21 Қыркүйек, 2010

Әлем өткен аптада

471 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сайлау – желтоқсанда Белоруссия парламенті елдің пре­зи­дент сайлауын 19 желтоқсанда өткізу туралы шешім қабылдады. Президент Александр Лукашенконың өкілеттілігі келесі жылдың көктемінде бітеді. Сайланған адам қазіргі президенттің мерзімі аяқталуын біраз күте тұратын болады. Ал күреске кім қосылады де­генде, оппозиция арасынан Лу­ка­шен­комен тіресетіндей тұлға жоқ көрінеді. Баламасыз болмасын деп, қазіргі президенттің бір жақтасы өз кан­дидатурасын ұсынбақ. Жеме-жемге кел­генде, басқалар күрестен шығып қалғандай болса, сол жақтасы “қосымша әуежай” қызметін атқарады. Үкіметтің басшысы бар, өзі жоқ Жапониядағы билеуші Демо­кра­тиялық партияның ішкі сайлауында жеңіп шығып, премьер-министрлік қызметті сақтап қалған соң, Наото Кан жаңа құрамды өз қалауынша жасақтау үшін үкіметті таратты. Соған орай үкіметте біраз өзгеріс болатын түрі бар. Айталық, сыртқы істер министрі Кацуя Окаба үкіметтен кетіп, партиялық жұмысқа ауыспақ. Оның орнын Сейдзи Маэхара басады. Бір ерекшелік – Наото Кан өзінің партия ішіндегі қарсыластарын да үкімет құрамына тартпақ көрінеді. Сатылатын дауыстар Қырғыз ағайындардың сөздері мен әрекеттері кейде жұртты таңдандырады. Вице-премьер Әзімбек Бекназаров “Сайлау науқанына және дауысты сатып алуға 150 миллион доллар қаржы бөлінгенін” хабарлады. Жай хабарлап қоймай, сайлаушыларға үміткерлердің ұсынған ақшасын алыңдар да, жүректеріңмен, арларыңмен дауыс беріңдер деп кеңес берді. Онымен де қоймай, 20 жылдан бері арларыңды сатып жүрсіңдер, деп жұртты кінәлады. Қайраткер айтатын сөз емес-ақ. Соттасып жатыр Гаагада Грузияның талабы бойынша БҰҰ-ның халықаралық соты Абхазия мен Оңтүстік Осетияда Ресей тара­пы­нан болған грузин халқына қарсы этностық тазалау мәселесі бойынша іс қарап жатыр. Сот екі жақ­ты да (айыптаушы Грузия мен ақталушы Ресей) тыңдап, соңғы шешімді ке­йінірек айтады. Ресей соғысты бастаған грузиндер десе, Грузияның әділет вице-министрі Тина Бурд­жа­лиани жүздеген мың грузиннің өз үйлерінен қуылуын тоқтатпақ болдық дейді. Қазір грузия халқының 10 пайызы босып келген грузиндер көрінеді. Қанішердің куәлігі Жақында атышулы қанішер серб генералы Ратко Младичтің баласының үйін тінткенде серб фашистерінің зұлымдығын әшкерелейтін құнды деректі материал – қазір қашып жүр­ген генералдың күнделігі табы­лы­п­ты. Ол 18 дәптер, 3500 беттен тұрады екен. Онда мұсылмандарға қарсы геноцидтік саясат айуандық жасаған ұлтшыл­дардың мақсат-мүддесі, іс-әрекеттері айқын көрінеді. “Мұсылмандар – біздің де, хорваттардың да ортақ жауы, біз олар қайтып шыға алмайтындай тұйыққа қамауымыз керек”, депті генерал. Қанішердің өз қолымен жазған дерегі оның өзін ғана емес, оның басшылары: серб-босниялықтар көсемі Радован Караджич пен Сербия президенті Слободан Милошевичтің де жауыздықтарын толық әшкерелейді. Қай бетімен бармақ БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның пі­кірінше, Нью-Йоркте өтетін ядролық қарусыздану мәселесіне арналған кездесуге Иран президенті Махмұд Ахмадинежад бармайтын көрінеді. Бұл кездесу БҰҰ аясында өтетіндіктен, оның Бас хатшысы бұл мәселеге кө­бірек қатысы бар елдер бас­шы­ла­ры­ның келу-келмеуін зерттесе керек. Сірә, Иран президенті өзіне айтылар сын­ды, қойылар талапты аңғарған шығар. Папа сапары қымбат Рим католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Бенедикт ХVІ өткен бейсенбіден Ұлыбританияға сапарын бастаған болатын. Халқының негізі христиандар болғанмен (87 пайыз), католицизмді ұстанатындар бұл елде 10 пайыды құрайды. Сондықтан Рим Папасының сапарын ағылшындар әртүрлі көңіл-күймен қарсы алды. Католиктер басшысы бұл елде бір-ақ рет – 1982 жылы ғана болған екен. Қонаққа шақырып не керегі бар еді дей­тіндер баршылық. Понтификтің са­парына ел қазынасынан 10-12 миллион фунт стерлинг жұмсалатын көрінеді. Закаев ұсталды Польшада өтпек чешен конгресіне қатыспақ оймен келген Ичкерия Чешен республикасының басшысы саналатын Ахмет Закаев тұтқынға алынды. Халықаралық іздеуге салып отырған – Ресей. Бұған дейін ол Лондонда тұрған, оған онда саяси баспана берілген еді. Ағылшындар Закаевты Ресейге қайтарып беруге оған тағылған айып жеткіліксіз деп келген. Польшаның оны Ресейге қайтарып беруі де шешілген мәселе емес. Польша өзінің халықаралық беделін сақтап қалу үшін оған бармауы да мүмкін. Рас, Польша бұған дейін Закаев келсе, оның ұсталатынын ескерткен болатын. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.