18 Қыркүйек, 2010

Еуропаға төрелік айтқан қазақ елі

1379 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Бұл күндері ресми Астана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммитіне қызу дайындық үстінде. Тамыз айының басында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі осынау аса ықпалды халықаралық ұйымның Саммитін өткізу туралы шешімді бірауыздан қабылдаған болатын. Ізінше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мәлімдеме жасап, дайындық жұмыстары басталды да кетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің ешбірі мұндай халықаралық ауқымдағы аса үлкен жиынды өткізіп көрмеген. Қазақстан қатарынан қара үзіп, 11 жыл бойы бастары қосылмаған мемлекет басшыларын бір үстелдің басына жинамақ. Бұл, сөз жоқ, ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы Қазақстанның бөрікті аспанға атып, қуана қабыл алғандай жеңісі. Алдын ала мәлімет бойынша, 1-2 желтоқ­санда Астанада өтетін Саммитке 55 мемлекет­тің басшысы, 65 халықаралық ұйымның де­ле­гациясы, баспасөз өкілдерін қосқанда бірнеше мың қонақ келеді. Төрткүл дүниеге төрелік айтатын ұйымды басқарып отырған Қазақ елі үшін бұл бір жағынан сын сағаты болса, екінші жағынан Қазақ елін жарты әлемге танытуға таптырмас мүмкіндік. Елбасы сөзімен айтсақ, он бір жылдан бері алқалы жиында бас қоспаған ұйымның дағдарыстан кейін біздің елдегі саммитке жиналуы – ұйым үшін де аса маңызды оқиға. Бұл саммит “Хельсинки қорытынды актісіне” қол қойылғанына 35 жыл, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл, жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп тұр. Ұйым хақында бірер сөз Шыны керек, саяси өмірге белсене аралас­пайтын қарапайым жұрт ЕҚЫҰ-ның беделді ұйым екенін сезгенімен, оның негізгі қызметі мен міндетін толық біле бермейді. ЕҚЫҰ-на төрағалық ету бізге не береді дегенді де толықтай түсіне қоймайтыны рас. Сондықтан, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы туралы бірер сөз айта кетуді жөн көрдік. ЕҚЫҰ-ның шежіресінде әу баста бұл ұйым “Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық жө­нін­дегі кеңес” деп аталғаны белгілі. Сондай-ақ, ұйымның негізі 1973 жылы, бұрынғы Ке­ңес­тер Одағының ұйытқы болуымен қа­лан­ғанын біреу білсе, біреу білмейді. 1973 жылы шілде айында сол тұста қалыптасқан Шығыс пен Батыс елдері арасындағы шие­леніскен жағдайды қалпына келтіру үшін КСРО-ның ұйымдастыруымен Хельсинкиде 33 мемлекеттің басшылары бас қосады. Осы басқосуда бас­талған келісім-шарттың соңғы қорытындысына 1975 жылы 1 тамызда Хельсинкиде қол қойыл­ды. Ол тарихқа “Хельсинки келісімі” деген атпен енді. ЕҚЫҰ-ның негізін құрушы басты құжат болып саналатын “Хельсинки келісімі” сол кездегі Еуропа құрлығындағы қалыптасқан халықаралық жағдайды түпкілікті бекітуге және Батыс пен Шығыс арасындағы қарым-қатынастардың шиеленістерін шешуді әрі қарай жүргізуге жағдай жасауы тиіс болды. Атауы Еуропа құрлығымен байланысты болғанымен, бұл ұйымға басқа құрлықтағы ел­дер де енген. Анығырақ айтқанда, бүгінде ЕҚЫҰ-ға Еуропа мен Орталық Азияның, Солтүс­тік Американың 56 мемлекеті мү­ше. Шешім қабылдаған­да ұйымға мүше елдердің тең құқықтылығы сақталады. 90-шы жылдардың басында КСРО ыды­ра­ғаннан кейін Ба­тыс пен Шығыс арасындағы теке­ті­рес те жойылды. Белгілі саясаттанушы­лар­дың айтуынша, кеңес дәуірінің келмеске кетуі “Хельсинки келісіміне” қосылушы мем­лекеттер санының артуына септігін тигізді. Сон­дай-ақ ұйым қарайтын мәселелер шеңбері одан әрі кеңейе түсті. Мәселен, ЕҚЫҰ Таулы Қарабақ шиеленісін шешуге араласты. Таулы Қарабақ мәселесін шешу үшін Минскіде байла­ныс тобын құруды ұсынды. Англия, Германия, Ресей, АҚШ және Франция өкілдері енгізілген Минск тобы 1993 жылы Баку мен Ереванға шиеленісті шешу жөніндегі жоспар кестесін ұсынды. Алайда, ол Әзірбайжан мен Армения жағынан қолдау таппады. Тек 1994 жылы Ре­сейдің араласуымен екі тарап та ұрыс қимыл­дарын тоқтату жөніндегі бейресми келісімге қол қой­ды. Бұл келісім күні бүгінге дейін күшін­де. Ал бұл ЕҚЫҰ-ның ең бір жемісті жұмысы болды. Ал, енді ЕҚЫҰ Саммиті қандай жиын дегенге тоқталсақ. Бұл – ұйымға мүше елдер­дің басшыларының және үкімет басшы­лары­ның ең жоғары деңгейдегі басқосуы. ЕҚЫҰ құ­рылған кезден бері осындай жо­ғары дәрежедегі алты саммит өткізілген екен. Олардың ішіндегі ең маңыздыларының қатарында 1975 жылғы ұйымның негізгі құжатын қа­былдаған Хель­син­ки саммитін, 1990 жылғы Жаңа Еуропа Хар­тия­сына қол қойылған Париж саммитін, 1994 жылғы негізгі институттық құ­рылымдарды аяқ­тау жөніндегі ше­шім қабылданған Будапешт сам­­митін және 1999 жылғы Еуропа қауіпсізді­гі жөніндегі Қорытынды хартияға қол қойылған Ыстамбұл саммитін атауға болады. Қатардағы мүшеліктен төрағалыққа дейін Айдарынан жел ескен бұл халықаралық ұйымда Қазақстанға қатардағы мүше мемлекет­тен төрелік айтар төрағалық мәртебеге дейін не­бары 18 жыл жеткілікті болды. Тарихи өл­шем­мен алғанда бұл қас-қағым ғана уақыт. Алай­да, еліміздің осы қысқа мерзімде әлемдік қо­ғамдастықтағы өз орнын қаншалықты нықтап алғанын ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың өзінен айқын көре аламыз. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға 1992 жылғы қаңтардың 30-ында кірді. Аталмыш ұйымға кіруге не себеп болды деген сауал туын­дай­тыны заңдылық. Бұл сауалға әркім әртүрлі жауап айтады. Соның ішінде тәуелсіздігін енді ғана алған елімізге сол кезде әлемдік держа­валар мен беделді халықаралық ұйымдардың қол­дауы қажет болды деген пікір басым. Соның ішінде біздің елге ЕҚЫҰ-ның қолдауы айрықша қажет еді. ЕҚЫҰ-ға мүшелікке қа­былданған Қазақстан жылдар өте жалпыеуро­палық кеңестің толыққанды қатысушысына айналды, тіпті өзі мүше ұйымды одан әрі да­мыту үдерісіне белсене араласа бастады. Мәселен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Хельсинкиде (1992 ж.), Будапештте (1994 ж.), Лиссабонда (1996 ж.) және Ыстамбұлда (1999 ж.) өткен саммит­терінің жұмысына белсене қатысты. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ Министрлер Кеңе­сінің жыл сайын өтетін отырысына Қа­зақ­стан атынан Сыртқы істер министрлігінің басшысы өкілдік етеді. Ал қазақстандық пар­ламентшілер ұйымның Парламенттік Ассам­блеясының жұмысына қалыс қалмай қатысып келеді. 1995 жылы Қазақстанның Венадағы ха­лық­аралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкіл­дігінің іргетасы қаланды. Бұл да еліміздің ЕҚЫҰ-ға тікелей қатысуын қамтамасыз еткен оқиға еді. Ал бүгіндері ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төрағалық жасауда. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның әлемдік қоғамдас­тық­тар арасында абыройын арттыру үшін тек шиеленіске толы жағдайларды реттеп қана қой­май, экономиканың дамуына да үлесін қосуын қалайды. Бұл ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: “ЕҚЫҰ тек “қырғи-қабақ соғыс” кезінде ғана тиімді болмай, қа­зіргі заманғы ғаламдық саясат пен экономика­ның ажырамас бөлігі ретінде дамып отырған құрылым екендігін дәлелдеуі тиіс”, – дегені осыны меңзесе керек. Өткен жылғы 1-2 желтоқсанда Афинада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің 17-ші отырысында осы ұйымға төрағалық етіп келген грек тарапы Қазақстанға ЕҚЫҰ төраға­лы­ғын ресми түрде тапсырды. ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық – ТМД елдерінен және мұсылман жұрты­ның арасынан алғаш рет бізге сеніп тап­сырылды. Жалпы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ту­ра­лы ниетімізді осыдан жеті жыл бұрын білдір­дік. Төрағалыққа жеті жыл дайындық жасалды. Елбасының 2005 жылғы халыққа арнаған “Қазақ­стан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жо­лын­да” атты Жол­дауында: “Біздің еліміз үшін барлық бағыттар бойынша ЕҚЫҰ-мен бұрынғысынша іс-қимыл жасау маңызды болып қала береді. 2009 жылы осы ұйымға төрағалық етуге біздің кандида­тура­мыздың ұсынылуына барынша жауапкер­ші­лікпен қараймыз. Бүгінгі бастамалар, сонымен қатар, осы мақсаттарға қол жеткізуді көз­дейді. Қазақстанның әлемде қуатты эко­номикасы бар әрі халықаралық қоғамдастық­тағы тұғыры берік өңірлік держава ретінде қабылданатынын да естен шығармағанымыз абзал. Бұл мәртебені қастерлеуіміз және елі­міздің қазіргі әлемдегі беделін нығайту үшін қо­сымша күш-жігер жұмсауымыз керек”, – де­ген болатын. Міне, сол 2005 жылы Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуіне Қазан қаласында өткен ТМД басшыларының самми­тінде қолдау көрсетілді. Халықаралық ұйымға төрағалық жасау үшін сол ұйымның демократиялық қоғам құру жө­нін­дегі шарттарына сай болуымыз керек еді. Бұл ретте елімізде саяси реформалар жүргізіл­ге­нін айтар едік. Соның ішінде, әсіресе, 2007 жылы жүргізілген конституциялық реформа­лар­дың маңызы зор. Соның нәтижесінде елімізде “Саяси партиялар туралы”, “Сайлау туралы”, “Бұқаралық ақпарат құралдары” ту­ралы заңнамаларға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізілді, Парламенттің және жергілікті мәслихаттардың рөлі артты. Қазақстан пре­зиденттік республикадан президенттік-пар­ламенттік республикаға айналды. Ең бастысы, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арт­тыруға назар аударылды. Үкіметтік емес ұйым­дар енді халық пен билік арасындағы алтын көпірге айнала бастады. Қазақстан халқы Ассам­блеясының 9 мүшесіне Парламенттен орын беру де ұлтаралық татулықтың тетігін кү­шейтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съездерін өткізу де ЕҚЫҰ-ның негізгі миссиясына дөп келеді. Қазақстан әлемдегі ауқымы жағынан төр­тін­ші ядролық арсеналынан бас тартты. Елба­сының ұсынысымен БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні етіп жариялады. Мұның барлығы бізге ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауға жол ашып берді. Төрағалық ету төрде отыру ғана емес Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымы сияқты халықаралық ұйымға төрағалық ету – төрағамын деп төрде отыру ғана емес. Бұл – әлемдік саясатты белгілі бір деңгейде реттеуге жетекшілік ету деген сөз. Се­бебі, бұл – сан түрлі мүдделер тоғысқан саяси алаң. Осы арқылы дүниежүзілік қоғамдастық­тағы ықпалымызды барынша арттыруға мүм­кіндік алып отырмыз. Қазақстан төрағалығы қаншалықты жемісті болады, әлемдегі ықпа­лымыз соншалықты арта түспек. Төрағалықтың бізге ең басты берері – осы. Мұның аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. “Мұндай салмақты ұйымға төрағалық ету – еліміз үшін үлкен тәжірибе. Халықаралық сая­саттың геосаяси, ұлттық мүдделер, табиғи бай­лықтар үшін күрес, өзгелерге бақылау орнатуға деген ұмтылыстардан тұратынын ескерсек, бүгінгі саясаткерлердің негізгі міндеті ұлттық мүд­делерді әлемдік аренада қорғау мәселе­ле­ріне негізделуі керек. Осы тұрғыдан алғанда ЕҚЫҰ тізгінін ұстау елімізге, Астанаға ха­лықаралық, стратегиялық міндеттер жүктейді. Се­бебі, аталған мақсат жолында Қазақстан әлем­дік саясат пен стратегиялық қауіпсіздіктегі көптеген мәселелермен бетпе-бет келетіні сөз­сіз. Қазақстан ЕҚЫҰ тізгінін аймақта жаңа қауіп-қатерлер қылаң берген бетбұрысты ке­зеңде қолға алды. Сондықтан еліміздің алдында төрағалық міндетін тиімді ұйымдастыра оты­рып, Орталық Азияның аймақтағы орнын ай­қындауда, Еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістік арасында алтын көпір орнатуда еңбек етуі қажет”, – деген еді өткен жылы Алматыда өткен Қазақстан саясаткерлерінің екінші фо­румында Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев. Оның айтуынша, төрағалық – Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың өзіндік үлгісін, “Мәдени мұра” сынды маңызды жобаларды насихаттап, Еуропаға көрсету мүмкіндігі. Еуропадағы соңғы жылдары қылаң берген кейбір келеңсіз жәйт­тердің оң шешімін табуына игі әсер ету арқылы әлемдік қоғамдастықтағы беделімізді арттыра аламыз. Ал белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали ЕҚЫҰ-ның Қазақстан үшін тиімді тұсын төмендегіше тарқатады: “Біріншіден, еліміз халықаралық легитемденуден өтеді. Қазақстан төраға мемлекет ретінде Еуропаға жаңа қы­рынан танылады. Екіншіден, қауіпсіздік бағытында карт-бланж аламыз. Өзгелерге үлгі мемлекет ретінде мойындаламыз. Үшіншіден, экономикалық-экологиялық жобаларымыздың қаржыландырылуын шешеміз”. Тағы бір белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстан өзінің ядролық әлеуетінен бас тарт­қан кезде Қазақстанның тәуелсіздігіне, шека­ралық тұтастығына кепілдік берген Қытай, Ре­сей, АҚШ, Ұлыбритания және Франция мем­лекеттерінің әрқайсымен жеке-жеке кепілдік құжатын жасап алуда ЕҚЫҰ-ға төрағалықты тиімді пайдаланып қалу керек дейді. Жетістіктер жеткілікті Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде бір­қатар ірі ғаламдық жанжалдарды реттеуде ай­рық­ша белсенділік танытып, бітімгерлік қуатын дәлелдеп те үлгерді. Соның бірі Қырғыз­стан­дағы жанжалға араағайындық етіп, бейбіт рет­теуге күш салудан көрінді. Яғни, Қазақстандық төрағалықтың жетістіктері қазірдің өзінде жеткілікті деуге болар еді. ЕҚЫҰ полицейлерін Қыр­ғызстанға енгізу туралы шешім түрлі тарап­тардан қарсылыққа дұшар болды. Қарсы топ­тың пайымдауынша, ЕҚЫҰ өз тәртіп сақ­шы­ларын енгізу арқылы Оңтүстік Қырғыз­станды елден бөліп тастайды. Дегенмен, бұл ақылға қонбайды. Тіпті Қырғызстанда қақ­ты­ғыс­тар орын алып жатқанда да, әлемдік қоғам­дастық тарапынан Қырғызстанның біртұтас­ты­ғына күмән келтірілген жоқ. Аталған миссия­ның негізгі мақсаты – қантөгісті тоқтату. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Киммо Кильюненнің пікірінше, ЕҚЫҰ полиция күштерін Қырғызстанның оңтүстігіне кіргізуді республикаға гуманитарлық көмек көрсетумен теңестіруге болады. Бұған дейін ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев халық­аралық ұйымның елдегі тәртіпті орнатуға атса­лысуы қайта елдегі тұрақтылықты барынша нығайтуға себеп болатынын айтқан еді: “Мен ЕҚЫҰ-ның барлық 56 мүше мемлекеті көре­гендік танытып, Қырғызстанға полицейлік кон­сультанттар жіберу жөнінде келісімге келген­дерін және оның біздің Венадағы өкілетті өкілдеріміздің шешімімен рәсімделгенін шын ниетіммен қолдаймын. Полицейлік консуль­та­тивтік топтардың жақында қантөгісті қақты­ғыстардың аренасына айналған аймақтарда болуы елдегі сенімнің артуына, тұрақтылықтың нығаюына және тәртіптің орнауына өз ық­палын тигізеді”, – деген болатын ол. ЕҚЫҰ полицейлері жеке-дара құрылым ретінде қызмет атқармайды, бар болғаны Қыр­ғызстанның ішкі істер қызметкерлеріне көмек көрсетуші, солармен бірлескен түрде шаралар ұйымдастырушы топ болып табылады. Қа­зақстан көршілес қырғыз еліне көмек көр­сету мәселесін қолға алған соң, ЕҚЫҰ төрінде де Қырғызстанға қаржылай, гуманитарлық және консультативтік көмек көрсету мәселесі жиі талқыға түсті. Соның нәтижесінде жуырда донор мемлекеттер Қырғызстанды қалпына келтіруге 1 млрд. доллар бөлуге уәде етті. Қысқасы, ЕҚЫҰ-ға қарсылық білдіріп жүргендердің дені елінің тағдырына алаң­дау­шылар болғанымен, мәселенің байыбына жете алмай, мән-жайды толық түсінбестен аттандап жүрген ағайындар. Енді Қырғызстанда 10 қазанда парламенттік сайлау өтеді. Қырғыз еліндегі жағдайларға ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы – Қазақстанның Уақытша үкіметті қолдау арқылы нақты шара­лар ұсынған әрекеті ұйымның құралын нақты пайдаланудың мысалы бола алады. ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының сайлауды бақылау механизмдері жөніндегі арнайы өкілі, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының арнайы өкілі Киммо Кильюнен солай дейді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік хат­шысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сауда­баев Астанада желтоқсан күндері өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушылардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс тобы­ның бірінші кеңесін өткізді. Алқалы жиында Қ.Саудабаев бұл жобаның жүзеге асуына Елба­сының ерекше назар аударып отырғандығын баса айтты. Оның атап өтуінше, тамыздың 16-сы күні Ақордада өткен жиын барысында Қа­зақстан Президенті Н.Назарбаев 4 жұмыс то­бын белгілеген. Олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету, саммит мазмұнын толықтыру, қаржылық мәселесін шешу және ақпараттық насихаттауды қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды. “Саммитті сәтті өткізудің маңызды факторы мемлекет басшыларының және саммитке қатысушылардың қауіпсіздігі болып табылады. Сондықтан біз жұмыс тобының бірінші кеңесін қауіпсіздік мәселелеріне арнап отырмыз. Оны Мемлекет басшысының шешімімен Президент күзеті қызметінің бастығы, генерал Мұхтар Аюбаев басқарады”, – деді Қ.Саудабаев. Халима БҰҚАРҚЫЗЫ.