Бұдан 20 жылдай бұрын атом сынақ полигонын жауып, ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем тыныштығы жолындағы күресті жалғастыра отырып, жаһандық екі соғыстың отын лаулатқан Еуропаның іргелі ұйымына Қазақстанның төрағалығы кезінде Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістік елдерінің Астана Саммитін өткізуге қол жеткізуі әлем халқының ертеңгі күнге деген сенімін нығайтқан ерен ерлік болды.
ЕЛ БАСЫНА ҚОНҒАН БАҚ
Астана Саммиті еліміз үшін үлкен абырой ғана емес, оны өткізу елдігімізге елеулі сын да болмақшы. Сол сынның салмағы көбірек түсер бір тұсы – бұқаралық ақпарат құралдарында Саммитке әзірліктің және оның өзінің өту барысының көрсетілуі. Кеше Байланыс және ақпарат министрлігінде осы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне ақпараттық қолдау жасау мәселелеріне байланысты жиын өтті. Оған Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Сыртқы істер вице-министрі Константин Жигалов, сондай-ақ еліміздегі республикалық жетекші басылымдар мен телеарналардың басшылары қатысты.
Жиында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев сөз алып, осынау ірі іс-шараны ақпараттық тұрғыдан қолдауда қолға алынып жатқан шаруаларға тоқталды. Желтоқсан айының басында Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті өтеді. Бұл жиынға әлемдегі 55 мемлекеттің басшылары және 60-тан астам халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. Саммит – қазақстандықтардың патриоттық сезімін күшейте түсетін оқиға, ол – халқымыздың үлкен қуанышы, мақтанышы. 11 жылғы үзілістен кейін өткізіліп отырған бұл Саммиттің маңызы ерекше. ЕҚЫҰ Саммиті біздің қоғамымызды одан сайын тығыз топтастыруға қызмет етеді. М.Әшімбаев бұдан соң Саммитті ойдағыдай өткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше маңызды екенін атап өтті. Баспасөзде, телеарналарда осындай жиынның ұйымдастырылуы Қазақстанның ерекше жетістігі екені нақты көрсетілгені жөн. Әрбір қазақстандықты мақтаныш сезімі бөлейтін, бір болсақ біздің алмайтын асуымыз жоқтығын танытатын бұл іс-шара отандастарымыздың патриотизмін нығайта түсуге зор септігін тигізуге тиіс. Саммит күндерінде арнаулы баспасөз орталығы жұмыс істейді. Телеарналардың сол тұста бағдарламалар кестесіне қажетті өзгерістер енгізуі, шетелдік қонақтарға Қазақстанның тарихы, табиғаты, халықтың салт-дәстүрлері, өнері туралы тағылымды деректі фильмдер көрсеткені орынды болмақ. Олардың бірқатары прайм-тайм уақытына, ағылшын тілінде салынғаны да артық етпейді. Саммитке 500-ден астам халықаралық ұйымдардың, 1500-ге жуық әлемнің жетекші басылымдары мен телерадио агенттіктерінен өкілдер қатысады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Саммитке 6 мыңнан астам қонақ келеді.
Жиында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев та сөз алып, осы шараға орай арнайы медиа-жоспар жасалғандығын атады. Бүгінде телеарналарда осыған байланысты кинофильмдер дайындалып жатыр. Астана Саммитін қазақ, орыс тілдерінде ғана көрсету жеткіліксіз, оны шетелдерге де жедел тарату қажет. Оған “Каспионет” телеарнасының мүмкіндігін пайдалану керек. Жұмыс екі кезеңде атқарылады. Оның біріншісі – дайындық кезеңі, мұнда Саммитке әзірліктің барысы көрсетіліп, мән-маңызы ашылатын материалдар жариялануы жөн. Екінші кезең – Саммиттің өзі. Мәулен Сағатханұлының Саммит күндерінде телехабарлар кестесінің біршама өзгертілуі керек деген ойы орынды. Бәлкім, елдің жетекші телеарналарында сол күндері жаңалықтар ағылшын тілінде де беріліп қалуы мүмкін.
Жиында Сыртқы істер вице-министрі Константин Жигалов та сөз алды. Ол Саммитті ұйымдастырудың жоғары деңгейде өтіп жатқанын атады. Астана Саммиті – жетінші Саммит. Бұл жиынның шақырылуы бүкіл Орталық Азия үшін үлкен табыс болып табылады. Сонымен қатар, 11 жылдан кейін шақырылған Саммит – Ұйымның өзі үшін де табыс. Осынша уақыт мұндай жиынның өткізілмеуі Ұйымның жұмысында алаңдатарлық жайлар бар екенін онсыз да аңғартып тұрған еді. Қазірдің өзінде Қазақстан төрағалығының арқасында, Қазақстанда Ұйым Саммитінің өткізілетін болғанының арқасында бүкіл әлемде біздің елімізге бөлекше құрметпен қарайды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның үш себетін қатар, бірдей етіп толтыру талабы бар тараптан қолдау тауып отыр. Бұрын еуропалық елдер Ұйымға төраға болған кезде кейбір даулы мәселелерде біржақты көзқарас байқалса, қазір Қазақстанның қандай жайға да алаламай қарайтынын барлық мемлекеттер атап айтуда. Ең бастысы, біз бұл табысқа еліміздің биік беделінің, Елбасымыздың мінсіз абыройының арқасында жетіп отырмыз, осы жағы да есте тұрғаны жөн, деді Константин Жигалов.
Жиында, сондай-ақ бірқатар жетекші БАҚ басшылары сөз алып, Саммитке байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
“Мәулен Сағатханұлының “Саммит – қазақстандықтардың патриоттық сезімін күшейте түсетін оқиға”, “Астана Саммиті – халқымыздың үлкен қуанышы, мақтанышы” деген ойларын өте қолдаймын, дәл осы тезистерді тарата түскім келіп отыр”, деп бастады жарыссөзге алғаш шыққан “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов. Бақыт категориясы көп мағыналы. Махаббат қуанышы, бала-шағаның қызығы, табысқа қол жеткізу, алға қойған мақсаттың орындалуы… бұлардың бәрі де бақыттың белгілері. Асылы, бір басыңның бақытын еліңнің бақытымен байланыстыра, біртұтас қарай алсаң ғана кемел кісілікке беттей білген боласың. Ең баянды бақыт – еліңнің бақыты. Ең биік мәртебе де, ең мәнді, ең мәңгі мәртебе де мемлекетіңнің мәртебесі, деп ой толғаған С.Абдрахманов Америка демократиясының атасы Т.Джефферсон “Тәуелсіздік декларациясында” мемлекет бақытқа ұмтылуға тиіс екенін айтқанын еске салды. Тәуелсіздік алғанына жиырма жыл да тола қоймаған шағында осындай аса беделді Ұйымға төрағалық еткен, төрағалық етіп қана қоймай, сол Ұйымның 11 жылдан бері өткізілмей келе жатқан Саммитін ұйымдастыруға қолы жеткен Қазақ елі дәл осы кезеңде өз тарихының ең бір бақытты шағын бастан кешуде дей аламыз. Біз, журналистер, Саммитке дайындықты көрсету, Саммиттің жұмысы жайында жазу туралы әңгіме еткенде ең алдымен халқымыздың басына қонған осы бақыт құсының қадір-қасиетін танытуды ойлауға тиіспіз. Әр оқырман, әр көрермен, әр тыңдаушы біздің мақалаларымыз, хабарларымыз арқылы бұл оқиғаның қандайлық тарихи оқиға екендігін, бұл күнге қол жеткізу ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі, шын мәніндегі ел үшін жасаған ерлігі екендігін жан-жүрегімен сезінетіндей етуіміз керек. Ерлік деген жеңіл-желпі айтылып жатқан сөз емес. Мен осыдан бір айдай бұрын ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевпен сұхбат жасадым. Ол сұхбат “Казахстанская правдаға” қатар шықты, барлық облыстық газеттерде қазақ, орыс тілдерінде басылыпты. Ол үшін министрлікке рахмет. Сол сұхбатта Қанат Бекмырзаұлы Президенттің АҚШ-қа сапары кезінде Ақ үйдің сол кездегі қожайыны Джордж Буштың әуелде Қазақстан төрағалығына қарсы екенін аңғартқанын, Елбасымыздың темірдей берік ой қисындарынан кейін ғана райынан қайтқанын әңгімелеп берген. Басқа мемлекеттердің біздің елдің кандидатурасына бірауыздан дауыс бергені сол елдердің басшыларымен Қазақстан Президентінің нақты әңгімелерінен кейін болғаны түсінікті. Саммит шақырудың қандайлық қиындығын айтып жатудың өзі артық.
Қазақстан Еуропа төріне көтеріліп, төбебилік құрған, әлемдегі ең сирек шақырылатын, ең мәртебелі жиынды өз елімізде өткізуге қол жеткізген осы жыл – 2010 жыл қазақ тарихындағы ең бақытты кезеңдердің бірі екендігін біз талмай жазуға, айтуға, насихаттауға, осы арқылы әрбір қазақстандықтың бойында елі үшін, Елбасы үшін мақтаныш сезімін орнықтыруға септесуге тиіспіз.
Мұнан кейін бас басылым басшысы Саммиттің жұмысын БАҚ бетінде көрсетуге қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. Жиында, сондай-ақ “Қазақстан” телерадиокорпорациясының президенті Жанай Омаров, “Президент және халық” газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, тағы басқалар өз ұсыныстарымен бөлісті.
Жиынды Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев қорытты. Ол сөзінде қатысушылардың Саммит жөніндегі жауапкершілікті сергек сезінетіндігіне разылығын білдірді. Алдағы оқиғаның мән-маңызын әрбір қазақстандықтың жан-жүрегіне жеткізу журналистерге жүктелер маңызды міндет екенін тағы да қадап айта келіп, Мәулен Сағатханұлы мынандай ойларын ортаға салды. Қазақстан тарихында, қазақ тағдырында трагедиялық сипаттар басым болып келгені белгілі. Атамекеніміздің осындай геостратегиялық сипатына сәйкес біздің бабаларымыз мына байтақ дала төсінде дәйім жан-жақпен санасуға, үнемі мүдделер тоғысында өмір сүруге тиісті болған. Бұл тағдыр бізге де мұраға тиіп отыр. Осындай жағдайда өңірлік мәртебені көтеру елдің стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз тетігі болып табылады. Біз өз қауіпсіздігімізді тек қарудың күшімен қамтамасыз ете алмаймыз. Бізге осындай нәзік тетіктерді біліктілікпен пайдалана білуіміз керек. Саммиттің елімізге инвестиция тарту ісіне қосымша серпін беретіндігін, Қазақстанға туристердің қызығушылығын арттыратынын да ескермеуге болмайды. Айналып келгенде Саммит біздің өзіміздің мына өмірдегі орнымызды айқындауға септеседі.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
----------------------------------
Суреттердіі түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
* * *
“Cозылмалы сырқаттың” сыры
ҚАРАБАҚ ҚАСІРЕТІ: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ
Оңтүстік Кавказ елдерінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнықтырып, Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы басымдықтарының бірі болып табылады. Ұзаққа созылып бара жатқан бұл жанжалдың оң шешілуіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев беделді халықаралық ұйымдардың назарын бірнеше рет аудартқан болатын. Өкінішке қарай, осынау өткір де өзекті мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
Өткен ғасырлар шежіресі не дейді?
Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдан бастап Таулы Қарабақ аумағы Ұлы Арменияға қараған және ол көптеген ғасырлар бойы Арцах провинциясының бір бөлігі болып келген. Біздің дәуіріміздегі ІV ғасырдың соңында бұл аумақ вассалдық мемлекет – Кавказдық Албания ретінде Персияның құрамына кірген. Ал VІІ ғасырдың ортасы мен ІX ғасырдың соңында арабтардың, ІX-XVІ ғасырларда Хачен феодалдық армян князьдығының қол астында болған екен. Кейіндеп, яғни XVІІІ ғасырдың екінші жартысында Таулы Қарабақ Панах Әли хан негізін қалаған Қарабақ хандығына, ал 1813 жылы аталған аумақ Қарабақ хандығының құрамында Ресей империясына қосылыпты.
1918 жылдың мамырындағы төңкерістік жағдайларға және Ресей империясының құлауына байланысты Закавказьеде үш мемлекет – Грузия демократиялық республикасы, Армения республикасы және Әзірбайжан демократиялық республикасы өз егемендіктерін жариялағандары тарихтан белгілі. Осы тұста атап өтейік, сол кездегі аумақтық бөліністе де Қарабақ Әзірбайжанның құрамында болған-ды. Бірақ Қарабақтағы армян тұрғындары Әзірбайжан өкіметіне бағынудан бас тартып, 1918 жылдың 22 шілдесінде шақырылған Қарабақ армяндарының бірінші съезінде Қарабақты тәуелсіз Таулы Қарабақ әкімшілік-саяси бірлік ретінде жариялап, өздерінің халықтық өкіметін де сайлап жіберген.
Бұл Әзірбайжанның наразылығын туғызды әрі екі ел қарулы жасақтарының қақтығысына апарып соқтырды. Ал өңірдегі қақтығыс Әзірбайжанда Кеңес өкіметі орнап, 1920 жылдың сәуірінде Қарабақ, Зангезур және Нахчывань аумақтарына Әзірбайжан мен кеңес әскерлері кіргізілгеннен кейін ғана тоқтады. Міне, бұл армян-әзірбайжан жанжалының шығу тегі әріде жатқанын білдірсе керек.
Бірқатар деректер Таулы Қарабаққа қатысты мәселелердің барлығы сол кездегі Кеңес өкіметі басшыларының ұстанған ішкі саясатына сәйкес шешіліп келгендігін көрсетеді. Мысалы, Әзірбайжан ревкомы өзінің 1920 жылғы 30 қарашадағы декларациясында Зангезур мен Нахчывань аумақтарын Советтік Арменияның бөлігі деп танып, Таулы Қарабақтың өзін-өзі билеуіне құқылы екендігін ұсынған. Ал Кавказ бюросы ОК-нің 1921 жылғы 5 шілдеде өткен пленумында Таулы Қарабақты Әзірбайжанның құрамына кіргізу және оған кең ауқымда облыстық автономия беру туралы қаулы қабылдаған. Жалпы, Таулы Қарабақ құжат жүзінде бірде Арменияға, бірде Әзірбайжанға беріліп отырғаны байқалады. Кейбір деректерге қарағанда, Армения басшылығы Таулы Қарабақты өздеріне беру жөнінде жиі-жиі мәселе көтеріп отырған. Бірақ ол Орталықтан қолдау таппаған. Ондағы қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты өткен ғасырдың 60-шы жылдары жаппай тәртіпсіздіктер де орын алған. Оның астарында Таулы Қарабаққа қатысты мәселе жатқаны жасырын емес.
Таулы Қарабақ проблемасы қалай тұтанды?
Бұл проблема өткен ғасырдың соңында, нақтырақ айтқанда, 1987 жылдың соңы мен 1988 жылдың басында қайтадан бас көтерді. Сол жылдары КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачевтің басшылығымен кеңестік қоғамды демократияландыру саясаты жүзеге асырыла бастаған болатын. Оның үстіне он бес республиканы біріктірген елдің экономикалық жағдайы тым нашар еді. Демократияны алға тартып, Таулы Қарабақ автономиялы облысындағы әлеуметтік-экономикалық қиын жағдайға қанағаттанбағандық білдірген армян тұрғындарының қатары көбейе түсті. Уақыт өте олар қанағаттанбағандық сезімдерін жиналған жерлерде ашық білдіре бастады. Оның соңы Әзірбайжан басшылығы Армения мен Таулы Қарабақ арасындағы мәдени байланыстарға әдейі тосқауыл қойып отыр деген айыптауларға ұласты. Сөйтіп, 1987 жылғы қазан айының соңында Еревандағы экологиялық проблемаларға арналған митингіде Таулы Қарабақ автономиялы облысын Арменияның құрамына беру керек деген талап ұзақ жылдардан кейін қайта жаңғырды.
Көпшілікті ереуіл ұйымдастыруға, аштық жариялауға шақырған мұндай жиындар Таулы Қарабақ аумағындағы аудан орталықтарында да, Арменияның кейбір қалаларында да бой көрсетіп жатты. Ақыры 1988 жылдың ақпанында Әзірбайжан Республикасына қарайтын Таулы Қарабақ автономиялы облысы аумағында сан жағынан басымдыққа ие армян халқы өздерінің Әзірбайжаннан бөлініп шығатыны жөнінде мәлімдеді. Бұл мәлімдеме онсыз да ушығып тұрған армян-әзірбайжан кикілжіңін одан әрі қиындатып жіберді. Армения аумағынан әзірбайжандарды, Әзірбайжан аумағынан армяндарды қуу үрдісі кең етек алды. Олардың тұрған үйлері өртелді, қиратылды. Тіпті, Ереван қаласындағы мұсылман мешіті толық жермен-жексен етілген деген де дерек бар.
Арада үш жарым жылдай өткенде, яғни 1991 жылдың қыркүйегінде олар Таулы Қарабақ автономиялы облысының шекарасы аумағында Таулы Қарабақ республикасы құрылғандығын, сондай-ақ оның құрамына көршілес орналасқан әрі армяндар көп тұратын Әзірбайжанның елді мекендері де қосылғандығын жария етті. Бұл мәлімдемені әзірбайжандар елдің аумақтық тұтастығына қол сұғушылық деп қабылдап, оны заңсыз акт деп таныды.
Таулы Қарабаққа байланысты мәлімдемеден туындаған, бүгінде Әзірбайжан мен Арменияның ең ауыр бас ауруына айналған “созылмалы сырқат” осылай басталған болатын. Жер дауынан басталып, мыңдаған бейбіт тұрғынды босқынға ұшыратқан жанжал кейін тағы да қарулы қақтығысқа ұласты. Қарулы бұл қақтығыстар 1994 жылға дейін созылды. Ресми емес мәліметтерге қарағанда, жанжал салдарынан 300-ге жуық адам опат болған. Оның көпшілігі бейбіт тұрғындар.
Таулы Қарабақ жанжалының тұтанғанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Содан бері шекаралас жатқан Армения мен Әзірбайжан бір-бірімен мүлде қатынас жасамайды. Темір жол, автокөлік және әуе жолы қатынастары әлдеқашан тоқтаған. Шекаралары тарс жабық. Осының салқыны көптен бері екі елдің қарапайым тұрғындарына, екі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етуде.
Қарабақ жанжалын реттеудегі Минск тобының рөлі
Кезінде жақын көрші ретінде танылып, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болған Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты проблеманы бейбіт жолмен реттеу мәселесіне 1992 жылдан бастап беделді халықаралық ұйымдар, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да араласа бастады. Бұл жерде ЕҚЫҰ-ның Минск тобының ұсыныстарына сүйенген дұрыс деп есептейді. Ал АҚШ, Ресей және Франция тең төрағалық ететін Минск тобы Армения мен Әзірбайжан арасындағы проблеманы тек келіссөздер жүргізу арқылы реттеу қажеттігін ұстанады. Өйткені, алты-жеті жылға созылған Армения мен Әзірбайжан арасындағы қарулы қақтығыс ЕҚЫҰ-ның араағайындық танытып, Минск тобының араласуымен ғана тоқтатылған болатын.
Осы тұста АҚШ, Ресей және Франция тең төрағалық ететін Минск тобына тоқтала кетейік. Жер дауынан басталған Армения – Әзірбайжан қақтығысы ұзаққа созылып бара жатқан соң, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Таулы Қарабақ проблемасына қатысты халықаралық конференция шақыруды ұйғарған еді. Конференцияны шақыру туралы шешім 1992 жылдың 24 наурызында Минск қаласында өткен ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше отырысында қабылданды. Ал конференцияға дайындық мәселелерімен тоғыз мемлекет – Болгария, Германия, Италия, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Чехословакия және Швеция айналысты. Бұл елдер негізінен Армения мен Әзірбайжан арасындағы қарулы қақтығысты реттеудің жолдарын қарастырды. Сөйтіп, сол жылы шақырылған халықаралық конференцияда Армения мен Әзірбайжан арасындағы қарулы жанжалды реттейтін Минск тобы тең төрағаларының институты құрылды.
ЕҚЫҰ аясында жұмыс істейтін Минск тобының негізгі мақсаты – Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету және жанжалдасушы тараптар арасындағы түсіністіктің сақталуын бақылау. Осыны басшылыққа ала отырып 1993 жылы Минск тобы Әзірбайжан мен Арменияға “Анықтау кестесі” деген атаудағы даулы аумақтарды реттеудің жоспарын ұсынған болатын. Өкінішке қарай, бұл жоспарды ресми Баку де, Ереван да қабылдамай, қарулы қақтығысты әрі қарай жалғастыра берді. Арада бір жылдай уақыт өткенде шетін осынау мәселеге Ресей арағайындық танытып, тараптар атысты тоқтату туралы ресми емес келісімді сақтауға уағдаласты. Бір жақсысы, осы келісімді Армения да, Әзірбайжан да бүгінге дейін сақтап келеді.
Жер дауына байланысты туындаған екі ел арасындағы қарулы қақтығыс осылайша тоқтатылған еді. Енді ЕҚЫҰ-ның алдында Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен шешу мәселесі тұрды. Уақыт оздырмай қолға алмаса, қарулы қақтығыс қайта басталып кетуі мүмкін. Оны алдын алудың, болдырмаудың бірден-бір жолы – Минск тобының қолға алған іс-шараларын әрі қарай жалғастыру. Минск тобы бұл мақсат-міндетті сол кездердегі жағдайларға қарамастан, өз деңгейінде жалғастыра білді. Соның нәтижесінде қарулы қақтығысқа екінші қайтара жол берілмеді.
Соңғы жылдары Минск тобының Таулы Қарабақ мәселесін реттеуге қатысты жұмыстарды белсенді жүргізе бастағаны байқалады. Мысалы, өткен жылы Армения мен Әзірбайжан президенттері алты рет кездесті. Ал биылғы жылы Сочиде Ресей, Әзірбайжан және Армения президенттері оңаша кездесіп, Таулы Қарабақ проблемасын реттеу мәселелерін талқылаған еді. Екі елдің басшылары бұған дейін де үш-төрт рет кездескен болатын. Оның бірі – 1999 жылдың сәуірінде Вашингтонда, екіншісі – 2001 жылдың наурызында Парижде, үшіншісі –2006 жылдың ақпанында Парижде, ал төртіншісі – 2008 жылдың қарашасында Мәскеуде Ресей Президентінің қатысуымен өткен-ді. Осы кездесулердің ішіндегі ең маңыздысы, Мәскеу кездесуі дер едік. Өйткені, бұл кездесуде Ресей, Армения және Әзірбайжан президенттері Таулы Қарабақ жөніндегі декларацияға қол қойды.
Президенттердің бұл кездесулерінің өтуіне Минск тобы тікелей ұйытқы болғанын және мүмкіндігінше ықпал еткенін атап өткен жөн. Жалпы, қазіргі кезде Қарабақ мәселесін реттеуге қатысты екі елдің де ұсыныс-ұстанымдары бірте-бірте айқындалып келеді. Екі тарап та іштей Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен шешуді қалайды. Оны қарудың күшімен емес, келелі келіссөздер жүргізу арқылы ғана реттеуге болатыны әлемдік тәжірибеде талай мәрте дәлелденген.
Шоқты үрлеу емес, өшіру мақсат
Осы жылғы ақпанның ортасында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан, Армения және Грузия мемлекеттеріне сапармен барып қайтқан еді. Сапардың басты мақсаты – кезінде белгілі жағдайларға байланысты “ыстық нүктелер” атанып, кейін оның соңы қарулы жанжалдарға соқтырған Армения мен Әзірбайжан арасындағы үзілген жіптің қайта жалғануына ықпал ету болатын. Сапар барысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Бакуде де, Ереванда да сол елдердің басшыларымен, сыртқы істер министрлерімен, сондай-ақ саяси партиялардың жетекшілерімен кездесіп, екі мемлекетке ортақ проблема – Таулы Қарабақ жанжалын бейбіт жолмен реттеу мәселесін жан-жақты талқылады.
Қазақстанның Таулы Қарабақ проблемасына байланысты ұстанымы бастапқы кезде-ақ нақты айқындалған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл өткір әрі өте нәзік мәселені тараптардың байыпты келіссөздер жүргізуі арқылы реттеуге болатынын атап көрсеткен-ді. Оның үстіне Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеуге ықпал етуді негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырып отыр. Сонымен қатар, біздің еліміз Армениямен де, Әзірбайжанмен де жақсы қарым-қатынаста. Сол себептен де әзірбайжандық тарап бұл мәселеде Қазақстанға үлкен үміт артатындықтарын ашық білдірді. “Кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Таулы Қарабақ мәселесіне байланысты Әзірбайжанға арнайы келген еді, – деген болатын Әзірбайжанның Сыртқы істер министрі Эльнар Мамедъяров Қанат Саудабаевпен Бакудегі кездесуінде. – Қазақстан бұл проблемамен жақсы таныс. Сондықтан да Әзірбайжан Қазақстанға үлкен үміт артады”.
Ұйымның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев сол сапарында осы елдегі саяси партиялардың жетекшілерімен де кездескен-ді. Сонда “Демократиялық Әзірбайжан” партиясының төрағасы Асим Мулла-Заденің былай деп айтқаны есімізде: “Әзірбайжанның аумақтық тұтастығы бұзылды. Армяндардың қарулы жасақтары Таулы Қарабақты басып алды. Мыңдаған әзірбайжан туған жерлерінен қуылып, босқынға айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясы бірнеше мәрте қарар қабылдағанымен, Армения билігі оны мойындамай келеді”.
Қазақстан бұл жанжалдың шығу тарихын жақсы біледі. Сондықтан да сонау 1991 жылы Таулы Қарабақ проблемасын реттеу мақсатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельцин арнайы кездескен болатын. Содан бері Қазақстан басшысы осы өткір мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне ұдайы қолдау көрсетіп келеді, сондай-ақ оған қатысты жағдайдың беталысын үнемі назарда ұстауда. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясының Таулы Қарабаққа байланысты қарарына келсек, БҰҰ Бас Ассамблеясының бұл құжаты 2008 жылдың наурызында қабылданған. Қарарда танылмаған Таулы Қарабақ республикасынан және армяндар басып алған Әзірбайжанның өзге де аумақтарынан армян қарулы күштерін шұғыл шығару талап етілген. Қарарға 39 мемлекет жақтап, 7 ел қарсы дауыс берген, ал 100 мемлекет қалыс қалған екен. Бір “қызығы”, қарсы дауыс берген жеті елдің ішінде Минск тобының тең төрағалары – АҚШ, Ресей және Франция бар.
Жоғарыда соңғы жылдары Таулы Қарабақ проблемасын реттеуде сәл де болса ілгерілеушілік бар екенін айтқан едік. Оны екі-үш жыл ішінде екі ел басшыларының бір үстелдің басында бірнеше рет кездескенінен, бұған ЕҚЫҰ-ның да белсене араласа бастағанынан көруге болады. Кейбір саясаткерлер осы ілгерілеушілікті Таулы Қарабақ жанжалын реттеуге жасалған нық қадам деп бағалауда. Сондай-ақ жақында Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің Әзірбайжанға ресми сапары кезінде талқыланған мәселелердің бірі Таулы Қарабақ болғандығы да үміт отын жаға түседі.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қазақстан өткен жылы Ұйымға төрағалық еткен Грекияның Таулы Қарабаққа қатысты проблеманы бейбіт жолмен реттеу бастамасын белсенділікпен жалғастырып келеді. Ал көршілес екі елді қырғи-қабақ етіп, жауластырған бұл мәселенің қашан оң шешілетіні белгісіз. Шетін де қиын осынау проблема биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның Астанада өтетін жоғары деңгейдегі Саммитінде талқылануы да мүмкін. Сондықтан да шоқты үрлеу емес, оны өшіру мақсат.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
* * *