Бекет ата Мырзағұлұлының 260 жылдық мерейтойы Маңғыстау жерінде халықты адамгершілікке, береке-бірлікке шақырған шапағатты игі шара ретінде аталып өтті.
ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ
Аруақты әулие, қол бастаған баһадүр, ағартушы абыз, ежелгі өнерді жарқырата жаңартқан сәулетші Бекет ата ұлы да тарихи тұлға. Халық арасындағы “Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет” деген қанатты сөз Ата тұлғасын айқындап тұр емес пе? Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының сөзімен айтсақ, Бекет атамыз әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, Асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, Ел иесі, жер киесі.
Ата рухын қастерлеу рәсімі Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында басталды. Өткен аптада Пір Ата өмірге келіп, түлеп ұшқан Атырау облысындағы қасиетті Кең Жылыой өңіріндегі Ақмешітте ас берілді. Ал Маңғыстаудағы мерейтой ерекше есте қаларлықтай оқиғалармен басталды. Ата әруағын қастерлеуші халық үшін жақсы жағдай жасалды. Баба мәңгі тыныстап жатқан Оғыландыға баратын “Қызылсай-Шопан ата- Оғыланды” автомобиль жолының құрылысы төрт жылда емес екі жылда пайдалануға тапсырылды. Пір Ата шапағатымен халықтың ынта-жігерімен тез аяқталған бұл даңғыл ресми түрде “Ата жолы” деп аталатын болды.
Ертесіне Қазақстанның барлық облыстарынан, Ресейден, Түркиядан, Өзбекстаннан, басқа да мұсылман әлемі елдерінен келген 500-ден астам сыйлы қонақтар белгілі ғалымдар, мәдениет-өнер қайраткерлері, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Пір Ата шапағатын көрген жүздеген адамдар Оғыландыға жол тартты. Олар алдымен Шопан ата жер асты мешітіне тоқтап, құран бағыштады. Ол мешіттегі реставрациялық жұмыстардың жүру барысын көрді. Оғыландыдағы “Бекет ата” мешітінің ерекше орналасу архитектурасымен және тарихи-мәдени құндылықтарын көріп, Бекет ата аруағына зиярат етіп, құран бағыштады. Осы сапарда Пір Атаның Түркіменстаннан, Алматыдан, Шымкенттен келген ұрпақтары мен Атаның ұлы ұстазы Бақыржанның ұрпағы Н.Ражапбайұлының Хиуадан келіп бірге жүруі ерекше әсерлі болды.
Келесі күні Ақтауда Маңғыстау облысының әкімдігі, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ұйымдастыруымен “Бекет ата тағылымы” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ашылды. Конференция мақсаты – Пір Атаның 260 жылдығына орай әлемде орын алып отырған кезек күттірмес ғаламдық мәселелерді ғалым-теологтардың, саясаттанушылар мен философтардың, дінтанушылардың қатысуымен халықаралық деңгейде бірлесе отырып талқылау, ой-пікір алысу болды.
Конференция Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойға қатысушыларға арнаған құттықтау хатымен басталды. Құттықтауды Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай оқыды.
“Ағартушы әрі руханият абызы Пір Бекет ата Мырзағұлұлының 260 жылдық мерейтойы құтты болсын. Бекет ата ғибратты ғұмыр кешкен, ел арасында әулие атанған тарихи тұлға екені аян. Ол халқымызға жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды таратып, ізгілік дәнін септі. Имандылықтың ұстынына айналған Бекет атаның рухани мұралары әрдайым жас ұрпаққа ұлағат болып келеді.
Ағартушының артында қалған асыл мұраларын жинақтап, зерттеу мен зерделеу уақыт еншісінде. Ұлы бабаның мұрасы да, мұраты да әрқашан елдің рухани өсіп-толысуына қызмет ете беретініне сенімдімін.
Осы мерейтой аясында өтетін тағылымды шаралардың баршасы жастарды елжандылыққа, Отансүйгіштік пен патриотизмге тәрбиелеуге септеседі деп білемін.
Бекет атаның елдік ұстанымдарды ұлықтайтын ізгілікті өсиеттері әрдайым халқымыздың рухани қажетіне жарай берсін!”
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Конференцияда Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев “Ұрпаққа ұран болған Пір Бекет” атты баяндама жасады. Ол өз сөзін Елбасына Пір Атаның мерейтойына орай жолдаған құттықтауы мен осынау іс-шараларға көрсетіп отырған қолдауы үшін маңғыстаулықтар атынан алғыс сезімін білдіруімен бастады. Одан соң Елбасының сарабдал саясатының арқасында тәуелсіздігіміз тұғырланып, елдігіміз естиярланып, қадамымыз қарыштала түсіп келешегіміздің кемелденуде екендігіне тоқталды. Осындай сәтте ұлтын ұйытып, жұмылтып, жамағатын ақ жолға бастар, нұсқағаны айқын бағыт аруақты тұлғалардың рух пірәдарлары – қасиетті бабалардың орны ерекше дей келе Бекет атаның тарихи тұлғасын жан-жақты әңгімеледі. Одан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі құттықтау сөз сөйледі. Жиналғандар философия ғылымдарының докторы, профессор имам Валерия Порохованың “Ислам дінінің ізгілікті мақсаттары”, әйгілі академик, Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Махмұд Фаһми Хизажидың “Исламдағы сопылық”, Хиуадағы “Иман қала” мұражай қорығының ғылыми-хатшысы Камилжан Құдайбергеновтің “Шерғазы ханның “Ғалымдар үні” медресесінің Орталық Азия ғылымы мен мәдениетінің дамуына тигізген ықпалы”, тағы басқа да 40-қа жуық баяндамалар тыңдалды. Оларда Бекет атаның діни және ғылыми қызметінің мән-маңызы, құндылығы туралы нақты деректерге негізделген әсерлі әңгімелер өрбіді. Онда Пір Атаның тарихтағы алар орны, мұсылман ілімін таратудағы өлшеусіз еңбегі, Көк Асаға байланысты құпия сырлар, Ата туралы аңыздар, шежірелер, өлең-жырлар жайлы да тың деректер, тарихи да тағылымды ой-пікірлер айтылды. Кезек күттірмей қолға алатын жұмыстар да бар екендігі тілге тиек болды. Айтылған әңгіме, ұсыныс-пікірлер аяқсыз қалмауы үшін конференцияға келіп түскен еңбектер екшеліп, жеке кітап болып шығатындығы да құптарлық деуге болады.
Бес жұлдызды “Нұр Плаза” қонақ үйінің кең залына орналастырылған “Бабалар мұрасы” атты тарихи-мәдени және кітап көрмесін тамашалаушылар біраз тарихи құндылықтарды қызыға қарады. Осы тұста ерекше айта кетерлік жағдай, Ата тойына жиналғандардың назарына Пір Атаның өзі ұстаған аса таяғын оның ұрпақтары – Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Жиренқопа ауылынан Тұрсынғали Нәкешов, ал Атаның Хиуадағы ұстазы болған Бақыржан қожаның Оғыландыға түскен аса таяғын Түркіменстанның Байрамалы қаласынан Бердіхан Аяпбергенұлы әкеліп көрмеге қойыпты. Сондай-ақ осы жерден Пір Атаның қатары, дос-жолдасы болған Төлебай атты бабамыздың келіні, бұл күндері Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында тұратын Айсұлу Таңбаева Атаның шапанын әкеліпті. Әңгіме арасында: аруағыңнан айналайын Атаның тоза бастаған ескі шапанының өзі қатты ауырған ауылдастарыма қуат беріп, сырқаттарынан жазылып кетулеріне көмектесіп жүр. Сондықтан да әлі де қастерлеп, оны көздің қарашығындай сақтаймын дейді ол. Осы жерде біздер халық қастерлеп, қадір тұтатын Оғыландыға түскен Атаның аса таяғы енді Маңғыстау жерінде болатындығын білдік. Яғни, оны Байрамалыдан алып келген Ата ұрпағы Бердіхан Аяпбергенұлына облыстың, Мұнайлы ауданының басшылары көмегімен құрылысы осы мерейтой кезінде басталған “Батыр” ауылынан жер телімі беріліпті. Аманшылық болса Бердіхан бауырымыз енді туған топыраққа оралып, Маңғыстау жерінде тұруға шешім алғандығын айтты.
Пір Атаның мерейтойы халықтың, елдің еңсесін көтере түсетіндей оқиғаларға толы болғандығын айту абзал. Олай дейтініміз, Атаның туғанына 260 жыл толуы аясында бірнеше құрылыс нысандарының іргетастары қаланды. Соның алғашқысы тәуелсіздік алған жылдар ішінде елімізде алғаш ашылған Мұнайлы ауданының орталығы “Батыр” атты ауылдың іргетасын қалау рәсімі болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен шаңырақ көтерген аудан тұрғындарының 70 пайызы оралмандар. Бұл өңір халқы төрт жылда үш есе өсті. Тұрғындар түгелдей дерлік “көгілдір отын” пайдаланып, мәдени-тұрмыстық нысандар көптеп салынуда. Осы аудандағы ерекше сәнді етіп салынған орта мектеп өткен жылы Елбасының қатысуымен пайдалануға берілді. Енді іргетасы қаланған ауылда осы жылдың өзінде “Нұрлы көш” бағдарламасына орай 74 тұрғын үй мен орта мектептің, балалар бақшасының құрылысын аяқтау көзделіпті.
Ал кешкілік әсем Ақтау аспанын ән-күй кернеді. “Ақтау-сити” жобасының бірінші кезегі болып саналатын “Аққу” атты шағын ауданның құрылысы басталды. Жиналғандар алдында “Каспий” ӘКК басқарма төрағасы А.Нұрғалиев мегажобаның келешегі жайлы баяндады. Әсем қаланың екінші тынысы саналатын шағын ауданда 2800 отбасы тұрғын үймен қамтылады. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар әкімшілік ғимараттар мен бизнес орталықтар бой көтереді. Осы және де басқа нысандардың игілікті іс-шаралардың Пір Бекет атаның 260 жылдық мерейтойы аясында басталуын жақсылыққа, сәттілікке жорыдық.
Пір Атаның мерейтойы үшінші күні “Отпан тау” тарихи-мәдени кешенінің “Ақсарай” павильонындағы мұражайдың салтанатты ашылуымен басталды. Осы павильонда облыс әкімі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес өтті. Онда Бекет атаға байланысты ескерткіштерді сақтау, зерттеу, пайдалану, насихаттау жайлы өзекті мәселелер талқыланды. Оған кеңестің тұрақты мүшелерімен қатар Ата мерейтойына арнайы шақырылған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан елдерінің белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, әйгілі ғалымдар қатысты.
“Отпан тау” бауырына Пір Атаның 260 жылдық мерейтойына арнап 300 ақ боз үй тігілді. Олар қатарластырыла алтын айшықтай дөңгелене орналасты. Киіз үйлер қалашығының бас сахнасында облыстық фольклорлық саз фестивалі өтті. Одан соң “Жеті аққу – жеті жұртқа жеткен кие” атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Ауыл сыртында 200-дей сәйгүлік қатысқан ошақ бәйге, тай жарыс, жорға жарыс, аламан бәйге өтіп, жүлделі орын алғандарға онға жуық жеңіл автокөлік берілді. Спорт жарыстары да ойдағыдай ұйымдастырылды. Облыстың барлық аудан-қалаларының көркемөнерпаздары мен арнайы шақырылған өнер жұлдыздары концерт қойып, ақындар өлеңдерін оқыды. Ұрпақтары Пір Ата рухын асқақтата түсіп ыстық ықылас, шексіз сый-құрметтерін білдірді. Сөйтіп аруақты Атаның баршаны ізгілікке, имандылыққа, бауырмалдылық пен бірлікке, парасат пен пайымдылыққа шақырған өміршең өсиеттері кейінгі ұрпаққа ұлағат болып, елді ұйытып, халықтарды қауымдастырып келе жатқандығының тағы бар жарқын дәлелін көргендей болдық.
Осы тұста Атаға байланысты зерттеу және насихаттау жұмыстары туралы айтқанда мерейтой алдында біраз жұмыстар істелгені көңілге қонады.
Атаның Оғыландыдағы, Бейнеудегі мешіттері жөндеуден өтті. Ислам қажы Мырзабекұлының Пір Бекет атаның өмірі, тағылымдық тіршілігі тұрғысынан жұртшылықты имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу тұрғысындағы материалдарды жинақтаған 727 беттік кітабы 4 мың данамен шықты. “Қазақстан-Ақтау” телеарнасының ұжымы, белгілі тележурналист Қожа-Ахмет Демеубергенұлы осы жылдың басынан бері Пір Атаның ұрпақтары, Ата туралы аңыздар, Ата шапағаты тигендер, Атаның жер асты мешіттері, тағы да басқа тақырыптарды қамтыған 20 телехабар жасапты. Ол үшін түсіруші топ Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де болған. Соның нәтижесінде көрермендер Атаның аса таяқтары, шапаны, үйінің маңдайшасы, т.б. құнды жәдігерлерімен танысуға мүмкіндік алды. Пір Атаның сан-қырлы кереметтей қасиеттеріне қаныға түсті. Бұл айтқандарымызға басқа да кітаптар, ән-күйлер, “Оғыланды бояулары” тақырыбындағы суретшілер байқауына түскен қылқалам шеберлерінің еңбегін қосуға болады. Және де бұл үрдіс жалғаса береді. Өйткені Бекет атамыз халқының ел иесі, жер киесі, ұлыстың ұранына айналған Ұлы тұлға. Сондықтан болар әлемнің әр түкпірінен дерлік жиналған жамағаттың бәрі де: “Жар бола көр, Бекет ата, Пір Ата”, – деп тарқасты.
Шарафаддин ӘМІР,
Жоламан БОШАЛАҚ.
____________________
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.
* * *
Пір Бекет атамыз елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білді. Халықты береке бірлікке, ынтымаққа шақырып, әділеттілікті мұрат етті. Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе? Мейірімнен асқан кие, парасаттан асқан қасиет болушы ма еді?!
Ендеше, сондай асыл перзент таба алған, тауып қана қоймай, асылдығы мен абзалдығына бола өз перзентін өзі пір тұтқан халқыңнан қалай айналмассың! Олай болса асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да, артық емес деп білеміз.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы.
* * *
Жаратушының соңғы жазбасы негізінде дүниеге келген дін – Ислам діні. Басқа діндерден айырмашылығы бұл анықтауыштың атау, яғни, өзін жарыққа шығарған пайғамбардың атымен аталмаған: Будда – буддизм, Иуда – иудаизм, Иисус – Христос – христиандық дін. Ислам сөзінің негізіндегі СЛМ (Са-ли-ма) түбірі бейбітшілік, қауіпсіздік, құтқару, сана мен тәннің саулығы, игілік пен ырыс-берекеден бастап жүректің тазалығы мен жақсы талғамға дейінгі маңыздылықтардың кешенін құрайды. Тәңірінің соңғы жазбасы – Қасиетті Құранда жинақталған, тыйым салынған нормативтердің теңдессіз даналығы – өзінің идеологиясымен ерекшеленеді. Оның шексіздігін дәлелдеу үшін онымен өмір сүріп жұмыс жасау жеткілікті. ХХ ғасырдың адамдарының ақыл-ойы мен жүрегін баурап алу үшін қарудың және күштеудің қажеті жоқ. Тек қана жаратушы еркінің даму факторы талап ететін нәрсе – бұл заманауи даму талаптарының осы жазбаның негізін құрайтын ережелерімен қиысуы.
Осы ретте мен Бекет атаның 260 жылдығына қатысты өтіп жатқан мына ұлан-асыр той үшін бүкіл халыққа ризашылығымды білдіремін. Оны ұйымдастырушыларға алғысым зор.
Имам Валерия ПОРОХОВА, философия ғылымдарының докторы, профессор.