“Қазақстан” РТРК” АҚ басқарма төрағасы Жанай ОМАРОВ балалар телеарнасы туралы ой толғайды
– Жанай Сейітжанұлы, Қазақстан телерыногында тағы бір жаңа арнаның дүниеге келетіні туралы естіген едік, бүгін өзіңізден осы туралы нақты білудің сәті түсіп отыр. Бұл жаңа арна қалай аталады? Кімдерге арналады?
– Мен бүгін “Егемен Қазақстан” газетінің барша оқырмандарына елімізде балаларға арналған “Балапан” телеарнасының ашылатыны туралы алғаш рет қуана хабарлағым келеді. Мемлекетіміздің тарихында ең алғашқы телеарна 1958 жылы 8 наурызда ашылған болатын. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан медиарыногындағы телеарналар саны жыл санап артып келеді. Бірақ, олардың бірде-бірі жас көрермендерге толықтай арналмаған. Енді сол жоғымыздың орнын толтырып, олардың санатына кішкентай “Балапан” қосылып отыр, ол тек балалар арнасы ретінде бағдарламалар таратады. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде, өзіміз білетіндей, балаларға арналған көптеген телеарналар қызмет көрсетеді. Ол мемлекет идеологиясының бір бөлшегі іспетті. Осы үрдісті бетке алып, біздің ел де балаларға жеке арна ашуға кірісті. Бұл – сарабдал, салиқалы саясаттың арқасында жүзеге асып отыр деп білемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуға бағытталған “Балапан” арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды тапсырған болатын. Сонымен, осы “Балапан” бағдарламасының жалғасындай болып, “Балапан” балалар арнасы ашылып жатыр.
Теледидар – ұрпақ тәрбиесінің айнымас құралы десек, еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы бүгінгі өскелең ұрпағымызға сапалы, тәрбиелік тағылымы мол телеөнімдер ұсыну керек. Көгілдір экранда балаларға арналған бағдарламалардың мәні мен мазмұны мемлекеттік идеологиямызға сәйкес келетін болсын. Мұны халықтың ертеңін ойлайтын үлкен ағаларымыз маған жиі айтады. Бүгін қазақ баласы сиқырлы жәшіктен шетел мультфильмдері мен бағдарламаларынан басқа не көре алады? Талапқа сай аз ғана, саусақпен санарлық өнімдер болыпты. Онымен миллиондаған жас көрерменнің сұранымын қанағаттандыру мүмкін емес. Осы орайда, түпкілікті шешім қабылдау қажет еді. Балалардың өз телеарнасы болуы туралы талай рет айтылды. Бірақ ол сөз жүзінде қалып келді. Ақыры Үкіметіміз осы мәселені түпкілікті шешті. Біздің корпорацияға балаларға арналған жаңа арна ашу тапсырылды. Біз үш-төрт айдың ішінде шығармашылық, қаржылық және техникалық шешімдер қабылдап, арнаны эфирге шығару жұмысын аяқтауға тақадық. Келесі аптадан бастап жаңа арна Қазақстан көгінде жарқ етеді. Меніңше, балаларға арналған қазақ тіліндегі арнаның ашылуы еліміздің рухани өмірінің тарихына жазылатын үлкен оқиға және ұлтымыздың болашағы үшін салынған инвестиция болмақ.
– Жанай Сейітжанұлы, “Балапан” балалар телеарнасының өз ерекшеліктері жеткілікті. Бұл арнаны дайындау мен шығару “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясына тапсырылғаны сіздер үшін мәртебе деп білеміз. Енді таңдаудың сіздерге түсуінің негізгі себептерін білсек бола ма?
– “Қазақстан” республикалық телерадио корпорациясы – жарты ғасырдан астам жарқын тарихы бар іргелі мекеме. Оның материалдық-техникалық базасы, мамандарының техникалық, шығармашылық даярлық деңгейі еліміздегі телеарналар бойынша алдыңғы орында. Жаңа арна ашу үшін мұндай мүмкіндіктерді пайдалану қажет еді. Өзімізде барды сырттан іздеп қайтеміз? Сондықтан Үкіметтің таңдауы бізге түсті.
Біз өз ішімізден жаңа “Балапан” деген шығармашылық бірлестік ашып, оған тиісті мамандарды топтастырдық. Ол үшін бұған дейін кішкентай көрермендер үшін жұмыс істеген, балалар тілін түсінетін қызметкерлерді іріктедік. Олар негізінен жас көрермендер ойынан шығатын хабарларға тапсырыс береді. Яғни, контентті айқындайды. Ал кейбір жекелеген бағдарламалар сыртта аутсорсинг әдісімен, яғни басқа продюсерлік орталықтар мен компанияларда дайындалады. Бұл өз кезегінде түрлі телетуындылар дайындайтын жеке, шағын студияларды қолдау болып табылады. Демек, қазақ тілінде материал әзірлейтін журналистер тек корпорациямыздың ауқымымен шектелмей, басқа жерлерде де жұмыс табуына жағдай жасадық. Оның үстіне түрлі тақырыптарды түрлі продюсерлік орталықтар мен телекомпаниялардың әзірлеуі арнаны бірізділік пен бірсарындылықтан құтқарады. Ақыр аяғында дайын хабарлар “Қазақстан” ұлттық арнасының “Балапан” шығармашылық бірлестігінде мұқият тексеріліп, техникалық, шығармашылық сапа деңгейі жоғары болған жағдайда эфирге жіберіледі.
– Жанай Сейітжанұлы, жаңадан ашылатын “Балапан” арнасының көрсетілімдері туралы айтып өтсеңіз? Эфир тілі, көрермен аудиториясы туралы газет оқырмандары да білгісі келеді.
– “Балапан” телеарнасының басты артықшылығы – ол тек мемлекеттік тілде хабар таратады. Ал оның көрермендері тілі жаңадан шығып келе жатқан баладан бастап 10 жасқа дейінгі балалар деп отырмыз және бұл көрермен қатары тәрбиеші-мұғалімдермен, ата-аналармен толығуы мүмкін екенін айта кетуіміз керек. Негізінен халқымыз “баланы – жастан” деген. Баланың ұлттық болмысы, рухани жан-дүниесі балғын шағында қалыптасады емес пе? “Балапан” арнасының көрсетілімдері де негізінен танымдық, оқу-танымдық, ойын-сауық шоу бағдарламаларға негізделген. Алғашқы маусымға алты бағдарлама, бір мульттоптама ұсынып отырмыз. Олар, санап берсек, мыналар:
l “Алақай, балақай!” – спорттық ойын-сауық шоу бағдарлама;
l “Айжұлдыз” – кешкілік танымдық бағдарлама;
l “Кел, ойнайық!” – танымдық ойын-сауық шоу бағдарлама;
l “Шеберхана” – оқу-танымдық бағдарлама;
l “Әліппе” – оқу-танымдық бағдарлама;
l “Ән салайық!” – отбасылық музыкалық ойын-сауық шоу бағдарлама;
l “Ғажайыпстанға саяхат” – оқу-танымдық мультсериал.
Сонымен бірге “Қазақстан” ұлттық телеарнасынан шығатын “Айгөлек”, “Толағай”, “Еркетай” бағдарламалары енді “Балапан” телеарнасынан да көрсетілетін болады. Сондай-ақ ұлттық болмысымызға сай, тәрбиелік-танымдық мазмұндағы балаларға арналған шетелдік кинолар мен мультфильмдер жіті сұрыпталып, қазақ тіліне аударылып беріледі. Бағдарламалар өте қызықты. Балалардың ұғымына түсінікті. Қазіргі заман талабына сай жасалуда. Оған балаларымыз 27 қыркүйектен бастап өздері куә болады.
– Бағдарламаларды жасаған кезде қандай қағидаттарды басшылыққа алдыңыздар? Бағдарламалардың идеясы туралы айтсаңыз.
– Өте маңызды сұрақ. Өйткені бағдарламаның мазмұны арнаның жалпы идеясын көрсетіп тұрады. Біздің бар күш салған жеріміз де осы мәселе: бағдарламалар техникалық жабдықталуы жағынан шетелдік арналардың хабарларынан қалыспауы тиіс. Ал мазмұны өзіміздің ұлттық болмысымызға сай, тілі таза, көркем жасалуы керек. Бағдарламалар балаларды ортақ пайдалы іске жұмылдырып, бірге ойнау, сұрақтың жауабын бірге табу, ортақ мақсат қойып, оны жүзеге асыруға талпындырады. Мұның бәрі де баланың жеке басының қоғамдағы бағытын анықтайды, оның өмірге белсенді ұстанымын қалыптастырады. Сондай-ақ “Балапан” арнасының көрсетілімдері баланы жастайынан еңбек сүйгіштікке, ізгілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеп, көп дүниені өз қолымен жасай алуды және жасалған дүниеге қуана білуді, яғни жалпы еңбек нәтижесін бағалауға үйретеді. Дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданды, еңбек сүйгіш, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуге атсалысады.
– Жанай Сейітжанұлы, бұл бастамаларыңыз бізді қатты қуантып отыр. Айтыңызшы, көрермендер “Балапан” телеарнасын қалай көре алады?
– “Балапан” балалар телеарнасы әзірге кабельді желі арқылы таралады. Сөз соңында айтарым, енді біздің бөбектеріміздің уақытын қызықты өткізуге мүмкіндік беретін өз арнасы бар. Ол – өзінің көрермендерін мемлекеттік тілді білуге ынталандырады. Ол – қолөнерді үйреніп, шебер болуға шыңдайды. Ол – ертегі айтып, ән салуға шақырады. Ол – әлемнің ең үздік балалар кинолары мен мультфильмдерін қазақ тілінде ұсынады. “Балапанның” кейіпкерлері: Бояубек пен Өшіргіш, Ақтөс пен Шөжетай, тағы басқалар біздің кішкентай көрермендеріміздің бірге ойнап, бірге күлетін, бірге сурет салып, бірге оқитын, тіпті бірге сапарға шығатын нағыз достарына айналады деп ойлаймыз. Сондықтан болашақта “Балапан” балалар телеарнасы әрбір баланың жүрегін жаулап, қиялына қанат бітірер, нағыз серігі боларына сеніміміз мол.
– Әңгімеңізге рахмет. “Балапан” балалар арнасына өз тарапымыздан сәт сапар тілейміз!
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.