Сараптама
Статистика жөніндегі агенттіктің үстіміздегі жылғы 1 қыркүйекте ұсынған ресми мәліметтері тамыздағы тұтыным тауарлары мен қызмет көрсету түрлерінің бағалары осының алдындағы айдың деңгейінде сақталып қалғанын көрсетті. Дәлірек айтқанда, инфляцияның өсімі нөлдік деңгейде.
Енді тұтыным бағалары индексі жөніндегі мәліметтерге көз жүгіртсек, тамызда осының алдындағы айға қарағанда, азық-түлік тауарлары бағасының 0,1 пайызға төмендеп, азық-түлік емес тауарлар құнының 0,4 пайызға көтерілгенін байқаймыз. Азық-түлік тауарларының арзандауы көкөніс (4,6%), жеміс-жидек (1,5%), картоп (6,6%), жұмыртқа (2,2%) және шикі сүт (0,2%) бағаларының түсуімен байланысты болды. Сонымен бір мезгілде елде консервіленген сүт (0,3%), мал майы (0,4%), кофе мен какао (0,7%), ұн (0,8%), ет пен құс (0,9%) және қарақұмық жармасы (2,9%) бағалары өскен. Ал қызмет көрсету саласында тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері (1,3%) төмендеп, білім беру (0,5%), мейрамхана мен қонақүй (0,6%), темір жол жолаушылар көлігі (2,4%) бағалары қымбаттаған. Азық-түлік емес тауарлар арасында кеңсе заттары (3,6%), темекі бұйымдары (3,5%) бағаларының артқаны атап өтілді. Бұдан басқа, кітаптар мен газеттер (0,6%), жеке гигиена заттары, киім мен аяқкиім (0,3%), бензин (0,2%) және дизель отыны (0,3%) бағаларына үстеме қосылған.
Инфляцияның өткен сегіз айда жиналған деңгейі осының алдындағы айдың деңгейінде қалып, 2009 жылдың қаңтар-тамыз аралығындағы 4,3 пайыздан 4,6 пайызға көтерілген. Сегіз ай мұғдарындағы инфляция қарқынының тез жылжуы азық-түлік тауарлары мен ақылы қызмет бағаларының тиісінше 5,5 және 4,7 пайыз мөлшерінде өсуіне байланысты болды. Жылдық өлшеммен алғандағы (соңғы 12 айдағы) инфляция осының алдындағы аймен салыстырғанда, 0,2 пайызға төмендеп, 6,5 пайыз деңгейін құрады. Осылайша инфляцияның жылдық өлшемі биылғы жылға жасалған ресми болжам дәлізінің шеңберінен (6,0-8,0%) табылды.
Тамыз айындағы тұтыным инфляциясының баға саласындағы нақтылы динамикаға әсері бола ма немесе бұл тұрғындарға инфляцияның деңгейі төмен күйінде қалғанын дәлелдеп көрсетудің кезекті амалы болып қала ма, біз ол жағын нақты айта алмаймыз. Бірақ мақаланың бас тақырыбында біздегі инфляцияның икемге иілгіш екенін бекерден-бекерге келтіріп отырған жоқпыз. Өйткені, облыстарда тұтастай алғандағы макроэкономика мен оның құрамындағы инфляцияны құрайтын әрбір цифр үшін жергілікті билік пен статистика басқармалары арасында қаншалықты текетірес жүріп жататынын, бұл ұдайы тайталаста көбіне сөзі өктем билік жағының басымырақ түсіп тұратынын жақсы білетін болғандықтан, соңынан республика бойынша жинақталып қолға тиетін осы ресми мәліметтердің өзіне кейде күмәнмен қарайтынымыз рас. Оның үстіне алда қанша бүркемелегенмен, азық-түлік тауарлары бағасының күрт қымбаттағанын жасыруға еш лаж қалмайтын қоңыр күз бен қыс айлары келе жатыр. Ал биылғы қымбаттаушылыққа жаздың аса құрғақ өтіп, қуаңшылықтың қатты қысқаны белгілі бір өлшемде қосымша әсер етуі мүмкін. Дағдарыс дағдысы биыл бағалардың өсуін едәуір баяулатқанымен, инфляциямен қатарласа жүретін рыноктар монополиясы, тұтыным тауарларының импортқа жоғары тәуелділігі, экономиканың бәсекеге қабілетінің төмендігі секілді шешуші факторлар ешқайда кете қойған жоқ.
Еліміздегі инфляция деңгейінен толық хабардар болу үшін, әлбетте, оның қазіргі мөлшерін соның алдындағы аймен салыстырып қоя салу жеткіліксіз. Мұны нақты көрсететін бірнеше өлшем бар. Соның ішінде ең құрығында былтырғы жылдың осы мезгіліндегі көрсеткішке бір үңілген ләзім. Бұл үшін алдымен негізгі азық-түлік тағамдары тұтыным нормаларының ең төменгі есебінен шығарылған жан басына шаққандағы орташа күнкөріс минимумын салыстырып көрейік. Оның өлшемі биылғы тамыз айында 14 581 теңгені құрады. Ол осының алдындағы аймен салыстырғанда, 6,1 пайызға жоғары болса, 2009 жылдың тамызындағы деңгейден 7,5 пайызға артық. Оның құрылымындағы ет пен балық сатып алуға кеткен шығын үлесі – 18,5, сүт пен май өнімдері, жұмыртқа – 14,2, жеміс пен көкөніс – 16,8, нан өнімдері мен жармақ бұйымдары – 7,9, қант, шай және түрлі қоспалар 2,6 пайызды құрайды. Осының қабатында өткен жылдың тамызымен салыстырғанда, биыл қанттың бағасы – 23,3, кофе, какао және шай – 13,0, кондитер бұйымдары – 8,5, май мен май өнімдері – 8,3, сүт өнімдері – 7,2, алкогольді ішімдіктер – 5,3, бөлке және ұн өнімдері – 4,5, жеміс және көкөніс – 1,1 пайызға қымбаттағаны белгілі болды. Аталған кезеңде ет пен ет өнімдері бағасында 10,3 пайыздық өсім орын алды. Өз кезегінде бұл шұжық өнімдерінде – 7,9, қой етінде – 7,5, құс етінде – 5,2, жылқы етінде 3,8 пайыздық мөлшермен көрініс тапты.
Енді биылғы тамыз айындағы бірқатар негізгі азық-түлік тауарларының орташа бағаларын өткен жылдың осы кезеңіндегі мөлшермен салыстырып көрейік. Соның ішінде агенттік екшелеп көрсеткен 16 көрсеткіш тізіміндегі килолық өлшеммен алынған қарақұмық жармасының (былтырғы 133 теңгеден – биылғы 139 теңгеге), сиыр етінің (629-721), сары майдың (671-809), күнбағыс майының (литрмен: 216-233), шикі сүттің (литрмен: 86-91), алманың (201-204), қырыққабаттың (47-72), құмшекердің (146-181), қара шайдың (1 105-1 282) орташа бағалары қымбаттағаны байқалады. Бұған қарама-қарсы бірінші сортты бидай ұны (былтырғы 80 теңгеден биыл 65 теңгеге), бірінші сортты бидай наны (76-75), вермишель (153-150), күріш (227-217), жұмыртқа (10 данасы: 157-155), картоп (76-70) осы кезеңде арзандаған. Осы 16 көрсеткіш ішіндегі 4 позиция бойынша Көкшетауда ең арзан, 11 позиция бойынша Ақтауда ең қымбат бағалар тіркелген. Айталық, бағасы ең төменгі сиыр еті (569), сары май (580), күнбағыс майы (205), шикі сүт (66) Ақмола облысының орталығында. Ал Қарағанды облысында 3 позиция бойынша баға еліміздегі орташа көрсеткіштен пәс. Оларды вермишель (122), жармақ (94), құмшекер (165) секілді тауарлар құрайды. Сол сияқты Таразда бірінші сортты бидай наны (57) мен картоп (55), Павлодарда бірінші сортты бидай ұны (41), Қызылордада күріш (150), Ақтөбеде қарақұмық жармасы (113), Қостанайда жұмыртқа (10 данасы 106), Талдықорғанда алма (164), Шымкентте қырыққабат (45), Оралда қара шай (1 050) республиканың орташа бағасынан арзан қалып танытып тұр.
Осы ретпен өңірге шолу жасауды жалғастырып, биылғы тамыздағы инфляция деңгейін өткен жылдың осы мезгіліндегі ахуалмен салыстырып көрсек, төмендегіше көрініс алдымыздан шығар еді. Осы кезеңдерде Астана және Алматы қалалары (тиісінше 7,1 % және 8,0%) мен Ақмола облысында (7,7%) инфляцияның ең жоғары деңгейі орын алды. Бұдан кейінгі кезекті Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан (6,6%), Батыс Қазақстан (6,5%), Қызылорда, Қарағанды және Павлодар (6,4%) облыстары алады. Ал Қостанай (4,1%), Атырау (4,9%) және Маңғыстау (5,2%) облыстарында былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ең төменгі өсу мөлшері тіркелген.
2010 жылдың қаңтар-тамызындағы көрсеткіштерді 2009 жылдың осы айлары аралығымен салыстыра қарасақ, азық-түлік тауарларының қымбатшылығына басқалардан гөрі Оңтүстік Қазақстан (105,9%), Жамбыл, Қостанай (105,6%), Солтүстік Қазақстан (105,5%), Атырау, Маңғыстау (105,4%), Қызылорда және Батыс Қазақстан (105,3%) облыстарының көбірек ұрынғаны көрінеді. Азық-түлік емес тауарлар бойынша ең қымбатшылық Оңтүстік Қазақстан (108,5%) облысын жайласа, одан кейінгі орындарға Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары (107,9%) жайғасқан. Бұл саптан Ақтөбе (106,9%), Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары (106,8%) да оншалықты көп қала қоймапты. Ақылы қызмет көрсету бағаларына келсек, онда 122,7 пайыздық көрсеткішпен Ақмола облысы жеке-дара көш бастап келеді. Одан кейінгі лекте Алматы қаласы (111,9%), Павлодар (111,8%) және Батыс Қазақстан (111,5%) облыстары тұр. Ал осы көрсеткіштер бойынша көшбастаушылар тобын Ақтөбе (110,9%), Алматы (110,5%), Қарағанды (109,9%) және Қызылорда (109,5%) облыстары тиянақтайды.
Қай кезде де, қай жерде де бағаның өсуіне қатты әсер ететін бір фактор бар. Ол – электр энергиясының бағасы. Егер электр қуатының бағасы қымбаттаса, ол өз кезегінде тізбекті қайтарым жолымен халық шаруашылығының барлық саласында алынатын өнімнің өзіндік құндары артуына тікелей ықпал етіп, тұтыным тауарларының қымбаттауына жол ашып береді. Осы ретте электр энергиясының биылғы тамыздағы бағасының 2009 жылғы желтоқсанмен салыстырғандағы өсіміне көз сала отырып, мына жәйттерге қанықтық. Бұл өсім республикада орташа 112,2 пайыз мөлшерінде. Ал қымбаттаушылықтың көшін 118,2 пайыздық көрсеткішпен Қызылорда облысы бастап тұр. Одан кейінгі орындар Алматы (117,2%), Қостанай (116,5%) және Павлодар (116,0%) облыстарының еншісінде. Ал Атырау және Батыс Қазақстан облыстары былтырғы деңгейде (100,0%) қалса, Маңғыстау облысында электр қуаты аз ғана мөлшерде (102,3%) қымбаттапты.
Міне, осындай көріністер көз алдында көлбеп тұр. Жылдың соңына дейін тағы қандай өзгерістер болатынын уақыт көрсетсе керек.
Серік ПІРНАЗАР. Астана.