08 Қыркүйек, 2010

Астана саммиті — сарабдал саясаттың салтанаты

1076 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитіне 55 елдің президенттері, үкімет басшылары мен 65 ха­лық­аралық ұйымның жетекшілері келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төр­ағалығымен өткен саммитке дайындық ба­ры­сы ту­ра­лы арнайы кеңесте айтылған болатын. Отырыста алқалы жиынның ең жоғарғы деңгейде өтуі Қазақстанның халықаралық аренадағы бет-беделіне үлкен абырой әкелетінін көлденең тартқан Прези­дент алдағы бірнеше айдың ішінде саммитті ұйым­дастыру және оны неғұрлым мазмұнды өт­кізу тұр­ғы­сынан көп­теген шаруалар істелу қа­жет­тігін атап көр­сеткен еді. Соңғы 11 жылда бірінші рет өткелі отыр­ған іргелі басқосу заманауи қауіп-қа­тер­лер мен тыңнан пайда болған түйткілдерді бір­лесе шешудің ортақ ұстанымдарын айқындайтын ай­тулы жиын болуы тиіс. Сондай-ақ, бұл саммит Қазақстанның демо­­кратиялық даму тарихындағы ғана емес, құрыл­ға­нына 35 жыл толған Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының жылнамасындағы аса ма­ңызды басқосулардың бірі болмақ. * * *

ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫ – ҰЙЫМ ТАРИХЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢ

Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықты бастап кеткеніне біршама уақыт болғаны баршамызға мәлім. Бұл – өз Отанымызға деген мақтаныш пен құрметті асқақтататын іс-шара. Қазақстан Республикасының тек посткеңестік республикалар ара­сын­да ғана емес, Азияда бірінші болып ЕҚЫҰ төрағалығын иелен­ген мемлекет екендігін әрқайсымыз мақтан етуіміз қажет. Еліміздің ЕҚЫҰ-мен қарым-қатынасы 1992 жылдың қаңтарындағы мүшелігінен басталды. Осы кезең Отанымыздың жал­пыеуропалық үдерістерге бел­сен­ді түрде қатысуының бастауы еді. ЕҚЫҰ – 56 мемлекетті бірік­тірген ірі өңірлік ұйым. Ұйымның жауапкершілігіне қақтығыстарды алдын алу мен реттеу мәселелері жатады. Қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде ЕҚЫҰ дипломатиялық өзара байланысқа негізделген кешенді және корпоративті тәсілдерді қол­да­нады. Қазақстан мен ЕҚЫҰ ара­сындағы байланыстар дамуының алғашқы кезеңінде нарықтық эко­но­микаға өтуге қажетті реформалар жүргізу, ашық азаматтық қоғамның дамуы мен аймақтық қауіпсіздікті бекітуге арналған ақпараттық-тәжірибелік пікір алмасулардан тұрды. Өзара қатынастардың да­муын­дағы жаңа кезең Қазақстан­ның 2003 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға­лық ету туралы идеясымен жалғасты. Бүгінгі күнде ЕҚЫҰ – еуро­ат­лан­тикалық және еуразиялық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге ық­пал ете алатын маңызды ұйым. Бұл Ұйымның ықпал етудегі ерекше­лік­тері ретінде оның географиялық көлемділігін ғана емес, саяси ше­шімдер қабылдаудағы консенсус тәртібі қатысушы мемлекеттер ара­сындағы тең құқылық дәрежесінің орындалуында жатқанын айту керек. Ұйымның қақтығыстардың алдын алудағы рөлі әмбебап меха­низм­дердің қалыптасуына жол ашты. Атап айтар болсақ, түрлі дең­гейдегі саяси кеңесшілерді тағайындап, арнайы өкілдер мен са­рапшылар миссияларын ұйым­дас­тыра бастады. Ұйым тәжікара­лық қақтығыстардың аяқталуына ық­пал етумен қатар, “Дейтон келі­сімі” атты Босния және Герце­го­винадағы бейбітшілік туралы жалпы келісімінің орындалуын қамтамасыз етті. ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекеттер арасындағы басты назардағы міндет Ұйымның саяси қызметін бас­қару мен үйлестіру, дағдарыстарды реттеу жұмыстарын басқару болып табылады. Осы бағыттар жүйесінде еліміз үлкен тәжірибеге ие бола­тын. Өйткені, Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың қаты­сушы мүшесі ғана емес, осы уақыт­қа дейін ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК секілді аймақтық ұйым­дардың төрағалығын атқарған еді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айт­қандай, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жалпыұлттық страте­гия­лық жоба болып табылады және барлық мемлекеттік органдардың жемісті әрі үйлестірілген жұмысын қажет етеді. ЕҚЫҰ дәстүрі бойынша, төр­аға­лық ету қызметін бастаған ел жаңа ұсыныстар мен шешімдер ұсынып, Ұйымның беделін артты­руға өз үлесін қосуы тиіс. Осыған байланысты Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің трансформациялануына күш салып жатқаны бел­гілі. Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы­мыз­дың не­гіз­гі ба­сым­дық­тары ре­тін­де тер­ро­ризм­ге, нар­котрафикке, қару мен адам сауда­сы­на қарсы бі­рік­кен күрес­терін атап өте аламыз. Қа­зақстан Батыс Еуропа мен АҚШ ара­сын­дағы дел­дал­дық қаты­наста жетіс­тікке жете­ті­ніне үмі­тіміз зор. Көптеген батыс сарап­шы­­ларының пікірінше, біздің елі­міз Батыс Еуропаның кез келген елі­не қарағанда Кавказдағы қақты­ғыс­тық жағдайды реттеуге мүм­кін­дігі мол. Сонымен қатар, еліміз ЕҚЫҰ-ның ислам әлемімен се­ріктестігін кеңейту мүмкіндігіне ие. Бұл Қазақстанның ислам елдерінің 2010 жылы ЕҚЫҰ қызметіне араласу мәселесін күн тәртібіне қойып, Ислам Конференциясы Ұйымы мен ЕҚЫҰ арасындағы өзара бай­ланысты қалыптастырып, күшей­туге бар ықпалын салмақ. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Ұйымның посткеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы беде­лін жоғарылатады деген сарапшы­лар пікірі орындалуда. Астананың мұсылман және еуропалық қауым­дастық арасындағы делдалдық қыз­меті Еуразиядағы барлық қақты­ғыс­тарды шешуге септігін тигізе­тіндігіне мүше мемлекеттер толық­тай сенімді. Қазіргі Қазақстан моделі түрлі діндер мен ұлттар өкілдерінің бей­біт өмір сүру мүмкіндіктерін көр­сетіп отыр. Қазақстан Республи­ка­сының бұл тәжірибесі ЕҚЫҰ төрағалығына лайықты екендігіне бірден бір себеп болды. Қазақстан­ның ұлтаралық және дінаралық сая­сатты жүргізудегі жеке тәжіри­бесі толерантты қоғам принцип­терінің қалыптасуына ықпал етіп, ол әлемнің өзге мемлекеттеріне пайдалы болуы да мүмкін. 140 ұлт пен 46 конфессия өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп жатқан Қазақ­стан­дағы этносаралық қатынастар жетістігін әлемдік қоғамдастық жо­ғары бағалап отырғаны баршамызға мәлім. Республиканың ұлттық бір­лік идеясы төрағалық кезеңнің по­зитивтік тәжірибесін беретіндігіне көпшілік сенімді. Бұл – саяси ке­ңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еліміздің маңызды тарихи басымдығы. Төрағалық ету арқылы Қазақстан тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы мәртебесін жоғарылатуға өз үлесін қосып жатыр. Еліміздің халықаралық ұйымға төрағалығы мемлекетіміздің төмен­дегідей жетістіктерін көрсетеді: біріншіден, Қазақстанның демо­кратиялық институттары дамыған, тұрақтылық қалыптасқан және өркениетті келіссөздер жүргізуге дағдыланған мемлекет екендігі; екіншіден, Қазақстан халықаралық дәрежеде ұлттар мен діндер ара­сындағы татулық пен мемлекеттік мүдделерін қорғай алатын ел екені танылды. Мемлекеттің дамуына әсер ету барысында қоғамдық өмір-салттың барлық салаларына тұрақтылық қа­жет. Қазіргі Қазақстан мемлекеттің негізі ретінде тұрақтылыққа жетуді міндет етіп бекіте түсті. “Жаңа он­жыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” Жолдауында Елбасы­мыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсет­кендей: “Ішкі саяси сала мен ұлт­тық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақ­сат­тары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді”. Шынында да, саяси тұ­рақтылық Қазақстандағы модерни­за­циялық бағыт пен әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі шарты болып табылады. Саяси тұрақтылықты қамтама­сыз етуде аймақтық ұйымдардың мәні жоғарылады. Осыған байла­нысты қақтығыстардың алдын алуда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мүм­кін­діктері мен құқықтық негіздері қалыптасты. ЕҚЫҰ қақтығыстарды алдын алудағы тәжірибелік меха­низм­дерін Грузия, Молдова, Тәжікстан, Таулы Қарабах секілді посткеңестік елдерде қолданды. Бұл Ұйым мүмкіндігінің жоғары екендігін көрсетеді. Әрине, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуі аталмыш мәселені өзекті ететіні анық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, Қазақ­станның жалпы міндеті Ұйым­ның қазіргі заманның қатерлері ұлғайған кезеңде, күшті және тиім­ді қимылдар жүргізу болып та­бы­лады. Сондықтан Елбасы Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ның халықаралық арена мен біздің аймағымыздағы рөлі мен ықпалын күшейтуді мақсат тұтты. Халықаралық саясаттағы өте күрделі мәселе – Ауғанстандағы жағ­дайға Қазақстан Ұйымның төр­ағасы ретінде ерекше мән беріп отыр. Ондағы жағдай әлі де жақ­сармады, тұрақтылықтың қалып­тасуы мен есірткі проблемасы шешімін таппады. Осы байырғы мә­селені кешенді шешудегі страте­гиялық жұмыстардың ізі, ең алды­мен жауапты субъектілер АҚШ пен НАТО одақтастары арасында бай­қалмайды. Сонымен қатар, еуро­палық мемлекеттер Ауғанстанның болашағына жауапкершілікті әлсіз жергілікті билікке қалдырғысы ке­леді. Бүгінде Ауғанстандағы жағ­дайды шешу үшін жаңа әрі салмақ­ты біріккен келісімді шешімдерге бару қажет. Өйткені, бұрын қол­данылған тәсілдер өзінің әлсіздігін көрсетіп, қажетті нәтижесін бермейді. Беделді халықаралық ұйымдар көмегімен Ауғанстанды тұрақтан­ды­ру жөніндегі комитет құру қажет. Бұған мәселені шешуге мүдделі Ауған­станмен көрші мемлекеттер қатысуы тиіс. Көптеген сарапшы­лардың пікірінше, бұл диалогқа қатысушы мемлекеттер санын кеңей­ту керек. Өйткені, саясатқа қа­тысушы әр мемлекет өз талап­та­ры­мен шығады. Бірақ, мұны ЕҚЫҰ-ның қатысушы мемлекет­терінсіз жүргізу ауырға соғады. Бұл бағытта Қазақстан төраға ретінде біршама жұмыстар атқарып жат­қандығы белгілі. Елбасы Н.Ә.На­зарбаев өзінің “ЕҚЫҰ тағды­ры және перспективалары” атты ма­қаласында атап өткендей, Қазақ­стан Ауғанстанның бір мың аза­матын қазақстандық оқу орын­да­рында түрлі азаматтық мамандық­тарға оқыту мақсатында 50 млн. доллар бөлу туралы шешім қабыл­дады. Егер басқа да мемлекеттер осы бағытта жұмыстар атқарса, бұл мәселені шешудің бір ғана бастамасы болмақ. Елбасының бұл шешімі пейілі кең халықтың ұрпағы екенін дәлелдейді. Еліміздің осы беделді Ұйымға төрағалық етуі оның тарихындағы маңызды кезең және жаңа бастамаларға толы бола­тындығына әлемдік қоғамдастық толық сенімді. Мұрат НАСИМОВ, Қызылорда “Болашақ” университеті тарих және филология кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты. * * *

ЕЛОРДА ТӨРІНДЕГІ ЕРЕН ЖИЫН

әлемді бәтуаға бастаса, одан артық мәртебе, одан асқан абырой бар ма?!

Сынаптай сырғыған мына заманда тәуелсіз Қазақ елі әлем елдері қауымдастығына көптеген саяси, әлеу­меттік және экономикалық даму бастамаларымен кеңі­нен танылды. Өзгеге үлгі боларлықтай өнегелі істері­мен көзге түсті. Осы жылдары Қазақстанда әлемде бұрын-соңды бастары қосылмаған әлемдік дәстүрлі дін көш­басшылары бас қосты. Қолына қалам ұстаған журналистер жаһандану заманында алда тұрған проб­лемаларға байланысты өз ойларын біздің елімізде ор­таға салды. Жас мемлекетіміз өндірісті өркендету жо­лында, экономиканы жаңғыру мақсатында дүние наза­рын аударған келелі жиындар өткізді. Ал Сарыарқаның төріне ағымдағы жылдың 1-2 желтоқсаны күндері ЕҚЫҰ Саммитіне қатысу үшін 55 елдің бірінші басшыларының келуге ниет білдіруі Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем­дік саяси аренадағы орны бөлек беделімен, көре­ген саясаткерлігімен тікелей байланысты деп түсінемін. Бұл Саммит әлем саясаткерлерін аузына қаратып, ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан мемлекетінің осы жылдардағы елімізде жүргізген қоғамдық-саяси және экономикалық реформаларының түпкі нәти­же­сімен және әлемде бейбітшілік пен тыныштық орнату­дағы белсенді ұстанымымен тығыз байланысты. Елін ертеңгі жарқын болашаққа жетелеген Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі мен жеңісі. Барыс жылы Қазақстан халқы үшін қуанышты хабардан басталды. Бұл жылы қарт құрлықтың төріне шығып, халықаралық шиеленіскен жанжалдарды рет­теу­де төрелік айту міндеті Қазақ елінің еншісіне тиді. Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалықтың табалдырығын төрт “Т”-дан бастау алатын негізгі қағидаты әлем елдері назарын өзіне ерекше бұрды. Ол туралы жер жүзінде жазбаған, болмаса арнайы хабар таратпаған бұқаралық ақпарат құралдары қалған жоқ шығар, сірә?! Қазақстан басшысы көзі ашық, көкірегі ояу қарапайым халықтың жүрегінде келешек пен бейбіт күнге деген сенім отын жақты. Бейбітшіліктің ақ туын көтерген жаңа ел ЕҚЫҰ төрағалығын орамды оймен бастап, тоқ­тамды пікірді ортаға салды. Сегіз айдан астам уа­қыт­та ЕҚЫҰ Қазақстанның бейбіт миссиясының жауап­кершілігі мен міндетін алға алып жүрген еліміз­дің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қа­нат Саудабаевтың өз тарихи дамуында ұзақ жыл­дар­дан бері тыныштықты ұмытқан Ауғанстаннан бас­тап, Таяу Шығыс елдеріндегі шиеленістер, Таулы Қа­рабақ, Грузия, Осетия, Абхазия, Приднестровье сияқты елдердегі тыныштықты қалыптастыруға көп күш жұмсады. Кешегі көршілес қырғыз еліндегі саяси бере­кесіздік тұсында ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бірінші күннен-ақ АҚШ пен Ресей Президенттері Б.Обамамен және Д.Медведевпен бірлесе отырып, Қыр­ғызстандағы дағдарыс жағдайын жақсартуда жігерлілік көрсетіп, осы елдің ішінде азамат соғысының тұтануы­на жол бермеді. ЕҚЫҰ төрағасы және бауырлас елдің бірінші басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы саяси және экономикалық тұрғыдан қайта өрлеуі бағдарламасын ұсынып, халқын қалыпты өмір сүруге шақыруы “елдестірмек – елшіден” деген қазақ халқы даналығының айтылар орынды жері болды деп білемін. Алдағы Астана Саммиті Елбасының халықаралық қоғамдастық тарапынан әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту, Батыс пен Шығыстың арасындағы қарама-қайшылықтарды шешуге бағыттап отырған саясаты өз мақсатына жетеріне бүгінде ешкім күмән келтіре алмас. Осыдан 35 жыл бұрынғы Хельсинки қорытындысы әлемде бейбітшілік пен тыныштық мәселелерін алға тартса, Астана Саммиті бүгінде мың тарау болып осы отырған мәселені жаңа тарихи жағдайда қайта өрлетуді мақсат тұтары сөзсіз. Ел өміріндегі осындай халықаралық жоғары мәні бар бағалы бастамалар әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш, үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Ел атынан ер шығып, әлемді бәтуаға бастаса, одан артық мәртебе, одан асқан абырой бар ма?! Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні әлемдік саясат­тың сәйгүлігін мініп, тізгінін қолына берік ұстаған ұлы саяси тұлғаға айналып, замана көшбасшысы деңгейіне же­тіп отыр. Ал 55 елдің президенттері соңғы рет осы­дан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда жиналып, одан кейін бас­қосудың сәті түспесе, қасиетті қазақ жері осы олқы­лықтың орнын толтырғалы отыр. Келісім барда, шешім болары анық. Бір жылға жуық мерзімде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның жұмысына жаңаша серпін беріп, Төлеби ба­бамыздың “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деген ғаламат ойын әлемге дәлелдеді. Ал бүгінгі жаһандану заманындағы мақсат біреу, ол – әлемнің тыныштығы. Нагасаки мен Хиросиманың қайталанбауы. Ядролық қарудың шектелуі. Лаңкестікке жол бермеу, есірткіні тоқтату. Тасығанды сабырға шақыру, қысылғанға қолұшын беру. Орынсыз мылтық кезеп, ойланбай оқ атпау. Осылайша, жаһан деген жұмыр жерде ана мен баланың бейбіт өміріне, халықтардың тыныштығына араша түсу. ЕҚЫҰ төріндегі төреліктің міндеті де осы. Қазақ­стан осы жауапты міндеттердің үдесінен шыға білуде. Осы­ның барлығына ұйытқы болып, елін кемел келе­шекке жетелеп отырған Елбасының ерен еңбегі жан­сын, алға қойған міндеті ақталсын. Еліміздегі бар тір­лік­ке тіреу болып отырған көпұлтты Қазақстан халқы­на татулық пен ынтымақ, береке мен бірлік берсін. Жастар жасампаз елінің жарқын істерін мақтан тұтсын. Астана Саммитіне келер қадірменді қонақтар қонақжай халқымыздың дарқан көңіліне куә болып, дастарқанынан дәм татып, сөз байласқан сертіне берік, қол алысқан уәдесіне мығым болатындығына сенім мол. Қырғызәлі ТІЛЕУОВ, Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бастығы. ТАРАЗ. * * *

ТАБЫСТАРЫМЫЗДЫ ТАНУ БЕЛГІСІ

Орал МҰХАМЕДЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің Төрағасы: – ЕҚЫҰ Саммиті Қазақ­станның жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа лайықты үлес қоса алатын беделді мем­ле­кетке айналғанын көрсетеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етуі аясында өтіп жат­қан ағымдағы жыл еліміз үшін ерекше маңызды. Осындай беделді халықаралық Ұйымға төрағалық етудегі табысымыз да аз емес. Оған алдағы жел­тоқ­сан айында өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшы­ла­рының саммиті дәлел. Қазақ­станда мұндай саммит өткізу туралы шешім қабылдау оның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамудағы қол жеткізген жарқын табыстарын объективті түрде тану болып табылады. Сонымен бірге, бұл шара еліміздің жаһандық қауіп­сіздік пен ынтымақтастыққа лайықты үлес қоса алатын бе­дел­ді мемлекетке айналғанын айғақтайды. Мұның барлығы еліміздің әлеуметтік бет-бейнесін қалып­тастырып, іргесін нығайтуға баға жетпес үлес қосқан Елба­сының еселі еңбегінің нәтижесі екендігі анық. Сондай-ақ мұ­ның өзі Нұрсұлтан Назарбаев­тың әлемдік ауқым­да­ғы Мем­ле­кет басшысы ретінде таны­лып отырғанын көрсетеді. * * *

МЕМЛЕКЕТ АТЫН ӘЙГІЛЕЙТІН БАСҚОСУ

Қанат САУДАБАЕВ, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі: – ЕҚЫҰ Саммиті Қазақ­стан елордасының атын халық­аралық қатынастардың тарихы­на мәңгілік жазады. Мен Ота­нымыздың 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мәселелері жө­нін­дегі мемлекеттік комис­сия­ның отырысында Ұйымның алдағы саммитінің маңызын осылай бағаладым. Түйіп айт­қанда, Астанада саммит өткізу жас мемлекеттің тәуелсіздіктің аз­даған жылдарында әлеумет­тік-экономикалық және қоғам­дық-саяси дамуында қол жет­кізген тамаша табыстарын әділетті және шынайы бағалау деп білемін. Ал отырыстың күн тәрті­бінің басты мәселесі Елбасы Н.Назарбаевтың Ақордада та­мыздың 16-сында болған ке­ңес­те Астанада 2010 жылғы жел­тоқсанның 1-2-сі күндері өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне әзір­лік жөніндегі нұсқаулары бой­ынша не істеу керектігін ай­қын­дау болып табылды. Сон­дық­тан отырыста осы ірі халықаралық форумға әзірлік және оны өткізу мәселелерін жан-жақты қарастырып, тиісті мемлекеттік органдар басшы­ларына нақты тапсырмалар бе­рілді. Бұл жерде Сам­мит­ке Ұйымға қатысушы 55 ел­ден және ЕҚЫҰ-ға әріптес 12 мемле­кеттен президенттер, сондай-ақ негізгі халықаралық ұйымдардан басшылар келеті­нін бір сәт те естен шығармауға тиіспіз. * * *

ЕЛІМІЗ ҮШІН ҮЛКЕН МЕРЕЙ

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары: – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның саммитін Астанада өткізу туралы шешім – нағыз тарихи шешім. Себебі, бұл саммиттің елордада өт­кізілуі Елбасымыз, пар­тия­мыз­дың Төрағасы Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы Назарбаевтың халықаралық беделіне, әлемдік бастамалары­ның нақты көр­сет­кішіне және Қазақстанның осы Ұйымға төр­аға­лық ету жұмы­сына берілген оң баға деуге бо­лады. Бұл біздің еліміз үшін, хал­қымыз үшін өте үлкен мерей, өте үлкен мәртебе. 2010 жылы ЕҚЫҰ құрыл­ға­нына 35 жыл толды, 56 мем­ле­кет оған мүше. Алыстағы Ав­стра­лия да оның қатарына ену­ге тілек білдіріп отыр. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­лары­ның соңғы саммиті 1999 жылы Ыс­тамбұлда өтті. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сам­мит­тің Астанада өтуіне толық қол­дау білдірді. “Біз Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ұсынысын қол­даймыз. Біз мұн­дай жоғары деңгейдегі жиынның мазмұны мен маңызына сай қажетті дай­ын­дық жасауға назар аудара­мыз”, делінген Афинада өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер cыртқы істер министрлерінің кездесуін­де. Бұл – Қазақстан төрағалы­ғы­ның ұтымдылығына үлкен сенім артылып отырғанын айғақтайтын факт. * * *

АУҚЫМДЫ ШАРАҒА 4 МЫҢ ПОЛИЦЕЙ ТАРТЫЛАДЫ

Астанада ЕҚЫҰ саммиті ке­зінде құқықтық тәртіпті 4 мың по­лицей қамтамасыз ететін болады. 2 мың қызметкер өңірлерден тартылады. Толықтай алғанда, сырттан келе­тін­дердің жалпы саны 5 мың адам­нан асатыны белгілі болып отыр. Мәселен, Астанада желтоқсан­ның 1-2-сі күндері өтетін саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 55 елден мемлекет басшылары мен үкімет басшылары, серіктес 12 мемлекет басшылары және 55 халықаралық ұйымдардың, 700-ден астам БАҚ өкілдері, 500 үкіметтік емес ұйымдар, 110 ЕҚЫҰ хатшылығының қызметкерлері мен 800-дей алып жүрушілер келеді деп күтілуде. Осыншалықты  адам ағынының қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай шаруа болмаса керек. Сондықтан бұл маңызды мәселеге үлкен мән беріліп отыр. “Егемен-ақпарат”. * * *

ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қа­тысушы мемлекеттердың Сам­митін өткізу жөніндегі ше­шімді тарихи оқиға ретінде қа­былдадық. Бұл – біздің елдің бар­лық саладағы толайым та­быс­тарына берілген жоғары баға. Тәуелсіз мемлекетіміздің ғаламдағы толымды аяқ алы­сы, Тұңғыш Президентіміздің баянды бастамалары өз жемі­сін беруде. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы әлемдік қауым­дас­тықтағы беделімізді бұрын­ғы­дан да биік тұғырға көтерді. Со­ның бір айғағы – Азия және ТМД мемлекеттері ара­сын­да тұңғыш рет осы ұйым­ның Саммитін өткізуіміз дер едік. Елбасы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осыған байланысты жасаған мәлімдемесінде: “Ендігі жерде оны дайындау мен ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз етудің ма­ңы­зы зор”, деп атап көрсетті. Бұл баршамыздың, нұротан­дық­тардың алдына қойылған жауапты міндеті екендігі белгілі. Өйткені, ел мен Елбасы ұстан­ған бағыттың дұрыстығы жігері­міз­ді тасытып, жаңа істерге қуат-қайрат қосатынына сене­міз. Сондықтан тарихи оқиға қарсаңында халқымыз өзінің жасампаз әрі екпінді іс-қимы­лы­мен өнеге танытатыны анық. Дулат ЖҰРЫМБАЕВ, “Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары. Ақмола облысы. * * *

АБЫРОЙ БИІГІНЕН КӨРІНЕ БЕРЕЙІК

Биыл – Қазақстан үшін ең абыройлы, ең жауапты жыл. Себебі, түркі тілдес елдер арасында да, ТМД мемлекеттері арасында да Қазақстан алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетті үлкен абыроймен ат­қа­руда. Осынау мәртебелі де жауапты ұйым­ның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанның атқарып отырған міндеті де, өзге елдерге көрсеткен үлгі-өнегесі де ерекше. Өйткені, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына үлкен дайындықпен кірісті. Бір жағынан Қазақ­станның төрағалығы реттелуі кезек күттір­мейтін халықаралық жанжалдардың тым тереңдеп бара жатқанымен тұспа-тұс келді. Мұны, әсіресе, көрші мемлекет –Қыр­ғызстандағы саяси-әлеуметтік мәселемен байланыстырып айтып отырмыз. Таулы Қарабақ жанжалына да қатысы бар. Қырғызстандағы жағдай ушыға бас­та­ған­да-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен қолұшын созды. Сөй­тіп, ежелгі бауырлас халықтың абдыраған сә­тінде моральдық тұрғыдан да, эко­но­микалық тұрғыдан да қолдауын көрсетуден аянған жоқ. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы елге арнайы сапармен барып, ішкі-сыртқы күштер арқылы тұтанған саяси кикілжіңді реттейтін оң қадамдар жасады. Бұдан өзге Ауғанстандағы, сонымен бірге Таулы Қа­ра­бақтағы ахуалдардың күрмеуі қиын ше­ші­мін тарқатуға тың талпыныстар жасал­ғанына ұйымға мүше елдердің сыртқы істер ми­нистрлері қатысқан Алматыдағы сам­митте орынды баға берілді. Енді міне, алдағы желтоқсан айында елор­дамыз – Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларының қатысуымен үлкен саммит өткелі отыр. Бұл саммиттің өтуі­не әлем елдері түгел дерлік қолдау біл­ді­ріп, ерекше қызығушылық танытуда. Өйткені, ХХІ ғасыр басталғалы бері дәл мұн­дай саммит өткізілген жоқ. Міне, сол олқы­лық­тың орнын Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың игі идеясы толтырмақ. Астана Саммиті – әлемдегі ең ерекше басқосу. Себебі – сан алуан. Біріншіден, бұл жаһан жұртына ядролық қарудан өз ер­кімен бас тартып, бір елдің ғана емес, бүкіл адамзаттың бейбіт өмір сүруін қалайтын Нұр­сұлтан Назарбаевтай прогресшіл көш­бас­шысы бар Қазақстанда өтеді. Екіншіден, бұл тек бір мемлекеттің бейбіт жолмен өр­кен­деуін ғана мақсат етпей, бүкіл әлем ел­де­рін дүрдараз еткен халықаралық ауқым­дағы ең қиын жанжалдарды реттей білетін Нұрсұлтан Назарбаевтай ақылды саясат­ке­рі, кемеңгер басшысы бар жаңа Қазақ­станда өтеді. Үшіншіден, ЕҚЫҰ-ға төраға­лық кезінде кең талқыға түскен мәселелер тек сыртқы істер министр­лерінің ғана емес, енді 56 мемлекеттің басшыларының наза­рына тікелей ұсы­нылады. Сол себептен Астана Саммитінде Қазақстанның оң идея­лары ұйымға мүше елдер басшыларынан да қолдау таба­тын­дығы дау тудырмайды. Міне, елордамызда өткелі отырған сам­мит­тің маңызын осылайша тарқата беруге болады. Қалай айтқанда да, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен өтетін саммитті ұйымның барлық мүше елдерінің қолдауы – Қазақ елі үшін үлкен абырой! Саммиттің ең басты ерекшелігі – Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяшыл, тәжірибелі саясаткерлігін, Қазақстанның татулығы мен бірлігі жарас­қан, саяси және экономикалық әлеуеті тұрақты мемлекет екендігін барша жаһан жұртының мойындауы. Әйтпесе, демо­кратиялық өркендеудің талай өткелегінен өткен өркениетті елдердің басшылары Астана Саммитіне қолдау білдірмеген болар еді. Ендеше, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне, Қазақстандай тәуелсіз еліміздің кемел келешегіне көрсетілген үлкен абыройдың биігінен көріне берейік. Есен ТАСҚЫНБАЕВ, Атырау облысының құрметті азаматы.