Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 75 жыл толуына арналған салтанатты жиын болып өтті
Кеше қазақтың жаңа әдебиетінің заңды атасы, көркем ойымыздың бас хакімі һәм “қазақтың бас ақыны” Абай аруағы бір аунап түскен күн болды десек, артық айтқандық емес. Көркем сөздің қасиетті ордасының мерейтойына жиылған ұлы ақынның бүгінгі ізбасар ұрпақтары – қазақ жазушылары таңертеңнен Алматының қақ төріндегі Абай ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Елдің белгілі-белді зиялы қауым өкілдері мен алыс-жақын шет елдерден – Ресейден, Түркиядан, Әзірбайжаннан, Украинадан, Белоруссиядан, Қырғызстаннан, Молдовадан, Тәжікстаннан, Татарстан мен Башқұртстаннан келген қонақтар да осы ұлы ұстаз рухына алғыскер ағынның, сөз киесін ұстаған серек топтың ішінде.
Бұдан соң халық қызметіндегі қауым осынау мерекеге орай Ұлттық кітапхана ұйымдастырып ұсынған “Қазақстан Жазушылар одағына – 75 жыл” атты кең ауқымды, шежірелі сыр тербеген мазмұнды кітап көрмесін тамашалады. Он бөлімге сараланған көрмеде одақтың күрделі де қиын кезеңдері, туған әдебиетіміздің өсу жолдары әдемі әрі бейнелі көрініс тауыпты.
Түстен кейін Абай атындағы опера және балет театрында қазақ көркем сөзі алтын төрінің мерейтойына арналған салтанатты жиын, яғни кеңейтілген мерекелік пленум басталды. Туған әдебиетіміздің әр кезеңдері, одақты басқарған ардагер арыс тұлғалар бейнелері кино кадрларынан тізіліп өтіп жатты. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жазушылар одағының мерейтойына жолдаған құттықтауын жария етті. Жиылған қауымға қанат бітіргендей болған құттықтауда 75 жылдық мерейтой әдебиеттің ғана емес, жалпы ұлттық мәдениеттің де тойы екендігі атап өтіліп, жазушылар әр уақыт халықтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтағаны, рухын шыңдағаны, енді олардың тәуелсіздікті баянды етуге күш-жігер салып жатқандығы баса айтылды. Жазушылар тойына Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтен, Парламент Се-натының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтан, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен және басқа лауазымды адамдардан құттықтаулар келгені мәлім болды.
Туған әдебиетіміздің 75 жылдық тұтас дәуірі хақында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин тебіреністі де терең мағыналы сөз толғап, баяндама жасады.
Иә, Нұрлан Мырқасымұлы айтса айтқандай, биылғы жыл – қазақ көркем сөзі мен руханияты үшін айтулы жыл. Ал оның өткен тарихына үңілер болсақ, Қазақстан Жазушылар одағы 1934 жылы 12-18 маусым аралығында Алматы қаласында ұйымдастыру құрылтайын өткізген. Сәкен Сейфуллиннің басқаруымен ашылған қазақ қаламгерлерінің тұңғыш құрылтайында Ілияс Жансүгіров төраға болып сайланған.
М.Горький басшылық жасаған Мәскеудің орталық ұйымы мен одақтас республикалар қатарындағы Қазақстан Жазушылар одағының қатар өмірге келуі кездейсоқтық емес. Бұл тарихи оқиғаның астарында екі түрлі мақсат, екі түрлі мүдде болды. Біріншісі, жұмыр жерге өз билігін орната бастаған алып империяның тегеурінін күшейте түсіп, өз идеологиясын түпкілікті бекіту болса, екіншісі, шын мәнінде қатал уақыттың қыспағына іліккен әдебиет дейтін киелі дүниені өркениет айдынына аман алып шығу еді.
Қызыл империяның идеологиялық қаруы ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстарымыз ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді. Ел тағдыры мен жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде өмірге келген Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау болатын. Екіншіден, ел басына қатер төнген уақытта қазақ халқы өз жерінде ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғанда ұлттың сөзін сөйлеп, сермесе семсер, қорғанса қалқан болған.
Қазақстан Жазушылар одағы осыдан 75 жыл бұрын қандай тарихи қажеттіліктен дүниеге келсе, бүгін де сол қажеттілікпен өмір сүріп келеді. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин бастаған көркем әдебиетіміздің арыстары мен алыптары уығын қадап, шаңырағын көтерген Қазақстан Жазушылар одағының алғаш құрылғандағы мақсат-мұраты әлі де маңызын жойған жоқ. Алаштың қайраткер ұлдары салған жолдан қияс кетіп, қия басқан кезі жоқ.
Әдебиет көшінің аман болуын қамтамасыз етуді, жазушының екі дүниедегі торқалы тойы мен топырақты өлімі арасындағы жоқшысы, насихатшысы болуды, жазғанының жарыққа шығуын, таралуын жүзеге асыруды, түрлі тақырыптағы конференциялар мен дөңгелек үстелдерді, сондай-ақ әртүрлі әдеби кештерді өткізуді, тиісті мекемелер мен әралуан халықаралық, республикалық ұйымдармен жан-жақты байланыс орнатып, жазушының бары мен жоғын түгендеуді міндеті мен парызы санаған Жазушылар одағының бұл күнде де ел, жер, ұлт, тіл, діл тағдыры талқыға түскен кездерде сырт қалған кезі жоқ.
Жазушылар одағын әр жылдарда С.Мұқанов, М.Қаратаев, Д.Әбілев, Ә.Тәжібаев, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Әлімжанов, Ж.Молдағалиев, О.Сүлейменов, Қ.Найманбаев сынды қаламгерлер басқарған.
1996 жылдан бері Н.Оразалин басшылық жасап кележатқан Қазақстан Жазушылар одағы бүгінде 755 қаламгердің басын қосып отырған ордалы да қордалы шығармашылық ұйым. Соңғы жылдары бұрынғы ұлыларымыздың көзіндей, қимас қара шаңырақтың ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып, жарқырап, кірсе шыққысыз түрге енгені де қуандырады. Бұл Елбасымыздың ұлттық әдебиетке, ана тіліміздің көркемдік өрісі кеңейе түсуіне, руханиятқа жасап отырған қамқорлығының бір көрінісі деп бағалағанымыз абзал. Елдікпен астасқан осындай қамқор түсіністіктің арқасында одақ аясына қайтарылған көзайым әдеби басылымдар – “Қазақ әдебиеті” газеті, “Жұлдыз” бен “Простор” журналдары, сондай-ақ “Сын” альманағы мен “Ан Арыс” баспасының “Қаламгер-Медиа” орталығының үйлестіруімен үдеден шығып жатуы да бір ғанибет.
Одақ басшысы көңілде жүрген кейбір жайларды қозғап өтті. Жүзге жуық жазушылар ұйымының мүшелері тұратын Астанада қаламгер қауымы бас қосатын бір үй-жай керек-ақ. Көркем ойдың алғы болашаққа жалғастығын сабақтайтын кешенді Әдебиет мұражайы салынса, бір игілікті іс сол болар еді. Көркем аудармаға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қазақ әдебиетінің үздік үлгілері әлем тілдеріне тәржімаланса, құба-құп. Кітап таралымы мен қаламақы әзірге көп түйткілдердің қатарында тұр. Әдебиетімізге тәуелсіздік жылдарында келіп қосылған жас таланттарды қолдау да өзекті мәселелердің бірі. Сөйтіп нақты іс жайы мереке үстінде де ұмыт қалмады.
Жиында әлемге белгілі ақиық ақын, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, қазақ жұрты хан көтеретін тарлан қаламгер Шерхан Мұртаза, абыз академик Салық Зиманов жүрекжарды лебіздерін білдірді. Жазушы әріптестерін Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиев, Д.Қонаев атындағы университеттің ректоры Өмірәлі Қопабаевтар құттықтады.
Бұдан соң қазақ жазушыларына Түркияның танымал қаламгері, халықаралық “Диалог Еуразия” платформасының тең төрағасы Харон Тоқақ, Ресей-Мәскеу делегациясының атынан Халықаралық Әдеби қор төрағасының орынбасары Иван Сабилло мен әдебиет сыншысы Анна Большакова, Әзірбайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Ырза, Украинаның халық жазушысы Борис Олейник, Беларусь Жазушылар одағының төрағасы З.Чегринец және басқа құрметті меймандар өз елдері қаламгерлерінің ілтипатты сәлемдерін жеткізді.
Нұржамал Үсенбаева, Шахмардан Әбілев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты танымал өнер шеберлері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрі жазушылар тойына ән мен күйден шашу шашты. Жиыннан кейін Жазушылар одағының басқарма мүшелерін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қабылдады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.
______________________________
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.