18 Қыркүйек, 2010

Жаңашыл жұмыс жетістіктерге жетелейді

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
“Кентау-Трансформатор зауыты” — Қазақстанда осы салаға маманданған, электро­техни­ка­лық қондырғыларды дайындай­тын үлкен өндіріс орны. Елімізді қойып, көрші мемлекеттер де тұ­тынып отырған трансформа­тор­лар осында жиналады. Былтыр зауыт өте жақсы же­тіс­тікке жетті. Соңғы үлгідегі тех­нологиялық жабдықтармен жабдықталған, қуаты орасан 35-110 кв. трансформаторын шы­ғара бастады. – Бұл инновациялық жоба­лар­дың жоспармен іске асуы, – дейді зауыттың атқарушы дирек­торы Әнуар Әйтен мырза. – Зауыт өзінің өндірістік қуатын үнемі модернизациялау үстінде. Трансформатор қондырғылары өндірісі электротехника рыно­гында бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленеді. Қазір ішкі және сыртқы сау­дада тұтынушы үшін тартыс жү­ріп жатыр. Бұрынғы жетістік­тер­ді малданып отыра беруге бол­май­ды. Рынокта жеңіске жету үшін жаңа технологияларды және мықты өнімдерді дайын­дауды игеріп, үнемі жетілдіріп отыру керек. Әнуар Саттарханұлының айтып отырғаны рас. Қазақ­стан­да бізден басқа ешкім бұл саланы игере алмайды деп жайбарақат отырсаң, көршілер ауызың­дағыны жырып кетеді. Кентау қаласына арнайы сапармен бар­ғанда Қазақстанның ірі өндіріс ошақтарының бірегейі-зауытқа соқтық. Қуаттылығы 25000 кВт-ға дейін жететін 35-110 кв. трансформаторын шығаратын жаңа желінің жұмысымен таныс­тық. Бір шағын қаланы жарық­пен қамтуға күші жететін осы алып трансформаторларды жос­пар­лауды осындағы конструк­торлар бөлімі жүзеге асырыпты. Сынақ ойдағыдай өткен. Бәсе­кеге әбден жарайды. Кентау зауытында жасалған алып трансформаторлар алғашқы иелерін тапқан. ТРДНС 25000/35-6,3 маркалы трансформатор­ды Атырау мұнай өңдеу зауыты, ТРДНС -25000/35/10 маркалы трансформаторды “Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты алған. Тәжікстан мемлекетінен де тапсырыс түскен. ТМД елдерінен де сұраныс бар. Бүгінде зауыт өз күшінде. Тек энергетикалық қана емес, басқа да тапсырыстарды орындауға мүмкіндігі жетеді. Бұған өндіріс ор­нындағы қондырғылардың еуропалық озық үлгілермен жаб­дықталғаны қуатын еселеп отыр. Жаңа инновациялық техноло­гия­лардың өндіріске енуі өнімнің сенімділігімен қатар бағасын рет­теуге де септескені байқалады. Зауыттың атқарушы дирек­торы Әнуар Саттарханұлы элек­тр­техникалық секторды қайта жарақтандыру ісінде Елбасының өзі қадағалап отырған “Жол кар­тасы” бағдарламасының айрық­ша көмектескенін айтады. Зауыт­қа тапсырыс көп түскен. Өндіріс орны дайындаған электржаб­дықтарды тұтыну мен тасымал­дауға көптеген кәсіпорындар ке­лісім-шарттар түзген. “Южная”, “Западная” және “АТД” Қы­зыл­орда электр желісі транс­фор­ма­торларға тапсырыс берсе, Шар­да­ра су қоймасынан су сорғы арқылы Мақтааралдың суармалы жеріне су шығаруға жабдықтар алынған. Зауыт басшылығы лизинг ар­қылы жаңа технологиялар алу үшін 2 млрд. 700 млн. теңге не­сие алған екен. Өнімдерге сұра­ныс болғандықтан несиені уа­қ­тылы төлеп келеді. Зауыттың әлеуметтік мәселе­лер және персонал жөніндегі директоры Серік Айтөреевпен өндіріс орнын аралғанбыз. Транс­форматорларды құрасты­рып отырған қазақ жастарын көріп көз қуанады. Онымызды Серік құрдас та байқаған. – “Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде” деген бар ғой. Осы Кентау зауыты оңтай­сыз жекешелендіруде құлағанда қаланы тастап жайлы жер іздеп бара жатқан келімсектер: “Қа­зақтар, сендерге трансформатор құрастыру қайда? Қолдарыңнан келмейді. Сендер тек мал баға ала­сыңдар ғой”, деп кекетіп ке­тіпті. Сол сөз жүрекке инедей қа­далатын еді. Қазір қазақ жұ­мысшысы қалыптасты. Жастар келіп жатыр. Қолдарынан бәрі келеді, – дейді сүйсініспен. Жастар мықты. Оларды мық­ты қылып жүрген зауыт бас­шылығына рахмет айтуға болар. Осы Серіктер жылда Алматы энергетика институтынан бастап облыстағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Ясауи атындағы ХҚТУ-ды аралап, жас кадрларды зауытқа шақырады. Осы іргелі үш оқу орнынан жылына 60-қа жуық жас кадр келеді екен. Оның сыр­тында ОҚО және Қызылорда облыстарын да аралап, осы Серіктер колледж, техникумға талапкерлер жи­найды. Зауыттың жайын түсін­діреді. Сол білімді жастардың алды бас конструктордың орынбасары қызметіне дейін жетті. Техни­кумды бітірген соң жұмысшы бола жүріп институт тәмамдаған жаңақорғандық Омар Асанов – бүгінде зауыттың техникалық директоры. Білдей бастық. Жамбылдық Мақсат Телібаев – бас конструктордың орынбасары. Оның жаңалықтары, ізденістері зауыт өнімділігін, сапасын көтеруде табыс әкеліп жүр. Айжан Жаңабайқызы – бө­лім бастығы. Осында Югай деген конструктор 40 жыл табан аудар­май жұмыс жасаған екен. Зай­нетке шығарда Томь институтын бітірген баласын жетелеп әке­ліпті. Сол өндірдей жігіт бүгінде бас технолог. Білімді жастар осылай өсіп жатыр. “Кентау Трансформатор зауыты” АҚ директорлар кеңе­сі­нің төрағасы Сейдулла Қожабе­ков бір кездегі азып-тозған Кен­таудан келімсектер тырағайлап қаша бастағанда ертеңгі күндерге керек болар деп біршама пәтер­лер сатып алған екен. Қаржы артылған кезде тағы да алып отырған. Көреген басшының заман жақсарады, мұның бәрі керек болады деген үміті алдамаған. Бүгінде сол пәтерлер ешқандай пайызсыз, нарықтан төмен ба­ғаға жастарға беріліп жатыр. Жал­ақыдан төлейді. Біразы жал­ақысынан төлеп, толық меншігі­не алған. Соңғы 3-4 жылда жетпіске жуық жас мамандар осылайша үйлі болды. Жас маман үшін пәтердің жөні бөлек. Кентау трансформатор зауы­тының келешегі кемел. Оған көл­денең көк атты емес, осы жұ­мысты жанындай сүйетін, жаңа технологияға икемді, білімді жастар керек.  Сондықтан олар қаржы­ла­ры­ның бір бөлігін жоғары оқу орындарына, мектеп керегіне жұм­сайды. Зауыт жайлы көрнекіліктер әпереді, дәріс оқуды да ұмыт­пайды. Білікті кадр – өндірістің жү­регі. Ал Кентау трансформатор зауытының басшылары өздеріне кезекті кадрларды мектеп қабыр­ға­сынан бастап дайындап жатыр. Бізді зауыт жетістіктерімен қатар, кадрға деген құрметінің қатты сүйсінткені де сол. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы. Суретті түсірген автор.