Жетістіктер жалғасады
“Құтты қонақ келгенде, қой егіз табады” дейді халқымыз. “Егемен Қазақстан” РГ” АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановты жылы шыраймен қарсы алып, қабылдаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов екеуара кездесуде оған халқымыздың осы нақылын еске салды. Облыс басшысының мұнысы негізсіз емес-ті. Өйткені, қыркүйектің жаймашуақ жазға бергісіз осы бір күндерінде Ақжайықта табыстардың тастары өрге домалап жатты десе де болады.
Әрі бұған мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Айталық, осы бір күндерде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі белгілеген биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша республика облыстары арасындағы рейтингте Батыс Қазақстан облысы көш бастағаны алдыңғы пікіріміздің айқын дәлелі. Өткен жылдың нәтижесі бойынша шығарылған дәл осындай рейтингтік көрсеткіште 5-ші орынға табан тіреген батысқазақстандықтардың аз уақыттың ішінде бірінші орынға көтерілуі атап айтуға тұрарлық мәселе.
– Бұл рейтингтік көрсеткіштер 24 позициядан тұрады. Соның басты бөлігі бойынша біздің облыс суырылып алға шықты, — деді “Егемен Қазақстан” басшысына облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов. — Мұның бірінші тізбегінде экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджет қаржысын оңтайлы, тиімді пайдалану, оны орнымен игеру мәселелері тұр. Бұдан кейінгі бағыттар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс пен құрылысты өркендету бойынша анықталған. Сондай-ақ рейтингте жұмыссыздық деңгейін төмендету, қылмыспен күрес, ана мен бала өлімін азайту, мектепалды даярлықпен қамту мәселелері де жетекші мәнге ие.
Орал өңіріндегі биылғы жетістіктер тізбегі тек мұнымен шектелмейтіні де газет пен облыс басшысының кездесуі кезінде айқын көрінді. Мысалы, Қазақстанның көне де жаңа Орал қаласы осы мерзім аралығында жасалған қалалар арасындағы рейтингте екінші орынға көтерілсе, облыстағы Бөрлі ауданы республикадағы 160 ауданның арасында алғашқы бестікке ілініпті.
Мұның бәрі жергілікті атқарушы биліктің күнделікті назарындағы іс десек, хаттама бойынша назарға алу міндеттелмейтін, тек басшы парызы тұрғысынан ғана көрініс таба алатын шетін, әлеуметтік мәселелердің байыпты түрде жалғасын тауып жатқаны да атап айтуға тұрарлық мәселе. Мысалы, республиканың қай түкпірінде де жетім балалар үйлері бар. Олар сонда мектеп бітіргенше оқып, тәрбие алады. Жасыратыны жоқ, жетім балалардың мұнан кейінгі тағдырларына ешкім бас ауырта бермейді. Орал өңіріндегі артықшылық – Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Ізмұхамбетовтің бастамасымен оларға тек соңғы екі жыл ішінде 108 пәтер беріліпті. Егер бұған дейінгі 8 жыл ішінде туа сала тағдыр теперішіне ұшырағандарға тек 6 пәтер тапсырылғанын ескерсек, бұл облыс басшысы тарапынан жасалған әжептәуір әлеуметтік көмек екені айындала түседі.
– Біз ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған қоғамның жас мүшелерінің өмірден өз орнын тауып кетуіне селқос қарай алмаймыз. Көп жағдайларда мектеп, кей жағдайларда жоғары және арнаулы оқу орнын бітіргеннен кейін де олар өмірден өз орындарын таба алмай, бастарын тауға да, тасқа да соғып жатады. Криминалдық жағдайларға да кезігеді. Бұл үрдіс осындай әлеуметтік дағдарыстардың алдын алу ниетінен туындады. Оларға осындай әлеуметтік қолдау алдағы кезде де жалғаса бермек, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
С.Абдрахманов пен Б.Ізмұхамбетовтің кездесуі кезінде өңірде азық-түлік өнімдерін өндіру мен оның қауіпсіздігін сақтау ісіндегі қолға алынған шаралар жөнінде де егжей-тегжейлі әңгімелер қозғалды. Соның бірі — халал ет өндіру тұрғысынан өрістеді. Бұл ретте облыс басшысы Орал қаласындағы “Жайық-ет” ЖШС қолға алған өндірістік жоба жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. Ол тәулігіне 10 тонна халал өнімдер әзірлей алады.
Мәселенің мәнісі мынада. Әңгіме халал ет жөнінде болып отырғандықтан, мұнда сойылатын мал да адал жолмен қан шығарылып сойылуы керек. Мұндай жағдайда малды электр тоғымен ұрып өлтіруге болмайды. Әйтпесе ол халал ет қатарына кірмейді. Осында қойылған бүгінгі заманғы технология осындай қадамға жол аша алады. Яғни, бұған дейін исі мұсылман, араб елдері қолданып келген тәсіл бойынша малдың басы көтеріліп, мұсылманша түсінікке сайғанда басы құбылаға қаратылып, сойылатын мал жатқызылып, аяқтары байланып жатқандай күйге келтіріледі екен. Бауыздау тәсілі негізінен пневматикалық, яғни ауа арқылы жанын шығару әдісіне арқа сүйейді.
Құны 420 миллион теңгеге тең жоба құрылысының аяқталу мерзімі алдағы қазан айына белгіленген. Сол кезде халал ет өнімдерімен облыс тұрғындарын қамтуға әрі импорттық ет бағасын түсіруге мүмкіндік тумақ. Бұған Ресей мен Еуропаның бірқатар елдері қазірдің өзінде тиісті сұраныстар түсіріп қойыпты. Сонымен бірге, жобада көптен бері тұрғындарды толғандырып жүрген мал терілері мен жануарлардың ішкі ағзасы құрылымдарын кәдеге асыру мәселелері де қоса қарастырылған. Тағы да бір атап өтерлік жәйт, бұл республикада тұңғыш рет қолға алынып отырған жобалардың бірі болып табылады.
Бақтықожа Салахатдинұлының мәлімдеуіне қарағанда, мұндай алғашқы жоба Алматы қаласында іске асырылған.
Сондай-ақ кездесуде Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов “Егемен Қазақстан” РГ” АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановқа Ақжайық өңіріндегі этномәдени бірлестіктердің оң қызметі, олардың облыс экономикасы мен мәдениетін өрістетуге қосып отырған елеулі үлестері туралы баяндап берді.
Әңгіме алдағы жылдың жазылу барысына ауған кезде Отанымыздың бас газеті – “Егемен Қазақстанның” облыстағы таралымын 13 000 данаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар екендігі жөнінде ортақ ұйғарым жасалды.
Шығармашылық іссапарының екінші бөлігінде С.Абдрахманов Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында қала зиялыларымен, оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен және студент жастармен кездесті. Бұл кездесу жөніндегі есеп газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінде жарияланатын болады.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
----------------------------------
Суретті түсірген Рафхат Халелов.