15 Қыркүйек, 2010

Альянс Банкінің “HandyPay” қызметі — еліміздегі алғашқы құнды жоба

486 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қандай да бір салада болсын, тұтынушы­ларға көрсеті­­летін қызметтің сапасы жоғары болуы­­мен қатар, оның қолайлы, сондай-ақ тиімділі­гімен ерекшеленуі – бүгінгі таңдағы ең басты талаптардың бірі екендігі сөзсіз. Бұл орайда “Альянс Банкі” АҚ бірқатар іргелі іс-шараларды жүзеге асырып, жаңа жобаларымен ерекшеленуде. Жақында Альянс Банкі Қазақстан нарығында бұрын-соңды болмаған жаңа өнім – “HandyPay” қызметін өз тұтыну­шыларына ұсынды. Соны­мен, ұялы телефон ар­қы­лы есеп-шоттағы қара­жат­тан төлем жасауға мүм­кін­дік беретін “Handy­Pay” қызметі елімізде биылғы жыл­дың қыркүйек айының бірінен бастап іске қосылды. Банк сала­сындағы ең алғашқы инновациялықтың шешім­нің қарапайым тұтынушы үшін қажет­тілігі және қыз­мет­тің өзіндік ерекшелік­тері мен артықшылықтары қандай? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде “Альянс Банкі” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Асқар Дәрушұлы Бишіғаев айтып береді: – Асқар Дәрушұлы, өзіңізге белгілі, жоғары технология қарыштап дамыған қазіргідей заманда сол са­ладағы соңғы жетістіктерді пайдалана отырып, уақытты барынша үнемдеу – қазірде әрбір адамның ең басты қа­жет­тіліктерінің біріне айна­лып отыр­ғандығы жасырын емес. Альянс Бан­кінің жаңа өнімі – “HandyPay” қызметінің негізгі әрі өзекті мақсаты және оның қызмет ауқымы туралы баяндап берсеңіз? – Еліміздегі жетекші банктердің бірі Альянс Банкінің жаңа өнімі көпшілік көңілінен шығады деген се­нім­деміз. Өйткені, оның өзіндік се­бептері де жеткілікті. Ең бастысы, ұя­лы телефон арқылы тұтынушының өз есеп-шотындағы ақшасынан тө­лем жасауға мүмкіндік беретін Han­dy­Pay қызметі қолайлылығымен ерек­­ше­ленуде. Сөз реті келгенде атап ай­тар­лығы, оның тағы бір артық­шы­лығы, тұтынушының өз уақытын үн­ем­деуге, төлемдер мен өзге де опе­рацияларды мерзімінен кешіктірмей шұғыл түрде атқаруға да көмектеседі. Неміс тілінен аударған­да “Hand” сөзі – “қол”, ал “pay” сөзі ағылшын тілі­нен аударғанда – “төлем” деген ұғ­ымды білдіреді. Сөй­тіп, банк клиент­­терінің Handy­Pay қызметі арқылы қол­ма-қол тө­лем жасауына әбден болады. Анығырақ айтқанда, кез келген тұтынушы мобильді төлем қызме­тінің көмегімен өз есеп-шоттарынан өзіне қажетті жерлерге тиісті төлем жа­сай алады. Бұл орайда, ескерте кететін тағы бір жәйт, бұл қызмет күнделікті тұрмыстағы ұсақ-түйек төлемдер үшін өте ыңғайлы. Жасы­ратыны жоқ, жұмысбастылықпен, яғни уақыт тапшылығынан, не болмаса ұмытшақтықтан кейбір төлемдерді уақытында төлей алмай қалатын кездер аз болмайтыны жа­сырын емес. Қарапайым ғана мысал келтірейін. Мәселен, өзіңіздің не­месе балаңыздың немесе жақын туы­сыңыздың, досыңыздың телефо­нындағы балансы таусылып қалған кезде, бұл тұйықтан, оп-оңай шығуға әбден болады. Банктегі өз есеп-шо­тыңыздан шұғыл түрде бірлік ретінде ақша аудару мүмкіндігі де мол. Еліміздегі қаржы институттары арасында тұңғыш рет құнды жобаны жүзеге асырған Альянс Банкі инно­вациялық шешімдер бағытындағы ізденістерді де одан әрі арттыра бер­мек. Көпшілікке белгілі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде Жедел ин­дустриалдық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдарламасы әзір­ленген болатын. Ал, инновациялар ғана еңбек өнімділігінің шұғыл артуына қол жеткізбек. – Сонда бұл көмектер қандай жолмен атқарылады және ұялы телефон арқылы төленетін төлемдер түрі анықталған ба? – Ең алдымен төлем қызметіне ұялы телефонның кез келген өте қарапайым маркасын пайдалануға болатындығын ескерткім келеді. Төлемдер – SMS хабарламалардың тікелей көмегімен атқарылады. Оны таңдаудың басты себебі – бұл қалың көпшілік кеңінен пайдаланатын және өте қолайлы әдіс екендігіне сөз жоқ, өйткені бұл жүйе қолдану­шыдан арнаулы білімді немесе ұялы телефонға арнаулы қосымша қоюды талап етпейді. HandyPay жүйесі қамтитын төлемдерге келсек, оған қызмет көрсететін компаниялардың саны қазірдің өзінде отыздан асып кетіп отырғандығы көп нәрседен хабар берсе керек. Және бұл тізім ұлғая бермек. Олардың арасында Kcell, Actіv, Beel­іne, Neo, Dalacom, Cіty және басқа ұялы байланыс қызметтері және “ІCON” “Секател”, “Алма-ТВ”, “Jet” сияқты кабельді телеви­зия мен интернет байланысын ұсы­натын компаниялар бар. Сонымен қатар, коммуналдық төлемдер бой­ынша “Коммуналдық төлемдер орталығы”, “Шығысэнерготрейдтің” ақысын да өтеуге болады. Мұнымен қоса Алматы технологиялық универ­си­теті, Халық­аралық бизнес акаде­мия­сы сияқты жоғары оқу орын­да­ры­на да төлем жүйесі ашық. Атап ай­­тарлығы, төлем аумағы мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, оған жыл­жымайтын мүлік салығы және жер салығы, автокөлік салығы да енеді. HandyPay қызметін пайдалан­ғысы келген тұтынушылар Альянс Банкінде есеп-шот ашып қоюмен ғана шектелмеуі тиіс. Ол сонымен қатар, міндетті түрде HandyPay жү­йесіне тіркелуі керек. Бір құп­тар­лығы, бұл жаңа сервис Қазақ­стан­ның барлық ұялы байланыс опера­тор­ларының тұтынушыларына қол­жетімді қызмет жүйесі. Клиенттер опе­рацияның түрі, сомасы көр­се­тіл­ген төлем түрін SMS хабарла­ма­сы­мен 2588 нөміріне жібереді. Содан соң төлемнің түскенін нақтылайтын жауапты күтуі қажет екендігі айтпаса да түсінікті. HandyPay қызметіне қатысты толық ақпаратты www.alb.kz немесе www.handypay.kz сайтынан алып, онымен жан-жақты танысуға болады. HandyPay төлем жүйесінің оны пайдаланушылардың жеке мәлімет­терін қорғау деңгейі жоғары екен­ді­гін де атап айтқан жөн. SMS арқылы жіберілетін хабарламаларда клиент­тің төлем картасы, есеп-шотының нө­мірі, яғни жеке мәліметтері ту­ра­лы еш­қандай дерек көрсетілмейді. Сон­дай-ақ, әрбір төлем арнайы жі­бе­­рілетін сеанстық кодпен растал­ғаны шарт. – Асқар Дәрушұлы, әрбір тұтынушы төлем үшін қанша ақша жұмсай алады немесе оған белгілі бір шектеу қойылған ба? – Жоғарыда атап айтылғандай, HandyPay қызметі шағын төлем­дерге арналғандықтан оның тәулік­тік шектеуі де бар. Мұның өзі қауіп­сіздік мақсатында жасалған шара деп түсіну қажет. Бір тәулік ішінде қыз­метті пайдаланушы 30 мың теңгеден артық ақша жұмсай алмайды. Де­ген­мен, қажет болған жағдайда оның кө­лемін 50 мың теңгеге дейін артты­рып алуына әбден болады. Тағы бір айта кетерлік жәйт, HandyPay қыз­меті соншама қымбат емес. Қыз­мет көрсету мен қызметке қосылу тегін жүргізіледі. Клиент тек қана тө­лемдер мен аударымдар үшін ақы­ны банк тарифтеріне сәйкес төлейді. Елімізде алғаш рет енгізіліп от­ыр­ған жаңа жоба – HandyPay қыз­меті Қазақстан аумағында ғана жұ­мыс істейді. Сол себептен де барлық операциялар ұлттық валюта – теңгемен ғана жүргізіледі. Жаңа өнімге SMS қызметі бар кез келген ұялы телефонды пайдалануға мүмкіндік мол. Бұл орайда тағы бір мәселе, кез­дейсоқтық жағдайларды дер кезінде алдын алу қажеттігі әркімге жақсы белгілі. Мәселен, ойда-жоқта ұялы телефоныңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз, бірден ұялы байланыс операторына хабарласу қа­жет. Бұл жағдайда аталған нөмірдің SІM-картасын шұғыл өшіруді, сон­дай-ақ Альянс Банкінің клиенттерді қолдау қызметіне хабарласып, өз есеп-шотыңыздан ұялы телефон арқылы тиісті операциялар жасауды тоқтатудың керектігін ескерткен жөн. Мұндай іс-шаралардан кейін жо­ғалған немесе ұрланған ұялы телефон арқылы HandyPay жүйесімен тө­лемдер жасау тек сіздің өтінішіңізден кейін қайта іске қосылуы мүмкін. Сөйтіп, Альянс Банкі өз клиентте­рінің төлемдер мен есеп-шоттар ар­қы­лы жұмысына арналған жаңа әрі ұт­ымды жағдайларды жасап, ұсынуда. – Әңгімеңізге рахмет. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.