Биылғы жыл – қазақ көркем сөзі мен руханияты үшін айтулы жыл. Бұған себеп – алыптарымыз бен арыстарымыз іргесін қалаған, өткен XX ғасырдың елең-алаң уақытында өмірге келсе де өзінің ұлттық мақсаттар жолындағы міндетін адал атқарып келе жатқан, тарихи кезеңдерде ұлтқа қорған болған Қазақстан Жазушылар одағының және ұйым құрылтайшылығындағы “Қазақ әдебиеті” газеті, “Жұлдыз”, “Простор” журналдарының аталып отырған 75 жылдық мерейтойлары. Сөз жоқ, Жазушылар одағы қылышынан қан тамған қызыл империя тұсында да, Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда да алмағайып кезеңдерді бастан көп өткерді. Қалай болған күнде де, 75 жыл – бір дәуір, бір адамның саналы ғұмыры. Осы 75 жылдың ішінде күнгейлі-теріскейлі тарих беттері аз емес. Бодандықтың қамытын кидік, Азаттықтың ақ таңын қарсы алдық. Ұлт болып қалыптасуымызға әрқилы әсері болған, өткен ғасырдағы саналуан тарихи оқиғалардың белортасында жүріп, шыныққан іргелі шығармашылық ұйымдардың бірі, бірегейі. Қайбір кезеңдерде аузынан жалын шашқан алып империя алмас қылыштай болған ұйымның өткір жүзін шарыққа салған сәттері де болды. Бәрі де болды. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда да ұйымның от пен судан, көлденең кедергілерден басын алып қашып, құрғақта, күншуақта жүрген жағдайы жоқ... Одақ қоғамдық ұйым ретінде өзінің қаламгерлер алдындағы, ұлт пен қоғам алдындағы жауапкершілігін әркез айқын сезініп, рухани борышын адал атқарып келеді.
Ұйымның және әдеби басылымдардың мерейлі күндеріне орай біз Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын-драматург Нұрлан Мырқасымұлы Оразалинмен арнайы сұхбаттасып, көкейіміздегі сауалдарды қойған едік.
– Нұрлан Мырқасымұлы, өзіңіз басқаратын әдебиетіміздің қара шаңырағы – Жазушылар одағының құрылғанына және осы ұйымның құрылтайшылығындағы “Қазақ әдебиеті” газеті, “Жұлдыз”, “Простор” журналдарының жарық көргеніне 75 жыл толғанын атағалы отырсыздар. Бұл мерзімді жалпы жазба әдебиетіміздің қанат жайып, қалыптасуының тұтас бір дәуірі десек қателеспейміз. Ендеше, көркем сөзіміздің өткені мен бүгінін бір арнаға тоғыстырып, болашағына бағдар жасап отырған қара шаңырақтың абыройы аспандап, дәуірлеген кезі ретінде қай жылдарды атар едіңіз? Сұхбатымызды осыдан бастайық.
– Дұрыс айтасың, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында тұсауы кесілген ұйым тарихы – ұлт әдебиетінің жаңа дәуірдегі қалыптасу тарихы екені рас. Осы кезең ішінде ұйыммен бірге ұлт қаламгерлері де, ұлттық әдебиетіміз де толықты.
Қай кезде, қай салада болмасын саналы өмір сүруге бет алған мақсаты, мұраты, мүддесі ортақ топтар қауымдасып, қоғамдасып өздерінің алға қойған жобаларын іске асыруы тиіс, соны белгілі бір арнаға қарай бағыттап отыруы керек. Бұл – біз ойлап тапқан жаңалық емес, адам баласы өзінің саналы өмір сүруге бет алған алғашқы кезеңінен бері келе жатқан жер үсті дамуының айнымас қағидасы.
Бұл ойымызды дәлелдейтін мысалдарды әлемнің арғы-бергі тарихынан мол ұшыратуға болады. Ерте дүние тарихынан, атап айтқанда, көне Қытай мәдениеті мен Үнді философиясын өмірге алып келген кезеңдерден, Шумер, Мысыр, Бабыл мәдениеттерінің бесігін тербеткен замандардан, эллиндік дәуір мәдениеті мен көк түріктердің тастағы жырларын жаратқан кезеңдерден, қысқасы, адамзат ойы мен арманының көкке қанат қаққан кез келген үзік-үзік сәттерінен қауымдасып, қоғамдасып ғұмыр кешудің нақты мысалдарын табуға болады.
ХХ ғасыр – арғы-бергі дәуірлердің тәжірибесін қорытқан, соның нәтижесінде адам баласының өмір сүруінің орасан үлгілерін қалыптастырған, бір ізге салған ғасыр.
Жекелеген елдердің мысалына сүйенсек те, әлемдік контексте алып қарасақ та, сіз бен біздің кіндігімізді кесіп, санамызды қалыптастырған, ойымызды бекіткен, ғаламат оқиғалар мен өлшеуге көне бермес өзгерістердің кеңістігі болған сол өткен жүзжылдық өмірге алып келген қауымдасып, қоғамдасып өмір сүрудің бір үлгісі – осы әралуан өнер иелерінің әрқилы шығармашылық ұйымдар айналасына топтасуы.
Шығармашылық одақтардың құрылымын түзген – Кеңестер одағы дейтін алып империя. Бұл – күмәнсіз ақиқат. Бір ғасырға жуық адамзат баласының ойына, санасына, өмір сүруіне шексіз ықпалын жүргізіп келген империялық идеологияның мақсаты, түптеп келгенде, тоталитарлық жүйенің бейнесін асқақтату, абырой-беделін жұрт санасында бекіту болды. Империя жүйелі жұмыс істеді. Әдебиетті бағыттау мен өнерді тізгіндеу арқылы жүйе тұтас бір дәуірдің рухани ұстанымын қалыптастыруға күш салды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін коммунистер қаталдық танытып, тізгінді тежеумен қатар, әдебиет пен өнер иелеріне жағдай жасауды да жан-жақты ойластырды. Шығармашылық одақтардың өмірге келуі осы бағыттағы үлкен қадам еді. Жазушылар одағы өмірге осылай келді. Империя өз ойын жүзеге асырып, өз мақсатына жету үшін сол тұстағы беделді, белгілі қаламгерлерді барынша ұйым жұмысына тартты. Шетте жүрген Максим Горькийдің Отанына қайтуы, ұйым жұмысына белсене араласуы – соның айғағы.
Бізде Максим Горькийдің тарих аренасындағы атқарған осынау айтулы міндетіне баға беруде сыңаржақтық бар. Горькийдің пешенесіне “пролетарлық” дейтін қасаң ұғым өшпестей болып жазылып қалғандай... Ақиқатына келейікші...
Суреткер қаламынан туған көркем туындылар өзінің құндылығымен, ақиқаттылығымен дараланып, берісі – орыс, әрісі – әлемдік әдебиетке оқшау көрінетін дара сипатын қалай жоққа шығаруға болады?! Өмірді тану мен өмір шындығын бағалаудағы жазушы ұсынар концепция астарында қаншама қоғам ақиқаты мен адамдар тағдыры жатыр десеңізші?! Шыңырау түбіне түскен пенделердің қасіретін дәл Горькийше жазған суреткер некен-саяқ... Горький – шын мағынасындағы нағыз реалист суреткер, ірі жазушы. Ол – Толстойдың, Чеховтың көзін көрген, қатар жүрген, тәлім алған, үлкен әдеби ортадан шыққан XX ғасыр әдебиетінің тумысы бөлек көрнекті өкілі.
Егер Горький дәрменсіз жазушы болса, оны тұтас бір жүйенің құрақ ұшып, іздеп несі бар еді?! Коммунистерге Горький бар жағынан, суреткерлігі, іскерлігі, ықпалдылығы, тіпті саяси жағынан болсын дөп келді, үйлесті. Сондықтан да “жаңа қоғамның санасын тәрбиелейтін тарихи міндетке” ұйытқы болар ұйым тізгінін Мәскеу Горькийге тапсырды. Горькийдің суреткерлік беделі мен қоғам алдындағы абыройына сенгендіктен тапсырды. Өзге республикалар да өздерінде құрыла бастаған жазушылар ұйымының тағдырын халқы қабағына қарап, өнерін жоғары бағалайтын тұлғалардың қолына сеніп тапсырып жатты. Қазақстанда мұндай тарихи міндет Алаштың ұлы перзенттері – Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров бастаған шоғырдай талантты топтың үлесіне тиді...
– Сонда Алаш арыстары Кеңестер одағының ұстанған саясатына ыңғайлы тұлғалар болды ма?
– Олай деуге тіпті де келмес. Темірдей кұрсанған жүйе тарапынан қаламгерлер ұйымына қойылған талаптың қаншама айқын, қатал, қатыгез, қиямпұрыс екенін ұйым басшылары білмеді емес, білді. Біле тұра, олар осынау қиыннан қиялап жүріп, жол іздер ауыр міндеттің қамытын мойындарына саналы түрде ілді. Бұл – тарихи факті, балталасаң бұзылмас ақиқат...
Осы арада басын ашып айтар бір шындық бар. Иә, дәуір аса күрделі болды. Отарлаушы державалық жұрттың орнында жан алысып, жан берісіп жүріп пайда болған Кеңес өкіметі өзінің айқай-сүреңі қалың төңкерісшіл ұстанымдарына берік екенін дәлелдеді. Көнгенге қабақ танытты, көнбегеннің басын алды. Державалық амбицияда шек болған жоқ... Атты, асты, жазалады... Ұлтым дегеннің ұрты тілінді, халқым дегеннің жұрты бүлінді. Соның нәтижесінде қазақ халқы “кәмпескенің” тұсындағы “сапалық тазалауға”, таптық тұрғыдан жазалауға ілікті. Бірінің үстінен бірі “сөзтасу” мен бірі туралы бірі “ашыла сайрайтын” кезең келді. Көшпелі өркениеттің ел-елдегі, жер-жердегі тізгін ұстар көсемдері Сібірге айдалды, түрмеге қамалды, бай-құлақ атанып, тоз-тозы шықты. Соның нәтижесінде қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешпеген дәуірдің сойқанды мінезіне тап болды, көзімен көрмеген, қолымен жасалған сұрапыл геноцидтің шеңгеліне түсті. Адамзат тарихында сирек болатын сұмырай пиғылды сұмдық нәубет өз дегенін істеді... “Тұрымтай – тұсына, балапан – басына...” дейтін күн туды. Қазақ өз жерінде өзі қашқын атанып, өз жерінен өзі үркіп, үдере көшті.
Қаңғыртқан – айласы қалың қоғамның әккі саясаты.
Үркіткен – айы теріс туған уақыттың зобалаңы мен зорлығы.
Тарихи әділетсіздік халқымызды қынадай қырды... Алаш дейтін айбыны асқан адал жұрт сеңдей соғылысып, бірі Ерен қабырғадан әрі асып, тілі, діні бөлек жұрттың тепкісіне түссе, бірі құм кешіп, қу медиен шөл басып, Ауған асып, Иранды паналады... Телім-телім боп тентіреді...
Қазақтың бұл көрген кұқайы аздай саны кеміп, сағы сынған тұста ұлт көсемдері мен Алаш арыстарының аяқ-қолы кісенге, басы жадыға түсті.
Ен даланы еркін кезіп, ен жайлаған елдің еркін өмірі ертегіге айналды.
Міне... Ұлт басына қиын-қыстау күн туған өткен ғасырдың отызыншы жылдарында, дәлірек айтқанда, қазақ ұлты сандық, сапалық тұрғыдан тізерлеп, шөккен 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағы өмірге келді...
Төркінінде “сену” мен “сендіру”, “көну” мен “көндіру” жатқан қоғамның ұйымды құрудағы мақсаты, мұраты осы болды.
– Қайсы бір әріптестеріміз ұйымды ұлт тағдырын тәлкек етіп, тамырына балта шапқан қоғамның жандайшап мекемесі болды деген айып таққысы келеді. Сол турасында не дер едіңіз?..
– Бұл ұшқары пікір...
– Таратып айтуға бола ма?!
– Әлгінде ұйымды құруда қоғам мен жүйенің өз мақсаты болғаны
жайлы айтылды... Енді сол ұйым құлағында тұрған ұлы тұлғалар не ойлады, нендей мақсат жетегінде болды? Осы хақында толғанып көрейікші... Сіздің жоғарыда айтқан “Алаш арыстары Кеңестер одағының ұстанған саясатына ыңғайлы тұлғалар болғаны ма?” дегеніңізге осы арада кеңірек тоқталуға болады. Сәкен Сейфуллин де, Ілияс Жансүгіров те өз ұлты үшін бастарын бәйгеге тіккен біртуар тұғырлы тұлғалар! Ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы тілді сақтау екенін, тілді сақтау үшін халқымыздың ғажайып қазынасы – сөз өнерін, көркем әдебиетті сақтау керегін арыстарымыз жан-тәнімен, бар болмысымен түсінді. Жазушылар ұйымын аяғынан тұрғызу арқылы олар ұлтты, ұлттың ұлы құндылықтарының қайнары – көркем әдебиетті сақтап қалуға болатынына сенді. Сол үшін күресті. Сол үшін ұйымды өзінің түпкі мақсатын жүзеге асыру үшін құрған империялық қоғамның сөзін еріксіз сөйледі... Терезесін тең ұстай отырып, тебінгісін тең басып отырып, сөйлесті. Өз шындықтары мен өз ақиқаттары үшін өзектері өрт жұтып жүріп, күресті.
– Ақыры өздері де сол қоғамның құрбаны болды ғой...
– Иә... Қоғам өз дегенін істетіп, өз мақсатына жету үшін бәріне барды. Тоталитарлық жүйенің қандықол, көзсіз қимылы кімді аяды дейсіз?! Қазақтың қаншама еркін ойлы, ерен тұлғалы азаматтарының бармағы шайнауда, басы айдауда кетпеді... Ұйым құлағында тұрған Алаш азаматтары қаламгерлердің еркін одағын құру арқылы әдебиетті сақтау мен қаламгерге жағдай тудырудың алғышарттарын қалыптастырды. Мұндай жоба бұрын-соңды ешбір елде болмаған еді. Сәкен, Ілияс, Бейімбет айналасына Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, т.т. тәрізді топтасқан ұлттық әдебиетіміздің сол тұстағы ірі өкілдері Жазушылар одағын үлкен әдебиетке алып барар бірден-бір ұлт руханиятының киелі төріне, алтын арналы мектебіне айналдырды. Уақыт озған сайын сол өзгерген, өрісі кеңейген замана ағысымен қоса қаламгерлер ұйымы да өзінің бағыты мен бағдарын толықтырып, кеңейтіп отырды.
Әрине, әлгінде өзің айтқандай, ұйым өмірі бір қалыпты болған жоқ. Идеологияшыл қоғамның “солақайлығынан” ұлттық құндылықтарымыздың аз зардап шекпегені белгілі... Бұл орайда, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің “Хан Кене”, “Қилы заман” тәрізді ертеректе жазылған классикалық дүниелерінің тағдырын еске алсақ та жеткілікті... Мысалы, 1928 жылы жарық көрген “Қилы заман” романы жазушы өміріне қара бұлт болып түнеріп келген жылдарды қалай ұмытуға болады? Егер Әуезов қамауда қалып, өзінің осынау шедеврлерінен бас тартпағанда, жазушы тағдыры қалай болар еді?! Байлар тұтқындалып, Алаштың ақылы асқан көсемдерінің бірі атылып, бірі айдауға кетіп жатқан тұманы қалың кезеңде қосақ ішінде Әуезовтің кетуі де әбден мүмкін еді. Әуезов шегініске барды. Шегініс – жеңіліс емес... Сөз жоқ, 1932 жылғы ашық хат кемеңгерліктің көрінісі еді... Кемеңгерлік ұлы суреткерді сақтап қалды. Ұлы суреткер әлемге әйгілі “Абай жолы” эпопеясын жазды. Қазақ әдебиеті ғана емес, Еуразияның ұлы кеңістігін жайлаған қазақ есімді халық осы туынды арқылы жұмыр жерге өрісі кең, өркенді ұлт ретінде кеңінен танылды.
1934 жылы қазақ жазушыларының тұңғыш құрылтайында сөйлеген Сәкен Сейфуллиннің сөзіне назар аударсақ та, Ілияс Жансүгіровтің баяндамасын зейін қоя оқысақ та, басты мақсат ұлт әдебиеті мен ұлт қаламгерлерін замананың сойқанды дауылынан сақтап қалуға күш салған жүректердің соғысын, сергек ойлы сананың жанұшырған әрекетін сезінуге болады.
Бірақ суреткер санасын қозғауға салған уақыт тым қатал болып шықты. Уақыт алып келген империяның әккілігі де, айласы да асып түсті. 1937-38 жылдардағы сталиндік репрессия ұлтты да, ұлтшыл ой-сананы да біржола шөктірді, есеңгіретті. Империяның айбыны бел алып, ұлт қайраткерлерінің айдыны тарылды. Үндемеу, іштен тыну, құса болу, ашыну, ұлттық қартаю дәуірі басталды... Екінші жақтан күнбағыстардың, шолақбелсенділіктің, жалпақшешейліктің жолы сайрап сала берді.
– Қоғамдағы асыра сілтеушілік пен белең алған саяси-әлеуметтік ахуалдың табы жекелеген адамдарды ғана емес, ұйымды да айналып өткен жоқ қой?
– Әрине, ұйтқып соққан осынау дауыл қаламгерлер ұйымының есік- терезесінен жел гулетті.
Ұйымның ұлы тарихына көз жүгіртіп отырып, қоғам өміріндегі күнгейлі-көлеңкелі тұстардың таңбасы мен ізін одақ өмірінен анық аңғаруға болады. Күнгейлі тұсы да көп, көлеңкелі сәттері де жеткілікті... Жасырып-бүгетіні жоқ, “қаржысын бөліп, қаламгердің жағдайын жасаған” қатал жүйе, әсіресе 30-40-50 жылдарда ұйым қолымен біраз қиянатқа жол бергенін білеміз. Тарихтың ащы сабақтарына ойша көз жүгіртсеңіз, бармағымызды қарш-қарш шайнайтын тұстары жетіп-артылады…
“Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” дейтін отызыншы жылдар мен қырқыншы жылдардың ақыл мен парасат иелеріне қырғидай тиген “шұбар төс” мінезін айғақтайтын тарихи құжаттарға бүгінде жол ашыла бастады. Оқысаң, арқаңды аяз қапқандай болады. Әкесі баласын, інісі ағасын аямаған содыр заманға не деуге болады?! “Әйелің халық жауы” дегенде ауыз ашуға дәті бармаған “империя көсемдерінің” қауқарсыз кескінін көріп тұрып, “төмендегілерге” айыпты қалай тағарсың?! Ортағасырлық инквизициядан асып түспесе, кем түспеген қоғамнан қаламгерлер ұйымын бөле-жара қарауға болмайды. Бірді-бірге айдап салу мен бірін-бірі ұстату “ортақ іске” айналған қоғам жазушыларды да өз ұйығына тартты. “Бейімбет жау болса, біз де жаумыз...” деген Ғабит Мүсіреповтер мен жүйе солақайлығын ашық айтып, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұловтар аз, тым аз болды. Шындықты айтпақ түгілі, естіген жанның мойнына қылбұрау түскен қоғамды кінәлайсың ба? Әлде адам жанын тоздырған заманды кінәлайсың ба?! Кімді кінәларсың?!
Өкініші мен өксігі, қуанышы мен жеңісі қатар өрілген осынау жиырмасыншы ғасырдың төл перзенті саналар жазушылар ұйымының ұлт әдебиетін әлемдік сатыға көтеруде орасан істер атқарғанын мойындауымыз керек. Одақ әдебиет өрісін кеңейтіп, озық үлгілі туындыларымыздың өзге тілдерге аударылуына, сондай-ақ көркем әдебиетіміздің үздік үлгілерінің қатарының молаюына барынша күш салып, тиісті мемлекеттік орындар алдына кітап шығару, қаламақы төлеу, жазушының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын реттеп отыру секілді күрмеулі мәселелерді қойып отырды. Сол мәселелердің оң шешілуіне мұрындық болды. Бұл, сөз жоқ, сол кезеңдегі әдебиетке жасалған үлкен қамқорлық екенін айрықша атап өтуге тиіспіз.
Әрине бүгінгі күннің биігінен қарап тұрып, өткенге, өткен дәуірдің аумалы-төкпелі тұстарына баға беру оңай болып көрінуі күмәнсіз. “Асығу сайтанның ісі” демей ме біздің халық. “Сегіз өлшеп, бір пішу” қай істе де әділдікті, адалдықты аңғартады.
Сондықтан ұлт әдебиетінің Қағбасындай болған қасиетті төріміз жайлы пікір айтуда асығыстық жасамайық. Барынша әділ болайық, адал болайық, айтылар пікір де адал, әділ болсын. Үй ортақ, ұйым ортақ... Ұйым туралы да, ұйым тізгінін ұстаған әріптестеріміз жайлы да, жалпы қаламгер азаматтар туралы да әрдайым жақсы сөз естігенге не жетсін?!
– Өзіңіз айтқандай, одақ өміріне қатысты әдебиет дейтін рухани Қағбамыздың абыройы аспандап, дәуірлеген кезі ретінде қай жылдарды айтар едіңіз?
– Қазақ үшін Сөз қай дәуірде де, қандай жағдайда да киелі болған. Қағба деген ұғым – кие дейтін ұғымға етене жақын ұғым. Әдебиеттің басты мұраты – сөз. Бұл – ондаған ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт мінезінің көрінісі.
Біздің дәуірімізге дейінгі Заратуштра, Анарыс, Майқы би дәуірлерінде де, одан кейінгі көк түріктер кезеңінде де, орта ғасыр ғұламалары өмір сүрген түркілік ортақ мәдениетіміз өріс жайған кезде де, Қазақ хандығының дауылды мінезін танытар нарзаман, зарзаман жыраулары мен ақындарының тұсында да солай болған... Осының бәрі, айналып келгенде, үлкен әдебиетіміздің, ұлттық көркем сөзіміздің ұлы қайнарлары. Тағдырын көшпелі өркениетке байлаған, бірте-бірте жаңа дәуірлердің жалына жармасып, даму мен өрістеудің жаңа сатысына көтерілген, ұлт әдебиетінің айрықша шарықтаған тұсы XX ғасыр екені дау тудырмайды.
XX ғасырда ұлт ойы мен парасатының кенен көздері ашылып ұлт ғылымы қарыштап өсті, әдебиетіміз бен өнеріміз әлемдік биікке көтеріліп, ондаған классикалық шығармалар дүниеге келді, ғаламтану үлгілеріміз мойындалып, көркемдік мектептеріміздің көкжиегі кеңейді. Қазақ халқы өзінің көпғасырлық көшпелі дәуірін тұйықтап, отырықшылыққа бет түзеді, үй тұрғызды, қала салды, қара соқаны ғарыш жолымен жалғады. Ең бастысы, азаттық айдынына шықты.
Осы ғасырда Абай, Махамбет, Жамбыл есімдері әлемге қазақ жырының құдіретін танытты. Осы ғасыр Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден шығармаларының тұсауын кесті. Арыстарымыз бен Алыптарымыздың ойын тербеткен ғасырдың соңы қазаққа тәуелсіздік дейтін киелі ұғымды тарту етті. Тәуелсіздіктің тұғырға қонғанын көрдік.
Иә...
Дәуір ұлтты шыңдады. Ұлт дәуірдің болмыс-бітімін жасады. Өмір, замана ақиқаты бізге осыны айтады.
Әдебиет сол ақиқаттың айнасына айналды.
Жиырмасыншы ғасыр ұлт мерейін өсірер үлкен әдебиетімізді қалыптастырды. Осы ғасыр бедерінде қазақ әдебиетінің барлық жанры дамыды. Жазушылар одағы сол қалыптасу мен дамулардың қара қазанының отын үрлеген қара көрік секілді қыруар міндеттер атқарды. Атқарып та келеді. Соның арқасында ел көкірегінде сөз өнеріне деген құрмет пен ықылас орнықты. Бұл жағдай өз кезегінде ұлт қаламгерлерінің әдебиет алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, жазуға деген құлшынысын молайтты.
Жалпақ жұрттың санасында “алтын ғасыр әдебиеті” болып бекіген тұтас бір дәуірдің көркем әдебиеті тарихын шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады.
– Мәселен...
– Мәселен, бірінші кезеңді – арыстар мен алыптар кезеңі десек ар алдында да, тарих алдында да ешбір ағат айтылған пікір болмайды.
Бұл көшпелі өркениеттің ат байлаған соңғы мекені – Ұлы Дала тағдыры тайталасқа түскен өткен ғасырдың 20-40 жылдары арасында ғұмыр кешкен Алашойлы, Алаштұлғалы ұлт көсемдері мен қазақ рухын, қазақ әдебиетін әлемдік биікке көтерген алыптар тобы жаратқан ұлы туындыларымыздың халық жүрегіне жол тартқан кезең еді.
Ұйым құрылмай тұрып, Омбы, Орынбор, Ташкент, Семей, Қызылорда секілді шаһарларда топтасқан қазақ қаламгерлерінің дені келе-келе осы кезең шығармаларының сүйегін құрап, негізін айшықтады. “Есаймақ” театры мен алғашқы кәсіби театрымыздың репертуарын құраған Әуезов, Майлин, Мұқанов, Мүсірепов пьесалары осы кезеңде өмірге келді. Солардың дені классикалық репертуарымыздың алтын қорына айналды. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім дүниелері де осы кезең туындыларына жатады.
Бұл кезеңде ұйым тізгінін Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Дихан Әбілевтер ұстады.
Ал екінші кезең – соғыс тұсындағы өмір мен өлім майданын көзімен көріп, соғыстан кейінгі қиындық атаулыны жүрегімен сезінген ұрпақ тудырған реалистік-психологиялық әдебиеттің кезеңі.
Бұл кезең өкілдері алыптар салған жолды жалғай отырып, өздеріне дейінгі эпикалық, лирикалық үлгі-нышандарды барынша байытты, көркейтті, дамытты, шығарманың көркемдік шешімін өзгеше өрді.
“Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз, қайда екен қайда, дариға сол қыз?!” деп ақындық асқақ рухты арқалай келген Қасым Аманжолов замандастарының көпшілігі “соғыстың сұр шинелін” шешпестен, бірден Алматыға келіп жатты. Бірі окоптың жырларын дәптерге түскен қалпы гимнастерка қалтасына салып бүктеп жетсе, енді біреулері тұңғыш романдарын қолтығына қысып, алыптар тобының есігін именіп ашты. Соғыстан соңғы астананың бұлың-пұшпағын кезіп, пәтер жалдап, алғашқы повестері мен әңгімелерін жазып жатты. Бейбіт өмірдің бейғам ауасын жұтып, болашақ кейіпкерлермен қоян-қолтық араласып, “махаббат мұңын” кешіп, “махаббат, қызық мол жылдардың” қызығына батты. Ұлы Мұхаң дүниеден өтерінен сәл бұрын есімдерін бөліп айтып, әдебиет болашағын тапсырған тұлғалы, талантты қаламгерлеріміздің дені осы – екінші кезең әдебиетін жасады.
Бұл кезеңдегі ұйым тізгінін ұстаған Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин тәрізді әдебиеттің абыройлы ақсақалдары одақ жұмысының түбегейлі жанданып, халықаралық байланысқа шығуына көп күш салды. Тәржіма жұмысы жолға қойылып, әдебиет ертеңі дейтін ұғымға жауап берер өрісті дүниелерді өзге тілдерге аударылу үрдіске айналды.
Үшінші кезең – алпысыншы жылғылар кезеңі.
Бұл кезең өкілдері ғасыр зобалаңы мен тауқыметін тартқан, тоталитарлық жүйенің зардабын шеккен ондаған елдер мен ұлттардың жан-күйін, ой-арманын арқалаған, парасаты мол, дүниетанымы кең, интеллектуалды әдебиетті жасады. Алды бүгінде жетпістің ішін кең аралап, соңғы өкілдері алпыстың қырқасына көтеріліп отырған бұл ұрпақтың әдебиетке бергені ұшан-теңіз.
Олай дейтініміз, осы тұста жалпы әлемдік әдебиетте үлкен-үлкен бетбұрыстар болып жатты. Үлкенді-кішілі ұлттар әдебиетіндегі алуан-алуан ізденістер өз жемісін берді, батыс әдебиетіндегі интеллектуалды ағыстар жаңа көркемдік айдындарға алып шықты. Кеңес Одағының шаңырағын шайқаған “жылымық” кезеңі әдебиет пен өнерде, ғылым мен білім саласында, жалпы қоғамтану кеңістігінде осы өзгерістердің дендеп енуіне, қанат жаюына біраз жағдай жасады. Соның нәтижесінде қазақтың ұлттық көркем сөзі үлкен биікке көтерілді. Поэзиямыз жұлдызы жарық, тынысы кең, болмысы таза соны жырлармен, тұғыры биік тұлғалы ақындармен толықса, ұлттық прозамыз баяндаудың өрісі бөлек, өркенді, кенен үлгілерін жасады. Кітап сөрелерінде ұлт өмірі мен тағдырын тереңінен толғайтын қуатты көркем прозалық шығармалар молайды. Міне, осының бәрі, бір ауыз сөзбен тұжырып айтқанға оңай көрінгенімен, бүтін бір ұлттың баға жетпес қазынасын, дәуірлерге көш түзеген ұлы мұрасын тануға, талдауға жол ашты.
Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменовтер басшылық жасаған бұл үшінші кезеңде де ұйымның абырой-беделін көтерген шығармашылық, әлеуметтік, біраз күрмеуі қиын келелі мәселелер өз шешімін тауып, Қазақстанның халықаралық әдеби байланысын жолға қойған ірі-ірі симпозиумдар, форумдар өтті. Қазақ әдебиеті шекараларды көктеп өтіп, әлемдік танылу кеңістігіне еркін шықты.
Тәуелсіздік дәуіріне қазақ әдебиеті осындай қоржыны қалың, әлемдік ойлау, әлемдік тану, әлемдік талдау биігіне көтерілген қабырғасы берік қалыпта жетті.
Төртінші кезең – өткен ғасырдың 90-жылдарынан бергі жаһандану жағдайындағы тәуелсіздік дәуірінің әдебиеті.
Шартты түрде, “жаһандану дәуірі” дейтін атқа ие болып отырған бұл кезең қаламгерлер қауымына да, қаламгерлер қауымының ұйымына да оңай болды деп айта алмаймын. Бұл кезеңде ұйым жұмысына (тіпті тағдырына десе де болады) жауап беру міндеті қазақтың үлкен қаламгер-қайраткер азаматы, марқұм Қалдарбек Найманбаев пен менің пешенеме жазылыпты. Бес жылы – Қалекеңнің еншісінде. Ауыр ма, жеңіл ме, аз ба, көп пе, қалған жылдардың салмағы – менің мойнымда...
– Төрағалыққа қай жылы келдіңіз?
– 1996 жылы...
– Келгеніңізге... сонда... 14 жыл болғаны ма?!.
– Иә. 14 жыл, үш ай...
– Өкінбейсіз бе?!
– Неге өкінуім керек?.. Не үшін?.. Әлгінде айттым ғой, “пешенеме жазылған екен” деп... Өкінбеймін... Әрине, қиналған, тарыққан сәттер болды... Бірақ өкінген кезім болған жоқ. Қиналған кездерімде “Сәкеңдер мен Ілиястар құрған одақты сақтау керек” деп абзал ағаларым, әріптес бауырларым әркез қасымнан табылып отырды. Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілов, Қасым Қайсенов, Хамит Ерғалиев, Сафуан Шәймерденов, Зейнолла Қабдолов, Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев секілді бақилық дүниеге аттанған ақсақалдарымыз бен ағаларым еске түсіп отыр... Тірілерді түгендесем, тізім ұзарып кетер... Қасымда, қатарымда жүрген әріптестерім мені түсінер деп ойлаймын... “Өлі риза болмай, тірі байымас” дейді атамыз қазақ. Менің есіме бүгін әрқайсысы қазақ әдебиеті мен жазушылар ұйымының бір-бір алып тіреуіндей елестеп, сол қарттарым, сол мәрттерім түсіп отыр... Неге өкінейін?! Жазушылар одағы менің қанатымды кеңейтіп, құлашымды жаздырды.
Төртінші кезең жаңа басталып жатыр деп ойлаймын. Бұл кезең тағдырын тәуелсіздік тағдырынан бөле-жара қарауға болмайды...
Жиырмасыншы ғасырдың әлемтапырық оқиғалар мен тарихи катаклизмдерге толы соңғы он жылы мен алып Дала жаңа-жаңа ес жинай бастаған жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он жылы бәріміздің де қаз-қалпы жадымызда... Адамзат баласының арғы-бергі тарихында өмір сүрген империялардың ішіндегі ең ірілерінің бірі тарих аренасынан қалай кеткені, нендей ішкі, сыртқы күштердің көзге көрінбес ықпалымен қантөгіссіз ыдырағаны, дәлірек айтсақ, күйрегені жаңа тарихтың талдау объектісіне айналып отыр.
Кеңес Одағының ыдырауы Еуразия кеңістігін жайлаған елдер мен халықтар тағдырына қалай әсер етсе, сол елдердің мәдениеті мен әдебиетінің тағдырына да солай әсер етті. Жаһандану шағын ұлттарды сұрапыл мінезді замана торнадосына лақтырды. Әлемнің геосаяси кеңістігіндегі державалық елдердің арасалмағы ауысты. Өтпелі кезең ұлттардың рухани өрісін тарылтып, қуаттылардың қуатсыздарға күш көрсетуін өрістетті. Беделді-беделді деген халықаралық ұйымдардың өзі әлгіндей еларалық, құрлықаралық мәселелерді шешуде дәрменсіздік танытты.
Өзінің тәуелсіз ел ретінде даму жолын таңдаған Қазақ Елінің мемлекет болып сақталуы әлгіндей “арпалыстар додасына” түскені қалай ақиқат болса, рухани кеңістігіміз де сол жаһандану дәуірі қалыптастырған күнгей-көлеңкесі қатар келген қиындықтармен еріксіз шарпысуына тура келді. Бұл шарпысуды біз, ең әуелі, ана тіліміздің айналасынан бір көрсек, ұлттық мәдениетіміздің тағдыр-талайын анықтар тұстардан екі аңғардық... Сынның үлкені алтын арқауы тіл саналатын әдебиеттің үлесіне тиді...
Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, “Дауға салса, алмастай қиған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде не бар екенін...” жанымызбен, жүрегімізбен сезінер кезең келді...
Әрине, мыңдаған жылдық тарихы бар байырғы ұлт пен дәстүрі берік үлкен әдебиетті табанға салу мүмкін емес... Десек те... Ел тәуелсіздігімен жарыса келіп, өмірімізге, өмір сүру салтымызға қатар енген жаһандану, ең әуелі, өз шеңгелін ана тіліміз бен әдебиетімізге салғанын осы кезең ішінде анық аңғардық.
Соны аңғарғандықтан, Елбасы аузымен айтылған “қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” дейтін қанатты сөз өмірге келді.
Соны сезінгендіктен, әдебиет пен тіл тағдырына алаңдаушылығын танытып, Елбасы дүркін-дүркін арнайы сұхбат беріп, кездесулер өткізді. Өткізіп келеді... Әдебиетіміздің ақсақалдары – Әбдіжәміл Нұрпейісовті жеке қабылдап, Әзілхан Нұршайықовтың атына арнайы хат жазуын сол туған әдебиетімізге деген ыстық ықыласы деп қабылдауымыз керек...
Осыдан біраз бұрын менің де Елбасы қабылдауында болғаным бар. Ұзын-ырғасы бір сағатқа созылған әңгіме барысында қаншама тілге, көркем сөзге, ұлтты рухани тәрбиелеу мәселесіне қатысты іргелі ойлар айтылды. Сол жемісті әңгіменің арқасында әдеби үш басылым Жазушылар одағына қайтарылып, біраздан бері күрделі жөндеу күтіп, тозыңқырап тұрған Орталық ғимаратымызға мол қаржы бөлінді. Арыстар мен алыптар өз қолдарымен құрған әдебиетіміздің алтын төрі жарқырап шыға келді...
Тойға жасалған ең үлкен тарту – осы іші-сырты толық жөндеуден өткен ғимаратымыз.
Әрине... Жазушылар ұйымы жазушыға шығарма жазып бермейді. Бірақ жақсы шығарма жазу үшін керекті ең басты шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді. Олар не дейсіз ғой?! Орта жиналмай орда тігілмейді. Бірінші шарт – ойы, сөзі сергек әдеби ортаның болуы. Жиындар мен талқылаулар, пленумдар мен конференциялар – сол ортаның бас қосуының көрінісі. Екінші шарт – орта бас қосатын, “өз жоғы” мен “өз барын” түгендеп отыратын, әріптестік пікір алмасуларға мүмкіндік тудыратын, баға беру мінбесінің болуы. Сол мінбе – ордалы ғимарат – Жазушылардың үйі. Сол үйде жас буын өкілдерінен бастап аға буын қаламгерге дейін шығармашылық кеші өтпегені некен-саяқ.
Ғимарат төрінде айтылар адал сөз, әділ пікір жазушыны кәсіби тұрғыдан қалай өсірер болса, әдебиетті де солай өсіріп, қанаттандырары хақ.
– Үй дегеннен шығады... Сіз осы ұйымды басқарған жылдар, ақиқатын айтар болсақ, “өтпелі кезеңмен” тұспа-тұс келді. Жеңіл болмағанын айттық... Көп қиындық артта қалған тәрізді. Қиналған кезде кімге сүйендіңіз? Кімге сендіңіз?.. Өзіңіз айтқан “адал сөз, әділ пікір” алдыңыздан шықты ма?
– Иә. Төрінде ұлылар отырып, ұлт әдебиетінің бары мен жоғын түгендеген ұйымды басқарғаныма шүкіршілік айтамын. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығы жалғыз Жазушылар одағының ғана иығына түскен жоқ... Көрсек те, көтерсек те ел қатарлы көрдік, ел қатарлы көтердік. “Көппен көрген – ұлы той” дейді біздің тәубешіл жұрт.
– Дегенмен...
– Неге болмасын? Болды қиналған кездеріміз... Әуелі ұйымның басы дауға түсті. Одақтың айналасында әңгіме өрттей қаулады. “Заман өзгерді, қоғам өзгерді. Қазақ қаламгерлері басын қосып отырған ұйым неге өзгермейді?! Өркениетті елдерде мұндай қоғамдық құрылымдар жоқ. Клубтық немесе шағын-шағын бірлестіктер айналасына топтасқан ұйымдар бар... Сондай үлгіге көшу керек”, деушілер болды. Екінші пікір айтушылардың сөзі – анық... “Одақты сақтау керек!”, “Одақ – әдебиетіміздің киелі төрі!” Маған төрағалық тізгінін тапсырып, сенім артқан да – осы екінші пікірді айтушылар. Мен одақ басына осындай қарсы пікірлердің қазаны сапырылысып жатқан тұста келдім...
Уақыт – төреші. Бәрін орнына қойды. Ұйымның тағдырын талауға
салғысы келгендердің сөзі сүрінді. Осы мерзім ішінде болған үш құрылтайдың қалай өткені – қалың қаламгерлердің есінде. Ал күреске толы күндер өзіме ғана аян... Нәтижесін барша жұрт біледі, сезінеді... Ұйым басына төнген бұлт сейілді... Бірақ ақпарат дейтін “өсектің” өрісі қашанда кең ғой. Ұйымның құрылымдық дамуы, яғни “Одақ керек пе? Керек емес пе?” деген әңгіме басылғанымен, ұйым иелігіндегі үйлер – жылжымайтын мүлік айналасындағы дау-шар біразға созылғаны белгілі. Мәселе құқықтық қоғамға тән жолмен шешілді. Әлдебір топтар мен қаламгерлерді адастырған қайсыбір әріптестеріміздің ұйым мүлкін басыбайлы иеленіп кеткілері келген мақсаттары жүзеге аспады. Ғимараттарымыздың барлығы сот жүзінде өз иелігімізге қайта оралды... “Одақты тарату керек” деп от ала жүгірген жазғышхандардың жүзі күйіңкіреп қалды. Қапсыра құшақтап тұрып, қабырға санайтындардың болатынын анық сезіндім... Бәрін Жаратушы Иеміз жарылқасын...
Ауыры – үш жарым жылға созылған соттасу. Қиыны – соттасқаның өзге емес, өз әріптестеріміздің болғаны...
Жаңа сұрағыңның бір тұсында “Кімге сүйеніп, кімге сендіңіз?” деп қалдың. Айтайын. Сенгенім – әріптестерімнің қара қылды қақ жарған әділдігі мен адалдығы... Мен соларға сендім. Олар маған сенді. Нәтижесінде сенім ақталды. Менің ойымша, осы жылдар ішінде қасиетті төрімізді сақтаған, сақтап келе жатқан ең басты құрал – Сенім! Қаламгерлердің өз ұйымының қажеттілігіне деген кәсіби сенімі, азаматтық сенімі!
“Кімге сүйендіңіз?” дедің... Аллаға сүйендім. Сүйенемін... Сүйеніп өтемін... Ұйым тағдыры талай мәрте тәлкекке түсіп, төраға айналасында “жаптым жала – жақтым күйе” дейтін жайсыз әңгіме қардай бораған кездерде, жасырмаймын, жалғыз отырып, Жаратушыға жалбарынған сәттерім болды... Ұлы Мұхаңның айналымға өткен ғасырдың орта тұсында ендірген “дос, бедел – дос” дейтін философиялық мәні, мазмұны терең сөзі алдынан шықпайтын жұмырбас пенде жоқ... Кейде тірілердің кей ісіне налып, сенімнің желкенін жел шайқаған сәттерде әруақтардан медет күтетін Адам-Ата, Хауа-Ананың ұрпағы емеспіз бе?! Менің де бабалар рухына сиынатыным рас. Сиынамын... Іштей көмек сұраймын... Жазушылар одағы, шынымды айтайын, маған Сүйену, Сиыну, Сену дейтін үш бірдей киелі ұғымды кұрметтеуге үйретті. Сүйену, Сену жайлы айттым. Сиыну?! Арыстарымыз бен алыптарымыздың рухына сиынып отырып, қиналған кезде, тарыққан тұста атқарып жатқан ісімізге абырой сұраған, сұрайтын кезім көп...
Қозғалыста мәңгілік – миым, арым,
көк нөсер боп күрсінсем – құйылар үн,
Құдай ғана қиналсам – сүйенерім,
бабалардың әруағы – сиынарым... деппін бір өлеңімде. Бұл жолдар сондай сұрақ пен сауалдың қорығына қамалған сәт-сағаттардың бірінде жазылғаны анық...
– Жаһандану адамды жалғыздық қорығына қамайтын күрделі құбылыс дейді білетіндер... Уақыт өткен сайын оқырманы азайып келе жатқан көркем әдебиеттің тағдыры жаһандану жағдайында қалай болады деп ойлайсыз? Осы орайда, ұйым басшысының пікірі мен ақынның ойы қалай екенін білуге бола ма?! Айырма бар ма, жоқ па?
– Жаһандану – жұмбағы мол құбылыс. Жұмырбас пенденің бүгінде бұл құбылысты айналып өтуі мүмкін емес... Жер үсті өркениетінің даму логикасы осыны айтады. Жалғыздық деген шіркін ана дәуірде де, мына дәуірде де болған. Болады! Біздің заманымызға дейін өмір сүрген Анарыс ойларына ден қойған адам ұлы бабамыздың “жалғыздық қорығына” жиі-жиі қамалғанын жоққа шығара алмасы анық. Анарыстың жалғыздығы Елжау би, Майқы би, Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздың басынан өтпеді дейсіз бе? Жалғыздық дейтін әлгі жегіқұрт жанын жемесе, Қорқыт бабамыздың көрден қашып несі бар?! Ұлы Даланың ойшылы Асан жырауға “қайғы” сөзі қайдан жамалды?! Ереуілі заманда ат үстінде жүріп, Алаштың бүтіндігін сұраған нар кезеңнің зор ақыны Ақтамбердінің аузына “жағама қолдың тигенін жалғыздық сенен көремін...” деген жолдарды кім салғызды?! “Жартасқа бардым, күнде айғай салдым” дейтін ұлы Абай жалғыздығының төркінінде не жатыр? Жә... Бұл аз десеңіз, ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен ағылшынның ұлы жазушысы Вальтер Скоттың аузына “Жер шары ғаламның сарғыш үйі ме деп сескенемін” деген ғалам жалғыздығы хақындағы үрейлі сөздерді кім салғызып отыр? Ұлы Жаратушының шебер өрнегінен шыққан Жалған атты жер үсті тіршілігі емес пе салғызып отырған?!
Менің аузыма есімдері іліккен тарихи тұлғалардың барлығы да сөз өнеріне ештеңені тең қоймаған, теңгермеген әр дәуірдің, әр кезеңнің ұлы өкілдері. Адам адам болғалы әдебиет дейтін киелі ұғым бірге жасасып келеді. Әдебиетпен бірге сөз өнерінің тағдырына алаңдау сезімі де бірге өмір сүріп келеді. Өзіміз көзімізбен көрген кешегі жиырмасыншы ғасырда да солай болған. Бұл кеп адамзат көші аялдайтын тұсқа дейін жалғаса бермек.
Иә. Адамзат көшінің үзілмеуін тілеу – бүгін жер басып жүрген