Адамға керегі үш-ақ нәрсе: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат. Данышпан Абай осылай айтқан екен. Осынау үш қасиетті бойына бала кезінен сіңіре өскендердің бірі – Өтешқали Атамбаев. Ол бұдан тура бір ғасыр бұрын, сол кездің сөз саптауымен айтқанда, кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Тұма аталатын ауылда өсіп-өнген әке-шешесі мал бағып, балық аулап күнкөріс еткен. Содан болса керек, Өтешқали еңбекке тым ерте араласады. Буыны әлі де беки қоймаған 15 жасында балық батағасында қара жұмысшы бола жүріп, еңбек етудің өзіндік қиындықтарына шыңдала бастайды. Осы кәсіпте жүріп, адал еңбекпен тапқан нанның тәтті боларын мықтап ұғынған Өтешқалидың болашағынан ауылдастары үмітті еді. Өйткені, ол жастайынан зерек, байқампаз, пысық болатын. Сонысына тәнті болып жүретін ауылдастары ата-анасына: “Өтештің жұлдызы жанғалы тұр. Осы бала үлкен азамат болады”, дейді екен. Қиядағыны тап басатын, айтқаны айнымай келетін ауылдың дуалы ауызды қариялары қателеспепті.
Балық батағасында шыңдалған Өтешқали еңбек жолын 18 жасында Гурьев округтік статистика бөліміне санақшы болумен жалғастырады. Бірақ оны осы бөлімде көп тұрақтатпайды. Себебі, Өтешқалидай ұйымдастырушылық қабілеті жанып тұрған жасты комсомолдық, партиялық жұмыстардың көрігіне салу қажет деп тауыпты басшылар. Сөйтіп, комсомолдар курсында тыңдаушы болып, кейіннен округтік партия комитетінде іс жүргізуші, Еспол ауданында селолық тұтынушылар одағы басқармасында төрағалықты атқарады. Оның өмірбаяндық парағын парақтағанда, бір жұмыстан соң бір жұмыс күтіп тұрғандай әсер береді. Жасы жиырма беске толмаса да, жоғары кәсіби білімі болмаса да әлгіндей қызметтерде таныла бастаған Өтешқали Атамбаевты Мемлекеттік банктің округтік бөлімшесі жұмысқа шақырады. Арада аздаған уақыт өткенде, яғни, 1931 жылы банк басшылары оны Куйбышевтегі жоспарлау институтына арнайы жолдамамен білім алуға жібереді. Сірә, оның жоғары білім алғанын, сөйтіп, осы саланың білікті маманы болып оралғанын қалаған шығар банк басшылығы. Өйткені, Өтешқали Дүйсенғалиұлы қай қызметте болса да қанына сіңген адалдықтан айнымады, өз ісіне жауапкершілікті жете сезінді. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білді. Мұны ол: “Әкем Дүйсенғалидың тәрбиесі” дейді екен.
Бұл қасиеттер оның өмірлік кредосына айналады. Мұны Куйбышевтегі жоғары оқу орнын бітіргеннен соң жолдама берген мекемесінде де, кейін жұмыс істеуге шақырылған барлық жерде де көрсетті. Бұған дәлел ретінде мына бір деректі айтуға болады. 1940 жылы елімізде Мемлекеттік бақылау халық комиссариаты құрылады да, оған тура жолдан таймайтын турашыл, ешкімге қиянат жасамайтын адал, шашпашылыққа қарсы тұрар темірдей тәртіпті талап етер талапшыл кадрлар іздестіріледі. Сол кездегі таңдау 30 жасар Өтешқалиға да түседі. Ол осында екі жылдай бақылаушы-тексеруші міндетін атқарғанда ел байлығын қызғыштай қорғаудағы жасымайтын жігерлілігін танытты. Оның ел, ұлт мүддесі үшін тынымсыз еңбектенетіні қызмет бабында жедел өсуіне жол ашты десек, артық айтқандық емес. Бұл – оның мансапқұмарлығының емес, керісінше, өзіне сеніп тапсырылған жұмысты абыройлы атқаратындығының жемісі. Содан болса керек, Өтешқали Атамбаев 1942 жылы Қаржы халық комиссарының бірінші орынбасары лауазымына шақырылады. Әрине, бұл екінші дүниежүзілік соғыс оты қаулап тұрған, азаматтардың үлкен-кішісі сыпырылып майданға кеткен, елдегінің бәрі де майдан үшін арпалысқан ең қиын кезең еді. Осы жұмыста да абырой биігінен көріне алды.
Ел басшылығы қайда жұмсаса да, қандай қызмет ұсынса да тартынбайтын еді. Қай жұмысты да талғамай, дөңгелетіп әкетуші еді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, ел экономикасын қалпына келтіру басталған сәтте Өтешқали Дүйсенғалиұлына өте жауапты жұмыс ұсынылады. Дұрысында, оған елдің мүддесі үшін аса зор жауапкершілік жүктеліп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы тұрақты өкілі болып тағайындалады. Бұл жұмысты атқаруға екінің бірі жіберілмейді. Елдің өкілі болу оңай емес. Себебі – сан алуан. Ең бастысы – одақтық министрлермен, үкімет басшыларымен ортақ тіл табысып, республика халқының әлеуметтік ахуалын жақсартуға, туған елінің экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне мол қаржы бөлдіруге сөзі өтетіндей білікті басшы болуы қажет. Ел мүддесі үшін ең қиын түйіндердің шешімін табу жүктелетін өкілге. Міне, мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, ел өкілі лауазымына 35 жасар Өтешқали Атамбаевтың таңдалуы тегін емес шығар.
– Әр адамның тағдыры әртүрлі қалыптасатыны белгілі ғой. Оған бір кезде қоғамдағы, өскен ортадағы ахуалдар мен оқиғалар әсер етсе, бір кезеңде кездейсоқ кездесулер мен ұшырасулардың елеулі ықпалы болары мүмкін-ақ нәрсе. Ал өз тағдырымда Атырау өлкесінен түлеп ұшқан ардақты адамдар ішінен Өтешқали Дүйсенғалиұлының орны ерекше деп санаймын, – деп еске алады Атырау облысының құрметті азаматы Есен Тасқынбаев ақсақал. – Тіпті бұл тұжырымым тым жұпыны әрі жеткіліксіздеу болып көрінеді де тұрады. Өйткені, адамның адамгершілік болмысын атқарып жүрген лауазымды қызметі белгілемесе де, оның өмірдегі алғашқы қадамын сәтті бастап, жүрегіне жақын кәсіпті дұрыс таңдауына жөн сілтеген, көмек көрсеткен жанның жөні бөлек қой. Осы тұрғыдан алғанда мен Өтешқали Дүйсенғалиұлын инженер-мұнайшы ретінде қалыптасуымның ең қайнар бастауында тұрған тұлға деп бағалаймын. Онымен алғашқы кездесуіме мына жәйт себеп болды. 1949 жылы Құлсары қаласынан мектеп бітіріп, Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтына оқуға бармаққа бекіндім. Мектепті бітірерде мені күміс медальға ұсынып, неге екені белгісіз 21 тамызға дейін аттестат қолыма тимеді. 21 тамызда қазақ тілі пәнінен төрттік баға қойылған жәй аттестатты алысымен, екі күннен соң Мәскеуге аттандым. Дәл сол күні, яғни 21 тамызда институттағы қабылдау емтиханы өтіп кетіпті. Ендігі тағдырымды ректор шешуі тиіс деген оймен ректор А. Сердийдің алдынан бір-ақ шықтым. Жағдайымды, кешігу себептерін түсіндірдім. Ол аттестатымды қарап отырды да, оқу бөліміндегілердің жауапсыздығына қынжылды. Қабылдау комиссиясын қайта құру үшін нанымды дәлел керек. Оны тек Қазақ КСР-інің Мәскеудегі тұрақты өкілдігі бере алатынын айтты. Сөйтіп, өкілдікке бардым. Бағыма қарай Өтешқали Дүйсенғалиұлы орнында екен. Мұнайшы болғым келетінін білген соң жадырай сөйледі. Кешіккеніме өкініш білдіріп, көмектесетінін айтты. Бір талабын – оқуға түссем, үздіктер қатарында болуым қажеттігін ескертті. Мен уәде бердім. Өтешқали аға институт ректорына өтініш хат жазып, Қазақ КСР халық шаруашылығын дамыту үшін мұнай өнеркәсібіне жоғары білімді ұлттық кадрлардың қажеттігін, кешігуіме менің кінәлі еместігімді айтып, оқуға қабылдауды өтінді. Ректор сөзге келместен, мүмкіндік берді. Студент атандым, қол ұшын берген ағаларды жерге қаратпай, жоғары білім алып шықтым.
Есен аға дәл осылай деді. “Үміт пен күдік белдескен кезде дем беріп, демеу болған аяулы азаматтың жүрек жылуын сезіндім. Бұл – ешқашан сөнбейтін жылу” деді сосын. Өтешқали Атамбаевтың қияндағы Құлсарыдан кешігіп келуі себепті оқуға түсе алмай қиналған бозбалаға көмектесуінің астарында тауы шағылмасын деп қана емес, ел келешегіне қызмет етуі үшін Мәскеудің таңдаулы оқу орнынан жоғары білім алсын деген мақсат болғаны аңғарылады. Оның сол мақсаты орындалды. Бір кездегі студент Есен Тасқынбаев кейін мұнайлы өңірдің өркендеуі үшін үлкен істер атқарды. Білікті басшы атанды. Қалалық партия комитетін, облыстық атқару комитетін басқарды. Өтешқалидай парасатты адамның шарапатын көргенін ұдайы айтып жүреді. Атамбаевтың жүрек жылуын Есен аға емес, онымен Қаржы министрлігінде бірге жұмыстас болғандардың көпшілігі сезіне алды. Солардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі К.Кетебаевтың, Қ.Егізбаевтың, К.Ахметовтердің қаржы саласының білгірі атануына көп көмегін беріпті. Ал Ә.Жұмаділовті, Д.Мулькинді, У.Абдрахмановты Қаржы министрлігіне жұмысқа орналасуына ықпал еткен. Мәселен, У.Абдрахмановтың сонау Түркіменстаннан Алматыға көшпек ниетін естіген бойда, дереу шақыру жіберіпті.
Қазақстанның КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы тұрақты өкілдігін басқарғанда ел үшін келелі мәселелердің шешімін табуына Молотовпен, Маленковпен, Микоянмен, Косыгинмен жақсы қарым-қатынас жасағанының оң әсері болыпты. Тың игеру жылдарында Көкшетау облысындағы Володар стансасынан темір жол желісін тарту мәселесі көтеріледі. КСРО Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік жоспарлау комитеті қаржы жоқты сылтауратып, тар табанды темір жол тартуды ұсынады. Облыс, республика басшыларының уәжі ескерілмейді. Сол кезде бұған Қазақ КСР-інің тұрақты өкілі Өтешқали Атамбаев араласады. Ол КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы А.Косыгинге: “Сараң екі рет шығындалады. Қаржы үнемдеп, тар табанды темір жол құрылысын жүргізіңіздер. Бірақ бұл өткен күндердің жолы” дегенді төбеден түскендей етіп, төтесінен айтады. Оның бұл уәжі А.Косыгинді ойландырып тастайды. Төраға тиісті басшыларға: “Бұл мәселені әлде де талқылаңыздар” деп тапсыруынан кейін оң шешімін табады. Маңғыстау түбегіндегі мұнай кен орындарын барлау, игеру проблемаларымен айналысады. Ал Атырауда өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін Жайық үстінен салынған көпір болмағаны белгілі. Көпір құрылысы мемлекеттік жоспарлауға енгізілмейді. Ал Өтешқали Атамбаев көпір құрылысына қажетті қаржы, өзге де материалдарды Мәскеуде отырып-ақ тауып бергенін ешкім біле бермес. Сонымен бірге, Жайық пен Жем өзендерінің мұнай өнімдерімен бүлінуі жөнінде дабыл көтергені де бар. Одақтас республикаларды шөміштен қысуға бейім тұратын КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің “қаһарына” “Медеу” мұз айдынының құрылысы да ұшырайды. Қаһарлы комитет төрағасының бірінші орынбасары В. Исаевта өткен кезекті мәжілісте КСРО Министрлер кеңесіне жалпы құны 20 миллион рубльді құрайтын нысан құрылысын тоқтату туралы ұсыныс беріледі. Одақтық комитеттің бұл ұсынысымен келіспеген Өтешқали Атамбаев “Медеу” мұз айдынының маңызын егжей-тегжейлі түсіндіріп, Исаевты райынан қайтарыпты. Осы комитет төрағасының және бір орынбасары Е. Гусев өткізген мәжілісте Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуға қырын қарау байқалады. Тағы да Өтешқалидың араласуына тура келеді.
Әрине, проблеманың бәрі қаржының тапшылығынан туындайды. Сол кезде қаржы шынымен тапшы болды ма? Әлде Одақ басшылары республикаларға өлшеулі қаржы бөлмей, телміртіп қойғанды ұнатты ма? Қалай болғанда да олардың бұл әрекеті Өтешқали Атамбаевқа мүлде ұнамайды. Тіпті олардың мұндай қысастығына көнгісі жоқ. Одақтың Славский, Ломако, Антонов, Гарбузов, Непорожный, Голдин, Ежевский секілді министрлерімен, КСРО Министрлер кеңесінің іс басқарушысы Смиртюковтың қабылдауларына кез келген уақытта кіріп, елдің дамуына, өркендеуіне серпін берер түйінді мәселелерді тез шешеді екен. Өйткені, одақ министрлері Өтешқали Атамбаевтың білімдарлығына, кәсіби біліктілігіне, қай мәселені де нақты дәлелдермен ұғындыра білетініне, жолдасын жарты жолда қалдырмайтын қазақы болмысына сүйсінетін. Мәскеудегі тұрақты өкілдікті басқарған он жылда жоғарыда айтқанымыздай, бір-екі емес, жүздеген мәселенің түйіншектей әбден шырматылған күрмеуін тарқатуына себі тиетіндей мәміле түзе алатын тәжірибе жинақтады. Басқаша айтқанда, ел мен елді елдестіретін елшідей дипломатиялық мектептен өтті. Кремль төріндегі атшаптырым кабинетте шіреніп отыратын дөкейлердің өзін иілдіріп-бүгілдіретін нұрлы ақылымен өрбіткен іскерлік байланысының, дипломатиялық тәжірибесінің жемісін Қаржы министрі (1955-1961 ж.ж.) лауазымында болғанда да молынан көрді.
– Ұлы Отан соғысы аяқталысымен республика Үкіметі өз жұмыстарын ішкі жағдайға, республика қажетін ойлауға бұрды. Соғыс кезінде жоғарғы үкіметтің бар талабы дәлелсіз орындалатын. Енді өз жайымызды да есепке алатын уақыт болды. Тіпті, күттірмейтін істер көп-ақ, әсіресе, болашақ үшін керек перспективалы мәселелерді ұсынып, оны дәлелдеп, қаражат сұрайтын да мүмкіндіктердің басы көрінді. КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Қазақ үкіметінің өкілі қызметіне жіберген Қаржы министрінің бірінші орынбасары Ө.Атамбаев менің де, Орталық партия комитетінің де үмітін ақтады. Он жыл істеді. Қазақстанда соғыстан кейінгі 30-35 жыл ішінде іске асқан ірі құрылыстардың, үлкен өзгерістердің бәрінің жобалары, ұсыныстары сол жылдарда қойылды, жасақталды, бастама алды. Оның бәрі Мәскеуде шешілді. Бірінші хатшы Ж.Шаяхметов те Өтекеңнің қабілетіне, іскерлігіне, Орталық үкіметпен, оның министрлерімен қатынасына өте риза болушы еді. Мен В.М.Молотов, А.И.Микоян, А.Н.Косыгин, Н.К.Байбаковтарға барғанымда қасымда Атамбаев жүретін. Ол өте ұқыпты, ұмытуды, өтірік айтуды білмеуші еді, – деп өз пікірін білдіріпті кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов.
Өтешқалидай білікті қаржыгердің тәжірибесі Қазақ КСР Министрлер кеңесінің жұмысын жандандыруға қажет деп табылды. Сөйтіп, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалғанда сенімнің биік үдесінен көрінді. Бір таңданарлығы, Өтешқали Атамбаевтың қай-қай қызметіне де республика басшылығы тарапынан бірде-бір сын, ескерту айтылмапты. Мұның сыры сірә, Өтешқалидың ел деп емірене еңбек етуінде жатса керек. Басқалай сыры болуы мүмкін емес. Оның ізденіске толы іздері Шығыс Қазақстан өңірінде де сайрап жатыр. Республика басшылары оны Министрлер кеңесінің төрағасына екі жылдай орынбасар болғаннан соң 1963 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағалығына жібереді. Мұнда ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық нысандарының бой көтеруіне атсалысты. Өскемен әуежайының, Ертіс өзені үстінен салынған көпірдің, Үлбі өзенінің жағасын бекіту, Самар, Ұлан аудандары арасындағы көлік жолының құрылыстарының салынуын ұйымдастырды. Осындай қаншама нысанның бой көтеруіне ұйытқы болды. Өзінің жұмысын ертеңгілік 6-7-ден бастайды екен. Қалалық атқару комитетінің төрағасы М.И.Аксеновпен, Үлбі металлургия зауытының директоры В.П.Потанинмен бірге қала көшелерін жаяу аралап, құрылыс жұмыстарының, ағаш отырғызу, қаланы абаттандыру барысымен танысатын болған. Сонан соң сағат 8-де облаткомда өтетін мәжілісте кемшіліктерді саралап, алда атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтайды екен.
Ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Өтешқали Атамбаевқа екінші рет Қазақ КСР-інің Мәскеудегі өкілдігін басқару міндеті тапсырылады. 1966 жылы. Себеп – республика өкілдігінің жұмысын өрістету. Орталық үкіметпен байланысты нығайту, сөйтіп, елдің мүддесін қорғайтын тәжірибелі, дипломатиялық байланыстың сырын, тілін білетін өкіл қажет болды. Өтешқали Атамбаев екінші мәрте осы міндетті әрі жауапты істі 7 жыл бойы абыроймен атқарды. Оның Қазақ елінің өркендеуіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ыстық қайратпен атқарған сол еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қызыл Жұлдыз, “Құрмет Белгісі”, Еңбек Қызыл Ту және Ленин ордендерімен марапатталып, лайықты бағасын алды. Әрине, еңбектің бәрі марапатпен өлшенбейтін шығар. Ең бастысы – ел жадында жүрер, ел жүрегінде жатталар парасатты істер. Өтешқали Атамбаевтың бір кездері балық батағасындағы қара жұмысшылықтан басталып, мемлекет және қоғам қайраткеріне дейінгі өнегеге толы өмірбаянының тағылым аларлық тұстары жетерлік.
Кремль төріндегі Одақ министрлерін білімімен, біліктілігімен мойындатқан Өтешқалидай қазақтың қайсар тұлғасының кісілігі мен кішілігі, парасаттылығы мен дархандығы, ізгілікке толы адами қасиеттері ел есінде ұдайы жаңғырып тұрады. Қазір оның атымен Махамбет ауданындағы бұрынғы Топайлы ауылы аталады. Өңір орталығында №8 орта мектепке де есімі берілді, көше атауы және бар. Ө. Атамбаев атындағы мектепте арнаулы парта бар. Атамбаев атындағы арнаулы партаға 11 сыныптың “Алтын белгі” алудан үміткер, сабақты үздік оқитын оқушысы отырады. Мектепте арнайы мұражай бөлмесі жасақталып, мемлекет және қоғам қайраткері Ө.Атамбаев туралы мол деректер қойылған.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.