18 Қыркүйек, 2010

Атаусыз оқу орындарына неге ат бермеске?

640 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Айтайын дегенім... Жуырда жергілікті басылымдар­дың бірінде тарихшы-ұстаз Мұхамет­қазы Мұхамадиұлының “Қазақ мек­тептеріне алаш көсемдерінің аты беріл­се” деген тақырыппен мақаласы шықты. Онда ол Семей қаласында алаш көсемдерінің ізі қалғандығын айта келіп, осындағы аты жоқ мектептерге солардың есімдерін беру туралы ой қозғапты. Әлгі мақаланы оқып шыққан соң еріксіз ойға шомдық. Еліміз егемен­дік­ке қол жеткізгенге дейін қаладағы қазақ мектептері екі-үшеуден аспаса, ал қазірде аралас мектептерді қосып есеп­тесек, олардың саны осындағы бар­лық білім ордаларының тең жары­мынан асып жығылады. Бірақ, өкі­ніш­ке қарай, солардың барлығы дер­лік атау жоқ, яғни нөмірмен ғана таң­баланған. Рас, бергі кезеңде №5 мектепке дала данышпаны атанған Шәкәрімнің, сондай-ақ қаламен жап­сарлас Комсомол кентіндегі білім ошағына Желтоқсан қаһарманы Қай­рат Рысқұлбековтің есімі берілген-ді. Соған орай, аталған мектептерде ақын мен батыр мұражайы ұйымдас­ты­рылып, оларды ұлағаттау мақса­ты­мен түрлі шаралар үзбей өткізіліп ке­леді. Ал ұлттық идеологияны орнық­тыруда бұдан пайда болмаса, зиян жоқ екендігі айтпаса да түсінікті. Міне, аты берілмеген мектептерден олардың бір ерекшелігі осында болса керек. Яғни, мұндай білім ошақтары ұлт маңдайына біткен тұлғаларды әспеттей отырып, жоғарыда айтқан­дай, ұлттық идеологияны да орнық­тыра түсуде. Ал мұндағы бес-алты жоғары оқу орнының тек біреуі ғана ұлттық тұлға есімін иеленіп отыр. Және Шәкәрім есі­мін иеленген сол университет басқа оқу орындарына қандай үлгі-өнеге көрсетуде десеңізші! Ал оған дәлел керек болса, айтайық. Аталған уни­вер­ситет данышпан ақынның 150 жыл­дық мерейтойында оның тұлға­лық энциклопедиясын шығарса, енді алда келе жатқан Алаш қозғалы­сы­ның 100 жылдығына дейін Алаш көсемдеріне арналған тағы бір эн­циклопедияны басып шығару қамына кірісіп кетті. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезов есімімен аталатын педагогика колледжінде ұлы жазушы есімін ұлықтау мақсатымен атқарылып жатқан игі шаралар қаншама! Алаш демекші, Алаш қозғалыс­ы­ның 90 жылдығы тұсында Семейде Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш ашылады деген ресми сөз бол­ған. Бірақ, өкінішке қарай, ол игілікті шара жеріне жеткізілмеді. Ал көрнекті тұлғалар есімі осындағы оқу орындарына көптеп беріліп жатса, солардың әрқайсысы өзінше бір тірлік істеген болар ма еді. Айтпақшы, сол тұста осындағы пе­дагогика институтының бас ғима­раты алдында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың бюсті орнатылған болатын. Сонда аталған оқу орнына Әлекеңнің есімі беріледі екен деген де сөз шыққан. Бірақ соның бәрі же­ріне жеткізілмеген. Оның үстіне Алаш ардақтысының есімі қаланың орталығындағы емес, онымен жапсарлас кенттегі бір көшеге берілуі де көңілге көлеңке ұялатуда. Енді әңгімемізді жақсы леппен аяқтасақ дейміз. Жуықта Семейде белгілі абайтанушы ғалым, кезінде алаш көсемдерінің тізесінде отырып, со­лардан жастайынан тәлім-тәрбие алған Қайым Мұхамедхановқа ес­керт­кіш-белгі орнатылмақ. Ол да кө­ңіл сергітетін жақсы жаңалық па дей­міз. Солай дей тұрғанмен, бұл кісінің есімі де әлгіндей бір оқу орнының біріне беріліп жатса, кәнеки! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.