайтудың маңызды фак­торы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік, кәсіпкерлік саласының барлығында батыл қолданысқа енгізіп, өмірлік қажеттілікке айналдыру жолдарын ортаға салды. Облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясы хатшылығының мең­геру­ші­сі Сергей Бородин мемлекеттік тілдің мәртебесін кеңейту бағытында қалыптасқан іс-тәжірибелер жөнінде әңгімелесе, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Мара Жұмабаева бағдарлама жобасында мемлекеттік тілді оқыту үдерісінің тиімді жолдары молынан қамтылғанын атап өтті. “Асыл мұра” мәдениет орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев көше аттарын қазақ тілінде ғана жазу керек деген мәселе көтерді. Оның ұсынысы әрқилы пікір туғызғанымен, негізсіз емес. Мемлекеттік тіл туралы заңның тезірек қабылдануын өтінді. Қазақ тіліне қатысты кей мәселелердің көптен бері айтылып келсе де, шешілмей келе жатқанына алаңдау­шы­лық білдіріп, жаңа бағдарламадан үлкен үміт күтетінін жасырмады. Тіл билік құралы. Жұрт қай тілде сөйлесе, сол тіл үстемдік етеді, деген сөздері ана тілі тағдырына алаңдаушылықтан айтылғанын аңғаруға болады. “Жас Отан” жастар қанаты­ның мүшесі Рустам Есенбергенов мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыруға, қоғам назарын аударуға, түсінік жұмыстарын жүргізуге бағытталған іс-шаралардың жалғасатынын мәлімдеді. Осы орайда ақпараттық-насихаттық топ құру көзделген. “Қазақша сөйлесейік!”, “Мемлекеттік тіл – менің тілім”, “Үздік аудармашы”, тағы басқа ша­ралар басқа ұлт өкілдерінің қызығу­шылығын тудырған. “Дөңгелек үстелге” қатысушылар тарапынан сауалдар аз қойылған жоқ. Олар мемлекеттік тілді үйретуді отбасы­дан, балабақшалардан, мектептерден бастау, ұғынуға жеңіл оқу-әдістемелік құралдарды жергілікті баспаханаларда басып шығару, білікті қазақ тілі пәні кадрларын әзірлеу төңірегінде әңгіме-сұрақтар жолдады. СҚМУ-дің проректоры Мүкарама Тайжанова ұлттық мектептердегі білім сапасын жақсарту жайын қозғай келіп, Таңат Сүгірбаевтың халықтың құлағына әбден сіңген, көзі үйренген атауларды бір тілде ғана жазу идеясын қолдайтынын айтса, тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласбаева орыс мектептерінде қазақ тілі пәнін оқытудағы проблемаларды сөз етті. Мәдениет қызметкері Қымбат Оспанова кей орыс балабақшаларында қазақ тілі үйретілмейтінін сынға алды. Дөңгелек үстелге қатысушылар елімізде қазақ тілін меңгеруге деген жағдайдың толыққанды жасалғанын, ниет, талпыныс болса, ешқандай қиындық жоғын айтысып, ертеңге күнге деген үлкен үмітпен тарасты. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
Соңғы жаңалықтар